Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында АЭС салуға қатысты қоғамдық талқылау өтіп, оған 300-ге тарта тұрғынның қатыстқаны туралы бұқаралық ақпарат көздері бірінен соң бірі жарыса жазып жатыр. Айтылған ой, жазылған пікірлерді сараптап, «бізге АЭС керек пе?» деген сұрақтың жауабын іздеп көрелік.
Malim.kz тілшісі Есенжол Елекенов: «Үлкен ауылы Алматы қаласынан шамамен 400 километр қашықта орналасқан. Бұл ауылға кірген бойда қаңырап тұрған, қираған көп қабатты үйлер бірден көзге түседі. Мобильді интернет тіптен нашар, интернеттің тілімен айтқанда «Е» ұстайды. Осыдан-ақ ауылдың ахуалын бағамдай беруге болады…
Бірінші болып сөз сөйлеген Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас АЭС салуды көптен күтіп жүргендерін айтып: «Наконец-то лед тронулся», – деді. Шенеуніктің бұл сөзіне наразы болған кей халық «қазақша сөйле! АЭС салуға қарсымыз, керек емес!» деп айғайлай жөнелді. Залда у-шу басталып кетті. Атом электор станциясын салуды қолдайтындар мен оған қарсы топ бір-бірімен жанжалдаса жөнелді. Модератор «тыныштық сақтаңыздар!» деп қанша айтса да, оны ешкім тыңдаған жоқ. Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болып, біразға дейін дауласты. «АЭС-ке жол жоқ!» деген дауыстар жарқын-жарқын шығып жатты.
Одан кейін мінбеге көтерілген Энергетика министрлігінің атом энергетикасы және өнер кәсібі департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Усалова халықтың кез келген сұрағына жауап беруге дайын екендерін айтты.
Бір кезде Үлкенде 10 мың адам жұмыс істеген. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін халық су электр станциясы салынбайтынын түсінгендей басқа жаққа қоныс аудара бастаған. Қазір ауылда қалғандардың денін осындағы өмірге үйренгендер немесе басқа барар жері жоқ адамдар құрайды.
Үлкенде жоспарланған ірі құрылыстардың бәрі дерлік сәтсіздікке ұшырап отырған. 1984 жылы мұнда су электр станциясы салынуы керек еді. Ғалымдар Балқаш көлінің экологиясына үлкен зардап әкеледі деп бағалаған станция жобасы Кеңес одағы ыдырағаннан кейін жалғасын таппады. Одан кейін 2007 жылы Қазақстан үкіметі Балқаш жылу электр станциясын салу туралы шешім қабылдады. 2012 жылы «Балқаш жылу электр станциясы» компаниясы мен Samsung Engineering Company Limited компаниясы жылу электр станциясының бірінші модулінің құрылысы туралы келісімшартқа қол қойды. 2016 жылы осы жоба аясындағы жұмыс та тоқтап қалды.
www.azattyq.org
Қазақстанда электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін АЭС салуды жоспарлап отырмыз, – дей бергені сол еді, халық қайтадан айқай-шуға басып, сөйлетпеді. Халықтың бұл әрекеті модератор Бағдаулет Устеновтың ашуына тиді ме: «Тағы бір рет осылай жасап, тәртіпті бұзатын болсаңыздар, шығарып жіберіміз. Құрмет көрсетіңіздер!» – деді. Алайда модератордың ескертуін халық тіпті елеген де жоқ», – дейді.
Осыдан-ақ «Қазақстанға АЭС керек пе?» деген маңызды сұрақтың қаншалықты мәнге ие екенін аңғару қиын емес. АЭС салған елдердің жетістіктерін тілге тиек еткенде оның кемшілік тұстары мен ол туғызған апат салдарын да естен шығаруға болмас. Аталған жиында сөз алған Энергетика министрлігінің өкілі Гүлмира Усалова көпшілік сұрағына жауап беруге дайын екенін жеткізіп: «Атом электр станциясын анықтау үшін көптеген зерттеулер жүргізілді. Осы зерттеулердің қорытындысы бойынша АЭС салуға Үлкен ауылының аумағы таңдалды. Сол себепті бүгін жария тыңдау өтіп жатыр. Халықтың пікірін біліп, сұрақтарға жауап беру үшін» ,– деген шақта залда отырғандар арасынан «Үлкеннің тұрғындары қарсы емес» деген дауыстар естіліп, артынша тағы да дау басталған. АЭС-ті қолдаушылар мен оған қарсылық көрсеткен тұрғындардың пікірі екі жарылуын заңдылық деп қабылдасақ та, аталған жобаны елімізде жүзеге асыруға болмайды деген қарсы топтың пірікіне қосылуға тура келеді.
Бұл мәселені референдум арқылы шешу керек екенін алға тартқан танымал саясаткер Рысбек Сәрсенбай АЭС салуға жол беруге болмайтынын кесіп айтып: «Біз бүгін еліміз үшін маңызды мәселені талқылап отырмыз. Тек Үлкеннің халқы емес, тұтас Қазақстан халқы үшін өте маңызды мәселе. Сондықтан сабыр етейік, шыдамдылық танытайық. Бір-бірімізді сыйлайық. Өйткені бәрімізде осы елдің азаматымыз. АЭС салуға қатысты мамандардың айтып жатқандары дұрыс. Бірақ біз оны қабылдай алмаймыз. Неге қабылдай алмаймыз? Себебі бұ кісілер атом электр станциясының қажеттілігін айтты да, арғы жағын айтқан жоқ. Бәрімізді алаңдататын нәрсе – оның Чернобыль, Фукусима сияқты жарылысқа апарып ұрындыруы мүмкін. Бұның қауіп-қатерін қазір айтпасақ, алдын алмасақ, соған ертең ұрынамыз. Өздеріңіз білесіздер, Чернобль адам факторының салдарынан болды. Оны жасаған кешегі СССР-дің ғалымдары, физиктері, ресейдің ғалымдары да бар», – деп АЭС-тің артында қандай қауіп тұрғанын еске салды.
Ал Энергетика министрлігі ядролық физика институтының басшысы Саябек Сахиев болса АЭС Қазақстанға ауадай қажет деген пікірден танар емес. «Атом электр станциясын салуды баяғыда бастау керек еді. Қазір Өзбекстан, Түркия, Беларусь, Мысыр елі салып жатыр. Егер Өзбекстан бізден бұрын салатын болса, электр энергиясын бізге сатады. Ал біз уранның үстінде отырып, олардан электр энергиясын сатып алуымыз керек пе? Бұл – болашаққа жасалған нағыз қастандық болады», – деген С. Сахиевтің пікірінше, Қазақстанға атом электр станциясын қытайлық, кореялық, ресейлік және франциялық компания салуы мүмкін. Бұлардың қайсысы салатыны тендерде белгілі болады. «АЭС салу үшін екі мың адам керек екен. Біздің институт бес мың адамды оқытып, дайындап қойды. Тек бір-ақ мәселе бар: жатақхана салу керек», – деп АЭС салу мәселесінің баяғыда шешіліп қойғанын аңғартқан.
Adurna.kz таратқан ақпарға көз жүгіртсек, онда: «Жария тыңдау жергілікті өкілетті органмен ұйымдастырылып отыр. ҚР Заңы бойынша Қазақстан Республикасында АЭС салу орны ҚР Үкіметі шешімімен қабылданады. Алайда осы шешім тек қана жергілікті өкілетті органның шешімі бойынша қарастырылады. Сол себептен де осы жиында бас қосып отырмыз. Халық пікірі ешқашан еленбей қалмайды. Барлығының сұрақтарына жауап беріліп, пікірлері ескерілетін болады» – деп жауап берді Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова», – делінген.
Қазір Үлкенге салынғалы отырған АЭС – ол – Ресейдің технологиясы бойынша орнатылатын станция. 2019 жылы Ресей президенті В. Путин Қ. Тоқаевқа Қазақстанға Ресейдің технологиясымен станция салуға ұсыныс айтты. Міне, соны іске асыру үшін жасалып отыр. АЭС-ті «40 жыл күттік» деп айтып отырсыздар. Сіздер 40 жыл күткен жоқсыздар. 40 жыл бұрын АЭС салу туралы айтылған жоқ. Атом электр станциясының қаупі көп. Біз Алматыдан бекерге келген жоқпыз. Жанымыз ашығаннан кейін ғана келіп отырмыз. Мына Балқаш – көл, ол – теңіз де емес, мұхит та емес, қауіп-қатері аз дейтіндей. Ядролық қатерді алдымен сіздер көресіздер, сіздер уланасыздар, сіздер өртенесіздер. Бұл мәселені біз референдумға шығаруды сұраймыз, талап етеміз.
Рысбек Сәрсенбаев, саясаткер
Сондай-ақ мектеп залында «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин Үлкен ауылы он ауданның арасынан таңдалғанын айтып: «Атом электр станциясын салу үшін екі аумақ зерттелді, олар Қазақстанның шығысы және оңтүстігінде. Екі аумақ та атом объектілерін салуға жарамды. Біздің компания Ядролық технологиялар қауіпсіздігі орталығының мамандарын тарта отырып зерттеулер жүргізді. Техникалық және экологиялық сараптамалар жүргізілді. Яғни, барлық зерттеу нәтижелері расталды. Біздің компания Оңтүстік Қазақстанды ұсынды. Сондықтан біз осында жиналып, тұрғындардың пікірлерін тыңдағымыз келді», – деген.
Ал Азаттық тілшісі таратқан хабарда: «Жергілікті тұрғындар мәселені әлеуметтік жағдаймен байланыстырып түсіндіреді. ауылға арнайы барып, жергілікті тұрғындардың атом электор станциясы (АЭС) құрылысына қатысты пікірін білді.
Атом электр станциясы үшін таңдалуы мүмкін жерлердің бірі — Алматы облысындағы Үлкен ауылы. 1980 жылы мұнда су немесе гидроэлектр станциясын (ГЭС) салу жоспарланған. Ауылдағы жартылай қираған үйлер, бос көшелер, ештеңе өспейтін тұзды топырақ апаттан кейінгі алаңды еске түсіреді. 40 жыл бұрын құрылған ауылдың жанынан бір кездері су электр станциясын салу жоспарланып, соңынан аяқсыз қалған, – деген пікір айтылды.
Сонымен екіге жарылған ауыл тұрғындары пікірінің қайсысы қаншалықты ескерілетінін уақыт көрсетер. Бір анығы – алдағы уақытта жария тыңдау қорытындысы бойынша Алматы облысының мәслихаты шешім шығарып, осыдан кейін мәселені үкіметтің ары қарай қарастыратыны. Бірақ қалай десек те кешегі Чернобылдің азабын тартқандардың азасы әлі ұмытыла қоймағанын да естен шығармаған абзал болар…
Жанбота Сұлтанмұратқызы