Ерекше жандар

Ерекше жандар

11 қазан күні Талғар қаласындағы «Дәулет холл» мейрамханасында Мүгедектер күні мен Халықаралық «Ақ таяқ» күніне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің 120 мүшесі, қала, аудан әкімдері, баспасөз қызметі, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Аудан әкімі Танат Айдарбеков сөз сөйлеп, жиналғандарды мерекемен құттықтады.

«Біріккен ұлттар ұйымының ұйғарымымен 1992 жылдан бастап мүгедектер күні атап өтіледі. Елімізде Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Жарлығына сәйкес, қазан айының екінші жексенбісі — Мүмкіндігі шектеулі азаматтар күні болып бекітілген болатын. Айтулы мереке еліміздің әр аймағында дәстүрлі түрде аталынып өтіп, мүгедектігі бар жандарға айырықша құрмет көрсетіліп келеді. Ондағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше назар аудару. «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» демекші, мүмкіндігін тағдыр тарылтқан жандардың көңілін аулау – кімнің болса да азаматтық парызы. Осы орайда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің рөлі ерекше. Олар жан жылуын сыйлап, шамаларынша кез келген жәрдемін жасайды. Сондықтан көмекке мұқтаж жандар мен әлеуметтік сала өкілдерінің өзара байланысы да бекем, мерекелері де мазмұндас.


Ауданымызда бүгінгі күні жалпы саны 4 772 мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Оларға қолдау көрсетіп, қамқор жасау – мемлекеттің ғана емес, біздің әрқайсымыздың басты борышымыз.Бұл мереке ең алдымен мүгедектердің түйткілді мәселелеріне қоғам назарын аударуға, оларды әлеуметтік, саяси, экономикалық және мәдени өмірге қатыстыруға, құқықтары мен қадір-қасиетін қорғауға бағытталған. Соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға да, оларды медициналық-әлеуметтік қорғауға да көп көңіл бөлінуде. Осылайша елімізде ерекше жандар өздеріне тағайындалған жеке оңалту бағдарламарына сәйкес, мемлекет бюджеті есебінен қажетті құрал-жабдықтарын алып, емдеу-сауықтыру шараларымен қатар тифлотехникалық құралдармен, атап айтқанда, сөйлейтін сағат, телефон, ноутбук, оқу машинасы, термометр, Брайл құралдарымен қамтылуда.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді бағдарламасы бойынша халықты жұмыспен қамтуға және әлеуметтік көмек беруге жергілікті 2023 жылдың 9 айында бюджеттен 1916,3 млн. теңге бөлініп, оның ішінде тек әлеуметтік жәрдемақы төлеуге және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға гигиеналық құралдар мен жеке қызмет көрсетуге 1787,5 млн. теңге жұмсалды. Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды үйде оқытуға әлеуметтік қолдау ретінде 137 балаға 6,2 млн. теңге, әлеуметтік көмек ретінде туберкулез ауруына шалдыққан 120 науқасқа 9,3 млн. теңге төленді. Мүмкіндігі шектеулі азаматттардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында көптеген ауқымды істер атқарылуда. Өз бетінше жүре алмайтын 1-ші топтағы 413 мүгедекке 413 жеке көмекші, ыммен сөйлесетін 13 маман 96 мүгедекке қызмет көрсетіп келеді. 91 адам қол арбамен, 595 адам протездік-ортопедиялық құралдармен, 1 461 адам орын толтырушы құралдармен қамтамасыз етіліп, 975 азамат денсаулығын түзету үшін шипажайға тапсырыс беріп, қазіргі таңда 647 адам демалып, денсаулығын түзетіп келді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы ортаны қалыптастыру мақсатында «Инватакси» қызметі 103 мүгедекке 10 606 тапсырыс бойынша қызмет көрсеткен. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын таба беретін болады.Жергілікті атқарушы орган өкілдері мүгедектердің қоғамнан тыс қалмауына бар жағдайды жасайды», – деп әкім шараға жиналғандарға денсаулық, берік рух пен бақыт тіледі.


«Қазақ зағиптар қоғамы» бірлестігінің төрағасы Сакен Сергалиұлының айтуынша, осындай мерекелік шаралар жылда өткізіліп тұрады. Ол өзі алты жыл бойы басқарып келе жатқан бірлестік қайырымдылықпен айналысатынын жеткізді. «Аудан бойынша көзі көрмейтін 160 зағип бар, арасында төсек тартып жатқандары бар. Біз осындай мерекелерге қатыса алмайтын жандарға үйлеріне азық-түлік пакетін таратамыз, мейрамдарда сыйлықтар беріп, телефон арқылы қал-жағдайын сұрап, құттықтап отырамыз. Жаны жабырқау, науқас адамдар қуанып қалады, бір сәтке болса да ауруларын ұмытып кетеді. Ал демеушілерді өзіміз іздейміз. Мысалы қаламыздағы «Ароматный мир» дүкені, «Дәулет холл» мейрамханасы жылда бізге көмек көрсетіп келеді. Бүгінгі салтанатты шараны ұйымдастыруға атсалысқан қалалық, аудандық әкімшілікке, «КазСтройМонолит» компаниясының басқарушы директоры Әлімжан Сәрсенбаевқа, «Дәулет» мейрамханасының ұжымына ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтамыз», – деп ағынан жарылды.
Сондай-ақ салтанатты кеште Талғар қаласының әкімі Б. Күрішбеков,Талғар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г. Айткужақова, «КазСтройМонолит» компаниясыны басқарушы директоры А.Сәрсенбаев сөз сөйлеп, жиналғандарға ізгі-ниеттерін жеткізді. Дәмді дастархан басында жиналған қауым концерттік бағдарламаны тамашалап қана қоймай, түрлі ойындарға белсене қатысып, жүлделерге ие болды.

Сәуле Құрмантаева