Ардагерлер кеңесінің басқосуы

Ардагерлер кеңесінің басқосуы

Жуырда аудан әкімі Т.Айдарбековтың төрағалығымен Талғар ауданының ардагерлер кеңесінің кездесуі өтті. Жиынға арнайы келген Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов, ауылдық округ әкімдері, әр ауылдық округтердің ақсақалдар алқасының төрағалары, аналар кеңесінің төрайымдары және жастар, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен мекеме басшылары қатысты. Отырыстың күн тәртібінде үш мәселе қаралды:

1. «Өңірлерде ардагерлер кеңесінің жұмысы және оны жандандыру» туралы;
2. «Алатау ардагерлері» газетіне жазылуды ұйымдастыру жұмыстар;
3. Аналар кеңесінің жұмысы туралы
– Басқосудың мақсаты — өңірлерде ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру және жүзеге асыру, — деп бастады алғашқы сөзін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Тұрымбетов. 1987 жылы наурыз айында Алматыда өткен құрылтайда Қазақстанның «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Сол уақыттан бері бұл ұйым республика көлемінде өз миссиясын адал атқарып келе жатқаны анық. Бүгінгі күні осы ұйым еліміздің үлкен саяси күштерінің біріне айналды. Оның құрамына түрлі салада еңбек еткен зейнеткерлер, Ұлы отан соғысына қатысқан батыр әжелеріміз бен аталарымыз, тыл еңбеккерлері мен тәуелсіз Қазақстанды құруға атсалысқан ардагерлер кіреді. Елімізде ардагерлер туралы арнайы заң қабылдау қажеттігі хақында көп жыл бойы айтылып келгенімен, оның сәті 2020 жылы ғана түсті. Сол жылғы 6 мамырда Мемлекет басшысы «Ардагерлер туралы» заңға қол қойған болатын. Осы заңда ардагерлерге әлеуметтік қолдау шаралары мен кепілдіктер ұсынудың ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық негіздері айқындалды.
Ардагерлер-патриоттық тәрбиенің қайнар көзі. Жас ұрпақ үшін қариялар мен ақ жаулықты әжелеріміздің ақыл-кеңестері үлкен маңызға ие. Жалпы елімізде 232 ардагерлер кеңесі, 11 мыңнан аса бастауыш ұйым бар. Ал қарттардың саны 2 млн 200 мыңнан асады. Сол ардагерлер бүкіл өмірін, саналы ғұмырын еліміздің өркендеуіне арнап, зейнеткерлік жасқа жетсе де қоғам өмірінен шет қалмай , жастармен өмірлік тәжірибелерімен бөлісуде. Олардың өмір жолдары-бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына.
Бүгінде әр аймақта, әрбір ауылда ардагерлер ұйымы жұмыс жасайды. Өзі зейнет жасына жеткенше туған өлкесін түлетіп, елдің дамуына еңбек сіңірген ардагерлер ендігі жерде осы ұйымдарға бірігіп, көргені мен түйгенін кейінгі жастарға мирас етеді, ағайынның ауызбірлігін сақтауға атсалысады. Аудандарда көптеген жұмыстар атқарылуда. Мысалы, Жамбыл Кеген аудандарында ақ әжелер ансамблдері бар, олар мерекелік концерттерде өнер көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленуде. Ардагерлердің қатысуымен түрлі ақындар сайысы мен қолөнер көрмелері, спорттық жарыстар ұйымдастырылуда. Айта кетсек, Еңбекшіқазақ ауданында арнайы «Центр долголетия» деген орталық бар, онда ардагерлер жиналып дойбы, шахмат ойнайды. Йогамен айналысатын, тоқыма тоқитын бөлмелер, тіпті шәй ішіп, әңгімелесетін де орын бар. Ал Талғар ауданында ардагерлерден тұратын хор ұжымы бар. Ауылдың проблемаларын шешуде ақсақалдар алқасы белсенді атсалысу керек. Қарттарымыз үйде отырып қалмау керек, кәрілікпен күресудің бір жолы -ол қоғаммен байланыста болып, әртүрлі іс шараларға белсенді қатысып, уақыттарын көңілді, қызықты өткізу . Олар өздерінің қоғамға қажет екендіктерін сезіну керек. Көпті көрген ардагерлерімізден алатын ақыл-кеңес, тәжірибе көп. Жастарға ақыл айтып, бағыт-бағдар көрсетуде ардагерлердің ролі зор.

Қазіргі уақытта «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының құрамына 9 аудандық, 1 қалалық, 138 округтік және 150 ауылдық ардагерлер ұйымы кіреді. 2-ші тоқсанда шамамен 120 000 зейнеткер қатысты. Алматы облысындағы зейнеткерлердің жалпы саны – 154 255 адам.

Тағы бір сүйінші хабар, ол ардагерлердің жағдайын жан-жақты көтеріп, олардың атқарып жатқан жұмыстарын жариялап отыру мақсатында «Алатау ардагері» атты газет жарыққа шықты. Ол біз үшін үлкен қуаныш. Ардагерлеріміз әңгімелерін, ойларын, енді газет бетіне жариялап отыруға мүмкіндік бар. Жаңа газеттің өмірге келуі кездейсоқ емес. Ардагерлер өмірін қоғамдағы басқа топтармен байланыстырып, соны оқырман қауымға жеткізбек ойдамыз. Апта сайын өз оқырмандарымен тұрақты жүздесетін газет беттерінде ардагерлердің, зейнеткерлердің түйткілді тірліктерінен оқырмандары мен көпшілікті хабардар ететін, басқа да тыныс-тіршілікті көрсететін тың жаңалықтар, тартымды мақалалар жарияланбақ, – деді Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Тұрымбетов. Басқосуда жастардың бойында патриоттық сана-сезімді жандандырып, олардың қоғамдағы ролін арттырып, кәсіпкерлікпен айналысатын жастарды қолдау мақсатында Жастар бірлестін құру туралы бастама көтерілді.
«Жастар біздің болашағымыз. Жастарды тәрбиелеуде аналардың алар орны зор», — деген аналар кеңесінің төрайымы Айтжамал Нұрбатырова Талғар ауданы бойынша атқарылып жатқан іс -шараларға тоқталып өтті. «Ауданда 48 аналар кеңесі әкімшіліктермен, округтермен, ардагерлер, ақсақалдар кеңестерімен үлкен мәселелерді шешуде бірлесе жұмыс істеп келеді. Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің көтеруімен дайындалған «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт » атты 15 бағыттан тұратын үлкен жоба бар.Оның мақсаты – отбасы құндылықтарын өскелең ұрпақтың бойына таратып, ұлттық дәстүрді қадірлеуге, сақтауға шақыру болып табылады. Атап айтқанда, біз «Бақытты отбасы» деген бағытта 8 округте ауылдың жас, үлгілі отбасылары арасында түрлі байқаулар өткіздік. Мектептерде хиджаб кию мәселесі , жастардың дінді дұрыс түсінбей, басқа ағымдарға түсіп кетуі жиілеп барады. Осы бағытта 44 мектепте түрлі іс -шара өткіздік. Арнайы бейнероликтер жасап, ата аналармен бірге қазақтың ұлттық киімдерін насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Дінге байланысты Имамның қатысуымен кездесулер өткізіліп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру үшін түсініктеме берілді. Жастар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына толыққанды жауап алды. 27 қазанда Тұздыбастау мәдениет үйінде аналар кеңесінің есеп беру облыстық форумы өтеді. Баршаңызды осы үлкен жиынға шақырамын. Біздің кеңес өз жұмысын әлі де жандандыра түседі деген ойдамын»,- деп сөзін тәмамдады. Басқосуда ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстары сараланып, алда атқарар міндеттері айқындалды. Аудан әкімі жиынға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, бірлесіп атқарар жұмысқа сәттілік тіледі.

Сәуле Құрмантаева