Түргендіктер қоқыстан қорлық көріп отыр

Түргендіктер қоқыстан қорлық көріп отыр

«Аманат» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байгоджин, Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылы әкімінің орынбасары Мәди Бейсембаев, аудандық «Аманат» партиясы филиа­лының төрағасы Бағдат Рахимовпен бірге Түрген ауылындағы қоқыс алаңына барып, ондағы мәселенің мән-жайымен танысып, ел-жұрттың өкпе-назына құлақ түріп қайтты. Қоқыстың иісі қолқасын қапқан Түрген тұрғындары мемелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдап, елдімекендегі экологиялық мәселенің қаншалықты ауыр екенін айтып, оң шешімін табуға ықпал етуін сұраған.

Елдімекен іргесіндегі заңсыз қоқыс алаңы мен «Централ Азия Фу Джоу Металл» ЖШС-іне қарасты кәсіпорын ауыл экологиясына кері әсерін тигізіп, тұрғындардың мазасын қашырған. Аумағы 10 гектарға жуық заңсыз қоқыс төгетін алаң ауылдық округтен бар болғаны 1 шақырым қашықтықта. Округ әкімдік беген ақпар бойынша, үйінді тоқсаныншы жылдардың басында пайда болған. Ол кезде ауданда заңды қоқыс полигоны болмаған. Ал жергілікті билік жолды қоқыс жауып қалмауы үшін аумақты аптасына бір рет тазалап тұрады. Сонымен қатар әкімдік қызметкерлері мен тәртіп сақшылары бірлесе отырып тұрақты рейдтер жүргізеді. Тұрғындардың айтуынша, ауыл іргесінде үйілген қоқыстың иісінен қысы-жазы дем алу мүмкін емес, ол аздай, әрі-бері өткен көліктер жол бойына қалдықтарды тастап жағдайды одан ары қиындатуда. Аталған қоқыс алаңы арнайы полигон немесе уақытша қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын орын ретінде заңдастырылмаған. Бірақ бұл қоқыс алаңы облыстық маңызы бар жолдың бойында орналасқандықтан ары-бері өтіп жатқан жүк көліктері Алматы қаласының қоқыстарын да жасырын төгеді.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, осы жылы қоқыс алаңын ретке келтіру үшін бюджеттен 7,2 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме «АРСЛТД» ЖШС жобалық-сметалық құжаттар әзіру үстінде. Алайда облыстық экология департаментінің талаптарына сай қатты тұрмыс­тық қалдықтарды тастайтын орын санитарлық қорғау аймағына жақын орналасқандықтан, қазірге құжат әзірлеу жұмысы уақытша тоқтаған көрінеді. Биылғы жылы жаз айының тым ыстық болуы заңсыз қоқыс алаңының жиі өртенуіне себеп болған. Айталық, 17 шілдеде аталған қоқыс алаңында өрт шыққаны туралы төтенше жағдайлар қызметіне хабарлама түсекен. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің 3 қызметкері мен бір техникасы оқиға орнына барып, өртті тоқтатқан. Төтеншеліктер күн ысығанда ондағы әйнектердің оптикалық әсерінен от тұтанған болуы мүмкін екенін айтады. Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі де бұл мәселенің өте өзекті екенін жасырмады. Қазір осы мәселені оңтайлы шешудің жолы қарастырылып жатыр.


Түргендіктерді толғандырған екінші мәселе – арматура шығаратын зауытты елдімекен аумағынан көшіру. Кәсіпорын 2016 жылдан бері жергілікті кәсіпкерге тиесілі жер телімінде өндірісін жүргізіп келеді. Ауыл тұрғындары зауыттан шығатын ыс-түтін және шуылдан мез болғанын айтады. Түрген ауылдық округі әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, кейінгі жылдардан бері өндіріс орнында санитарлық талаптар сақталмағандықтан құзырлы органдар сан мәрте шара қолданып, айыппұл салған. Қазір уақытша жөндеу жұмыстарына байланысты кәсіпорын өндірісі тоқтатылған. М. Бейсембаев арматура шығаратын зауыт жұмысына байланысты тұрғындар шағымы ескеріліп, кәсіпкер де, ауыл тұрғындары да жапа шекпейтін жол қарастырылып жатқанын айтып, бұл кәсіпорынның Шелек өңіріндегі жаңа инновациялық аймаққа көшірілетінін жеткізді. Қазір «Централ Азия Фу Джоу Металл» ЖШС мен облыс әкімдігі арасында жаңа келісімдер жасалып, оңтайлы шешу жолы қарастырылғанын атап өтті.
Көктемде барлық қоқысты жинағанымен, жазда қайтадан екі есе көп қоқыс тасталатынын айтқан әкімдік қызметкерлері азаматтардың экологиялық мәдение­тін көтермейінше, мұндай мәселелердің қайталана беретінін де ашып айтты. Қоқыс­тың шектен тыс көбеюі – Алматы облысына қарасты барлық аудандардағы күн тәртібінен түспейтін өткір мәселе. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, игілікке жарату жобалары жасалып жатқанын жоққа шығармаймыз. Дегенмен олардың саны саусақпен санарлықтай ғана. Жылдар бойы түргендіктердің тынышын кетірген түйткілді екі жыл бұрын Хабар 24 арнасы жалпақ жұртқа жария етке. Сол кезде есігінің алдына жүк көліктерімен үнемі қоқыс төгілетінін айтқан тұрғындар қатты жел тұрғанда қоқыстан ұсақ-түйек қалдықтар егістік алқабына дейін жетіп, егіншілерге қосымша жұмыс болып қана қоймай, егіннің сапасына да айтарлықтай әсер еткенін ашына айтқан. Тіпті мал жаю мүмкін болмай қалды деген олар осында келіп жайылған сиырлардың далада шашылып жатқан целлофандарды жеп, ауырғанына наразы. Оның үстіне өлекселер қорымына айналған жер қаңғыбас иттерге толы деп налыған.
Бұл мәселе туралы көп айтылғанымен әлі күнге дейін шешімін таппаған. Қоқыс­тың сасығы қолқаны қауып, арматура зауытының шуынан шаршаған жұрт мемелекет басшысынан көмек сұраудан басқа шара таппаса керек. Қ. Байгоджин аталған мәселені шешудің бір жолы – заңсыз төгілетін қоқыс қалдықтарына жауапкершілікті күшейту керек екенін атап өтті. Өткен жылдың аяғында қоқыс алаңында рекультивация жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға 7 200 000 теңге бөлінген. Бүгінде құжаттама әзірленуде.
Ашық ақпарат көзіне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 8,5 мыңнан астам заңсыз қоқыс үйіндісі анықталады. Елдегі 3,5 мыңға жуық қоқыс полигонының 18 пайызы ғана санитарлық және экология­лық нормаларға сәйкес келеді. Ал Алматы облысында 380-нен астам заңсыз қоқыс үйіндісі бар. Олардың кейбірі елдімекен, өріс, су қойма, ауыл шаруа­шылығына арналған жерлерде орналасқан. Әрқайсысының көлемі әртүрлі. Тұрмыстық қалдықтар ауа мен топырақты ғана емес, жер асты суларын да ластайды. Табиғаттан бөлек адам денсаулығына да зиянын тигізеді. Алматы облысы аумағындағы заңды қоқыс полигондарында жұмыс істейтін кәсіпорындардың кейбірінде рұқсат берілген құжаттары жоқ, кейбірі экологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Ал қалдықтарды сұрыптау көрсеткіші мәз емес екені белгілі.
2021 жылы 1 шілдеде қалдықтарды кәдеге жарату мәселелерін шешуге бағытталған жаңа Экологиялық кодекс күшіне енген. Аталған заңда тұрмыстық және қауіпті қалдықтарды өңдейтін кәсіпорындардың міндетті түрде лицензиясы болуы керек және кешендер еуропалық стандартқа сай болуға тиіс делінген. Жүргізушілер қалдықтарды кез келген жерге төгіп кетпеуі үшін қоқыс таситын машиналарға GPS-хабаршылары орнатылуы да міндеттелген. Сонымен қатар «қоқыс екі реттік сұрыптаудан өтеді. Ең алдымен пластик, шыны, картон секілді қайталама шикізаттар шығарылады. Содан кейін пестицидтер, химреактивтер, радиоактивті қалдықтар, құрылыс материалдары секілді кәдеге жарамайтын қалдықтар міндетті түрде сұрыпталады» делінген. Заң күшіне енгенімен қордаланған қоқыс мәселесі түбегейлі шешілмей отыр.
Қоқыс эстетикалық көріністі бұзып қана қоймайды, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Біз бұл қоқыстың лас­танған топырақ суы, улы шаң түрінде бізге оралатынын ойламаймыз. Құдықтар мен бұлақтардан су ішу мүмкін емес болатынын, көкөністер мен жидектер уланатынын көптеген адамдар біле тұра ескермейді. Сондықтан да, тыйым салуларға қарамастан, қоқыстарды осы мақсатқа арналмаған жерлерге төге салады. Бұл қоқыстар тіпті өте кішкентай болса да адамдар үшін қауіп төндіреді. Қалдықтар ыдыраған кезде пайда болатын заттар атмосфералық ауаны ластайды, жаңбыр суы ыдыраған қалдықтардың улы заттарын жуады. Бүгінде топырақтың және су қоймаларының тұрмыстық қалдықтармен ластануы жаһандық сипатқа ие болды. Қоқыс ауру тудыратын егеуқұйрықтардың, тышқандардың, көптеген жәндіктердің ұяларына айналды. Табиғи жағдайда қарапайым қағаздың ыдырау жылдамдығы шамамен 2 жыл, металл консерві банкалары — шамамен 90, полиэ­тилен пакеттері – шамамен 200 жыл, ал шыны құтылар – шамамен 1000 жыл, ал пластиктердің ыдырауы үшін бір неше ғасыр кетуі мүмкін.

Зорагүл Әбдіқадір