Бітер іске кедергі емес, бітірер іске бастамашы болайық!

Бітер іске кедергі емес, бітірер іске бастамашы болайық!

Сәрсенбінің сәтінде сәскеге таман Белбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен кезекті рет кездескен аудан әкімі Таңат Айдарбеков округ әкімі Нұрбол Досымбаевпен бірге ауыл тұрғындарының айтарына құлақ түрді. Жоспарлы түрде өтіп жатқан тұрақты кездесу болғандықтан көптеген күрделі мәселенің айтылатыны анық. Бұл ретте тұрғындар тарапынан қо­йылған сұрақтарға жауап беретін аудан әкімшілігі аппаратының сала мамандары да залдан табылды. Жиынды жүргізген аудандық мәслихаттың төрағасы Мұхит Әлібековтің сөз алушылар арасында сақталатын регламенттің бар екенін ескерткеніне қарамастан, Н. Досымбаевтың есептік баяндамасы аяқтала бере бірнеше сұрақ қоюшының бастаған шуы өзгелердің де мәселесін айтып, әкімдердің толық жауап беруіне мүмкіндік бермеді. Кезек сақтап, сұрағын сайлап келгендердің көбін пұшайман халге түсіргендердің не мақсаты бары да түсініксіз… Салдарынан Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 Жарлығы негізінде 2023 жылдың 2 тоқсанында округ бойынша атқарылған жұмыстардың есебін тыңдауға жиналған халықтың көкейіндегі көп сұрақ айтылмай қалды. Дегенмен жиын барысында қойылған сұрақтародың маңызды дегендеріне тоқталып өтейік.

«Бірлік ауылындағы амбулаторияның жанына жол салып берсеңіздер, қасындағы балалар ойын алаңына апаратын жолда да қиындық бар. Алдыңғы жобада бар еді. Сол жол қашан салынады?» – деген Мәлкеев көшесінің тұрғынына аудан әкімі: «Ол жоба дұрыс жасалмағандықтан оны қайтарып, сотқа беріп жатырмыз. Сіз айтқан жерге автомобиль жолы сыймайды. Сондықтан жаяу жүргіншілерге арналған жол ғана салынады», – деп жауап берді.
Ауласында 2004 жылдан бері 5 үйді электр тоғымен қамтамасыз етіп тұрған баған барын айтқан Бексұлтан есімді тұрғын амалсыздан бірінің үстінен бірі электр сымын тартып алған тұрғындардың жанайқайын жеткізді. Округ әкімінің орынбасары да келіп көрген деген ол Мәлкеев көшесінің басты мәселесі – әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан электр тоғын тартатын бағаналарды қою екенін де тілге тиек етті. Сұраққа жауап берген сала маманы оларды кезінде жергілікті халықтың өзі тартып алғанын, оның заңсыз екенін, дәл қазір ол жерге он баған қою керек болғанымен, оның әзірге арнайы жобасы жоқ екенін, бірақ мәселені білетінін айтып, алдағы уақытта қарастырамыз деп атап өтті. Ал осы салаға жауапты «Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» басшысының міндетін атқарушы Айбек Ақылжанов: «Аталған мәселені назарға алып, заң орындарына тіркетеміз. Бұл кісі айтқан бағананы әзірге алып тастауға болмайды. Оны алып тастасақ, сол маңдағы барлық ел жарықсыз қалады», – деп мұның бүгін-ертең шешіле салатын мәселе емес екенін айтқанда, аудан әкімі Т. Айдарбеков бір бағанның мәселесі болса оны қандай да бір жолмен шешуге болатынын ескертті.
Талдыбұлақ тұрғыны Қанай Алдабергенов зират мәселесін көтеріп, тау үстінен берілген жерде жолдың жоқтығынан шығудың қиындығын жеткізді. Зират мәселесі көтерілгенде қосыла құптаған ауыл белсенділері бұл мәселенің тым күрделі екенін айтып, зират қасындағы 49 жылға жалға берілген жерді қайтарып алыңдар деген талап қойды. Оған: «Зиратқа арнайы 20 га жер бөлінген. Ал сіздер қазір біреудің жерін зиратқа берсін деп сұрап отырсыздар. Егер сол жер сіздікі болса, зиратқа деп сұраса бересіз бе? Қазір Алматы қаласындағы диаспора өкілдері қала маңында жер қалмағандықтан, облыс арқылы жақын маңдағы аудандардан жер сұрап, сұраныс жіберіп отыр. Осында халықтың атынан сөйлеп, берілген жерді бізге керек жоқ деп отырсыздар ғой. Онда сол халықтың қолы қойылған қол хат жазып беріңіздер. Дайын жерді сұрап отыр­ғандарға берейік. Әйтпесе «Өлген адам жер таңдамайды» дейді қазақ, бар жерді ыңғайына қарай халық мұқтаждығына қолдана беруге болады деп ойлаймын…» – деген аудан әкімі орынбасары Ануар Жанболатұлына осы 2-3 күн ішінде ол жерді арнайы комиссиямен барып көріп, шешім шығаруды тапсыр­ды. Ал аудан әкімінің орынбасар Оразхан Қаспақбаев аталған жердің жекеменшіктікі екенін айтып: «Ата Заңның 17 бабында жекеменшік жерге қол сұғуға болмайтыны анық жазылып тұр. Сондықтан оны тартып алуға құқымыз жоқ», – деген уәж келтірді.
Сондай-ақ ауыл арасындағы арықтар жабылып, су жоқтықтан қурап кеткен көгалдар мен ағаштардың жа­йын жеткізген ауыл тұрғыны қазір көп адамдардың арық үстіне үй салып тас­тағанын айта келе: «Барлық арық қоқысқа толып жатыр, су ағатын да мүмкіндік жоқ. Бар арықтарды осылай жауып тастап, оның үстіне көршіге су жібермейтін адамдардың қылығына да наразымыз», – деп ашынды. Кеңес кезінен қалған арық жүйесінің үстіне салынған үйлердің ауласынан жаңа арықты өткізе алмайтынын айтқан аудан әкімі: «Бұл – біздің аудандағы ғана емес, жалпы ел бойынша алға шығып отырған мәселе. Облыс бойынша да өте өзекті. Сондықтан онымен алдағы уақытта ирригация арнайы жоба бойынша айналысатын болады», – дегенді алға тартты.


Ал Талдыбұлақ тұрғыны Сержан Молдабеков арық тазалаймыз десе 3-тен артық адам шықпайтынын айтып: «Ешкім ауласынан арық суын өткізбейді. Негізінде ауылдың басынан аяғына дейін су ағу керек. Ауылдың іргесінде өзен ағып жатыр. Бірақ осы мүмкіндікті тұрғындардың өзі ретімен қолдана алмай отыр. Арықтың бәрін ауылға дейін қазып әкелдік. Сол үшін қолымыз­ға күрек алып бір ай жүрдік. Тұрғындарды көмекке шақырдық. Ешкім қосылған жоқ», – деп ащы шындықты ашып айтты. Көрген көзіміз жазықты, барлық жердегі арықтың қоқысқа толып жатқаны, оны қойып, есігінің алдын тазалауға ерінетін тұрғындардың бары рас. Ал бірақ оларға арық үнемі ағып, көше үнемі жарық, таза болып тұруы керек. Осындайда өзі шықпаса да, ең болмаса баласын ел қамы үшін жасалатын ортақ жұмысқа шығармайтын адамдардың орынсыз талап қоюға хақы бар ма деген де ой келеді… Атқамінерлерді ақтап, жақтап отырған ештеңеміз жоқ, бірақ есігінің алдындағы көше бөлігін әркім таза ұстап, арығын аршып отырса осынша шу да шықпас еді-ау… Әттең дейсің осындайда…
Сонымен қатар сабақ басталса жаңа құрылыс жақтағы балалардың сабаққа қатынауындағы қиындықты жою мақсатында ауылға кіретін №5 автобустың маршрутын ұзартып беруді сұраған тұрғынға аудандық жол бөлімінің басшысы Асхат Досжанов: «Бекітілген нормаға сәйкес маршруттардың арасы келісілген. Бірақ осы автобустарға жауапты «Тұлпар Экспресс» компания­сының басшысымен келісіп, мәселені реттеуге болады. Ол үшін жаңа құрылыс­тың жолдары асфальтталуы керек. Биыл жоба жасалып, келесі жылы жол төселген соң ғана ол жаққа автобус кіретін болады. Сондықтан биыл автобус ол жаққа жүрмейді», – деп бір-біріне қолбайлау болып отыр­ған тағы бір мәселенің шетін шығарды. Шындығында қай ауылды алып қарасаң да, ушығып тұрған жол мәселесінің түбегейлі шешілу жолдары бар ма деген сұрақтың көкейкесті болғанына қанша уақыт болғанын кім білсін?!… «Жақсы сөз – жарым ырыс» екенін білетін халықтың үміті үзілмесе болғаны.


Біраздан бері ауылдың шетіне салынатын мектептің алыстығын айтып, жиын сайын шулайтын халықтың шенеуніктер жауабына көңілі толмай жүргеніне де талай болды. Алайда
Талдыбұлаққа салынатын жаңа мектептің шешімін сұраған Ізбасар Нақысбековке: «Мектеп салынатын жер аумағы анықталып қойған. Самұрық қазына Констаркшн» деген әкімшілік бағдарлама бойынша «Жайлы мектеп» жобасы негізінде салынатын болады. 2024 жылдың басынан бастап құрылыс жұмысы басталады. Өйткені ол жер мемлекет мүддесі үшін жекеменшіктен сатып алынған. Оған тиесілі 112 млн теңгесі толық төленген. Бас жоспарға кірген. Ал тұрғындар көрсетіп отырған жерді алу үшін тағы да мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алуға сұраныс жасап, ол мақұлданып, шешім шығып, одан кейін мектеп құрылысы үшін тағы арнайы жоба қарастырып, қаражат сұрау деген көп уақытты алатын шаруа. Сонда да бұл мәселені көтергенбіз. Онда сол жерді алуға әрекет жасаңдар, 2024 жылы ол ауылда мектеп салынбайды деді. Қараңыздаршы, бұл бізге керек пе? Ал қосымша қажеттілік туындап, сіздер айтқан жер үкімет қарамағына алынатын болса, онда ол жерде тағы бір мектеп салуға сұраныс беруге болады», – деген Ануар Жанболатұлының сөзін жалғаған округ әкімі Н. Досымбаев: «№34, 35 мектептерге қазір Талдыбұлақ пен Бірліктің ғана емес, жоғарғы жақтағы Шымбұлақ, Березка ауылдарының да баласы келіп оқиды. Егер жаңа мектеп салынса оған жақын жердегі тұрғындардың балалары сол жаққа ауысады. Қазір бар мектептегі балалар 3 ауысыммен оқып жатыр. Ертең 4 ауысымға ауысатын жағдайдың аз-ақ алдында отырмыз. Сондықтан салынуға тиісті жаңа мектепке кедергі болудың қажеті жоқ. МТФ аумағын алған күннің өзінде, бас жоспар бойынша ол жерде мектеп жобасы жоқ. Оны жоспарға кіргізу көп уақыт алады. Ал одан кейін оған қаражат сұрау керек… т.б. жұмыстары өте көп. Бәрін біліп отырсыздар. Бұл мектеп салынсын, алда жақын жерге тағы бір мектеп салуға әрекет жасаңдар десеңіздер онда ол талаптарыңыз әлдеқайда орынды болар еді», – деп кесімді пікір, келелі сөз айтты.
Маңызды мәселелер қатарында мектепке барар жолдарға жаяу жүргінші өтетін жолақтар салу да бар. Сабақ басталғанда туындайтын қарбалас кезде көліктер мен адамдардың жүрісі көбейетіні белгілі. Осыны ескерген ауыл тұрғындары атқамінерлердің құлағына алтын сырға деп, аталған мәселені көп созбай назарға алып, тезарада шешіп беруін сұрады. Орынды көтерілген мәселелерді ескеретінін жеткізген сала мамандары алдағы уақытта мұны да назардан тыс қалдыр­маймыз деп уәде берді.
«Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі» дегендей, айтысқан екі тараптың да өз уәжі, өз шындығы бар екені ақиқат. Алайда «Мүйіз сұраймын деп тұқылдан айырылып қалмаудың» да қамын ұмытпаған жөн болар, ардақты ағайын. «Бүгін бітер істі ертеңге қалдырма» деген қазақы тәмсіл тағы бар емес пе! Ендеше сөзге тоқтаған халықтың ұрпағы бітер іске кедергі болмай, бітірер іске бастамашы болса игі дегіміз келеді…

Жанбота Сұлтанмұратқызы