Арманы асқақ Амангелді

Арманы асқақ Амангелді

«Музыка азаматтардың ішкі дүниесін байытып, әр дәуірдегі қоғамдық өмірдің түрлі құбылыстарын дұрыс түсінуге көмектеседі» деп Ахмет Жұбанов артына өлмес сөз қалдырған. Музыка ұлтқа бөлінбейді. Кез келген елдің музыкасына құдды бір ана тілімізде тыңдап отыр­ғандай құмарта құлақ түреміз. Ал жасөспірімдердің музыка әлемін түсініп, сезімталдығын қалыптастыруда, білімді, мәдениетті болып өсуінде музыканың орны ерекше.

Жуырда Германия және Ресей мемлекеттерінің ұйымдастыруымен Бурабайда «International Вorovoeqrand royal festival – 2023» халықаралық балалар байқауы өтті. Көптеген мемелекеттен келген қас таланттар бақ сынаған байқауда өз елінің намысын қорғаған Амангелді Қожабек аспапта ойнау бағыты бойынша бас жүлдені қанжығалады. Қазақтың ұлттық аспабын ұлықтап жүрген жеткіншек – Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының тумасы, ауылдастарының мақтанышы. Қарапайым ауыл баласының халықаралық байқауда топ жаруы «Ағайынның аты озғанша ауылдастың тайы озсын» дейтін қазақ үшін зор мақтан екені анық.
Бұған дейін бірнеше байқаулардың жеңімпазы атанған Амангелді Қожабектің ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері жетерлік. Қара домбырасын арқалаған ол талай бәйгеде оза шапты. Атап айтсақ, халықаралық «Шабыт», «Международного многожанрового конкурса День защиты детей», «Oner fest – 2023», «Mega konkurs», «Жарық жұлдыз» атты көпжанрлы халықаралық балалар өнер байқауының гран-при иегері атанды. Сондай-ақ «Жас жұлдыз», «Жарқыра жұлдыз», «Әз Наурызым – жаңа жылым», «Көктем шуағы» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Домбыра десе ішкен асын жерге қоятын Амангелді осы өнерге баулыған жақындарына алғысы шексіз. Ал ұстаздары да талантты шәкіртінің талабына дән риза. Амангелдіге домбыраны қалай ұстауды, құлақ күйін қалай келтіруді үйреткен өнердегі алғашқы ұстазы Думан Жұматайұлы оның өнерге деген құштарлығы сол сары ауыз балапан кезінен байқағанын айтады. Бала болса да үлкен күйшілер сияқты күрделі шығармалар ойнауға асығатынын шәкіртінің болашағына зор сенім артып, дәл осындай шәкіртімен мақтанатынын жеткізді. Ал қазіргі өнермектебіндегі ұстазы Айдар Айтжанов: «Амангелді аса сабырлы, салмақты бала. Адам көңілін қалдырмайтын қайырымды, мейірімді. Осындай мінезімен сыныптастар арасында аса сыйлы. Мектептегі шараларға белсене қатысып қана қоймай, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда бақ сынап, бабында екенін байқатып жүр.

Сабаққа әрдайым дайындықпен келеді. Бір шағарманың жартысын ғана үй жұмысы ретінде жүктесем, ол толығымен жаттап келеді. Білмегенін білгенше асығады. Музыкалық талант оған туда берілген. Алғырлығы мен ақылдылығы оны жеңіс тұғырына жетелеп келеді», – деген ұстазы баласының талабын шыңдап, «Бетін қақпай белін буған» ата-анасының еңбегін де зор екенін атап өтті. Ғалымдардың жасөспірімнің дамуы туралы көзқарасы бойынша, өсіп келе жатқан әрбір бала кез келген іске икемді, дарынды болып келеді екен. Сол қасиетін дер кезінде байқап, балаға жөн сілтеп әрі қарай дамытатын адам – мұғалім. Бұл тұрғыда Амангелді бақытты шәкірт деп айтуға болады. Себебі ат болатын құлынды тай кезінен танып, бар білгенін жалықпай үйретіп отыратын қос ұстазы бар.
Өнерлі баланың ендігі арманы – Құрманғазы атасындай дәулескер күйші болу. Сондай-ақ келешекте өзі де ұстаз болып, қазақтың қара домалақ балаларын осы өнерге баулығысы келетінін айтқан ол: «Кішкентай кезімда атамның шерткен күйлерін тыңдап өстім. Оның домбыраның пернесінде жорғалаған сау­сақтарына қарай отырып, шіркін-ай мен де осылай күй шерте алсам ғой деп қиялдап кететінмін. Кейін домбырадан сабақ ала бастаған кезде ұстаздарыма «Адай», «Балбырауын» сынды күйлерді үйретіңізші деп өтінетінмін. Әрине, ол кезде мұндай үлкен шығармаларды ойнауға шамам келмейтін. Сол кезде ағайым «асықпа өмірің алда, осы бетіңнен таймасаң болашақта кез келген күйді тамылжыта орындайтын боласың» деп ақыл-кеңесін айтатын. Алғаш рет жүлделі орын алған кездегі көңіл-күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әр байқауға барып қайтқан сайын өзімді есейіп қалғандай сезінемін. Артықшылығым мен кемшілігімді байқаймын. Жаңа армандар пайда болады. Көптеген өнерлі балалармен танысып, достасамын. Әлеуметтік желіде хабарласып, жаңалықтарымызбен бөлісіп, шығармашылық жағынан пікір алмасып тұрамыз. Осы жолы бас жүлде аламын деп ойламадым. Осы күзде Түрік елінде өтетін халықаралық балалар байқауына жолдама алдым. Өнерімнің арқасында ел аралап, жер танып келемін. Мені жарыстардан қалдырмай, ыстығыма күйіп, суығыма тоңып келе жатқан анама алғысым шексіз! Әр жолы «сенің қолыңнан бәрі келеді, сен мықтысың» деп жігерімді жанып, сенім беріп отырады», – деп жүрек түкпіріндегі сырымен бөлісті. Сондай-ақ күз айында Түрік елінде өтетін додаға қызу дайындалып жатқанын жеткізіп, өзге елдің сахнасында өз елінің намысын қолдан бермеу үшін барын салатынын да ашып айтты.
Амангелді Елмұратұлы 2008 жылы 13 қыркүйекте Шелек ауылында дүниеге келген. Ақтоған мектебінде 9-сынып оқитын ол Шелектегі балалар өнер мектебінің де үздік шәкірті. Анасы Кәмшат Тілеубаеваның айтуынша, отбасының тұңғышы болған Амангелді – іні-қарындастарының үлгісі. Бауырларының сабақ үлгерімін қадағалап, білмеген сабағын түсіндіріп, үйретіп отырады. Сабырлы да, салмақты ол жарыстарда мейлі қандай орынға ие болса да, бәрін бір қалыпты қабылдайды. Эмоциясын сыртына шығара бермейді.
Қазақтың ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлы «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деп өнерді жоғары бағалаған. Өнерді үйренуге арқаланған жанды «Аңсаған шөлде су тапса, бас қоймай ма бастауға?» – деп таланттың талпынса тасты да жарып шығатынына күмән келтірмеген. Ал біздің кейіпкеріміздің бойынан осындай қас талантқа тән қасиет мен мұндалап тұратынын аңғардық. Болашағынан үлкен үміт күттірген ­Амангелдіге ертеңің нұрлы болып, өнерің өрлей берсін, асар асуың биік, бағындырар белесің көп болсын деген тілегімізді білдіреміз!

Зорагүл Әбдіқадір