Елімізде қазанның екінші жексенбісінде аталып өтетін Мүмкіндігі шектеулі жандар күні қарсаңында ауданның ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту және спорт комитетінің, «Ұлттық құндылық» пен «Кәусар бұлақ» қорларының ұйымдастырумен ерекше балаларға арналған «Шексіз әлем» атты фестиваль өтті. « Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің арасындағы таланттар байқауының мақсаты – мүгедек жандардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, қолдау көрсету, ынталандыру», — дейді ұйымдастырушылардың бірі, «Ұлттық құндылық» қорының директоры , ерекше баланың анасы Зухра Серікқызы.
«Балам мүгедек болып туылғанда қатты күйзеліске ұшырадым, баламды қабылдай алмай қиналдым. Бірақ өз-өзіме келіп, баламнан бас тартпадым. Күнделікті жаттығулардың, оңалтудың арқасында қазір міне, балам 12 жасқа толды, жүре бастады, сөйлемесе де санай біледі, әріптерді таниды. Бұл жетістікке американдық ғалым Гленн Доманның әдістемесі арқылы қол жеткіздік. Алдымен біз YouTube-те осы әдістеме бойынша роликтерді қарадық, кейіннен ұлымның қызығушылығын байқадым. Мен Доманның карточкаларына тапсырыс беріп, баламмен жұмыс істей бастадым. Бірақ бейнероликтер мен карточкалар орыс тілінде болды. Бұл әдістің көмегі зор екеніне көзім жетті, содан осы әдістемені қазақ тілінде шығару идеясы ойыма келді. Нәтижесінде «Snart balaqai» ЖҚ ашып, қазақ тілінде 20 тақырып бойынша әдістеме дайындадым. Интеллектуалды дамыту карталары ауызекі
сөйлеуді, ойлауды, қиялды дамытуға бағытталған. Ана мен балаға өте ыңғайлы және сабақ 15 минут уақытты алады. Қазір осы әдістемені барлық ата-аналарға беріп, үйретіп жатырмын. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер де аз емес. Жәрдемақылардан бөлек, мүгедек баланың анасы ретінде былтыр конкурсқа қатысып, екі жарым миллион теңге грант ұтып алдым.Сол қаржыға биыл «Ұлттық құндылық» деген қор аштым. Оның мақсаты-мүмкіндігі шектеулі жандардың ата-аналарына психо-эмоционалдық тұрғыда көмек көрсету. Мүгедек баланы бағып, тәрбиелеу шыдамдылық пен төзімділікті, сабырлықты қажет етеді. Көп ата-аналар шыдамай, жетімдер үйіне өткізіп жіберетін кездер аз емес. Біздің қорда логопед, психолог жұмыс істейді, аналарға тегін көмек көрсетіп, тренингтер өткіземіз. Бұл Талғарда ашылып отырған осындай алғашқы қор. Алда атқарар ісіміз көп, ана мен баланың бақытты болуы үшін бар күшімізді саламыз», – дейді Зухра Серікқызы Фестиваль бағдарламасы бес номинациядан тұрды: ән, би, күй, қолонер және сән үлгісі. Мүгедек жандардың қолымен жасалған керемет бұйымдар мен суреттердің көрмесі қонақтарды таңқалдырды. Кештің шымылдығын балалар қолдарына кішкентай ту ұстап, «Туған ел» әнімен ашты. Әр номинация бойынша балалар өнерлерін көрсетіп, демеушілер дайындаған сыйлықтарға ие болды. Ал көрермендер әрбір өнерпазға қошеметтеп қол соғудан жалықпады. Кеш өте әсерлі өтті, көзімізге толған жасты да жасыра алмадық. Мүмкіндігі шектеулі , дарынды балалардың таланттарын айқындап, алдағы уақытта оларды дамытып, қолдау беруді мақсат ететін мұндай іс-шаралар жалғасын табатынына сенімдіміз.
Денсаулықта шектеу болғанымен, шығармашылықта, өнерде шек жоқ. Бұл байқау өз-өзіңе, болашаққа сенудің жолы. Талант – бұл жетістікке жетудің және өзіңе сене білудің қабілеті. Жанымызда жүрген ерекше жандарға жүрек жылуын сыйлап, қолдау жасап, көмек көрсету — әрбір адамның азаматтық парызы екенін естен шығармайық.
Сәуле Құрмантаева