Ұлттық ойындар – рухани мұрамыз

Ұлттық ойындар – рухани мұрамыз

Көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының өмірінде аттың алар орны ерекше. Қазақ халқы «Ер қанат – ат» деп жылқыны айрықша қас­терлеп, жеті қазынаның біріне қосады. Осы есті жануармен салт-дәстүріміз сабақтасып, ұлттық ойындарымыз үндесіп жатады. Кейінгі жылдары ұлттық спортпен айналысатындар күрт артты. ҚазАқпараттың хабарлауынша, елімізде соңғы 3 жылда ұлттық спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысатын азаматтардың саны 35 пайызға артқан. 2020 жылы 432 мың адам ұлттық спорт түрлерін серік етсе, 2022 жылдың соңында бұл сан 584 мың адамға жетіп, ұлттық спортымызды ұлықтайтын ұрпақтың өсіп келе жатқанын аңғартты. Бұл салада көшбастап тұрған облыс –Түркістан. Мұнда ата-бабамыздан қаған қасиетті өнермен 28 мың адам жүйелі түрде шұғылданса, өңірде жалпы 110 мыңнан астам адам осы спортты серік етеді деген ақпарат бар.

Алматы облысында 39 мың адам айтулы спорт түрімен айналысады екен. Бұл салада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы спортшыларының да алар орыны айырықша. Облыс және республикалық сайыс­тарда көзге түсіп жүрген спортшыларымыздың ауыз толтырып айтарлық жеңістері жетерлік. Жақында Қарасай ауданындағы «Гүлнар бақ» атшабарында аударыспақ пен көкпардан облыстық чемпионат өтті. Астананың 25 жылдығын тойлау мақсатында ұйымдастырылған шараға 2006-2008 жылы туған жасөспірімдер қатысты. Еңбекшіқазақ, Райымбек, Кеген, Жамбыл, Қарасай аудандарының атынан 5 команда өнер көрсетті. Ал аударыспаққа 50-ден астам салт атты қатысып, 9 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Білекті де жүректі жігіттердің бәсекесінде бір алтын, екі күміс, төрт қолаға қол жеткізген Еңбекшіқазақ ауданының командасы 1-орын алды. Көкпар командасы да айырықша көзге түсіп, темірдей мықты тегеурін танытты.
2021 жылы құрылған «Арғымақ» ұлттық спорт федерациясы аудан аумағындағы аттың жалында ойнайтын азаматтардың басын қосып, байрақты бәсекеде ел намысын қорғап келеді. Федерацияда 15-18 аралығындағы жасөспірімдер ұлттық спорттың әр түрінен бақ сынап жүр. Ал 19-22 жас аралығындағы жастар да – аудан аумағынан келген нағыз нар тұлғалы жігіттер. Ересектер арасында Теңге ілуден 1, аударспақтан 1, көкпардан 2 спортшы облыстық құрамада өнер көрсетеді. 5 шабандоз Алматы қаласының жастар құрама командасының белді мүшесі. Құрылғанына екі жыл болса да облыстық, республикалық, халықаралық бәсекелерде бақ сынаған спортшылар ел абыройын асқақтатып келеді. Атап айтсақ, жақында Венгрияның Помаз қаласында өткен жамбы атудан Әлем кубогін сарапқа салды. Еліміздің намысын қорғаған ҚР ұлттық құрама командасы 1 орын алса, сол құрама қатарында Еңбекшіқазақ ауданының спортшысы Мадияр Шәріпбаев жамбы атудан алтын алып, жеңіс тұғырынан көрінді. Бүгінгі таңда «Арғымақ» ұлттық спорттық ойындар Федерация құрамында дәл осы Мадияр сияқты ел намысын қорғайтын азаматтар аз емес. Адамның жанын да, тәнін де шынықтыратын ұлттық спорттың берері мол. Федерацияда жеті қазынаның бірі саналатын құмай тазыны баптап, түрлі саятшылық бәсекелерде бақ сынап жүрген азаматтар да бар. «Асыл қазына» атты республикалық чемпионатта Еңбекшіқазақ ауданының тазысы 2 орын алған.

Жақында ғана Қарасай ауданында өткен жарыста аударыспақтан алтын жүлдемен оралған 15 жастағы Дәурен Азамат қуанышымен бөлісіп былай дейді. «Бала кезінен ат үстінде өскен ауыл баласы үшін спорттың бұл түрі қатты қиын болмайды деген ойдамын. Ат үстінде желмен жарысып өскен баланың барлық арман-мақсаттары сол сүйікті жануарымен байланысып жататын сияқты. Ат үстінде шауып бара жатып бар даусыммен айқайлаймын, арман-қиялыма ерік беретінмін. Тоқтаусыз шаба берсем өз ұшында бұлдырап тұрған қарлы шыңға жетіп алатындай сезінетінмін. Ауылда ат мінетін балалар аз емес. Өзара әзілдесіп аударысып күш сынасып жүргенде әкем осы спортқа бейімімді байқап федерация құрамына қосты. Бұл спортпен жүйелі түрде шұғылданғаныма 3 жыл болды. Осы жолғы жарысқа сеніммен бардым. Олжалы оралатынымды білдім. Күнделікті ат спортымен шұғылданамын десем артық емес. Аударыспақтан тыс, теңге ілу, көкпармен де айналысамын. Ат үстіндегі спорттың ешқайсысы мен үшін жат емес. ат үстінде өзімді сергек, батыл, күшті сезінемін. Ал өзің тақымдаған тұлпармен тіл табысу – өнер. Бабын тауып баптау – тектілі. Есті жануардың ойын оқып, жарата білген ер азамат тұлпарымен бірге топ жарары сөзсіз. Ат та адам сияқты, кейде күй келмей тұрады. Ол кезде оны қинаудың керегі жоқ. Қажетті тамағын да таңдап берген абзал. Болашақта өзімді елінің абыройын қоғайтын нағыз чемпион деп елестетемін», – деп жас спортшы өзінің алға қойған мақсаттарымен бөлісті.
Жылқылардың ең мықтысын таңдап алуға тырысамыз деген федерация жаттықтырушысы Кенже Жанбота ұлттық спорт ойындарының маңызы туралы әңгімелеп: «Ата – бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған. Шындығына келсек өмір сүруімізде ұлттық ойындардың атқаратын міндеті айрықша. Оның адам денсаулығын жақсартуда пайдалы аса жоғары екені белгілі. Балаларға ұлттық тәрбие беруде бұл ойындардың орны ерекше. Ұлттық ойындар барысында балаларға дене тәрбиесімен қатар, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстырып, өр рухты етіп тәрбиелей аламыз. Ұлттық ойындар – ата-бабаларымыздан бізге жеткен байлығымыз, асыл қазынамыз. Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне аса мән беріп, олардың жауынгерлік рухта ержетуін ұқыптылықпен қадағалаған. Ат үстінде күн кешкен халықтың ұрпағы аттан түспегені абзал», – деген ойын алға тартты.
Ал өзіндік тактикасы бар екенін айтқан көкпаршы жігіттердің айтуынша, көкпар – тек білек күші емес, ақыл мен айла қатар сынға түсетін спорт түрі. Бір ойыншы серкені тақымына басса, екіншісі оны бәсекелестерінен қорғап, қарсылас командаға «шабуылдау» арқылы қазандыққа апарар жолды тазалап мақсатты жеріне ұмтылатын ойынның қиындығынан қызығы мол. Көкпар әдетте ер балалардың физикалық шынығуына әсер етіп қана қоймай, олардың бойына жылдамдық, ұтқырлық, табандылық секілді қасиеттерді сіңіріп өсуіне жол ашады. Алматы облысында ұлттық спорт түрлері кейінгі жылдары жүйелі насихатталып, кең қанат жайып келеді. Биылдың өзінде өңірде республикалық және облыстық деңгейде «Ұшқыр» бәйге жарысы, ұлттық және ат спорты түрлерінен бірнеше чемпионат өткізілді. Бұдан бөлек әр мереке сайын көкпар, бәйге, жамбы ату, теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ сияқты ұлттық және ат спорты түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Облысымыздың тіпті республикамыздағы ұлттық спорттың дамуына Еңбекшіқазақ ауданы азаматтарының да қосқан үлесі зор. Өсіп келе жатқан жас спортшыларды көргенде ұлттық спортымыздың болашағының нұрлы екеніне көзіміз жетті.

Зорагүл Әбдіқадір