Еламанда оқыста көзіміз түсті қоқысқа

Еламанда оқыста  көзіміз түсті қоқысқа

Көзден тасалау жер болса болды, қоқысқа толтырып тас­тайтын әдет барлық ауылдың тұрғындарында бар десек артық айтқандық емес. Оған себеп жұмыс барысында ауыл-ауылды аралап жүргенде көзбен көргендеріміз. Ағаш-ағаштың түбі, аялдаманың арты, тіпті түбірі үлкендеу шөптің де түбіне дорба-дорба қоқысын тастап кететіндердің аз емес екенін айтып жатудың өзі артық. Ауылдарды кесіп өтіп жатқан шағын өзендердің де жағасы күл-қоқысқа толып, суда қалқып жүрген құрылыс материалдары мен плас­тик бөтелкелер, керек болса машинаның дөңгелектерін де кездестіруге болады. Еламан ауылының қақ ортасында жатқан қоқыс алаңқайы да дәл осындай жағдайдан пайда болғаны анық.

Қарапайым ғана қоқыс тастау мәдение­тін меңгермеген адамдардың кесірінен болатын экологиялық апаттар туралы аз айтылып жатқан жоқ. Ал сол маңды мекендеген ауыл тұрғындарының денсаулығы мен ойын балаларының қауіпсіздігі, қала, ауыл тазалығы тек әкім мен әкімшілік қызметкерлеріне ғана керек пе?! Ал оны қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында жинайтын тазалық қызметкерлерінің ерен еңбегінің де сұрауы бар екенін бір сәт ойлап көрдіңіз бе?
Ауыз судан тарығып отырған тұрғындардан түскен шағым бойынша барып, қоқыс үйіндісінің де үстінен шықтық. Салынып жатқанына 4 жылға жуықтаса да аяқсыз қалған «Еламан ауылының сумен жабдықтау жүйесіне» үміт артып отырған ел ішін аралап жүріп оқыста көзге түскен қоқысты көріп таң қалдық. Ауылдың қақ ортасында қобырап жатқан қоқыстың көлемі де аз емес. Ескі ауыл мен жаңа құрылыс арасында айтарлықтай аумақта шашылып жатқан тұрмыс қалдықтарын қалай болса солай лақтырып, үйіп кеткен сол маңдағы тұрғындардың өздері екені де кәдік. «Көрген көзде жазық жоқ», суретін түсіріп алып Еркін ауылында орналасқан әкімдікке де бас сұқтық. Онда аталған мәселелер бойынша сұқбат берген Қайнар ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрбол Ерікұлымен сұқбаттасып, біраз мән-жайға қанықтық. (Ауылдағы сумен жабдықтау құрылысы туралы алдағы уақытта жеке мақала бермекпіз. Әзірге айтпағымыз ауылдағы қоқыстың жайы).


Сонымен жолай көріп қалып түсірген қоқыс суреттерін әкім орынбасарына көрсетіп, жекесіне де жібердік. Жауапты адамдарға көзімізше шұғыл тапсырма берген Н. Есенбаев кешке қарай қоқыс аумағының жиналып жатқанын хабарлап, суретін жіберіп: «Қайнар ауылдық округіндегі қоғамдық жұмыскерлерге, Еламан, Жалқамыс ауылдарына қарайтын қызметкерлерге ауызша тапсырма беріліп, қоқыс үйінділері жинатқызылды. Бір-екі күнде жүк көлігімен қоқыс полигонына шығарылады», – деген ақпармен бөлісті.
Құп делік. Алайда елдің рұқсат етілмеген орынға қоқыс тастауы қаншалықты заңсыз болса, ондай тұрғындарға заң бойынша салынатын айыппұлдың да бар екенін ешкім білмейді дегенге кім сенеді? Сол қоқысты тастарда оны ертең кімнің жинайтыны да қаперіне кірмейтінін ескерсек, азын-аулақ тиынды талғажау етіп жүрген қарапайым тазалықшылардың да дәл өзінікіндей біреудің ата-анасы, әпке-қарындасы, аға-бауыры екенін ойламайтыны өкінішті.
Бүгін тазаланғанмен, ертең көзді ала беріп ондай аумақтың тағы бір жерден пайда болмайтынына кепілдік жоқ. Сондықтан рұқсат етілмеген, арнайы белгіленбеген орындарға қоқыс (құрылыс, тұрмыстық және т.б.) төгу фактілері анықталған жағдайда аталған құқық бұзушылыққа жол берген адамдарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес шара қолданылатынын да білген жөн. Бұл туралы kaz.tengrinews.kz сайтында мынадай мәлімет келтірілген: «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру – ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Егер аталған құқық бұзушылықтар әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанып жасалса, онда жеке тұлғаларға – 30, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады».
Айта кетейік, белгілбеген орынға қоқыс тастау туралы заң тек ауыл, көше арасында ғана емес, қоғамдық орындарда тазалық сақтамайтындар мен жолда кетіп бара жатып машинаның терезесінен қоқыс лақтыратындарға да қатысты. Бір өкініштісі – еңкейгенге ерінетін адамдардың қолындағы қоқысты арнайы жәшікке салу туралы ойының да болмайтыны.

Жанбота Сұлтанмұратқызы