Бәйдібек би ауылының мәдениет үйіндегі Тоқтасын Әбілезов атындағы айтыс, жыр-терме орталығында Астана күніне орай байқау сабағы өткізілді. Аталған байқау сабағында жас шәкірттер өздерінің үйренген жыр-термелерін айтып, өнерге сусап келген қауымның шөлін қандырды.
Бір-бірінен озуға тырысқан балдырған өнерпаздар байқауға барын салды. Үздік оқушыларға байқау соңында бағалы сыйлық ретінде кітаптар тарту етілді. «Жетісудың да әйгілі Сүйінбай, Жамбыл, Құлманбет, Көдектерден қалыптасқан Оразалыға дейін жалғасқан жыр мектебі бар. Былтырдан бері соны жаңғырту жағын қолға алдық. Жыр-терме үйірмесіне қатысқан баланың тіл байлығы, ой-өрісі, парасаттылығы мықты болады. Бүгінде үйірмедегі балалар жыр айтумен қатар, айтыс өнеріне де ақырындап төселіп келеді», – дейді айтыскер ақын Даубай Әбдісай.
Жыршы-жыраулық дәстүрдің ұмытылып бара жатқаны рас. Сонымен қоса, қазақы болмыс көмескіленіп, ұлттық рухымыз да әлсіреп бара жатқандай. Мұндай шараның өткізілуі өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілуіне сеп болары анық. Бұл орталықта өнерге бейім оқушылар жыршы-жыраулық пен айтыстың қыр-сырын меңгеріп, қабілет-қарымын шыңдап келеді.
Ұлттық дәстүрдің өзегімен тікелей астасып жатқан бұл бастама көпшіліктің көңілінен шықты. Өйткені техника дамып, жас ұрпақ ғаламторға таңылған заманда соқталы сөз зергері Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, бірегей туындыларының нәрін жас буынның бойына сіңіру, жыраулық өнердің құдіретін ұғындырудың өзектілігі артып отыр. Әрине, оқушылардың барлығы жыршы-жырау немесе ақын болып кетпес. Десек те елін, жерін сүйетін, «Сөз қадірі – өз қадірім» деп білетін азамат болып қалыптасары анық.
Жалпы Еңбекшіқазақ ауданында ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеуге жете мән беріледі. Міне, өткен жылдың соңында ашылған ақындар мен жыршы, термешілер мектептері соның бір айғағы. Айта кетейік, өткен жылы Алматы облысына қарасты аудандарда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен Еңбекшіқазақ ауданы, Қаракемер ауылдық Мәдениет үйінде еліміздің рухани мәдени өркендеуіне үлес қосқан, еңбегі мен шығармашылығы үшін «Ел ардақтысы», «Мәдениет майталманы» медалімен марапатталған Тоқтасын Әбілезов атындағы жыр-терме мектебі ашылған. Ұлттық өнер мен салт-дәстүрді қастер тұтып, баба мұрасын құрметтейтін рухани кемел ұрпақ тәрбиелеуге ден қойған тараптың жұмысына біз де сәттілік тіледік.
Зорагүл Әбдіқадір