«Ашық НҚА» порталында алдағы уақытта Алматы қаласындағы жол жүру ақысы қымбаттайтыны туралы ұсыныс жазылған қалалық әкімдіктің қаулысы жарияланды деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі. Қаулы жобасына сәйкес Алматыда жолаушылар көлігіндегі тарифтерді қайта қарау және оларды жол жүру картасымен төлеу кезінде 100 теңге және қолма-қол ақшамен 200 теңге мөлшерінде белгілеу ұсынылған. Демек қалааралық жолақысы 25-33%-ға өседі деген сөз. Қазіргі кезде жолақысы «Оңай» картасымен 80 теңге, қолма-қол төлеу 150 теңге екені белгілі.
Алып қала Алматының іргесінде отырған Талғар ауданы халқының көбі қалаға қатынап жұмыс істейтіндіктен, маңызды ақпаратты ұсынып отырмыз. Алда сабақ басталатын уақытта жақын. Ол кезде балалардың да алматылық мектептерге барып білім алатындары аз емес. Ал жолақысына төленетін ақшаның аспаннан түспейтіні анық. Қымбатшылық қысып тұрған уақытта қалтаға да салмақ түсіретін жолақысының қымбаттауы жағымды жаңалық болмаса да, біле жүріңіз. Мүмкін артық-ауыс дүниеге жұмсайтын ақшаңызды үнемдеуге де сеп болар. Агенттік ақпаратына жүгінсек, Алматы қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев бүгінде қаладағы қоғамдық көліктерде жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз төлем әдісімен төленген кезде 80 теңге екенін түсіндіре келе, жол тарифтерінің 2012 жылдан бері өзгермегенін тілге тиек ете отырып: «Соңғы 11 жылда тасымалдаушылар көтеретін шығыстардың барлық баптары бойынша құн айтарлықтай өсті. Мысалы, дизель отынының құны 90 теңге болды, ал бүгінгі күні 295 теңгеге (+328%) тең. Газдың құны 33 теңге еді, бүгінгі күні 108 теңге (+327%) мөлшерінде белгіленген. Автобустардың құнын қоса алғанда, қалған шығындар бойынша да осындай жағдай. Бұл шығындар тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау көлеміне тікелей әсер етеді.
Биыл субсидиялаудың болжамды көлемі – бекітілген тарифке сәйкес шамамен 85,5 млрд теңге. Осылайша қоғамдық көліктегі тарифтің қолданыстағы құны сақталған жағдайда субсидиялау мөлшері жылдан-жылға ұлғаятын болады. Бұл жергілікті бюджетке үлкен жүктеме түсіреді. Осыған байланысты 2023 жылы тарифтің құнын қайта қараудың шұғыл қажеттілігі туындайды. Қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде 100 теңге және қолма-қол төлеу кезінде 200 теңге мөлшерінде белгіленсін. Мұндай жағдайда субсидиялаудың болжамды көлемі 2023 жылы 10 млрд теңгеге қысқарады», – дегенді алға тартқан. Сала басшысының айтуынша, 2017 жылдан бастап 2022 жылға дейін субсидиялар көлемі 13,8 есе көтерілген. Яғни 6,9 млрд теңгеден 50 млрд теңгеге дейін өсті. Есептеу әдістемесіне сәйкес қоғамдық көлікте орташа құн биыл 425 теңгеге өсетіні айтылды. Құжатта көрсетілгендей, Астанада тарифтің құны – 90 теңге және 180 теңге, ШҚО-да – 90 теңге және 130 теңге, Жамбыл облысында – 85 теңге және 130 теңге, Қостанай облысында – 100 теңге және 170 теңге мөлшерінде белгіленген. Аталған құжат 21 шілдеге дейін «Ашық НҚА» порталында жария талқылауда болады. Қаулы ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Осы орайда Талғар ауданына қарасты ауылдардың арасын жалғап жүрген «Тұлпар Экспресс» ЖШС-нің директоры, әрі Талғар аудандық мәслихат депутаты Бауыржан Әукенұлына хабарласып, аудандағы жолақы ахуалының мән-жайын білдік. Депутаттың айтуынша, аталған ЖШС-не қарасты автобустарда жолақысы әзірге қымбаттамайды. «Біз еш өзгеріссіз жүреміз. Жолаушылар «AlemPay» жол жүру картасы бойынша әдеттегідей 80 теңге, қолма-қол төлегенде 150 теңгемен жүре береді. Қолдан келгенше халыққа қарасып, бағаны көтермеуге тырысамыз», – деген ол: «Халық автобусқа кіргеннен жол ақысын уақтылы төлеп, жүргізуші берген билетінің уақытын, күнін және билеттің үлкендер мен балаларға арналғанын тексеріп, қадағалап жүрсе жақсы болар еді. Қазіргі кезде халықтың көбі жолақысына деп ақшасын төлейді де, билетін алмайды. Ал ол ақша жүргізушінің қалтасына кетеді деген сөз. Сондықтан жүргіншілердің төлеген жолақысы ЖШС есепшотына толық түспейді де, айдың аяғында салық төлеу мен айлық беруге келгенде қиналып қаламыз. Ал автобус жүргізушілерінің айлығы талапқа сай және уақтылы төленіп келеді. Осы мәселені халыққа сол жеткізсеңіздер», – деген өтінішін де айтып қалды.
Дұрыс-ақ, қала іші мен ауыл арасы жақын болғандықтан билет алуға мән бермейтініміз рас. Есесіне «жүргізуші билет бермейді, қалтасына кетіп жатыр» деп оңды-солды соға салатынымыз да өтірік емес. Бірақ сіз талап етсеңіз, билетті беруге міндетті болатын жүргізушінің қарсы уәж айтуға хақы жоқ екенін де білесіз. Ендеше жолақысын төлегенде жол жүру билетін алуды да ұмытпайық, ағайын! Аяқ астынан тексеріп қалса, билет алмаған сіз де, билет бермеген жүргізуші де кінәлі болып шыға келетініңізді қаперде ұстаған жөн.
Тексеріп қалса демекші, автобусқа отырып алып, билет алмақ түгілі, жолақысын төлемейтіндердің де қарасы аз емес екені ақиқат. Олардың «Жолақысын жемейді» деген қазақы тәмсілдің астарын ұқпайды дегенге кім сенеді?! Осындай тексерістерде (атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық, басшылығы онсыз да біліп отыр) жолақысын төлемеген жұрт билет тексеруші кіріп келгенде жапатармағай волидаторға жүгіріп, жүргіншінің де, жүргізушінің де мазасын ала жөнелетінін күнде көреміз. Бұл жолақысын жегеннен бөлек, мәдениетсіздіктің белгісі емес пе?! Бүгін сіз төлемеген жолақының ертең сізден қанша қаражат болып шығынға шығатынын ойлап көріңізші…
Бұл ретте жүргізушілердің де аппақ болып тұрғаны шамалы. Бәріне күйе жағудан аулақпыз, десе де үлкен адамның жолақысын алып тұрып, көз алдында алдап баланың билетін ұстатып жіберетіндері де жетерлік. Ал тексеруші келгенде билет алдым деп тұрған жолаушының көптің ішінде беті шиедей болып, баланың билетімен кетіп бара жатқанын бір-ақ білетін кездері де жиі кездеседі. Осындай келеңсіздіктердің алдын алып, жүргізуші де, жолаушы да жолақысы мен билетіне мұқият болса, нанын адал тауып жүрген адамдардың еңбегі еш болмас еді. Сондықтан жолаушы жөніңді біл, жүргізуші сен де абайла дегіміз келеді. Өйткені «Өлімнен ұят күшті».
Жанбота Сұлтанмұратқызы