Кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады

Кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады

Қазақтың «Жүргенге жөргем ілінеді» дегені рас қой. Аяғын ауыртып алған анамның көңілін аулау үшін Көлсайды көрсетем деген уәдемді орындайын деп жолға шығарда сәні мен салтанаты жарасқан Саты ауылына да жол түсті.  Оған себеп болған жолай танысқан көпбалалы ана әрі «Super jump» және «Ұзынбұлақ» тобының үздік волейболшысы Нұргүл Арыстанбекованың: «Ақыры дем алуға келе жатыр екенсіздер. Бізбен бірге жүріп, ойынды тамашаласаңыздаршы. 45 жастан асқан әйелдер арасында волейболдан республикалық турнир өтеді. Астанадан келген 2 топ бар, Алматы облысының алыс-жақын аудандарының үздік 10 тобы Саты ауылында Екпінді Байжұмаев атындағы облыстық жүлдесін» сарапқа салады. Бір жағы «Талғар» мен біздің топқа жанкүйер боласыздар», – деген ұсынысы ойымызды күрт өзгертті. «Талғар» дегенді естігенде құлағымыз елең ете қалғанын да жасырмаймыз. Оның үстіне қарт спортшы емес пе, мұны естіген анам да қарсылық білдірмеді. Қуана келістік.

Бұл ретте шаруасы шаш етектен болса да хоббиін тастамай, тартысты додаға айналдырған ұйымдастырушы Жаңыл Нұрғожаеваны сөзге тарттық. Түрлі себептерге байланысты волейболдан қол үзіп қалған жылдарының орнын толтырып қана қоймай, өзі секілді аналардың басын біріктіріп, бәйгеге қосу үлкен табандылықты, ұзақ жаттығуларды қажет ететіні белгілі. Көпті көріп, көргенін көкейге түйіп, айналасына қамқор болып, шуағын шашып отырған әйелдің биік болмысы таңқалдырды. Оның салқын сабыры, мейірімі мен мәдениеті, бәріне уақытын жеткізіп, барлығына көңіл бөліп, ұсақ-түйекке де аса ыждаһатпен қарайтын қасиеті кім-кімге де үлгі боларлық. Артық сөйлеп, асылық етпейтін асыл ананың айтқандары жадымда жатталып қалды.

Белгілі себептерге байланысты «Жаңаөзен» тобының келе алмай қалғанына өкініш білдіріп топтардың түгел болуын қадағалап, бәрінің қамын жасаған Н. Нұрғожаева: «Мен – Кеген аудан Ұзынбұлақ аулының тумасымын. Көпбалалы анамын. Бес немеренің әжесімін. Қазір жеке кәсіпкермін. Ересектерге арналған «Super jump» интеллектуалдық білім беру клубына мүше болып, 2022 жылы наурыз айында жеке кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Қолдау» бағдарламасына қатысып, спортты дамығуға атсалысамын деп 5 млн теңге грант ұтып алдым. Онда республикамыздың түкпір-түкпіріндегі аналардан құралған 8 топ бар екен. Олардың сішінде Алматы облысынан қатысатын «Талғар», «Қарасай», «Жамбыл» топтары да бар. Ал мен осы спортты сүйетін көпбалалы және жеке кәсіппен айналысатын, үйде отырған аналар мен білім, медицина т.б. салада жүрген аналардың басын қосып, «45+» әйелдер тобын құрып, волейболды  қайта қолға алдым. Ойыншылардың ішінде 62-ден асқандар да бар. «Қолдаудан» алған гранттың талабында ардагерлерге ас беру керек деген талап болды. Осы талапты орындау үшін «Super jump-тың» еліміздегі ассоцациясының қолдауымен волейболдағы ұстазым Екпінді Байжұмаевқа арнап ас беріп, осы кісінің атындағы жүлделі жарысты өткізіп жатырмын. Бұл —  бір орындалған  арманым болды», – дей келе, «Super jump» дүниежүзілік интеллектуалдық ассоцациясы жөнінде де айтып өтті.

«Аталған клубтың негізін қалаушы – Владимир Добрин. Бұл – әлемнің 75 мемлекетінде өз жұмысының тиімділігін дәлелдеп, адамдар интеллектісінің жасанды интеллектіден жоғары екенін көрсету мақсатында ой және дене еңбегінің шексіз мүмкіндіктерін көрсетіп, осы орайда қыруар жұмыс атқарып келе жатқан мықты клуб. Онда өмірге құштар көптеген қарт адамдар мен орта жастан асқандар, тіпті жастар да бар. Сол жерде адам өзін өзгертпей, оның өмірі өзгермейтініне көзім жетті. Өзімді көп нәрсе білемін деп ойлаушы едім, шын мәнінде олай емес екенін түсіндім.

Біз үнемі өзімізді жетілдіріп, қызметте болсын, білімде болсын, тіпті денсаулығымызды сақтау, бала және өзімізді-өзіміз тәрбиелеуде де үнемі ізденісте болуымыз керек екен. «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың» дегендей, көп нәрсеге көзің ашылғанда өмірге деген құлшынысың да артып, айналаңа деген көзқарасың да өзгереді екен. Рухани және материалдық байлықты адамның қос қанаты деп есептесек, бірін жетілдірсек, бірінің аяғын ақсатып алатын кездеріміз көп. «Білетінің тоғыз, білмейтінің тоқсан тоғыз» деген рас қой. Түрлі сылтауларды тауып, өзімізге қажетті көп дүниеден бас таратынымыз да шындық. Адамдар арасындағы қарым қатынастың да қадірі кетіп, өз менін жеңе алмайтын, түк білмесе де білетін адамдардың жұмысна кедергі келтіретіндер толып жүр. Міне, осындай негативті ортадан алшақтап, бір уақыт сүйген ісіңмен айналасып, өз-өзіңе қарау да өмірден орныңды тауып, ісіңнің алға жүруіне, табысқа жетуіге де негіз болатынын ұқтым», – деп өмірлік тәжірибесімен де бөліскен интеллект жаттықтырушының айтары мен атқарар ісі әлі көп екеніне сенім мол.

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» дегендей, ойыншылардың ішінде орта жастан бөлек, елуді еңсеріп, алпысты алқымдаса да спортшы мүсінін сақтап, допты ұрғанда тебінімен қарсы ойыншыны теңселтіп жіберетін спортшылар өзгелерге зор мотивация болғанын да айта кеткен абзал. Оларға қарап 10 жыл ойнаған үстел теннисім мен волейболдан алыстап кеткеніме өкінгенімді де жасырмаймын. Әне-міне жетпісті жеткергелі отырса да аяғын ауыртып алғанына налыған анамның топты көргенде тұра алмай: «Қап-ай, ә! Аяғымды ауыртып алмағанда мыналармен бірге ойнайтын едім!» – деп тыпыршығанын да жан-тәніммен түсіндім.

Сонымен аталған жүлдені сарапқа салған топтардың ойынына кезек берейік. «Super jump», «Ұзынбұлақ», «Талғар», «Қарасай», «Жамбыл», «Ретро», «Астана», «Астана-2», «Көлсай», «Жаркент» секілді «сен тұр, мен атайын» дейтін топтар арасындағы жарыстың тартысты өткені сонша, кештің қалай батқанын байқамай да қалдық. Әсіресе финалдық ойындарда кездескен топтардың ойынын кірпік қақпай тамашаладық. «Талғар» мен «Жамбыл»  1 және 2 орынға таласқанда тақымды қысып, «Талғарды» жақтап, тілекші болғанымызды да жасырмаймыз. Жанкүйер болған 71 жастағы Гүлзия апаның тамағы қарлығып, соға-соға алақандары ауырып қалғанын көргенде спортқа деген соншалықты кіршіксіз сүйіспеншілікке куә болдық. «Қарасай» мен «Ұзынбұлақ» ойыншыларының шеберлігіне тәнтіміз. Өзара ыммен ұғысып, бірінші орынды иеленген «Жамбыл» мен «Талғар» волейболшыларының «жан алысып, жан беріскен» сұрапыл ойынының ұрымтал тұстары естен әлі шығар емес. Бірін-бірі жеңе алмай ұзақ арпалысқан «Super jump» пен «Жаркенттің»  ойынының өзі жеңіспен пара-пар болды десек артық айтқандық емес.

Жүлделі дода туарлы ой бөліскен 57 жастағы ардагер әрі «Ретро» тобының капитаны Гүлзар Аманқызы өз тобы туралы: «Жасымызға қарамастан талайдан бері бірге ойнап келеміз. Ал енді «45+»лигасының ашылғанына 3 жылдай болып қалды. Кезінде 4 топпен басталған ойынның деңгейі де артып, саны да өсті. Барлығына сәттілік тілейміз. Ұйымдастырушыларға да алғыстан басқа айтар жоқ. Сатиы мектебінің заманға сай жабдықталған спорт залы да көңілден   шығып жатыр. Біздің топтың бір ерекшелігі – барлығы әже атанған ақ жаулықты аналар», – дегенде таңданысымызды жасыра алмадық.

«Сәттілік пен достық бізбен бірге! Бақыт пен байлық – біздің тағдырымыз» деген «Super jump» дүниежүзілік интеллектуалдық ассоцациясының  Қазақстандағы өкілі Тұрарбек Сүлейменовпен әңгімелесудің де реті түсті. «Жасым 56-да. Кәсіби интеллект жаттықтырушысымын. Көп жылдар бойы әскери қызмет атқардым. Біздің мақсат – адами, яғни табиғи интеллектінің жасанды интеллектіден жоғары екенін дәлелдеу және осы мақсатта әлем бойынша жұмыс істеу. Қазір жасанды интеллект өте жылдам дамып жатыр. Олар өмірге шындап араласқан уақытта адамдар жұмыссыз қаладыф. Ал бұл – өте маңызды және назар аударарлық әлемдік мәселе. Сондықтан бүгін суперинтеллект жаттықтырушы Жаңыл Нұрғожаева ұйымдастырып отырған жүлденің бас демеушісі ретінде келіп отырмыз. Қазақ бөлімдерінің кәсіби жаттықтырушысы Гүлхан Өмірбекқызының да еңбегі ерен.  Адамдарды күтіп тұрған әлемдік мәселелерді ашып айтып, олардың шешу жолдарын көрсетіп, пассивті жағдайлардан арылып, активті өмірге бейімделуге атсалу да біздің бір парызымыз десек болады. Сондықтан жасына қарамай адамдарға мотивация беріп, қолдау білдіруде де аянып қалмаймыз. Ал оның ішінде көпбалалы аналар мен үйде ұзақ отырып қалған аналардың, түрлі мамандық иелерінің болуы заңдылық», – деп атап өтті.

Тартысты сәттерге толы жарыс болғандықтан жеңілген мен жеңгеннің болатыны ақиқат. Ойын барысында шеберлігімен көзге ерекше түскен он ойыншы арнайы жүлдемен марапатталды. Бәсекеге толы сайыстың жеңіспазы ретінде «Жамбыл» тобы жеңіс тұғырынан көрінсе, аз ғана ұпай айырмашылығымен 2 орынға табан тіреген «Талғар», ал үшінші орынды иеленген «Жаркент» топтарын жеңістерімен құттықтаймыз.

Жарыстың ашылуы мен қорытындысын әнмен әрлеп, күймен көмкерген «Ауылға сағыныш» атты фольклорлық ансамблдің концертін көргендіктен, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген әншілер қауымына деген ризашылық бір төбе. Мәдениет саласының үздігі, күйші, ұстаз Болатхан Игіліков жетекшілік ететін ансамблдің орындауындағы көптен естілмей жүрген «Сары бидай» секілді халық әні құлақ құрышын қандырды. Осы орайда: «Бір ауылда туып өсіп, әр жылдарда түрлі сахналарда өнер көрсеткен әуесқой өнерпаздар бас қосқан ансамбліміздің құрылу тарихы да қызық. Құрылғанымызға жарты жылдан асты. Тойларға бармаймыз. Шақырту болып жатса әр өңірдің мәдениет үйінде өнер көрсетіп, халық қазынасын дәріптеуге дайынбыз деген»,  – әнші, әрі волейболшы Қаршыға Әлімғазина жастардың жатып алып смартфонға, компьютерге жіпсіз байланғанына қарсы.

Бұл ретте керемет ойын көріп, келелі кеңес құрған жиынның куәсі болған біздің де  көкейге түйгеніміз де көп. Үй мен жұмыстың тізгінін қатар ұстап, ұрпақ алдындағы парызында ұмытпаған аяулы анаға амандық тілеп, бәрінің барлық армандары оырндалса екен деген тілек білдіеміз.

 

Жанбота Сұлтанмұратқызы