Биыл Алаш жұртының әйгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толды. Осыған орай жер-жерде тағылымды іс-шаралар да көптеп өтіп жатыр. Соның бірі – 5 шілде күні «Сенімен болашақ» РҚБ ұйымдастыруымен өткен шара. М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтымен бірлесе ұйымдастырылып жатқан симпозиумға қазақ тарихы мен әдебиетіне еңбегі сіңген зиялы қауым өкілдері, ЖОО, мектеп, кітапхана басшылары, БАҚ өкілдері, Алматы облысына қарасты аудан әкімдігінің мамандары қатысты.
Бұл шараның негізгі бөлімінде бірлестік құрылтайшысы Нұркен Асановтың бастамасымен және М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолдауымен шығарылған М.Көпейұлының бес томдық таңдамалы шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Шараның мақсаты – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан философ-ақынның рухани мұрасын дәріптеу, тұлғаның зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту. Әдебиет және өнер институты білікті мамандарының күшімен және мұрагерлерінің қолдауымен бұрынғы текстологиялық қателіктері қайта түзетіліп шыққан кітаптың тұсауын Алматы қаласы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Мамай Ахет, Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы Төлеби Оспан және №81 мектеп-гимназиясының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жансая Сәдуақасқызы кесті.
Бұл ретте «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, идея авторы, бүгінгі іс-шараға арқау болып отырған кітаптың жарыққа шығуына септігін тигізген азамат Нұркен Жарылқапұлы бұл кітап студенттерге, мектеп оқушыларына, жалпы кітапсүйер қауымға арналған баға жетпес қазына екендігін атап өтті. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Төрәлі Еділбайұлы кітапты таныстырып, баяндама жасады. Жарыссөзде М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, мәшһүртанушы М. Ахет кітаптың құндылығы, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне тигізетін пайдасы жайлы ой өрбітіп, кітаптың жарыққа шығуына себепкер болған жандарға алғыстарын жеткізді.
Модератор «Сенімен болашақ» РҚБ -нің журналисі М. Дүйсенғалиева кітап туралы пікірін айта келіп, кітап Алматы қаласы мен облысы бойынша 40 мекеме мен ұйымға, яғни мектеп, кітапхана, ЖОО және мешітке үлестірілетінін айтып, құттықтады. Бабамыздың ғасырлар бойы қатталған ұлы мұрасын болашақтың игілігіне айналдырып, кітаптың шығуына қолдау танытқан жандарға жұртшылық ризашылығын білдірді. Камнұр Тәлімұлы, ақын, жазушы, «Тіл» оқыту орталығының Талғар аудандың бөлімінің басшысы: – Мәшһүр Жүсіп бабамыз – ұлтымыздың ұлы перзенттерінің бірі. Қазақ руханиятының бастауында тұрған тұлғалардың қатарынан саналады. Оның шығармашылығын жас ұрпаққа таныстыру – кезек күттірмес маңызды іс. Осы ұлы іске кәсіпкерлеріміздің көңіл бөлуі – бізді расымен қуантып жатыр. Бес томдық шығармалар жинағына қаржысын салып және оны керек деген ортаға тегін таратып жатқаны – кез келген кәсіпкердің қолынан келмейтін дүние. Сондықтан игі істің басында болып марқайып қайттық.
Меруерт Дүйсенғали