Ендігісі еститін үкіметтің құлағына жетсе болғаны
Кеше ғана демалысқа шыққанымен аптап ыстықта ел аралап, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын тыңдап жүрген депутаттар жұрттың жанайқайын еститін үкіметтің құлағына жеткізу мақсатында Талғар ауданына да табан тіреді.
ҚР Парламентінің депутаттары Мақсат Толықбай пен Максим Рожин келеді дегенді естіген жұрт сейсенбіде Талғар қаласындағы медициналық колледждің акт залына сыймай кетті. Себеп белгілі, ел ішінде қордаланған мәселе көп. Жеке мәселесінің мән-жайын жеткізіп, реті келсе табан астында шешіп беруді талап еткендердің де қарасы аз болған жоқ. Аталған қоғамдық қабылдауға облыстық «АМАНАТ» партиясы филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев, аудандық филиал төрағасы Серік Дүмшебаев, аудан әкімі Таңат Айдарбеков те қатысты.
«Біздің мақсат – сіздермен кездесіп, Талғар ауданындағы мәселелерді өз ауыздарыңыздан есту. Сөйлегісі келетін адам көп болғандықтан белгілі бір регламентпен жұмыс істесек. Ортақ мәселелер баршылық. Бәлкім жеке сұрақтарыңыз да бар шығар. Сондықтан сұрақ қоймас бұрын міндетті түрде аты-жөндеріңізді айтсаңыздар. Түртіп алу үшін бұл өте маңызды. Ортақ мәселелерді өзара мәмілеге келіп, бірге жеткізсеңіздер. Бәріңізді тыңдауға әзірміз. Бүгінгі күніміз осында сіздермен өтеді. Бірақ бір-біріңіздің сөздеріңізді үзбей, мүмкіндігінше кезек сақтауларыңызды сұраймын. Егер жергілікті жердің мәселесі болса қасымызда аудан әкімі де отыр. Өзіне бірден сұрақ қоюға болады», – деген депутат М. Рожиннің сөзін мақұлдаған сыңай танытқанымен, жеме-жемге келгенде айтылған мен мақұлданғанның бәрі желге ұшты.
Аудан атқамінерлерінен басқа, ауылдық округ әкімдері де төбе көрсеткен жиынды келелі кеңес болды деуге келмейді. Бір-біріне микрофон бермей, кезек сақтамай өзара салғыласқан жұрттың айтқанынан, айқайы көп болғандықтан, кейбір адамдар көтерген маңызды мәселелер естілмей қалды. «Үміт еткен көзімнің нұры балам» деп танымал депутаттарға тілекші болып келгендердің де көтерер мәселесі болғанымен кезек тимеді. Тіпті есік алдында шетқақпай қалып, арбамен отырған мүмкіндігі шектеулі ағаны «айтарыңыз болса депутаттардың алдына алып барайын» дегенімде: «Қарындасым, біз жай ғана кезекпен сөйлеуді білмейміз ғой. Ана топтың ішіне кірсем шыға алмай қалармын…» деген пұшайман күйін көргенде жан дүниемнің алай-дүлей болып кеткенін де жасырмаймын.
Қош, сонымен жиынға келген халықтың басым бөлігінің басты мәселесі — өңірде ушығып тұрған инфрақұрылымды дамытудағы олқылықтар мен жер, ауыз су, жол, газ құбырын тарту мен жарыққа қатысты мәселелер күн тәртібінен түспей келеді. Әлеуметтің әлеуетін көтеру мен жеке кәсіпкерлікті жандандыру мақсатында атқарылып жатқан істердің де кем-кетігі назардан тыс қалмады. Оның ішінде халықтың жан жарасына айналған мәселенің ең үлкені – саяжайларға ауыл статусын беру де бар. Өйткені мәселесін мәмілемен шеше алмаған саяжай тұрғындарының жанайқайы – бұған дейін де талай айтылған қордаланған мәселенің бірі. Барлық қиындығын өздері шешуге үйренген жұрттың уәжі де орынды. Оларға үкіметтен бір тиын да бөлінбейтінін ескерсек, ол жерлерде заманауи өркениеттен қол үзіп отырған халық бар екенін де естен шығармаған абзал. Себебі сайлау кезінде дауысы, халық санағы кезінде саны ғана керек болатын халықтың көп бөлігі бұл күнде саяжайларды мекендейді. Басқа уақытта толарсақтан саз кешіп, тар жерді тамаша қылып отырған ел баласын батпақта алыс ауылдардағы мектепке тасып, жарықсыз, жолсыз, сусыз отырғаны өтірік емес. Ендеше дауысы керек ағайынның дауының да орны бар екенін атмінерлер қаперіне алса игі. Бұл ретте депутат Мақсат Толықбай: «Парламентте бірінші көтеретін мәселем – осы – саяжай мәселесі болады. Арнайы отырыс өткізіп, 1,5 миллион халықтың мәселесін көтеруге уәде берем. Трасса жекенің қолында, жарық жекенің қолында, жол, су жекенің қолында. Көтеретін мәселе өте көп. Сіздер барлық саяжайдың атын қағазға тізіп жазып беріңіздер. Мәселені сол бойынша ретімен қарастырайық…», – дегенде мәселесі табан астында шешілгендей қуанған жұрт қол соғып, шулап кетті.
ХХІ ғасырда өзгелер аспан көліктерін ауыздықтап, марсқа қоныстануды ойлап жатқанда үкімет бюджетінен соқыр тиын да бөлінбейтін саяжайларда өркениеттен қол үзіп отырған халықтың бір ауыз сөзді де медет тұтар халге жеткеніне куә болдық… Соқыр тиын демекші, «Саяжайға бюджеттен бір тиын да бөлінбейтінін» бұған дейін Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Нұрдәулетұлы да ашып айтқан. Осы жолы оны аудан әкімі Т. Айдарбеков пен халық қалаулысы М. Толықбай да шегелеп айтып, шегендеп түсіндірді. Бұл ретте А. Өмірбеков алдағы уақытта саяжайларға ауыл статусы берілетін болса округке бөлінетін онсыз да аз бюджеттің бүйірі тесіліп, түкке жетпейтінін жеткізіп, ел игілігі үшін бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту керек деген ұсыныс та білдірді. Әркімдікі сияқты, әкімнің де бұл айтқанының жаны бар екені ақиқат.
Жиын болған соң талай қордаланған мәселелердің тілге тиек болары анық. Алайда мына бір мәселе назарды ерекше аударды. «Былтыр тамыздан бастап Белбұлақ ауылында Вячеслав Коволев жер сатамын. Ол 1 наурызда дайын болады деп 250 адамнан қомақты қаражат жинап алған. Менде 5 балам бар. 3 учаскеге 7 миллион 800 мың теңге беріп қойдым. Содан бері не жер жоқ, не ақшамыз жоқ. Аудандық, облыстық прокуратураға да арыз жаздық. Осыған қарамастан ол адам не ұсталмады, не жауап бермеді, не қаражатымызды қайтармады. Сандалып жүрміз. 3 ай болды. Қол ұшын беріп көмектессеңіздер. Егер біз секілді қарапайым адам жай ғана бірдеңе бүлдірсе дереу келіп кісендеп, апаратын жерге аяқ-қолымызды тигізбей әкететін еді», – деген ауыл тұрғынының сөзін растаған заңгер Ботагөз Қарағожаева: «Әркім әр түрлі көлемде ақша беріп, алданып отыр. Неге Талғар ауданы біздің өтініштеріміз бен арыздарымызды қабылдамайды? Алаяқтыққа қатысты 193-бап бойынша іс қозғалуы керек болса да, еш қайран болмай тұр. Жанымен жан сақтаған халықтың біреуі 24 миллион, біреуі 7, бірі 5 миллион, кейбірі 500 мың теңгеге дейінгі қаражатынан айырылып отыр…Бізде заң бар ма өзі?!» – деп ашынды. Тіпті Алматыдан келіп аталған алаяқтан жер алам деп алданған Мөлдір Қожахметова өзіне тиесілі болған жердің 1-2 емес, 70 адамға сатылғанын айтқанда ұстауға жағамызды таппай қалдық. Ал бұл мәселе жеке адамдардың мәселесі екенін айтқан аудан әкімі мұны тек заң орындары шешпесе, аудандық атқамінерлердің қолынан ештеңе келмейтінін жеткізді.
Айта кетейік, елдің мұң-мұқтажын, талап-тілегі мен ұсыныстарын мұқият тыңдаған халық қалаулылары осында көтерілген барлық мәселелерді жеке-жеке қарап, мінберде көтеріп, реті келгенше шешілуіне атсалысамыз деген уәде берді. Сондай-ақ жиын барысында және жиыннан соң да аудан, қала, ауыл әкімдері де өздеріне қойылған сұрақтарға жауап беріп, аудан тұрғындарының арызы мен өтінішін тыңдап, барынша жауап беріп жатты. Естір құлақ пен мінберге жеткен мәселенің бәрі болмаса да, біразы ел мүддесіне шешіледі деген сенім бар.
Жанбота Сұлтанмұратқызы