Алматы облысындағы ауыл және су шаруашылығына қатысты қордаланған мәселелердің мән-жайын білу мақсатында облыстағы бірқатар ауданды аралаған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев Талғар ауданына да табан тіреді. «Талғарирригация» коммуналдық кәсіпорнының су шаруашылығына барып, осы уақытқа дейін жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысқан ол ауданды сумен қамтамасыз етіп оырған су қоймасына да барып қайтты. Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Сұлтанұлы, аудан әкімі Таңат Есенгелдіұлы, аудандық мәслихат төрағасы Мұхит Бейсембекұлы, аудан әкімінің орынбасары Ануар Жанболатұлы, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысы Жандос
Касенханұлы, «Талғарирригация» кәсіпорнының басшысы Мадияр Мұхаметқалиұлы және өзге де су пайдаланушы шаруа қожалығының өкілдері қатысқан жиында аудандағы ауыз су тапшылығының туындау себептері пен оны шешу жолдары тілге тиек болды.
Бұл ретте облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Коюмчан Омаров: «Су көлемі жыл сайын азайып келеді. Сіздер жақсы білесіздер, Қапшағай су қоймасы тек қана Балқаш, Шеңгелді ауданындағы суармалы жерлерді ғана емес, Қонаев қаласын да ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Ж. Әкебайұлы айтқандай, алдағы уақытта оның келешегі қалай болады? Депутат Геннадий Шиповских Шеңгелдіге келгенде былай деді: – Жігіттер, біз – Қызылорда облысы судың азабын қазірдің өзінде көріп отырмыз», – деді. Ал бұл әлем бойынша өте өзекті мәселеге айналған. Бізде де ушығып тұр. Ғалымдар мен БАҚ-ның айтуынша, 2040 жылға қарай су мәселесі тек ауылшаруашылығында ғана емес, тұтынушылар арасында да су тапшылығы да туындайды. Сондықтан осы бағытта қарқынды жұмыстар жүргізіп, келешектің қамын жасауымыз керек. Үкіметтен қанша қаражат бөлініп, қанша су қоймасы мен арналар жасалынғанымен, оларды тиімді пайдалануды қолға алмасақ бізге ешкім көмектеспейді», – дегенді ашып айтты.
Осыған байланысты үкіметтің субсидиялау бағдарламаларын да осы мақсатта оң пайдаланып, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мен арнайы ассоцациясы бірлесе жұмыс істесе ауыз су мәселесін шешуге толық мүмкіндік бар екені де айтылды. Аталған бағдарлама аясында су өнімдерін үнемді пайдалану технологияларын жетілдіріп, техникалық мақсатта жұмсау шығындарын 50 пайызға дейін азайту және ауыл шаруашылық жерлерін тамшылатып суару әдісіне түгел көшіру керек. «Орташа есеппен алғанда 1 га жерді осы әдіспен суару шығындары шамамен 2-2,5 мың АҚШ доллары көлеміне тең. Біздің ақшаға шаққанда 2 млн төңірегінде болады. Осының 50 пайызын үкімет өтесе, қалғанын шаруақожалықтар қолға алса, мәселені біртіндеп шешуге болады. Ондай мүмкіндік бар. Ол үшін әр ауданның тектоникалық жағдайына байланысты бағдарламасы болуы керек. Биыл осы әдісті «Олжа» шаруашылығының 50 гектарына енгіземін. Бұл технологияны келесі жылы «Омеран», «Байсерке» сияқты ірі шаруашылықтардың қолдануына мүмкіндіктер бар. Бірақ ұсақ шаруашылықтардың жағдайы да ұмыт қалмай, үкімет тарапынан тиісті шаралар қабылдануы керек. Өйткені келешекте мына судың көлемі айтарлықтай азаяды. Себебі қазір таудағы су қоры болып саналатын қар мен мұздықтар жылдам еріп, тез азайып барады. Сондықтан біз бүгінді ғана ойламай, келешектің де қамын жасап, болашақ ұрпақтың игілігіне жұмыс істеуге тиіспіз», – деген басқарма басшысына қойылған «Сонда сіздердің нақты қандай ұсыныстарыңыз бар?» деп сұрақ қойған облыстық мәслихаттың депутаты Амангелді Сембаевқа: «Ауыл аманаты» деген мемлекеттік бағдарлама басталды. Қазір пилоттық режімде жұмыс істеп жатыр. Ол 2028 жылға дейін жұмыс істейді. Әрбір жеке аулаға 8,5 мың АЕК көлемінде 2,5 пайызбен қаржы беру келесі жылға дейін егін шаруашылығы, 7 жылға дейін мал шаруашылығын жандандыруға арналып отыр. Мал шаруашылығын дамытамыз десек 350 мың теңгеден мал сатып алып, ары қарай өзім дамытамын деу мүмкін емес. Оны да асыл тұқымдыдан алып, тиісті ассоцациялармен бірге жұмыс істеу керек. Бұл мақсатта да тиісті құжаттаржы дайындап, жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Осы жылы 8,3 млрд теңге қарастырылып отыр, бағдарлама аясында әр облысқа әр жылы 14 млрд тг бөлінетін болады. Бұл да сіздердің назарларыңызда болғаны дұрыс.Облыс әкімі де ірі шаруашылықтарды ғана емес, ұсақ шаруашылықтар мен кіші кәсіпкерліктерді дамытуға баса нараз аудару керек екенін үнемі айтады. Сондықтан бұл кездесу осы жұмыстарға бір серпін беріп, әкімдер ғана емес, барлық деңгейдегі депутаттардың назарында болатын мәселе деп есептеймін және бірлесіп қолға алуымыз керек», – деп жауап берді.
Сала басшысының айтуынша, Талғар қаласынан басталып Кеңдала маңынан өтетін 13 шақырымдық «Талғар» арнасының бетін бетонмен жабу керек. Қазір жоба дайын, құжаттары да қатталған, шамамен 30-45 күн ішінде экспертизадан өтсе, жалпы құны 2,4 млрд тг көлемінде қаражат бөлінеді деп жоспарланған. Ол туралы окург әкімі де газетіміздің өткен сандарыдың бірінде берген сұқбатында атап өткен. Жиын барысында сөз алған аудан әкімі Т. Айдарбеков көтерілген мәселелерге қатысты пікір білдіріп, Сенат депутатына: «Суармалы алқаптардың ғана емес, ауыз су мәселесі де өткір күйінде қалып отыр. Осы мақсатта екі жоба жасалып, қажетті құжаттар да дайын тұр. Бесағаштағы ауыз су мәселесі де басты назарда. Ертең экспертизаға жіберіледі. Жоба құны шамамен 6,6-7 млрд-қа шығып отыр. Осы мәселенің шешілуіне қол ұшын берсеңіз», – деген өтініш айтты. Жаз кезінде Талғар ауданында болатын су тапшылығының басты себептерінің бірі ретінде ауыз су көздерін ашық тастап, суды қалай болса солай пайдаланып, онсыз да қысымы жеткіліксіз болып жатқан ауыз сумен бау-бақша суаратын тұрғындардың жауапсыздығын да тілге тиек етті. «Дұрыс па, бұрыс па білмеймін, бірақ менің өз ойым, судың бағасын көтермесек, көбі тіршілік нәрінің қадірін түсінбейді. Қазақ атамыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Таңертең суды ашып кетеді, оны өзі бақылап отырған жоқ. Ал ол су ысырап болып жолға шығып, көшеге ағып жатады. Сондай-ақ әрқайсысына есептегіш құрал қойып, қатаң қадалауға алсақ, бұл мәселені біршама ретке келтіруге болады. Мәселен, қазір орташа есеппен судың
1 кубы 100 тг. Бұл дегеніміз былай қарағанда үлкен-үлкен 4 науаны толтырып қоятын су. Ал ол бар болғаны 100 тг. Осы жағы да жауапты мекемелер мен мамандар тарапынан ескерілгені дұрыс деп ойлаймын. Су бағасын көтеру «Талғарирригация» мен «ТалғарСуға» да көп көмек болар еді. Өйткені «ТалғарСудың» үлкен көлемдегі қарызы бар. Тиісінше оның алдында да берешегі бар халықтың да қарызы шаш етектен. Қазіргі уақытта суды көбейту үшін қолданып отырған кеңес үкіметінен қалған 12 скважина бар. Аудан бюджетінің үнемделген бөлігінің есебінен 3-4 скважинаны тазалау үшін 80 млн теңге қажаратты осы мақсатта жұмсау негізінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Егер бұл жоба іске асса Талғар қаласы бойынша су тапшылығының 15-20 пайызын шешуге болады. «Нұра топтық су құбыры» қазір ортадағы делдал сияқты қызмет етіп отыр. «ТалғарСу» оған суды береді, ол өзінен өткізіп, қайтадан «ТалғарСуға» сатады. Осы жүйені түсінбейміз. Мұны өзгерту үшін менің алдымдағы әкімдер де талай жұмыс істеген. Бірақ облыстың қарамағында болғандықтан әлі күнге дейін бұл мәселе шешілмей келеді. Осы мәселенің оң шешілуіне атсалыссаңыз деген ұсынысымыз бар. Өйткені өзіңіз атап өткендей қазір ғасырлар бойы мызғымай жатқан мұздықтар жылдам еріп, өзен суларына қосылып жатқандықтан ауыз судың да сапасына кері әсер етіп отыр», – дей келе, тіршілік нәріне қатысты кезек күттірмейтін түйткілді мәселені шешуге байланысты ұсынысын да ортаға салды.
Сенат депутаты аудандағы ғана емес, облыстағы ауыз және ауыл шаруашылық мақсатында жұмасалатын судың өзекті мәселе күйінде қалып отырғанын айта келе: «Аудандағы ауыз су мәселесін шешу мақсатында жасалып жатқан жобалардың сметалық құжаттарының тиісті сала басшылары тарапынан қаралып, қаражат бөлуіне қол ұшын беріп, осы мақсаттағы жұмыстарды қолға аламын. Ал Нұра топтық су құбырының мәселесін де міндетті түрде көтеріп, осы бағыттағы жұмыстар атқарылатын болады. Ал су тарифтерін көтеру деген – өте күрделі және өткір мәселе. Оны өздеріңіздің сала мамандарыңыз бен қоғамдық кеңестер, мемлекеттік емес ұйымдар бар, солармен келісе отырып шешпесеңіздер, ҚР Монопилияға қарсы саясат жөніндегі комитеттің құзырындағы дүние…» – дегенді ашып айтты.
Бұл ретте өзекті мәселенің өткір тұстарын атап айтқан А. Сембаев: «Жанболат Әкебайұлы, халықтың суға деген сұранысы мен наразылығы күннен күнге күшейіп барады.Осыны негізге ала отырып бұл мәселені шұғыл және тез арада шешпесек, халық пен билік арасындағы наразылықты ушықтырып барады. Оған ақша жоқ дейміз. Ақша жоқ емес, бар, бірақ мақсатты түрде толық жұмсалып жатқан жоқ. Ирригацияға қатысты мәселелердің бәрін білеміз. Бар су арналарының көбі бұзылған, бітелген, тесілген. Оларды балшықпен жамағандай қылып жамап жүрсіздер. Бәрін көріп отырмыз және түсінікпен қараймыз. Ақдаладағы арна мен Алматыға өтетін арналардың да мәселесі шешілмей келеді. Халықтың үйін су басады, халық бізге арыз-арманын айтады. Ал біз сіздерге айтамыз. Бұл ретте жасалған жобалар аяқсыз қалмай, жобалық-сметалық құжаттары жасалған соң оны жүзеге асыру үшін артынан жүгіру керек. Абсурд мәселе өте көп. Мысалы, «ТалғарСу» суды Талғар өзенінің басынан алады. Ортада делдал болып отырған су тазалау мекемесі біз республикалықпыз деп мемлекеттің қаражатына салынған 17 шақырымды құрайтын арнаны өз қарамағына алады. Сөйтеді де оны Талғарға қайтадан 110 теңгеге сатады. «ТалғарСу» оны 60 теңгеден халыққа таратады. Ал ол Талғардың жерінде орналасқан. Бұл қайдағы, қандай есеп? Осылай жұмыс істеу үшін қандай қабілет болу керек? Мен осыны түсінбеймін. Сенат мінберінде осы мәселені көтеріп, «Нұра топтық су құбырын» «ТалғарСудың» қарамағына өткізіп берсеңіздер. Оның үлкен екі себебі бар. Бірінші, бүгінгі күнде ауылдардың көбіне жаңа су құбыры тартылып жатыр. Оны қазір аудандық ЖК біреуін қабылдап алды, алда қалғандарын қарамағына алады. Осыдан кейін олар тағы 110 теңгемен сататын болса, ол ертең халыққа қандай бағамен жетеді? «Егер су мәселесі толығымен шешіліп «ТалғарСуға» өтетін болса, олар су бағасын 80 теңгеден асырмауға уәде беріп отыр…» – дегенді алға тартты.
Сенатор Ж. Жөргенбаев аталған мәселені қолға алуды А. Сембаевтың өзіне тапсырып, көтерілген мәселенің мән-жайын ашып айтып, халыққа оның қандай пайдасы бар екенін көрсетіп депутаттық сауал ретінде өз атына жолдауды сұрады.
Ашық аспан астында өткен келелі жиында көтерілген маңызды мәселелерді назардан тыс қалдырмайтынын жеткізген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев Талғар ауданының сумен жабдықтау нысандарын көзімен көріп қайтты. Ал аудандық атқамінерлермен бірлесе атқарылатын алдағы жұмытардың нәтижесін уақыт көрсете жатар. Халыққа қатысты мәселелердің қай-қайсысы болса да айтылмай жатқан жоқ. Тек естір құлақ пен іске асырар адамдардың аздығынан жол ортада қалып кететіні болмаса… Сондықтан халық қамын ойлаған азаматтар «Уәде – Құдай сөзі» екенін ұмытпаса игі еді. Ендеше ел үмітін арқалаған атқамінерлердің айтқаны сөз жүзінде қалмай, бір күнде болмаса да біртіндеп іске асады деген үміт басым.
Жанбота Сұлтанмұратқызы