Бала болса да болашағынан үлкен үміт күттірген жасөспірімдер аз емес. Әлемдік додаларда кіл мықтының арасынан суырылып алға шығып, еліміздің абыройын аспандатып жүрген олар егемен елдің ертеңі, абыройы мен мақтанышы деуге болады. Бала шағынан болашағын байқатқан сондай жетелі жеткіншектің бірі – Алихан Ермекұлы.
26-27 тамыз аралығында Үнді елінің Коимбатур қаласында спорттың Мейбукан Годзю-рю каратэ-до түрінен өткен Азия чемпионатында ауданымыздың жас спортшысы Алихан Ермекұлы жеңіске жетіп, «Азия чемпионы» атанды. Туған елі үкілеп аттандырған бір жүйрігі топ жарып, төбемізді көкке жеткізді.
Тынымсыз ізденісімен, арманына деген адалдығының арқасында құрлық жарысында спорттың жекпе-жек, «ката» түрлерінен қарсыластарын қапыда қалдырған Алихан талайдың таңдайын қақтырған. Азия елдерінің 2 мыңға жуық спортшылары бақ сынаған бәсекеде қазақ елінің абыройын асқақтатып, алтын медальмен екі алтын кубокті қанжығалады.
Енді ғана 12 жасқа толған Алихан бала күнінен спортты жанына серік еткен. Аға-әпкелеріне еліктеп, бой түзеген. Небәрі 4 жасынан жанына жақын каратэмен айналысып, Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы спорт мектебінің бапкері Фархат Мурсалиевтің шәкірті атанған.
Уақытын ешқашан бос өткізбейтін ол «Уақыт – алтын» деп түсінеді. «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» деген қағиданы бала кезінен санасына сіңірген. Осы құлшынысының арқасында талапты бала талай жеңістің тұғырынан көрінген. 2022-23 жылдар аралығында Алматы қаласында бапкер Нұрлан Керімбаевпен жаттығып, спорттық шеберлігін шыңдап, биік белесті бағындыруға дайын екенін байқатқан.
Нұрлан Керімбаев – әлемдік деңгейдегі еңбек сіңірген бапкер, әлемдік сыныпты төреші, қара белбеу иегері, спорт шебері, Республикадағы Мейбукан Годзю-рю каратэ-до спорт түрінің Президенті. Осындай ат боллатын құлынды кісесінен танитын қырағы бапкердің шәкірттерінен чемпиондар шығатыны белгілі. Ал алғашқы ұстазы Фархат
Мурсалиевтың еңбегін айтпай кетсек әбестік болар. Былдырлап енді ғана тілі шыққан Алиханның жігерін жаныған ол талай белестерді бағындырған азамат. Қара белбеу иегері, Алматы облысы бойынша осы спорт түрінің жетекшісі, спорт шебері. «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» деген сөз осыдан шықса керек. Міне, осындай шебер бапкерлерден шыңдалып, шынығудың арқасында Алихан 50-ден аса алтын-күміс жүлделерге ие болып, алты дүркін еларалық чемпиондық атақтарға ие болған, қызыл белбеу, спорт шеберінің үміткері. Алихан Тоғызбай 2011 жылы 26 мамырда Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Ақтам ауылында дүниеге келген. Әкесі Ермек Тоғызбайұлы, анасы Динара
Ержанқызының, ата-әжесі Тоғызбай Нұрсейітұлы мен Хабиба Текенқызының берген тағылымды тәрбиесі арқасында әлемдік аренеда бақ сынап, жас чемпиондардың қатарын толықтырды.
– Алихан балам үлкендердің ақ тілек, баталарымен, ата-анасының күш-жігер беріп, ынталандырып, дайындықтан қалдырмай қадағалауының арқасында биік-биік шыңға шығып, арманына жетіп келеді. Кішкентай құлынымызды үлкен жеңісімен құттықтай отырып, алған бетінен қайтпай, тағы да әлем чемпионы атануына тілектеспіз және осы мақсатқа жетуге барымызды саламыз. Сондай-ақ баламыздың бабын тауып, жасытп алмай, жалықтырып алмай, тастардың арасынан алтын екшеп алғандай шыңдап шағарған бапкерлері
Нұрлан Керімбаев пен Фархат Мурсалиевке айтар алғысымыз шексіз. Сондай-ақ 5 сыныпқа дейін білім алған Есік қаласындағы Абылай хан атындағы орта мектеп пен Алматы қаласындағы №92 Махатма Ганди атындағы мектеп-лицейінің ұстаздарына ұлымызды білім нәрімен сусындатып, болашаққа сенімді қарауға баулығандары үшін ризамыз! Алихан енді біздің ғана емес, елдің баласы болды. Алла жолын ашық етіп, қазақ елі үшін еңбек ете беруге нәсіп етсін! – деп ағынан жарылды атасы Тоғызбай Нұрсейітұлы.
Біз де Алиханның жеңісімен құттықтай отырып, бағындырар белесің көп болсын, жеңістеріңмен елімізді қуанта бер демекпіз!
Зорагүл Әбдіқадір