Еңбекшіқазақ ауданының Ават ауылдық округінің әкімі М. Исламов шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесу өткізіп, шаруа қожалықтарына суармалы су бөлу мәселесін талқылады. Жыл сайын суару маусымы келгенде туындайтын мәселелер турлы шағымданған ауыл тұрғындарының мұңын мұқият тыңдаған ауыл әкімі мәселені түбегейлі шешу жолын қарастырды. Еңбекшіқазақ ауданының шаруалары суармалы су тарифтерінің жылда көтерілуіне арыз-шағым айтатын. Көктемде аудан аумағында осы мәселе ушығып, осы саладағы бірталай мәселенің беті ашылған.
Суармалы су тапшылығынан зардап шеккен жеке шаруа Арслан Манапов жылда 3 гектар жерге жоңышқа егеді. Оған су молынан керек. Бұған дейін суды ауылшаруашылық кооперативінен алып, ақшаны артық төлеп келген. Қорам арна тазаланбайтындықтан алқапқа жеткенше судың жартысы жерге сіңіп, ысырап болады. Биыл фермерлер кооперативке тәуелді болмайды. Енді суды еш кедергісіз Үлкен Алматы арнасы мекемесінен алады. Бұл саладағы су тапшылығының негізгі себептерінің біріне тоқталған жеке шаруа Арслан Манапов: «Тазаланбаған тоғандар арқылы өтетін су 3-4 шақырым ішінде біразы жерге сіңіп, көлемі азаяды. Сол шығынды ешкім көтермейтін. Негізі бұл шығынды шаруа қожалықтары өздері төлейтін. Енді қазір бізге су өлшегіштерін қойып беріп жатыр. Алқаптың басынан сол алған судың көлемін төлейміз», – деп ымыраға келе алмаған істің мән-жайын сұраған.
2015 жылдан бастап өңірде 24 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеп келеді. Олар суды Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналынан 1 текше метр үшін 78 тиын төлеп, шаруаларға бір гектар жер үшін 20 000 — 28 000 теңгеден сатқан. Осылайша, монополист ролін атқарған. Кейбір шаруа қожалықтарының 60 гектар жерді суарғаны үшін 1 миллион теңгеден аса ақша төлегені де белгілі болды. Қазір кооперативтердің жұмысы тоқтатылды. Мұндай бассыздықтан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облыстық департаментінің басшысы Серік Орымбетов: «Қазір Үлкен Алматы арнасымен отыз мыңдай шаруа қожалығы тікелей келісімшартқа отырды. Судың бағасы арзандады. Ол шаруа қожалықтарына қолдау деп ойлаймын», – деп шаруа қожалықтары үшін жағымды жаңалықтарымен бөліскен.
Антикор ақпараты бойынша, су бағасын негізсіз көтеріп, қымбатқа сатқан кооперативтердің іс-әрекетін облыстық прокуратура тексереді. Шаруа қожалықтарының құқықтарын қалпына келтіру мақсатында облыстық су шаруашылығы коммуналдық кәсіпорны құрылды. Қазір кәсіпорын су арналарын тазартумен айналысып жатыр. Нәтижесінде биыл 30 мыңға жуық шаруа қожалықтары суды қолайлы бағамен алады. Суармалы суға зәру жеке шаруа қожалықтарының нақты жағдайына тоқталған Қонаев атындағы үлкен Алматы каналының директоры Мейрам Арыстанов: «Шаруалар нақты алынған судың көлеміне төлейді. Мысалы, қазір біздің тарифіміз 0.7 тиын бір теңгеге де жетпейді. Жалпы, филиал бойынша қазір 20 пайыз шаруалармен келісімшартқа отырдық. Мына Қаратұрық массиві бойынша мамырдың аяғында су беруді бастаймыз», – деп атап өткен.
Бүгінгі таңда суару маусымына байланысты ең маңызды мәселелердің бірі – суармалы судың жетіспеушілігі. Бұл мәселе тек Еңбекшіқазақ ауданы ғана емес, облысымыздағы барлық аудандарда орын алуда. Суарылмалы су тапшылығын түбегейлі шешпей шаруашылық шалқымасы анық.
Зорагүл Әбдіқадір