Қазіргі айтпағымыздың қазақ тілінің жазу емлесіндегі Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл Білімі институты мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті бекіткен жалпыға орақ ереже бойынша қойылатын үтірлерге қатысы жоқ. Тек сауатты жазу мен тыныс белгілерін орынды қолданудағы олқылықтарға қатысты ойымызды ортаға салмақпыз. Өйткені кез келген жерге үтір қою үрдіске айналса, жазу емлесінің де орынсыз бұзылып бара жатқаны өтірік емес. Әсіресе қолына қалам ұстаған қауымның орфографияны жете меңгеріп, жазуда әр сөз бен тыныс белгісін өз орнымен қолдануына қатысты.
Бұрын әр іспен өз маманы айналысса, қазір «Есектің артын жусаң да мал тап» дегенді желеу етіп әр саламен әркім айналысып кеткені де шындық. Оның кесірі қазақ тілінің сөз жасам жүйесі мен тыныс белгілерін қолданудағы олқылықтар мен олақтыққа әкеп соғуда. Мәселен, қазір әлеуметтік желіні қолданбайтын жан жоқ. Әркім хал-қадірінше пікір білдіріп, ойын жеткізуге құқылы. Бірақ ондағы жазбалардың қатесінен көз сүрінеді. Ол өз кезегінде өзгелердің сауатты жазуына кесірін тигізіп жатқанын біреу білсе, біреу білмейді… Дәл осы жерде жазу үрдісінің бұзылуына олардың да үлес қосып жатқанын жасырудың қажеті жоқ. Алайда сауатты жазу мен дұрыс сөйлеудің айналаңды ғана емес, жалпы қоғамды тәрбиелеудегі маңызы бар екені ескерсек, қате жазып, қажетсіз жерге артық үтір қоюдың өзі сіздің ғана емес, жазуда өзгенің де ойын сауатты, дұрыс жеткізуге кері әсірін тигізетінін ойлап көрдіңіз бе? Сізді сыйлап, құрмет тұтатын жұрт осынікі дұрыс деген ойда болатынына бір сәт назар салыңызшы!…
Иә, әлеуметтік желілерде әріп қателерден бөлек, тыныс белгілерден жіберілетін қателер өте көп. Алайда ол жерде еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін отыратыны белгілі. Бірақ олардың бәрі қалам ұстаған қауымның өкілі емес. Сондықтан жазбаларында қатенің болуы да түсінікті. Бірақ бұл синтаксис пен пунктуациядан хабары жоқ қарапайым адамдар үшін қалыпты болғанымен, жаны да, наны да жазуға байланған жандар үшін өте маңызды және өрескел жайт десек артық айтқандық емес. Біз бұл жерде ауызекі сөйлеудегі мәселе туралы емес, жазуда жіберілетін қателер туралы және осы саланың мамандарына қатысты сөз қозғап отырмыз. Өйткені олар жазба мәдениеттің өкілі болғандықтан өзгелерге үлгі көрсетіп қана қоймай, өнеге де болуы керек және жазудың тастағы таңба екенін естен еш шығаруына хақы жоқ.
Үтір — сөйлемнің құрылысына, синтаксистік ерекшелігіне, мағынасына байланысты ең көп қолданылатын тыныс белгісі. Үтір құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдерді, оңашаланған мүшелерді, оқшау сөздерді, бірыңғай мүшелерді, төл сөзді т. б. айыра білу үшін қойылады.
Уикепедия ашық энциклопедиясы
Өкінішке қарай сөздерді орнымен қолданбау, орынсыз жерге қаптатып үтір қою үрдісі жазуды жанына серік еткен қауымның да қаламындағы қадаға айналып барады. Қарапайым халық аса мән бермегенімен, сала мамандарының өзгеге сабақ болар жайттарда қателесуіне жол беруге болмайды. Өйткені оның жазғанын оқыған былайғы жұртқа ұсақ-түйек болып көрінгенімен, жазудың сұсы мен мысын басып, айтайын деген ойдың дұрыс жетуіне зор кедергі болатынын ұмытпау керек. Содан барады да «Сауырдан су тамды десе, Самарқанды су алды» дейтін алып-қашпа әңгіменің таруына және сауатсыз жазудың қалыптасуына үлес қосқан болып шаға келеріңіз хақ.
Белгілі ғалым, академик, филология ғылымдарының докторы Рабиға Сыздық бұл жөнінде былай дейді: «Жазу мәдениетінің бір ұшы тыныс белгілерін дұрыс қоюда болса, оның ережелерін де белінен басып, берекесін алып жатқан жайымыз бар. «Дауыс кідірген жерге үтір койылсын!» деген «жекеменшік» ереже шығарғандардың «көмегімен» үтір дегенді тоғытып жібердік. Сөйлем басында келген ал, бірақ, өйткені, сондықтан шылауларды үтірмен бөліп тастайтынды дағдыға айналдырдық. Бұл жалғаулық шылаулар әдетте екі сөйлем мүшесінің ортасында немесе құрмалас сөйлемнің екі компонентінің ортасында келеді, мұндайда алдарынан үтір қойылады. Ал кейде, әсіресе газет беттерінде бұл жалғаулықтарды сөйлемнің басына шығарып қолданады. Ондайда сәл паузамен бөлініп айтылғанмен, үтірмен ажыратылмайды. Бұл орайда, яғни сөйлем басында келген одағай, қаратпа, қыстырма сөздерден кейін ғана үтір қойылады. Көрсетілген шылаулар – қыстырма да, одағай да, қаратпа да емес, жалғаулықтар».
Әлеуметтік желілерді, қарапайым халықты былай қоя тұрайық. Журналист Оңғар Қабден ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасай отырып: «Қазақстанда 5208 БАҚ тіркелген. Оның ішінде: 3686 мерзімді басылым, яғни газет, 191 телеарна, 84 радио. 279 шетелдік БАҚ, 968 ақпараттық агенттік пен интернет-басылымдар (тиісінше 543 және 425), яғни 968 сайт бар» деген мәлімет келтіреді. Енді ойлап қараңыз, осынша БАҚ-тың бір жолда-ақ орынсыз қолданған үтірі мен құрылымы дұрыс емес сөйлемі қанша мәселенің тууына себеп болады? Ойлаудың өзі қорқынышты. Бұл ретте елдегі бұқаралық ақпарат құралдарының сөйлеу және жазба мәдениеттің қалыптасуынадығы рөлін айтып, пәлсапа соғып жатудың қажеті жоқ. Солай ғой.
АЛ, ТІПТІ, ДЕГЕНМЕН, АЛАЙДА, БІРАҚ, СОНЫМЕН ҚАТАР, СОНДАЙ-АҚ, ӘСІРЕСЕ, ТЕК сөздері сөйлемнің басында келсе, бұл сөздерден кейін ҮТІР қойылмайды.
АЛ, БІРАҚ, АЛАЙДА, ДЕГЕНМЕН, СОНЫМЕН ҚАТАР, СОНДАЙ-АҚ сөздері жалғаулық шылау ретінде екі бірыңғай мүшенің немесе екі жай сөйлемнің арасында келсе, алдарынан ҮТІР қойылады.
ҚР Ғылым және жоғары білім
министрлігінің Тіл саясаты комитеті
Осы орайда мақала жазуды енді бастағандар үшін таптырмас құралға айналған академик Р. Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» (емле, тыныс белгілері, сөз сазы) еңбегін ерекше атап өткен ләзім. Үтір қоюдың да орны бар екенін атап айтқан академик пікіріне жүгінсек, үтірмен сөйлемдегі қаратпа сөздер, қаратпа сөз тізбектері, бөлінеді, қыстырма сөздер, сөз тізбектері және сөйлемдер, одағайлар, бәсе, жә, қош, құп, жарайды, мақұл, дұрыс, иә, жоқ, мә, мәңіз деген сөздер, оңашаланған айқындауыш мүшелер үтірмен бөлінеді.
Сондай-ақ сөйлемнің бірыңғай мүшелерінің арасы, сияқты, ретінде, қатар, емес, түгіл деген сөздермен келген және -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары қосылған сөз тізбектерінен кейін үтір келсе, қарамастан, қоспағанда, есептегенде деген сөздермен аяқталатын сөз тіркестері үтірмен ажыратылады. Құрмалас сөйлемнің құрамына енген жай сөйлемдердің арасына, екіге бөлінген төл сөздің алғашқы бөлігі хабарлы сөйлем немесе сөйлемнің бір бөлігі болса, одан кейін үтір (және сызықша) қойылады. Сонымен қатар бірнеше сөзден құралған күрделі қос сөздердің арасына үтір қойылады. Ол – ол ма, бұл – бұл ма, ол – ол болсын деген тіркестер сөйлем ішіндегі басқа сөздерден үтір арқылы оңашаланады.
Міне, жазу үрдісіндегі бір ғана үтірдің қаншалықты маңызы бар екеніне көз жеткіздік деп ойлаймын. Қазақ тілдің – ана тіліміздің мәдениетін көтеруге аса мән беріп, оған ұлттық мүдде талабы тұрғысынан баса назар аудару бар қазақтың, оның ішінде қалам ұстаған қауымның басты парызы болмақ. Бұл ретте қазақ тіл біліміндегі орфография мен орфоэпия жүйесінің маңыздылығын ерекше ескерген жөн және тыныс белгілерінің қойылу ережелерін де әсте естен шығаруға болмайды. Ойланайық, ойға алайық, қымбатты әріптестер!
Жанбота Сұлтанмұратқызы