Байқаудың бас жүлдесі Талғарға бұйырды

Байқаудың бас жүлдесі Талғарға бұйырды

Еліміздегі тіл саясатын қолдап, оны бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау, қазақ тіліндегі контентті ұлғайту және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында өткен «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» атты облыстық байқау мәреге жетті. Алматы облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастыр­ған бұл байқаудың мән-маңызы жоғары.

Оған 2023 жылғы 5 cәуірден бастап 2023 жылғы 2 тамызға дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген екі материалды, оның ішінде газеттер мен сайттарда жарияланған мақалалар, телевидение мен радионың бағдарламаларының да қатысуына мүмкіндік болды. Байқау­дың басты шартында «Қатысушылардан еліміздегі және шетелдердегі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мемлекеттік тілді дамыту және оның қолданыс аясын кеңейту жөніндегі мемлекеттік тілдегі, орыс және ағылшын тілдеріндегі материалдар қабылданады. Материалдар аналитикалық талдаулар, ғылыми зерттеулер, проблемалар мен олардың шешу жолдарына негізделуі қажет. Конкурс материалдарында қазақша сөйлеуді ұлттық брендке айналдырудың тиімді жолдары көрсетілгені жөн» деп атап көрсетілген. Аталған байқау­ға қатысуымызға себеп болған осы шарт екенін айта кеткен ләзім.
Жиын барысында сөз алған облыс­тық тіл басқармасының басшысы Айбол Нүсіпқожаев: «Тіл – бабаларымыздың ұрпаққа қалдырған мұрасы, аманаты. Бүгінгі күннің мерейі – ертеңгі күннің кепілі. Өз ана тіліміздің қадірін білу, өз тілімізде дұрыс сөйлеу – әр қазақстандықтың басты міндеті. Мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды дамытуда БАҚ-ның зор үлесі бар. Қазақстанның әлемдік өркениет алдындағы экономикалық, мәдени және әлеуметтік жағынан даму үшін оларды дамытатын бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы айырықша. Сондықтан еліміз бен тіліміздің қарқынды дамуын насихаттауда БАҚ-мен жүйелі жұмыс істеу ең алдыңғы шаруа болып есептеледі. Қазақстан республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілін дамыту, оның қолдану аясын кеңейту – бүгінгі күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелердің бірі. Мемлекеттік тіл – тек қазақтың тілі емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың ұлтаралық ортақ тілі. ҚР-сында тұратын таза ниеті бар әрбір азамат мемлекеттік тілді өзінің тірегі етіп, ол тілді жүрегімен сүюі тиіс. Қасиетті тілімізден түңілмейік, мүдірмейік, ағайын!» – деген келелі пікір айтты.


Байқау қазыларының төрағасы Дәурен Мақсұтжанұлы мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауда қалыс қалмай, қоғамдық маңызды мәселелерге үн қосып жүрген байқау қатысушыларына алғысын білдіріп: «Бұл ең алдымен ана тілімізге көрсетілген құрмет деп есептеймін. Екіншіден жалпы БАҚ-нда болсын, түрлі әлеуметтік желіде, мерзімді баспасөздерде қолданатын тіліміз – біздің ана тілге қосқан үлесіміз деп білемін. Ал осындай маңызды байқауды ұйымдастырып, ел ішіндегі таланттардың жолын ашып, бағын жағып, халыққа таныту – ол да оңай жұмыс емес. Үлкен әдеби-мәдени орталыққа айналып отырған Қонаев қаласының төрінде өтіп жатқан байқауға қатысушылардың саны да, сапасы да, дейгейі де жылдан жалға артып келеді. Еңбектеріңіз жанып, биіктерден көріне беріңіздер!» – деген тілегін жеткізді.
Ана тілден ақы дәмету ойымызда жоқ, мақсатымыз да емес. Байқаудан бас жүлде бұйырады деген де ой болмады. Бірақ «Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді» деген бар емес пе, бұл жеңістің мен үшін жөні бөлек. Қазақ тіліне – Ана тіліме қатысты болғанымен құнды. Осы уақытқа дейін ана тілге қатысты мәселелерді хал-қадірімізше көтеріп, түрлі республикалық баспасөз беттерінде бірнеше мақала жазып жүрсем де мұндай байқауға қатысу туралы ой келмепті. Бұл ретте аталған байқаудың шарттарын жіберіп, облыстық байқауға аудан атынан ат салысуға қамшы болған Талғар ауданы әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөліміне алғысымды білдіремін.


Осы орайда мемлекеттік тіл мәселесіне қоғамның назарын аударту мақсатында жазылып, қазақ тілге қатысты өткір де, өзекті мәселелерді көтерген және «Alatau zhulduzy» газеті мен alatau-zhuldyzy.kz сайтында жарық көрген «Қазақ тілінің қадамы нық болу керек», «Барлық мемлекеттік балабақшалар қазақ тілінде білім береді» атты мақалаларды байқау бәйгесіне қосқанбыз. Кең көлемде өткен облыс­тық байқауда Талғар ауданы топ жарып, бәйгелі болып, байқаудың бас жүлдесін қанжығалап қайттық. Алматы облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы А. Баратбекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға ұстазы «Серпер» сыйлығының иегері, Дәурен Мақсұтжанұлы, ақын, композитор, Алматы облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Нүсіпжанұлы Medialab коммуникация агенттігінің директоры, ақпарат саласының үздігі Ришат Асқарбекұлы сынды айтулы азаматтар қазылық еткен аламанға кіл мықтылар қатысқанын бағамдау да қиын емес. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының ашық дауыс беру қорытындысы бойынша анықталған аламанның алдында келгендер қатарында бірінші орынды иеленген қарасайлық әріптес Ақтоты Мырзабекқызы, екінші орын алған еңбекшіқазақтық Құралай Мұратқызы, үшінші орынға табан тіреген Зарыққан Есілбаев, Толғанай Бейсенбаева, «Үздік мақала» иегері Бақтығали Дәуітбаевтар бар. Ал Тұрсынбек Жалғасбаев, Аружан Мәуленбай, Бұрым Орынбасар сияқ­ты қаламы қарымды әріптестерге аталған басқарманың ынталандыру сыйлығы бұйырды.

Жанбота Сұлтанмұратқызы