Тереңқараға мектеп керек

Тереңқараға мектеп керек

Өткен аптада Дәулет ауылында Қайнар ауылдық округі әкімдігінің 2023 жылдың соңғы 8 айында атқарған ісінің қорытындысын жасап, халық алдында есеп берген Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков: «Ағымдағы жылы Еламан, Қайнар, Көктал ауылдарына «Газ тарату мен жеткізуші газ құбырын салу» жобасын жүзеге асыру жоспарланды. Тапсырыс беруші – Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы. Еламан, Қайнар, Көктал ауылдарының сметасы да­йын, мемлекеттік сараптамадан өткен. Бүгінгі күнде құрылыс жұмыстары Еламан, Көктал, Қайнар ауылдарында басталды. Жаңалық, Дәулет ауылдары бойынша жекеменшік инвес­тор тарту жұмыстары жүргізілуде», – деген ақпармен бөлісті.

Айтуынша, «үш ауысымды оқытуды жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2023-2024 жылдары Жалқамыс ауылына 600 орындық, мектебі жоқ елдімекен
Айғаным ықшам ауданынан 600 орындық мектеп салынады. Айғаным, Жалқамыс ауылдарында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында жұмыстар басталды. Жаңалық ауылындағы №37 opтa мектепке күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде». Сондай-ақ Жаңалық ауылында жоспарланған жаңа мектепті салуға қажетті жерді дайындау мақсатында белгіленген аумаққа қоныстанған 12 үйдің жер телімін сатып алынғанын хабарлады.
Алайда газ құбырын тартуға байланысты тұрғындар тарапынан айтылған мәселеге қатысты түйткілдің бүгін-ертең тарқайтыны күмән туғызады. Ол жайлы газетіміздің алдыңғы санында жазғанбыз. Онда Еламан ауылының тұрғыны Қоныс Алшынбеков жауапты адамдар дайын тұрған газ құбырын іске қосу жоспарын белгісіз себептермен жобадан алып тастағанын айтқан. Бұл жолы аудан атқамінерлері атап айтқан жобалардың қай жылы бітетінін сұрағанмен, ол сұраққа нақты жауап берген ешкім болмады. Сонымен қатар бұл ауылдың халқы ең болмаса фельдшерлік пункт салып беруді сұрағандарына да талай болған. Бала-шаға ауыра қалса жетектеп Жалғамысқа жететін тұрғындар ондағы кезекті көп тосатындарына назалы. Ал жедел жәрдем деген аты болмаса, оның қандай бір жағдайда бұл ауылға дер кезінде жетуі мұңға айналған. Тұрғын сұрағына нақты жа­уаптан гөрі түсініксіздеу түсініктеме берген аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Тимур Ақмырзаұлының да мәселеге қатысты нақты жауабы болмады. Өйткені медпункт салатын жер де дайын емес деген желеу бар.
Аталған округке қарасты Дәулет ауылының Оңтүстік ықшам ауданында бір де бір көше жоқ деген Мейрамбек Думанов тұрып жатқандарына 6 жыл болған ауылының адам жүрер жолдарына тас болса да төгіп берсеңіздер деген өтінішін жеткізді. Алайда оның бүгін-ертең жасалмайтынын ашық айтқан аудан әкімі: «Аудан бойынша 48 елдімекен бар, саяжайларды қоспағанда. Оның ішінде биыл бюджет қаражатының ең көп бөлігі Дәулет ауылына бөлінді. Бәрін бір жолда жасап бере алмаймыз. Келесі жылға қарастырамыз…», – деген уәж келтірді.


Ауылдарына дәрігер құтаймағанын жеткізген Нысанбай Мырзаев көтерген мәселе де өте өзекті. «Дені саудың жаны сау» дейтін қазаққа бас амандығы қашан да маңызды емес пе! Ендеше оның бірі келіп, бірі кетіп жиі ауысып кететін дәрігерлерді тұрақтандыратын шара қолдансаңыздар деген тілегі де орынды. Өйткені бір барған дәрігеріне екінші рет барса басқа дәрігерге тап болатын олар денсаулықтарына алаңдаулы. Бұл әсіресе түрлі аурулармен есепте тұратындар үшін өте көп қиындық тудыратын түйткілді мәселе екені анық.
19 жылдан бері ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, қызмет етіп келе жатқан медбике Әйгерім Ақатқызы­ның жайын жеткізген қарттар қауымы оны ауылға қайтаруды сұрайды. Оның біліктілігі анау-мынау дәрігерден жоғары деген тұрғындар: «Өздерінің қандай дәрі ішетінін де осы қыз біледі, тіпті тамырымызды да одан басқа ешкім таба алмайды. Мұндағыларға барсаң бәрібір Әйгерімді шақыр­тады. Өйткені біздің тамырымыз өте нашар болғандықтан өзгелер инені де дұрыс сала алмайды», – деп ашулы. Ауыл белсенділері де Ә. Ақатқызы Тамара Егізбекқызының негізсіз қудалауына ұшырағанын айтып, сүйікті медбикелерінің қазан айының бірінде ауылға қайта келеріне сенбеді. «Екі айдан кейін Әйгерім орнына барады деген. Біз осыған құдайдай сендік. Енді, міне, бәрі басқаша болып жатыр. Жастар келеді. Дұрыс олар біртіндеп үйренеді. Бірақ оларды үйрететін адам керек қой…» – деген Закира Ахметова ауыл қарттары мен белсенділердің арыз-арманын растады.
«Мен – Әйгерім Ахатқызымын. Қазір ғана Талғардан келдім. Осы уақытқа дейін халықпен тығыз жұмыс істеп келемін. 20 жылдық еңбекөтілім бекер күйіп кете ме? Соңғы жейдемді сатсам да Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына кіремін. Жұмыстан шығарса шығарып жіберсін. Мен бірақ шындыққа көз жекімбей тоқтамаймын. 19 жылдан бері тұрып жатқан жерімді босат деп отыр. Ол жерге жөндеу жұмыстарын да өзім жасағанмын. Барлық керек-жарақтарымды сол жерге жасап алдым. Енді мен бір аптаның ішінде қайда, қалай көшіп үлгеремін? Жолдасым да аурушаң. Өзі осы медпунктте тазалықшы, күзетші. Барлық ұсақ-түйек жұмысты өзі атқарады. Ал алатыны бар болғаны 70 мың теңге. Екі балам бар. Қайда барып күн көрейін?…» – деп көзіне жас алған медбике аудан әкімінің қабылдауына жете алмай жүргенін де атап өтті. Бұл ретте шұғыл шешім қабылдап: «Ертең 10-30-да келіңіз. Сізді жеке қабылдаймын. Жеке компанияның ішкі жұмысына араласа алмаймын, бірақ заңсыз қуып жатса сотқа, прокуратураға жүгініңіз…» – деген Т. Айдарбековтің қам көңіл жанның бір жыртығын жамауға қолдан келгенше көмек көрсетеріне сенеміз.


Ал Тереңқара ауылының мұңын жеткізген Ринат деген тұрғынның көтерген мәселесі тіптен жаға ұстатарлық. «Тереңқара ауылында тұрып жатқаныма 9 жыл болды. Балаларымызды ­Төңкеріс ауылындағы мектепке тасып оқытып келеміз. Ауылға мектеп салғызып берсеңіз. Автобус деген аты болмаса, бірінің үстіне бірі мініп барады. Үстіндегі киімдерінен де түк қалмайды. Әр ауылға берілген бір-бір шағын автобусқа балалар сыймайды. Менің түсінбейтінім, Төңкерісте мектеп болса да, жанына тағы мектеп салынып жатыр. Бір ауылға екі мектеп не керек? Тереңқарадан, Көкдаладан, Каменкадан, Сақтаннан т.б. 4-5 ауылдан 800 баланы Төңкеріске тасып оқытады? Төңкерістің өзінде, білуімізше, 500 бала бар. Ал бізден баратын балалар саны 800-дей. Сонда барлығы 1300 бала аядай бір мектепте оқиды. Осы ауылдарға ортақ қылып Тереңқарадан мектеп салғызып берсеңіз. 4 жылдан бері осы мәселемен жүгіріп жүрмін. Аталған ауылдарда да әлеуметтік аз қамтылған отбасылар бар. Олардың балаларына тіптен қиын болып барады. Алдағы 5-10 жылымыз тағы бала тасумен өтетін сияқты…» – деген тұрғынның сөзін растаған тағы бір адам тасымаладанып оқып жатқан баланың саны 800 емес, 1200-ге жуық екенін тілге тиек етті. Ал оның сыртында өзге ауылдарға барып оқитын балалардың саны да біршама екенін жеткізді. «Бір жолда 40-50 баланы нығап салып алады. Бізге қосымша автобус шығарып беріңіздер. Мәселемізді айтып бармаған жеріміз жоқ. Бар-жоғы 7 автобус аздық етіп жатыр. Дегенмен Талғар ауданына рақмет. Еңбекшіқазақ ауданының балаларын да осы аудан тасып оқытып келді. Енді де сіздерден көмек сұрауға мәжбүрміз», – деген тұрғынның жанайқайын естір құлақ болса дегеннен басқа ештеңе дей алмадық…
Мәселеге қатысты жауап берген аудан әкімінің орынбасары Жанболат Әнуарбекұлының сөзіне сүйенсек, алдағы жылы Талғар ауданына қарасты ауылдарға 4 мектеп салу жоспарланған. Төңкерісте мектеп салуға арналған 1,5 га жер дайын тұр. Оны да халық күтіп отыр. «Ал Тереңқара ауылын сіздердің сұраныстарыңызбен келесі жылы қарастыруға болады…» деген сенімнен гөрі күдігі басым жауап айтылды… Ал ауыл мектебіне толассыз келетін тексерулерден мезі болған ұстаздар қауымының «бала оқытамыз ба, әлде тексерулерге әр жолы құшақ-құшақ қағаз дайындаймыз ба?» деген жанайқайы бір төбе.
Айта кетейік, қай ауылды алып қарасаң да мәселесі шаш етектен. Оның ішінде жол, ауыз су, газ, мектеп мәселесінен бөлек, интернет мәселесі де ушығып тұр. Ең болмаса бала-шағасын қарапайым үйірмеге бере алмай отырған тұрғындар «Жаман айтпай, жақсы жоқ», ертең тағы бір карантиндік жағдай бола қалса балаларды тасып оқыту жайында қалып, босып кетеріне күмән жоқ. Алып қала Алматының іргесіндегі ауылдарда қалыптасқан мұндай жағдайларды көргенде алыс аудандардың тау-таудың қуысында отырған ауылдарының халі нешік деген ой еріксіз оралады… Өйткені бұл біз барған ауылдардың алғашқы және соңғы мәселесі емес…

Жанбота Сұлтанмұратқызы