Жақында Төлепберген мен Марал Еркінқызы Италияның Ассиси қаласында өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
Осы орайда Қазақстан ауылдық округі әкімі аппаратының мәжіліс залында жас спортшыны құттықтауға келген ауылдастарының қарасы қалың болды. М. Еркінқызын кезекті жеңісімен құттықтаған ауыл әкімі Алғыс хатпен марапаттады.
Аталған шарада талапты да, талантты ұрпақ тәрбиелегені үшін, дұрыс бағыт-бағдар беріп, салауатты өмір салтын ұстануға баулып, спорт саласындағы өресі биік, ұлтжанды жаңа буынды қалыптастыруға қосқан сүбелі үлесі үшін спортшыларымыздың ата-аналары мәслихат төрағасы Бекет Төлегенұлының атынан арнайы Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар бағалы сыйлықтар табыстады. Аудандық мәслихат депутаты Мухит Диканалиұлы жас спортшыларды құттықтай келе: «Жас ұрпақ – ел болашағы. Біз сендердей тепсе темір үзетін батыл да, қайратты батырларымызбен мақтанамыз. Шағын ғана ауылымыздан әлемнің биігін бағындыратын азаматтың шығуы ауылымыз, ауданымыз үшін үлкен мәртебе. Болашақ сендермен нұрлы. Дәл осындай жеңімпаз бала тәрбиелеген ата-аналарыңның еңбегі орасан зор. Ауылдастарың ғана емес бүкіл қазақ елі сендерді мақтан тұтады. Енді сендерге артылатын жүк ауыр. Алда әлі көптеген бағындырар белес көп. Бүкіл ел болып сендерден жемісті жеңіс күтеміз. Арымай, талмай жеңіс тұғырынан көрінуге талпына беріңдер. Сендерге тек тілекшіміз. Әрқашан жолдарың ашық алар асуларың биік болсын!» – деп ақ жарма тілегін арнады.
Айта кетейік, осыдан 4 жыл бұрын Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қазақстан ауылының 1981-1998 жылдары туған жігіттер бірлесіп, ауылға спорт залын салып берген. Жаттығу залына қажетті құрал-жабдықтар толық жабдықталып ел игілігіне берілген. Елдімекендегі мектептің спорт залы үнемі бос болмайтынын айтқан ауыл белсенділері балалардың жаттығуға деген ықыласына тәнті. Қазіргі таңда бұл жерде 3 жаттықтырушы қызмет етеді. Бүгінгі таңда бокс үйірмесіне 40, еркін күреске 25, каратэге 20 бала қатысады. Алдыңғы буын ағаларының үміті ақталып, сол жаттығу залында шынығып шымыр болған балалардың әлемдік додаларда жеңіске жетуі көңіл қуантады.
«Ерім деген ел болмаса, елім деген ер қайдан болсын» демекші, туған ауылының болашағын ойлаған жігіттердің ерен еңбегі де, жас спортшылардың жетістіктері де өзгеге өнеге болар іс екені анық. Осы орайда ел жүгін арқалаған азаматтар аман болсын, көкбайрағымызды әлемдік аренада желбіретер жас жеткіншектеріміз көп болсын деген тілегімізді айтамыз.
Зорагүл Әбдіқадір