Талғар аудандық полиция басқармасының мәліметінше, ауданымызда өткен жылы 156 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 22 адам қайтыс болған. Жарақат алғандар – 218 адам. Ал 2023 жылдың жарты жылында 135 көлік апаты тіркеліп, 134 адам жарақат алып, 23 адам көз жұмған.
Осы орайда ауданымызда болып жатқан жол-көлік оқиғаларының басты себептерін анықтау мақсатында аудан аумағындағы негізгі жолдарды аралап қайттық. Осы орайда көзімізбен көріп, өзіміз куә болған оқиғаларды тілге тиек етпекпіз. Олардың ішінде жүргізушілердің салғырттығынан жол ережелерінің бұзылуы, мас күйінде тізгінге отыру, тіпті жаяу жүргіншілердің де белгіленген жолақты місе тұтпай, жол ережелерін жиі бұзатынына күнде куә болатынымыз анық. Мұндай оқиғалар ондап саналса, ал бағдаршамдардың дұрыс жұмыс істемеуі немесе әлі күнге дейін қойылмауы да жол-көлік оқиғаларының орын алуына себеп болып отырғанын да айта кеткен жөн. Мәселен, шілденің 4-і күні Алматы-Көктал-Көкпек-Қорғас автомобиль жолы мен Кеңдала ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылының бұрылысындағы 28+200 шақырым жолда 05 АРО нөмірлі SUBARU жеңіл көлігі мен қарбыз тиеген Газель көлігінің соқтығысып қалғанына куә болдық. Оқиға куәгері Бақытжан Сададиновтың айтуынша, республикалық маңызы бар бұл жолда жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір жоқ, бағдаршам орнатылмағандықтан жол-көлік оқиғалары жиі болады. Қорғас шекара бекеті іске қосылғалы бері бұл жолмен жүйткитін жолаушылардың саны артқан. Жалпы ауданымызда бағдаршам, жол белгілері қажетті аумақтарға жеткілікті орнатылмағандығынан болатын оқыс оқиғалар аз емес. Бірі бауыр еті баласынан айырылып қу тізесін құшақтап қалса, енді бірі отбасының жалғыз асыраушысынан көз жазып, тағдырдың тәлкегіне тап болып жатады. Тосын келген апаттан аман қалғанымен, жарымжан болып қалған жандардың обалы кімде? Алланың жазғаны деп болған істі жылы жауып қоя салғанымызбен, «Сақтансаң сақтайды» деген сөздің босқа айтылмағанын естен шығармаған абзал.
2022 жылы 19 қыркүйекте Жаңалық ауылындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатып ажал құшқан 10 жасар баланың өлімін ешкім ұмыта қойған жоқ. Бір отбасының қабырғасын қайыстырып кеткен оқиғадан кейін ауыл тұрғындары қам-қарекетсіз отырған шенеуніктерге деген өкпесінің қара қазандай екенін жеткізіп, жолды да жауып тастаған. Сондай-ақ ол жерге бағдаршам орнатып беруді талап еткен. Оқиға орын алғаннан кейін тізгінұшымен орнатылған бағдаршамды қаршадай бала қаза болмай тұрып орнатуға болмас па еді?
Ал 2022 жылы қазан айында Талғар қаласындағы Лермонтов пен Абай көшесінің қиылысында болған жол апаты кезінде Абай көшесімен солтүстікке бет алған Renault көлігі оң жақта тұрған Audi автомобиліне жол бермей, бір-бірімен таласып, жарысып келе жатқанда неміс Sedan-нын тізгіндеген жүргізуші оқыс оқиғадан сақтану үшін оң жақтағы тротуарға шығып кетіп, жол жиегіндегі бірнеше адамды қағып, бірнеше адам жарақат алған. Адам шығыны болмағанымен, оқиғаның соңы жанжалға ұласып, тәртіпсіздікке ұласқан.
Халық жиі шоғырланған, үлкен аудан орталығындағы бағдаршамы жоқ жол қиылыстарында мұндай жағдайлардың жиі болатынын болжау үшін көріпкел болудың қажеті жоқ. Былтырғы жылмен салыстырып қарағанда осы жылы көлік апатының айтарлықтай артқаны байқалады. Тиісінше апат салдарының да аз болмағанын өзіңіз де бағамдап отырған боларсыз. Бұл жағдайдың бәріне бағдаршамның орнатылмауы себеп болған деуге болмайды. Десе де бірі жүргізушінің ағаттығынан болса, екіншісі қажетті жол белгілері мен бағдаршамның мүлде орнатылмағандығынан осындай оқиғалар жиілеп кеткен дегенді алға тартады тұрғындар. Бұл оқиғалардан қандай сабақ алдық? Болары болып, бояуы сіңіп, жұрт шулағанда ғана орнынан қозғалатын шенеуніктер мен осы уақытқа дейін аталған мәселеге жауапты мекемелер неге салғырттық танытты?
Аталған мәселе бойынша ешқандай жұмыс істелмеді деуден аулақпыз. Мысалы, 2021 жылы 13 бағдаршам орнату мақсатында құжаттар дайындалып, қажетті қаржыға өтінім берілген. Жыл басында жұмыс басталғаны да шындық. Алайда тым баяу жылжып жатқан жұмыс жыл соңында аяқтала ма? Жобаға нақты қанша қаржы бөлінді? Бөлінген қаржы мақсатты жеріне игерілді ме? Үш адам ажал құшқан Бірлік-Алмалық-Ақбұлақ-Қазстрои мен Глинки көшесінің қиылысында орнатылып жатқан бағдаршам жұмысының аяқталуына не кедергі? Бірлік-Алмалық-Ақбұлақ-Қазстрой автожолы мен Талғардағы Абай көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату жұмысы неге ұзаққа созылды? Жоғарыда аталған жол-көлік оқиғалары болған қиылыстарда бағдаршам орнату жұмысы әлі күнге дейін неге басталмаған? Ал адам аяғы үзілмейтін Талғар аудандық орталық ауруханасы орналасқан Павлов көшесі мен Мұратбаев көшесінің қиылысында бағдаршам қашан орнатылады? Талғар-Алматы тас жолының Талдыбұлақ ауылының тұсында орнатылған. бағдаршам пайдалануға дайын тұрғаныныа қарамастан, бүгінге дейін қосылған жоқ. Осы орайда талғарлықтар көп күткен бағдаршамдарды орнату жұмыстарының барысын жауапты тұлғалардан сұрадық.
Талғар ауданы тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Асхат Досжанов атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндап: «Талғар ауданында жол апаты жиі орын алуының басты себептері – мұнда қауіпті жол қиылыстары аз емес. Мәселеге қатысты арыз-шағымдар тұрғындар тарапынан жиі түседі. 2021 жылы ауданымыздағы 13 қауіпті жол қиылысында бағдаршам орнату жұмысына қажетті құжаттар дайындалып, өтініш беріліп, жобалық-сметалық-құжаты жасалды. Жергілікті жол полициямен бірлесе отырып, қауіпті жол қиылыстарын анықтап, бағдаршам қою жұмыстарын бастадық. Аудан бойынша 7 жерде, Талғар қаласы бойынша 6 жерде орнатылып жатыр. 2022 жылы тек 30 миллион теңге ғана бөлінді. Бұл қаржы мақсатты түрде игерілді. Бүгінгі таңда республикалық Алматы-Талғар-Бәйдібек би жолының Талдыбұлақ ауылына қарасты бөлігінде бағдаршам орнатылды. Жақында пайдалануға беріледі. Ал басқа мекен-жайлар бойынша бағаналар орнатылып, тиісті жұмыстар істелуде. Жер астымен тоқ өткізіліп трансформаторға жалғау жұмыстары жалғасуда. Абай-Спутник жаңа жолы ашыла салғанда 19 рет көлік апаты болса, оның екеуінде адам өлімі тіркелді. Бұл жерде де бағдаршам орнатылды. Сонымен қатар жол көлік оқиғасы жиі орын алатын Алматы-Көктал-Көкпек-Қорғас автомобиль жолы мен Еңбекші ауылының бұрылысындағы жолдың 28+200 шақырымында да бағдаршам орнатылады. Осыған дейін бұл жолға жарықтандырылған жаяу жүргіншілер жолы жасалған. Ал аудандық аурухананың қасында бағдаршам орнатуға байланысты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дегенді алға тартты. «Ресейден сапалы бағдаршам алдырдық. Бір бағдаршам орнату қажетті жұмыстарына, жер жағдайына қарай шамамен 15, 17, 20 миллион теңге жұмсалады. Бүгінгі таңда аталған жұмысқа тек 158 миллион теңге ғана бөлінді. Негізі жұмысты толық аяқтауға қажетті сума – 300 миллион теңге. Қалған қаржы жақында облыстық мәслихаттың шешімімен бөлінеді деген ойдамыз. Қорытып айтқанда, жұмыстың 25 пайызы орындалды. Орнатылған бағдаршамдар біраз апаттың алдын алатыны анық. Алайда тұрғында тағы да екі жерге бағдаршам қоюды сұрап отыр. Бұл мақсатта өтінім беріп, құжаттарын дайындап жұмыс істейтін боламыз. Облысымыздағы басқа аудандарға қарағанда Талғарда бағдаршам орнату жұмысы қарқынды жүріп жатыр деп сеніммен айта аламын. Жаяу жүргіншілер жолын жарықтандыру жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Осы жылы 21 бағдаршамды күтіп ұстау, 300 дана жол белгілерін орнату, 1000m2 ыстық пластикпен жолақ сызық сызу жұмыстарына 34,4 млн теңге бөлінген. 21 дана жарықтандырылған жаяу жүргіншілер өткелін орнатуға 19,5 млн. теңге қарастырылды. Адымен қала ішіндегі бағдаршамдарды орнатып болған соң ауылдық округтерде жұмыс жалғасады. Кейде ойламаған кедергілер шығып қалуы мүмкін. Мұның өзі уақытты алады», – дегенді де салаға жауапты бас маманның аузынан естідік.
Білуімізше, қазір наурыз айында жердің тоңы жібісімен басталған жұмыстың тек 25 пайызы ғана орындалған. Қажетті қаржының шамамен жартысы ғана бөлінген. 2023 жылдың жартысы көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Енді жарты жылда қалған жұмыстың 75 пайызы орындалады дегенге сенім аз. Ал орнатылып жатқан бағдаршамдар жұмысы осы жылы толығымен аяқталып, ел игілігіне беріле ме деген сұрағымызға А. Досжанов тиісті қаржы толығымен бөлінсе ғана жұмыс жыл соңында аяқталатынын айтып, нақты уәде бере алмады. Ал қаржы осы жылы толығымен бөліне ме, жоқ па, ол да белгісіз күйде қалып отыр…
2021 жылы басталған жұмыс келесі жылға созылса әлі қанша көлік апатына куә болып, тағы қанша адамның опат боларын болжау да қиын… Әрине жамандық шақырған жақсы емес. Алайда халқымыз «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді. Осы күнге дейін болып жатқан оқиғалардан сабақ алып, тізгінші де, жаяу жүргінші де, сала мамандары да өздеріне тиесілі сақтық шараларын қабылдаса, бәлкім талай адамның өмірі аман қалар ма еді деген ішкі пікір мазалайды. Қалай болғанда да «Сақтансаң сақтаймын» дегенді естен шығармаған абзал.
Зорагүл Әбдіқадір