Жуырда Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде « Тілдік және этникалық белгілері бойынша ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлаудың кез келген нысандарына жол бермеу» жобасы аясында «Менің ауылым — Қазақстанның бір бөлшегі» тақырыбында этносаралық тұрақтылықты сақтауға бағытталған кездесу ұйымдастыырылды.
Аталған шараға Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бота Елеусізова , Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері», «Алматы облысының Құрметті азаматы», қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман және ҚХА құрылымдары мен мекеме басшылары, жастар, аудан белсенділері, БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында этносаралық татулық және өзге де қоғамдық бірлестіктердің этносаралық коммуникацияның тиімді құралдарын қалыптастыру үшін қызметіне жаңа серпін берумен қатар мемлекеттік тілді құрметтеп, қоғамдағы рөлін арттыру, жастарға патироттық тәрбие беру тілге тиек болды. Қазақ тілінің жанашыры Асылы Осман енді ғана қанаты қатып келе жатқан жастарға ой салар отты сөздер айтты. «Қазақтың жері жақсы, көптеген ұлт топырағын басып, суын ішіп жүр. Бірақ қазақтың өзі жақсы да, тілі жаман ба?! Наны тәтті, тілі ащы ма? Бұлар неге 30 жылда тілді тұғырына қондыра алмайды? Оның ең негізгі себебі мына үш нәрседе:
Бірінші – қазақ тілінің қажеттілігін арттырмай отыр. Екінші – талап қойылмай, үшінші – сұраныс болмай тұр. Содан кейін жұртта ниет те жоқ. Мысалы, баланы шетелге оқуға жіберсеңіз, ол бір жылдың ішінде сол мемлекеттің тілін меңгереді.
Ең қиын – тіл қытай, хинди тілі. Бірақ шетелге оқуға барған студент бір жылда меңгереді. Не үшін? Себебі, оған қажеттілік бар. Ол тілді меңгермесе, оқи алмайды, ертең жақсы маман болып шықпайды. Бұл – қажеттілік. Ал менің елім олай етпей тұр ғой. Не талап қоймайды, не тілге деген қажеттілікті арттырмайды, не сұраныс жоқ. Ата заңда, Тіл туралы заңда қазақ тілін бірінші орынға қоямыз. Конституцияның 7-бабының 1 тармағында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылса, осы баптың 2-тармағында «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп көрсетілген. Бұрын орыс тілін – ұлтаралық тіл, кейін ресми тіл деп жаздық. Бірақ екіншіні орындаймыз, біріншіні жоқ. Неге? Яғни, біз өзіміз қабылдаған заңды да орындамаймыз. Ал орыс тілі неге қазақ тілімен қатар қолданылуы керек? Тілді білмеген адам ұлттың жандүниесін түсінбейді, ұлттың бойындағы адами асыл қасиетті білмейді. Содан кейін де ұлтты сыйламайды. Оларға бәрібір. Егер қажеттілік болса, меңгеріп, сөйлеп кетер еді. Бірде Әзірбайжанға барғанда баяндаманы қазақша, түрікше, әзірбайжанша араластырып жасағандай болдым. Сол кездегі Әзірбайжан президенті Гейдар Әлиев дүниежүзі әзірбайжан ұлтының алдында жаныма келіп: «Айтқаныңыздың бәрін түсіндік. Сөзің де, тоның да – қазақша», – деп арқамнан қақты. Сонда: «Мен қай елде тұрамын, сол елдің азаматымын. Сол елдің мемлекеттік тілін білуім керек», – дедім. Тіл – құдірет. Тіл – біріктіруші. 2006 жылы Н.Назарбаев: «Мемлекеттің тілі – ұйыстырушы фактор», – деп айтқан. Содан бері қазақтар болсын, Ассамблеяның өзі болсын бұған мән беріп қарады ма? Баламызбен де орысша сөйлесеміз. Бізде айту бар да, оны жүзеге асыру жоқ. Бүгін, ертең жүзеге асырсын демесек те, «алыс сапар – қадамнан басталады» демекші, бүгіннен бастау керек. Сосын бір-екі адам емес, жалпы қоғам болып еліне, отанына деген жанашырлық, сүйіспеншілікпен әрекет етуі керек. Қазақтың тілін Құдай зор етті, білмейтіндер қор етіп отыр», – деп атап өтті.
Тіл – сөйлеу арқылы ғана дамиды. Тіл – халықтыкі. Тіл халықпен бірге туады, бірге жасайды. Халық кетсе де, тіл өмір-бақи дамып, жалғаса береді. Біз неге тілдің қадіріне жетпейміз? Қазақтың тілі – Қазақстанда ғана қолданыста болатын мемлекеттік тіл. Ақын, жазушы Сәкен Сейфуллин «Тіл – ауыздың ішінде, оны шығару керек», – деп айтқан. Яғни, қолданысқа енгізу керек. Мұны 30 жылдан бері айтып келеміз. Кездесу еркін форматта жүргізіліп, жылы тілек лебіздермен сұрақ-жауап арқылы қорытындыланды. Тіл жанашырының сөзін бар зейінімен тыңдаған жастар өз ойларымен бөлісіп, өз елінің патрйоттары екендерін жеткізді.
Зорагүл Әбдіқадір