Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығында қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыруды міндет етті. Осыған байланысты аудан әкімі Таңат Айдарбеков кіші Байсерке ауылында Гүлдала ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жөнінде есептік баяндама жасап, жұртшылықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.
Қай ауылда жиын болмасын ең алдымен тілге тиек болатын басты мәселелер жол, су, жарықтандыру мен ауылдарды газдандыру күн тәртібінен түспейтін алғы мәселелер екені белгілі. Бұл ретте түйіні тарқамаған түйткілді мәселелерін тілге тиек еткен ауыл тұрғындары Талғар ауданына әкім болып келгеніне көп болмаған Т. Есенкелдіұлына жоқты тап деп шүйлікпеді. Керісінше, өзара түсіністікпен артық сөзсіз өткен келелі жиында әкімнің аз уақыт ішінде атқарып жатқан ісіне оң баға беріп, өз мәселелерін ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Абишали Кунешбаевқа айтқызып, үлкенін сыйлап, ақсақалын алдымен сөйлететін қазақы қалыптың үлгісін көрсетті.
«Ауылда бір үй аш болса, бүкіл ауыл аш» деген қазақтың сөзі бар. Сондықтан өзімнің емес, елдің, осы ауылдың түйткілді мәселелерін айтқалы отырмын. «Ауылын көріп азаматын таны» дейді, бірақ азаматтар болғаннымен мәселеміз шешілмейтін болса олардың азаматтығы кімге керек?! Болады, көреміз, айтамыз, қарастырамыз, қарастырып жатырмыз дегеннен құлағымыз сарсып кетті. 30 жылда шешілмеген елдің мәселесі қордаланып қалды. Ауылдық округтің әкімшілігі ешқандай жұмыс істемейді. Сондықтан Мақсат мырза түгел аппаратымен орынды босатсын. Оған себеп не? Бірінші, газ мәселесін шешкен жоқ. Осында отырған халық өзара керілдесіп Талдықорғанға, Қонаевқа қанша барды?! «Ауруды жасырса өлім әшкерелейді, Өтірікті жасырса шындық әшкерелейді. Бір жыл болыпты біздің ауылды бас жоспардан алып тастапты. Оны неге біз білмейміз? Халықтың не кінәсі бар?» – деп елдің мұңын жеткізген А. Кунешбаев – 28 жылдан бері осы ауылдағы ақсақал алқасының төрағасы. Сөз реті келгенде ол 2016 жылдан бері ауылдағы газ мәселесін шеше алмай келе жатқандарына қатты қапалы екенін де жасырмады.
Ауылдық округке жыл басында бюджеттен бөлінген қаражат көлемі: 169 млн. 882 мың теңге. Оның ішінде:
— аппаратты ұстап тұруға – 63 млн 197 мың теңге;
— елді мекендерді жарықтандыруға – 49 млн 080 мың теңге
— елді мекендерді санитариялық қамтамасыз етуге – 4 млн 200 мың теңге
— елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға –18 млн 700 мың теңге
— жолдарды ұстап тұру – 6 млн теңге
— Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша –13млн 480 мың
теңге
— мемлекеттік мекеменің күрделі шығыстарына –712 мың теңге
— трансферттер – 14 млн. 496 тенге
Талғар аудандық әкімдігі
Сонымен қатар әлі күнге дейін шешімін таппаған жол, су, жарық мәселелерінің неге шешілмейтінін сұрады. Аталған мәселелерді ауылдық округ әкіміне айтқанда «аға 2 ай берші» деген әкімнің 2 ай тұрмақ, 3 жылда бір мәселесін шешіп бермегендеріне ашынған елдің жарыққа жарымағандағы жанайқайын «тышқан түшкірсе өшіп қалады» деп ащы мысқылмен жеткізіп: «Сондай-ақ бар болғаны 300 балаға арналған мектепте 930 бала оқиды. Тек дайындық курсында 55 балаға арналған 3 топта 385 бала оқып жатыр. Осыдан кейін мектеп директорына не деп ренжиміз, тіпті сөйлеуге ұяламыз. Өкпелетіп аламыз ба деп қорқамыз! Қыстың күні балалар мектепте сырт киіммен отырады. Мектептің төбесі жұқа, жылу сақтамайды және мектептегі жылу жүйесі жоба бойынша жүргізілмеген. Осыдан кейін ел болашағы деп сенетін балаларда қандай білім болады? Дірдектеп тұрған мұғалім балаларға қалай сабақ өтіп, білім береді? Бұл мәселені өткен жолы сізге жолыққанда да айтқанмын. Тиісті адамдарға тапсырма берем дегенсіз.
Ал әр мәселемізді айтып баратын аудандық жауапты бөлімдер мен мекемелер – бір-бір жеке мемлекет. Бір-бірінің жұмысында шаруасы жоқ. Ауылдық әкімдікке барамыз, олар да бір-біріне бағынбайды. Сонда біздің мәселені кім, қашан шешеді?», – дейді ашынған ақсақал.
Жасыратыны жоқ, «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» дегендей, ақсақал айтқан өзекті, өткір мәселелердің біреуінде ләм демеген округ әкімі М. Махамбетқалидың сол беті жұмған аузын ашпай кеткеніне таңқалдық. Бар міндетті мойынына алған аудан әкімі барлық сұрақтарға өзі жауап беріп, алдағы уақытта қолдан келгенше елмен қоян-қолтық жұмыс істейтінін жеткізді.
Аудан әкімі Т. Айдарбеков аталған ауылда ушығып тұрған ауыз су, газ мәселесінің алдағы уақытта шешілетінін айтып: «Бүгінгі күні «Кіші Байсереке ауылын сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және салу (2 кезең)» жобасы әзірленуде. Тапсырыс беруші – «Талғар ауданының ТҮКШ, ЖК, АЖ және ТИ бөлімі» ММ. Жобалау ұйымы – «ПУС-
Шымкент» ЖШС, шарт сомасы – 9,2 млн теңге. Бүгінгі күні мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазіргі уақытта «Алматы облысы Талғар ауданы Кіші Байсерке ауылындағы газ тарату желілері мен газ құбырының құрылысы» жобасы әзірленуде. Тапсырыс беруші – «Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесі. Жобалаушы – «Улмад» ЖШС. Шарт сомасы – 19,3 млн тг. ЖСҚ әзірленіп мемлекеттік сараптамада қаралуда», – деген мәліметпен бөлісті. Жоқтан жоғары болса да, көптің көңіліне бір медеу болған бұл ақпардың да нақты қашан шындыққа айналарын уақыт көрсетер. Бір айтакетерлігі, бұл ауылда кім су береді деп елдің қас-қабағын бағып шелегін көтеріп жүретін тұрғындардың бары рас. Бұл сөзімізді растау үшін ауыл тұрғыны Нұрлан Қарпықовтың мына пікірін келтіре кетсек те жеткілікті болар. «Біздің бір көшеде бас-аяғы 7 үй бар. Сусыз отырғанымызға 5 жыл болды. Судың артынан жүгіріп жүргенімізге де сонша жыл. Өзім екінші топтағы мүгедекпін. Көршілер қыстың күні суларын жауып тастайды. Кім су берер екен деп көше аралап қаңғимыз. Елдің қабағына қарап қара су іздеуден шаршадық…»
Қаптаған қаңғыбас иттен зардап шекпей отырған елдімекен жоқ. Бүгінде өздерінен бұрын ойын баласы мен оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдаған халық өмірлеріне қауіп төндіріп отырған ит мәселесінің де тезарада шешілуін талап етуде. Ит аулау мекемесінің қызметкерлері «Бұлардың қайсысы еркек. Қайсысы ұрғашы? Аттары қандай?» – сұрайды. «Құдай-ау, қаңғыбас иттің қайсысының не екенін, аты қандай екенін мен қайдан білем! Қайсысынан аты-жөнін сұрап жүрейін? Тағы бірде машинасының артына тіркемесін жалғап алған жас балалар келіп: «Итіңіз қайда? Атайық, ұстайық!» – дейді. Мен оларды бағып отырмын ба? Елді осылай келемеж қылуға бола ма?!» – деген А. Кунешбаев сөзін қостаған халық иттен көрген қорлықтарын айтып тауыса алмайтынын, шарасыз екендерін айтып, атқамінерлерден мәселені шұғыл шешіп беруді сұрады. Бұл жерде асыраған иттерін баламайтын тұрғындардың да кінәсі бар екенін айтқан жауапты мекеменің маманы сол баяғыдай алда мәселені қолға аламыз деумен шектелді. Ал нақты қашан іске кірісетіндерін әдеттегідей бір Құдайға тапсырған мекеменің нақты қашан іске кірісері де белгісіз. Оған дейін шықпа жаным, шықпаның күйін кешкен елге бала-шағасының амандығын тілеп, өз беттерінше сақтануына тура келеді.
Айта кетелік, бұл тек кіші Байсеркедегі мәселе емес, аудан бойынша күн тәртібінен түспей келе жатқан өте маңызды мәселенің бірі. Топ-тобымен жүрген қаңғыбас иттердің тым тез көбейетінін ескерсек, көздері жәудіреген күшіктерін ерткен аш иттерді көргенде тіпті аяп та кетесің. Бірақ амал жоқ, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін оларды дер кезінде аулауы керек. Алайда бұл мәселеде қауқарсыз отырған аудандық ит аулау мекемесінде қызметкерлердің жетіспейтінін, аз ғана айлыққа өмірін қауіпке тігіп келе қоятын адамдардың некен-саяқ екенін бұдан бұрын да бірнеше рет жазғанбыз. Сондықтан бұл да түбегейлі шешілетін мәселенің қатарында емес және ондай мүмкіндік те жоқ екенін ашық айтқан абзал.
Сондай-ақ ауыл зиратына тиесілі жердің мәселесі де жұртшылықтың жанайқайына айналған. «Өмір бар жерде өлім бар», осы мәселені де шешіп беріңіздер деген тұрғындар талабы өте орынды. Мұсылмандар мен христиан бейіттерінің араласып кеткеніне налыған жұрт «өлігімізді босағада сақтауымыз керек пе?» деп сұрақты төтесінен қойды.
«Мемлекеттің жері жоқ. Жердің бәрі пай-паймен сатылып кеткен. Қазір сол жерді сатып алған кәсіпкерлерден жеріңді сатшы, үкіметке сатып аламыз деп қол жайып сұрап отырмыз. Ол бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір маған жерленбей, далада қалған бір адамды көрсетіңізші. Олай артық сөйлемеңіздер. Жаңа баяндамада айттым, мына жерге қалтасынан ақшасын шығара салып газ, суды жайдан-жай келіп ешкім жүргізбейді. Оны да жақсы білесіз. Әр мәселе бойынша облысқа өтінімдер берілді. Ауданда 48 елдімекен бар. Жылына бөлінетін 8-9 миллиард қаражатты бәріне жеткізу керек. Шешілмеген сұрақ өте көп. Бірінші суды жүргізіп алайық. Жол одан кейін жасалады. Себебі бүгін жол салып, ертең оны бүлдіріп су тарту ақылға қонбайды. Ал газ сіздерге үкімет тарапынан жүргізіледі. Сабырмен күтіңіздер. 30 жылға да шыдап келдіңіздер ғой, қалған біріне де шыдаңыздар. Құрғақ уәде беріп кетпей, ретімен, іспен шешейік мәселені…» – деген аудан әкімінің де айтар өз уәжі бар.
Өткен жиналыстардың бірінд шабындық, жайылымдық жер сұраған қарияға қоқан-лоққы көрсеткен билік өкілінің қылығына күйінген ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы: «Егер мен халықтың атынан сөйлесем, елдің мәселесін көтеріп, мұңын жеткізсем, сонда мені қорқыту керек пе? Құдай берген жанымды құдай алады, осындай бассыздықтарды тыйсаңыз! Атқамінерлер халықпен дұрыс сөйлесіп, мәдениетті қарым-қатынас жасауы керек қой…» – деген шетін мәселені де көтерді. Кім болса, ол болсын, қолындағы билікті бишік етіп халықты, халықты ұйытып отырған ақсақалды қорқытып-үркіту мемлекеттік мекеменің этикасына жат, қызметкерінің ар-ұятына сын және оның таяздығын танытары хақ. «Халық қаласа хан түйесін сояды», ал бұдан хабары жоқ қызметкерді қалай да жазаға тарту керек. Өйткені ертең мұндай жағдайлар ел арасында у-шуға ұласып, жаппай бас көтеруге себеп болары сөзсіз. Кез келген мәселені мәмілемен шешуге болатын мына уақытта қолшоқпарлық жасау ұят іс екенін көзі ашық, көкірегі ояу әр адам біледі. Ендеше ел мәселесіне келгенде шепті бұзып, шекарадан шықпай-ақ халық көтерген мәселенің мән-жайына үңіліп, ретімен шешуге болатынын түсіндірсе «айқанымызды табан астынада тауып әкел» деп отырған халық жоқ. Тек «Жыламаған балаға емшек жоқ» екенін білетін ел «Үмітсіз – шайтан» екенін де жете түсінеді. Сондықтан алдына күнде келе бермейтін атқамінерлерді көргенде бар мәселесін жайып салып, бәрі болмаса да бірі шешілсе деген үмітпен айтатынын да ескерген жөн болмақ.
Гүлдала ауылдық округінде 166 көше бар, жолдардың жалпы ұзындығы – 73,3 км. Оның: 35,06 км – асфальт қабатымен, 38,24 км – тас құм қабатымен төселген. 2023 жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен Гүлдала ауылының Кичиков, Момышұлы, Абылай хан және Мақатаев көшелерінің орташа жөндеу жұмыстарына жалпы ұзындығы 5,2 шақырым жолға 575,5 млн.т. қаражат қарастырылды. Мердігер мекеме «BCS Construction» ЖШС Бүгінгі күні жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Кіші Байсерке ауылының 5 көшесіне (Өркен, Жайық, Қонаев жалғасы, Тұлпар, Отырар) қиыршық тас төгіліп, тегістелді. Гүлдала ауылының Төле би, Маметова көшелеріне, Кіші Байсерке ауылының Қонаев, Абылай хан көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ (жобалық сметалық құжат) дайын. Қажет ететін қаражат 455 млн. теңге. Ақын Сара, Әскери-грузин, Кіші Байсерке ауылы Қонаев жалғасы, Жамбыл, Абай және Құрылысшы ауылының көшелеріне маршруттық тәсілмен ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ (жобалық сметалық құжат) даярлануда. Аяқталғаннан кейін Алматы облысы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім беріледі.
Талғар аудандық әкімдігі
«Осында тұрғаныма 15 жыл болды. Талдықорғанға барып 5 жылдан бері газ мәселесін көтеріп, табанымнан таусылған адамның бірімін. Ауылдық округ әкім – Мақсат та біледі. Тамыздың 10-ында халықты жинап, 12 адам Қонаев қаласына барып қайттық. Ондағы ЖКХ-ның бастығын екі жарым сағат тостық. Оның алдында бірнеше бастық ауысты. Дастан Шатырбаевтан кейін үш адам кетті. Төртіншісі ұшты-күйлі жоқ. Барамыз көрмейміз, құр қайтамыз. Саламат деген біреу бар. Қазір болады, арғыкүні, ертең болады деп жолатпайды. Кетпейміз деп табан тіреп отырып Асхат Бердіхановпен әрең кездестік. Мамыр айында «Қазтарнсгаз» қол қояды, сонымен құжат экспертизадан өтеді деген. Содан бері үш айт өтті. Әлі жоқ…» – деген Жарқынай Сұлтанова жауапты атқамінерлердің жауапсыздықтарына күйінеді.
Міне, елдің осындай жанға батқан жайайқайынан құлақ тұнады. Қолда барын ұқсатып, ауданға бөліңнген аз-маз бюджет қаражатын сепкендей қылып әр ауылға жеткізіп отырған аудандық әкімшілікті кіналаймыз ба, әлде басқа барар жер, басар тауы жоқ, атқамінерлерге мұңын шаққан халықты жұбатамыз баАтқарылып жатқан іс жоқ емес, бірақ мардымсыз. Ал қордаланған мәселе шашатан көп. «Былай жүрсең арба сынады, былай жүрсең өгіз өледінің» кері. Қайтпек керек!?…
Жанбота Сұлтанмұратқызы