Қазақстандық ғалым жасанды жаңбыр жауғызды

Қазақстандық ғалым жасанды жаңбыр жауғызды

Жексенбі күні түс ауа смартфондарға дүркін-дүркін келген «Алматы облысында нөсер жаңбыр күтілуде», «Алматы облысында күн күркіреуі күтілуде», «Алматы облысында 23-28 м/с дейін желдің ұйтқу қатері» «Алматы облысының аумағында ірі бұршаққа айналатын жаңбырды алдын ала ескерту», т.б. деген секілді смс хаттар ала жаздай күткен жаңбырдың жақсы хабарын әкелгендей болғаны анық. Өйткені аптап ыстықтан мезі болған жұрттың қандай болса да көптен бері жаңбыр күткені рас.

Айтқандай-ақ Алматы маңында жексенбіде желдете басталған жаңбыр кешке қарай ұшқындай түсіп, біртіндеп нөсерге ұласты. Бізде ғана емес, еліміздің бірнеше өңірінде жауған жаңбырдың шелектеп құйып жатқаны туралы жазбалар мекн хаттар сол сәтте- ақ әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Тіпті Шымкентте бармақтай-бармақтай бұршақ аралас жаңбыр жауғанын айтқан жергілікті тұрғындар уыстап ұстаған баданадай бұршақтардың видеосын да бірінен соң бірі желіге жарыса жүктеп жатты. «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» дегендей, оңтүстік өңірге жауған жаңбырдың шарапатын көрген алматылықтардың да жаны кіріп, жамыраса жазып жатты. Ал таулы өлкелерге жаз бойы тамшы тамбағанын өзіміз де білеміз. Жақсының шарапатындай болған жаңбырдың жауғанын көргенде «Жаңбырда тілеген тілек қабыл болады» деген аталы сөздің есімізге түскенін де жасырудың реті жоқ.
Ал осы жаңбырды жауғызған қазақтың қара баласы – Алтай Айнабек пен ол басқаратын арабиялық компания екенін біреу білсе, біреу білмеді. Яғни елімізде алғаш рет заман талабына сай жаңа технология негізінде жасанды жаңбыр жауды. Ғалам ғылымын игерген жас ғалымның айтуынша, жасанды жауын жаудыруды 31 шілдеден кейін бастаған көрінеді. Желі қолданушысы Бижан Садыбеков ғалымның: «Негізінде жаңбыр жаудыруға 2 аптадан аса уақыт кетеді деп есептейміз. Орта Азияға циклон тартуға аз уақыт кетпейді. Негізгі су әкелудің қайнар көзі Атлант мұхиты, Парсы бұғазы мен Солтүстік мұзды мұхиты дейді. Біздің басты міндет – Орта Азияға, соның ішінде Қазақстанға су тарту. Каспий мен Аралдың төбесінен тоқтамай жаңбыр жаудырып, толтыру», – деген пікірін желіге жүктеп: «Биыл елімізде қуаңшылық қатты болды. Бірнеше облыстың шаруалары шығынға батты. Жаздың басында жасанды жаңбыр жаудыру технологиясын неге пайдаланбасқа?» – деген пікір білдірген.
Әрқашан ізденісте жүретін тәуекелшіл жігіт 2-3 жыл бұрын Маңғыстауда құрғақшылық болғанда жасанды жаңбыр жаудыратын құрылғыларын батыс жаққа орнатып, жаңбыр жаудырған екен. Бұл туралы жазған Асылбек Дәрібеков: «Бірақ оған әкімдік мұның барлығы тасаттықтың арқасында болды деп келісілген қаржысын бермей ренжіткенін де көзбен көрдік. Алтеке тек сәттілік тоқтамаңыз, елімізді жасыл желек етіңіз, сізге сенеміз!» – деген жазба жариялады.
Қаншама жылдан бері өз уақыты мен қаражатын сарп етіп экология және ауа райын зерттеу саласындағы жаңа технологияларды меңгерумен айналысып келе жатқан Алтай Айнабеков «Жаңа технология кез келген жерге жаңбыр жаузыға алады» дегенді алға тартады.
«International Center of Climate Change Technologies» орталығы басшысының айтуынша, жаңа технология – атмосфераның төменгі қабатына теріс зарядталған иондар жіберу арқылы антициклонды бұзып, циклондық процестерге әсер етеді. Салдарынан қажетті аймақта атмосферадағы жоғары қысым төмендеп, ылғал тартыла бастайды. Нәтижесінде жауын жауады. Араб Әмірлігінде тіркеліп, қазіргі таңда Африкадағы Сахель және Пәкістанның аридтық аймақтарында жұмыс жүргізіп жатқан бұл компанияның ел мүддесі үшін атқарар шаруасы шаш етектен екеніне енді ғнана көзі жеткендей.
«Біз жаңа технологиялар арқылы адамзаттың залалынан тартылып кеткен Арал сияқты теңіздерді қайта қалыпқа келтірудің әдісін қарастырып жатырмыз. Қазір Каспий, Балқаш, сондай-ақ өзендер мен тоғандардағы сулар тартылып жатыр. Жерасты суларының да деңгейі алдыңғы жылдармен салыстыр­ғанда төмендеген. Біз 31 шілде күні өз қаражатымыздың есебінен Шымкент қаласына «Clear Sky Manager New Generation» технологиясын орналастырдық. Салдарынан, Қазақстанның көптеген аймақтарында және Оңтүстік өңірінде тамыз айында қатты жауын жауды. Мұның барлығы біздің технологиямыздың тағы да тиімді екенін дәлелдеді, – дейді А. Айнабекұлы.
Бір қызығы, ғылымның жетістігінен гөрі Құдайдың құдіретіне көбірек сенетін жұрттан «Құдайдың ісіне неге араласасыңдар? Құдай ма едіңдер?» деген секілді қисынсыз сұрақтарға жиі тап болатынын айтқан ғалымның Алласы аузынан түспейді. Күлкі шақыратын сұрақтардың бәріне жауап беруге уақыты тапшы ғалымның ғылым жетістіктерін игеруде кенже қалып келе жатқан біз секілді елдердің таным-түсінігі мен түйсігіне деген таңданыстан гөрі, өкініші басым. Өйткені «Әліпті таяқ деп білмейтіндердің» ғылымға және оның жетістіктеріне қатысты ақылға қонымсыз көзқарастарына қайран қалады.
Айта кетейік, аталған технология 2022 жылы Маңғыстау облысында іс-тәжірибеден өтіп, нәтижесінде бұл өңірде бұрын соңды болмаған нөсер жауған.

Жанбота Сұлтанмұратқызы