Талғар қаласында өткен «Елге ел қосылса – құт» атты шараға «Отандастар» қорының төрағасы Серікхан Ахметов және Алматы, Жетісу облысы бойынша филиал директоры, жазушы, публицист Болат Құрманқажы, Талғар аудандық ішкі саясат, тілдерді дамыту, мәдениет және спорт бөлімінің мұрындық болуымен Көші қон полициясының өкілі Бахтияр Текенов пен аудандық әлеумет және еңбекпен қамту бөлімінің мамандары мен шеттен келген ағайындар қатысқан дөңгелек үстел өтті. Шарада ел бірлігі, ұлтаралық татулық пен халықты Солтүстік аймақтарға қоныстану турасындағы маңызды мәселелер көтеріліп, өзара пікір алмасты. Сондай-ақ аудандық БАҚ өкілдері де қатысқан жиында алыстан ат арытып келген ағайынның азаматтық алуы мен ондағы қағазбастылыққа байланысты түйінді түйткілдерді тарқатудың жолдары талқыланды.
Алғы сөзінде қандастардың қазақ қазынасына қосып жатқан құндылықтары орасан зор екенін тілге тиек еткен аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Фарида Мамырбекқызы: «Қаймағы бұзылмаған қазақы қалыпты халық қазынасына қосып отырған қандастардың арасында қоғамның қай саласында болса да еңбек етіп жүргендер аз емес. Аудандық мәдениет саласында да білімді, білікті мамандар көптеп саналады. Жойылуға жақын қалған қазақ құндылықтарының үлкен лебін әкеп, рухани жаңғыруымызға дем берген Отанына оралған қандастарымыз деп есептеймін. Нәтижесінде жоғары деңгейдегі мәдени шараларды ұйымдастырып, ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстарды бірге атқарып келеміз. Шыны керек, кейбір замандастарымыз ұлттық өнерден қол үзіп қалған шақта, ұлт санасына рухани сілкініс жасаған ағайынның осы бағытта елге сіңірген еңбегінің ерен екенін айтпай кетуге болмайды. Мысалы, арамызда отырған Кәмила Рақымберген мен ата-анасы қазақ қолөнерінің шебері болса, Болат Құрманғажыұлы – әлемдік жазушылар одағының мүшесі. «Өркеш», «Тек», «Жылып өткен дүние», «Тасжарған» сынды кітаптар жазып, қазақ әбедиетінің қамбасына қосты. Сәуір айында ғана үш бірдей кітапты өз қаражатына шығарып, тұсаукесерін өткізді. Алаш арыстарының жалғасы болған Таңжарық ақынның 120 жылдығын да осы ағайынның бастамасымен жоғары деңгейде атап өттік», – дей келе: «Бар қазақ – қай жерде де бір қазақ. Тағдыры таразыға түскен шақта қазақтың басына түскен нәубетті еңсеріп, ел тәуелсіздігі жолында да ерекше еңбек сіңіріп келеді. Сондықтан осы отырыстың барысында ойға алған істеріңіз, бізге айтар ұсыныстарыңыз болса ортаға сала отырыңыздар», – деп айрықша атап өтті. Оның «Қазақ – қайда да қазақ болып қалады. Ол ешкімнің жерін тартып алған жоқ. Өз жерін мекендеп отырған елміз. Сондықтан қазақстандық ұлт моделі бізге келмейді. Қазақ болып тудық па, қазақ болып қалуымыз керек» деген пікіріне қосыла отырып, «Бөлінгенді бөрі жейді» дейтін дана халықтың ұрпағы сиырдың бүйрегіндей қырық бөлек болмай, әсіресе аузының дуасы бар зиялы қауым мен жүрегі қазақ деп соғатын атқамінерлердің жұдырықтай жұмылып, қазаққа, ана тілге қатысты мәселеде бір мәміледе болуы қажет екенін баса айтқымыз келеді. Өйткені кім қайдан келсе сол жақтың ұлт атауымен атап, шетқақпай қылатын жаман менталитеттің кесірінен қолынан іс келетін қазақтарды етектен тартып, аяқтан шалып, келген жағын нұсқап отыратын надандар көп. Тіпті ру-руға бөлініп, болмайтын нәрсеге қырық пышақ болып қырылысып отыратындарға бір шыбықты сындырудың оңайлығы мен топ шыбықты сындырудың қиындығы туралы тәмсілді ұқтырудың өзі бір қиямет. Осы орайда «допты жеке ала жүгіргенше, топтала жүгіргенде» ғана жеңіске жететін футбол тәсілі ел бірлігіне де қажет-ақ деген ой келеді.
«Шеттен келген ағайынның ел өркениетіне қосып жатқан үлесі ұшан теңіз. Мұны президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде атап айтты. Оларды елге көшіріп алу мәселесіне де мән беру керек екенін тілге тиек еткен. Алтайдың арғы бетінен көшіп келген ағайынның демографияға қосқан үлесін айтпағанда, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, оларды сақтап, саф қалпында дәріптеуге қосып отырған үлесінің өзі бір төбе. Сауда, өнеркәсіп саласын да жаңа бағыттарды дамытып, кәсіпкерліктің дамуына да үлкен үлес қосып келеді.
Ал көші-қон мәселесіне келсек, Қытай, Моңғолия т.б. елдердегі қазақтардан гөрі, Ауғанстан, Ираннан көшіп келгісі келетін қандастардың шешілмей келе жатқан мәселесі өте көп. Олар өздерінің қазақ екенін дәлелдей алмай жүрген жайттары бар. Өйткені олардың төлқұжатына қазақ екені жазылмайды. Міне, бұл да үлкен мәселе. Қанша айтылғанымен әлі күнге дейін шешілмей келеді. Көші-қон полициясы мен Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы осыған да назар аудару керек», – деген Б. Құрманғажыұлының сөзін құптаған Серікхан Қалымбетұлы: «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қорының мүддесі де, атқарып отырған қызметі де бір. Шеттен келген қандастардың елге бейімделіп, құжаттарын реттеуге көмектесіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, азаматтық алуда заңдылықтар бұзылса оларға қол ұшын беру секілді шаруаларды атқарамыз. Олардың аты-жөндеріндегі құжаттық қателерін түзетіп, қанша отандасымыз қай жерлерде мекендейді деген статистикамен айналысамыз. Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысқа баруға кеңес береміз. Өйткені ол жерлерді сақтап қалып, ел игілігіне пайдаланып, көз тігіп отырған көрші елдің көкейіндегі ойының жүзеге асуына жол бермеуіміз керек. Бұл ретте ішкі көші-қоннан бұрын, сырттан келетін көш легін сол жаққа бұрған тиімді болар еді…», – деп өздері көрсететін қызметтерімен де таныстырып, көші-қон мәселесіндегі қазақ елінің ертеңі үшін тиімді болатын тұстарын атап өтті. Сондай-ақ қандастарға қатысты мәселеде өздері атқарып отырған жұмыстары мен алдағы жоспарларын да бөлісті.
Жақында ғана өткен Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы мен «Отандастар» қоры КЕАҚ-ның президенті Абзал Сапарбекұлы өткізген кездесулер, келісімдер туралы мол ақпарат берді. Айтуынша, Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар» қорының ұйтқы болуымен кіші Құрылтай 4-10 шілде аралығында Улаан-Батар, Хобда,
Баян-Өлгей аймақтарында өткен.
Биыл бірінші тоқсанда елімізге 7,7 мың адам келген, бұл бір жыл бұрынғыдан 87% артық. Қалаларға келгендердің саны 2,2 есе, 5,5 мың адамға дейін, ауылдарға — 33,3%, 2,2 мың адамға дейін өсті. Бұл ретте 2,7 мың адам елден кетті — бір жыл бұрынғыдан бірден 49,6% аз. Елден кеткендер санының азаюы төртінші жыл қатарынан байқалып отыр. Биыл қазақ қалаларынан 2 мың адам (53,6% азайған), ауылдан 620 адам (29% азайған) кетті. Осылайша көші-қон сальдосы көп жылдардан бері алғаш рет оң көрсеткіште: плюс 5 мың адам. Осыған дейін оң көрсетекіш соңғы рет 2014 жылдың бірінші тоқсанында (789 адам) байқалған.
www.ranking.kz
Қазақстандық делегаттар – Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшісі Ғабит Қойшыбаев, ҚР Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргул Тау, Жарқынбек Амантай, дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы, жазушы Кәдірбек Құныпия, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, жазушы Ауыт Мұқибек, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, Налайх ауданында қызмет ететін «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым басшылары мен өкілдері ондағы ағайынның басты мәселесімен танысып, бірқатар мәміле де жасап қайтқан көрінеді. Олардың қатарында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері болған. Қазақстандық делегация Налайх ауданының әкімі Ч. Раднаабазар және мәслихат депутаттарымен кездесіп, келелі кеңес құрған. Айта кетерлігі, Улаан-Батардың бұл ауданда 5 мыңнан астам қазақ тұрады.
Алматы облысының ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің Талғар ауданы филиалының жетекшісі Жұмағыз Әшімбекқызы осыдан 8 жыл бұрын Тибетке барған сапарында қазақтармен қалай танысқанын айтып, Тынық мұхиттан бастап Гималайға дейінгі аралықта да дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қазақтың табаны тимеген жер жоқ екеніне көз жеткізді. «Ашаршылық жылдарында ауылды аман сақтап қалу үшін Алтай асып кеткен ағайынның ұрпағымын. Тибетке өткен қазақтардың тарихын зерттеп, оның ішінде Жалайыр бар ма деп көп іздедім. Сонда жолыққан бір монах мені Далай ламаға жолықтырды. 15-16 жасымда қазақтарды көргенмін. Оның ішінде түр-әлпеті маған ұқсайтын адамдар да болғанын айтты. Ал мына Гималайдың басында қазақтың сүйегі шашылып жатыр. 500 мыңнан астам адамның ішінде 3,5-4 мың адам ғана аман қалып, бері асқан. Индияда қаншасы қырылып қалғаны туралы нақты статистика жоқ. Олардың көбі Түркияға жетіп, сол жақты паналаған. Қанша қиындық көрсе де мойымаған қазақтың табандылығы мен төзіміне таң қаламын. 1952 жылы ағылшын жазушысының «Великий скот казахов» кітабы осыдан 5-6 жыл бұрын қазақ тіліне аударылып жарық көрді. Сонда тарихтың айтылмаған ақиқаттары жазылған. Индия мен Пәкістандағы қазақтарды да көрдім. Менің ойымша, олар мүмкін бізге қандас шығар, ал мына Моңғолия, Қытай, Ресей экспансиясы болып отырған ағайын өз елінде, өз жерінде, тарихи Отанында отырғандар. Соғыстан кейін, Сталиннің қылышынан қан тамып тұрған уақытта 1950 жылдары қазақ даласын бөлгенде еріксіз бөлініп қалған өз бауырларымыз», – деген келелі пікір білдіріп, көп адам айта бермейтін, тіпті мойындағысы келмейтін шындықты ашып айтты. Расымен, тұмса табиғатты Алтайды алғысы келетіндердің арасындағы алауыздықтың азабын тартқан аз қазақ кеңес үкіметі шекараны сылтау етіп Өр Алтайды төртке бөлгенде төрт бұрышында қалып, бірге туған бауылардың өзі төрт елге бөлініп қалғаны туралы айтылмай жүрген аңызға бергісіз ақиқаттар бар. Тарихтан сауаты аз адамдардың аузына сөз салып, санасыз сатқындардың қолымен от көсеген кеңес идеологиясының қазақ тарихын қалай тұншықтырғанын көзі ашық, көкірегі ояу сұңғыла адамдар мен қазіргі тарихшылар айта бастағаны да көңілге медеу. Ендеше жаптым жала, жақтым күйе деп, шеттегі ағайынның бәрін қашқынға балап, ауыздарымен орақ орып жүргендердің ауызына құм құйылатын шақ та алыс емес. Өйткені «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» деп әндеткен халық өз жерінде, өз елінде өсіп-өркендеп отыр.
Бұл ретте Талғар қуыршақ театрының жетекшісі Әділхан Қабылов: «1990 жылы Жезқазғаннан осы Алматыға оралғанда мұндағының бәрі «орыс» болатын. Автобуста қазақша сөйлегеніміз үшін қамап тастаған. Ол заманға қарағанда қазір құдайға шүкірміз. Сол кезде жүрегімізде қыжыл болған. Сол қыжыл қазақтың бас көтеруіне себеп болып, 1986 жылы қаншама қиындыққа қарамастан кеңес үкіметінің жағасы жыртылды. Сеңнің сөлігуіне себеп болды. Тәуелсіздік алғалы бері біраз ағайын елге оралды. Бірақ Алтайды мекендеген қазақтардың сол жерлерде отырғаны дұрыс. Бәрін толық көшіріп алу бір жағы мүмкін емес, екіншіден олар атамекенінде отырған қазақтар», – деген өзгелерге ой салатын орамды пікір айтты.
Келелі кеңесте айтылған тағы бір маңызды мәселе «қазақстандық ұлт» деген терминнің айналасында өрбіді. Шындығында, Ф. Бегенбаева айтқандай, оның қазақ еліне қажеті жоқ. Ата-бабамыздың ақ найзасының ұшымен, ақ білегінің күшімен қорғалған дархан жерді қазақстандық болып жазылып алған кім-көрінгеннің иемденуіне жол ашатын мұндай келеңсіздіктерге бүгін жол берсек, аманатқа қиянат жасамайтын қазақы болмыс пен ұрпақ алдындағы парыз туралы түсінігіміз қайда қалады? Ендеше ұлтқа қатысты қандай мәселені де он ойланып, жүз толғанып, «Жеті рет өлшеп, бір рет пішпесек», көзжұмбайлыққа салынып, асығыстық етуге әсте болмайтыны ақиқат.
Көптің көкейіндегі көп мәселені қозғаған дөңгелек үстелде қиыр жайлап, шет қонған ағайынның қордаланған мәселелері шетінен дөңгеленіп шешіліп кетпесе де, сала мамандарының құлағына жетіп жатқаны да қуантады. Өйткені азаматтық пен ықтиярхат алудағы қағазбастылықтың өзінен ығыр болған арда ағайынның айтары да, шешілуге тиісті мәселесі де шаш етектен…
Жанбота Сұлтанмұратқызы