Биыл Қожеке Назарұлының дүниеге келгеніне 200 жыл толды. Ұлы күйші, қол бастаған батыр Қожеке 1823 жылы жер жанаты Жетісудың Қарқара жайлауында өмір есігін ашқан. Оның ұрпақтары бүгінгі күні Аспантау етегінің арғы, бергі бетінде өмір сүреді. Қожеке Назарұлы – аруағынан ат үркетін қаракөктің тұқымы. Қазақтың шежіресі бойынша Әлмерек абыздан тараған Құрман руының Елікбай атасынан тарайды. Айтуларға қарағанда, Қожекенің атасы Қасабай елге танымал күйшілердің бірі болған. Талантты да, зерделі Қожеке қаршадайынан атасы Қасабай шерткен халық күйлерін үйренумен бірге, ел арасындағы атақты күйшілерден де тәлім алған. Кейін өз алдына күй шығарға бастаған ол «Бала күйші» аталған. Қожеке Назарұлы – киелі де, текті елдің аты аңызға айналған ұрпағы.
Жетісу күй мектебінің атасы
Елге аты танымал ақын Шалтабай Алпарұлының:
«Қожеке, сенің әкең Назар еді,
Назардың жүрген жері базар еді.
Іліпбай, Саурық ағам тірі болса,
Шірітіп абақтыда қояр ма еді?», – деген өлең шумағы Қожекенің әкесі Назардың да ел ішінде сал-сері болғанын білдіреді. Қ. Назарұлы қасиетті Аспантау етегін жайлаған ән мен күй, жырдың мекеніндегі өнер алыптарынан тәрбие алса, көкірегі ояу, көзі ашық атасы Қасабай мен әкесі Назардың да тәрбиесі оның ұлы композитор, дәулескер күйші болуына тікелей ықпал еткен.
Қожеке Назарұлы он жасынан бастап Жетісу халқы ішінде таралған күйлерді нақышына келтіріп шертсе, ат жалын тартып, азамат болғаннан кейін өз алдына күй шығарып, қазақтың шертпе күй дәстүріне мұрагерлік етті және оны дамытты. Мысалы, Қожекенің шығарған «Боз жігіт», «Жиренше», «Жиреншенің Қарашашты жоқтауы», «Раушан», «Бөлтірік», «Сайрам көл», «Көрұғлы сұлтан», «Қамбарқан», «Біржан сал» т.б. күйлері оның дәлелі. Қожеке күйлерінің көтерген идеясы мен мазмұнына қарай жан-жақтылы зерттеуді қажет етеді. Оның шығармалары Жетісу өңіріндегі Аспантауды жайлаған елдің шежіресі, тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, тіршілік-тынысы, күн көрісін сипаттап, ұлттық бояуы қанық ерекшелігімен тыңдармандардың жүрегіне терең тамыр тартқан. Қожекенің «Қолға алынар алдында», «Түрмедегі қинау», «Кер толғау», «Шалқайма» секілді күйлері тарихи оқиғалардан сыр шертсе, «Арыздасу», «Естірту», «Арман», «Нұрқаны жоқтау», «Күй шақыртқы», «Қос келіншек», «Тарпу» т.б. күйлері халықтық салт-дәстүрмен сабақтасып жатады. Қожеке Назарұлының өмірінің біраз бөлігі Қытайда өтті. Азапқа толы қамшының сабындай қысқа өмір жолында халықтың қуанышы мен қайғысын арқалай жүріп, керемет тыңдармандардың көңілінен шығатын 100-ден аса күй шығарған.
Қожеке күйші аласапыран уақытта Қазақстанның Жетісу өңірінен Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қоныс аударған. Бұл туралы хатқа түсірілген тарихи дерек бар.
1862 жылы патшалық Ресей Жетісу қазақтарын қарулы күшпен басып алады. Сол жылы маусым айының 24-і күні қазақ ұлтының батыры Саурық Алпарұлы бастаған малшылар қарауыл ішіне көшіп келіп, мал бағып күн көреді. Олар Іле генерал мекемесінің Миң Жюйға табыс еткен бір парша он екі ру басының бармақ басылған қағазында «…Біз жеті атамыздан ұлы патша ағзамның жеріне көшіп-қонып жүргелі 140 жылдан асты. Ал бүгін орыстар біздің көшіп-қонып жүрген жерімізден өзімізді қуып, ата жұртымызды тартып алмақшы, орыстар бағыныңдар дейді… Біз бағынбаймыз…» («Шыңжаң жергілікті тарихы», орта мектеп оқулығы, 166-бет) делінген. Міне, осы тарихи деректерде қазақтар ата қоныс етіп келген байырғы мекені Ілеге қайта қоныс аударады. Өйткені Іле өңірі сонау Үйсін хандығы кезінен бастап қазақтардың атамекені екеніне тарих куә.
Қожеке Назарұлы ең алғаш 1850 жылдардың ішінде Шыңжаң өлкесіне қоныс аударған. Сол сапарында Қожеке батыр 25 үйді бастап, Алтай, Үрімжі, Тарбағатай, Бұраталаны басып, ең соңында Іленің Текес өңірінің Шоңқұштай деген жеріне ат басын тіреген. Сол көшкен ауылды ел «25 үйлі Қожеке» деп атап кеткен. Қазір Тарбағатай аймағында Қожекенің атымен аталатын жер аттары да бар. Қ. Назарұлы Чиң патшалығына қарсы шаруалар көтерілісіне белсене қатысады. Шаруалар көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан кейін, Қожекенің соңына қуғын түседі. Содан көп ұзамай Қожеке ауылын бастап Қытай жерінен Сүмбе шекарасы арқылы Нарынқолды басып өтіп, Кегенге қашып келеді. Жетісу жеріне келгеннен кейін, аталас туысы Тазабек батырмен тізе қосып, патшалық Ресеймен күреседі. Ресей үкіметі Тазабекті шақырып, көтерілісті тоқтатуды талап етеді. Тазабек батыр бұдан бас тартады. Содан Қожекенің де артына қуғын түсіп, 1860 жылдардың соңы Қытай жеріне қайта кетуге мәжбүр болады. Аумалы-төкпелі заманда жасаған Қожеке, Тазабек, Саурық батырлардың өмірінің соңғы кездегі тағдырлары аса аянышты, өте ауыр болған. Бірақ елі үшін еңіреген осы үш арыстың мәртебесі уақыт өткен сайын халық жүрегінде Хантәңірі шыңындай биіктей берді.
Патшалық Ресей арғы-бергі беттегі елдің ішінен «Тазабек оқиғасына» қатысы бар адамдарды көп жыл жасырын анықтайды. Солардың тізімдігінде Қожеке батыр ең қауіпті адамдардың бірі саналды. «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» дегендей, 1881 жылы Қожеке «Шекарадан өткен керуенді тонады» деген нақақ жаламен Іле генерал мекемесі жағынан тұтқындалып түрмеге жабылады. Әйгілі күйшінің Сүйдің-Күре түрмесіне қамалғанынан хабар тапқан қызай елінің төресі Құдайменде Бөтекеұлы (1832-1889) Іле генерал мекемесінің ұлықтарына барып, Қожекені арашалап алу үшін барын салады. Бірақ Құдайменде төре жауыз ұлықтардың қолынан күйшіні арашалап ала алмайды. Халықтың аяулы батырын адам төзгісіз айуандықпен азаптайды. 1885 жылы жауыз ұлықтар таскөмірдің шоғын жотасына басып, азаппен өлтіреді. Оның сүйегі Қорғас өңірінің Жанбұлақ қабырына жерленді.
Қ. Назарұлының өмірден өткеніне 200 өтсе де, артына қалдырған асыл мұрасы қара орман халқының рухани өміріне сәулесін шашып келеді. Оның «Мұңлық-Зарлық», «Біржансал», «Аққу», «Ағарсынның тоқыны», «Арман», «Бәйекенің естіртуі», «Кертолғау», «Қолға алынар алдында», «Түрмедегі жоқтау», «Сайрам көл» т.б. жүзден астам күйлері әуе толқыны арқылы әлем қазақтарына таныс. Әйгілі композитор, дәулескер күйші, ел қорғаған батыр Қожекедей өнер алыбының саф алтындай мұрасы құнын жоймай, халық көкірегінде көнермей мәңгі жас қалпында қалды. Міне, бұл оның күйлері өз халқымен тағдырлас, мұңдас, тілеулес болғанын аңғартады. Күй тілінде ерекше құдіретті мұңлы сарын бар екенін сеземіз.
Қожеке – қатардағы қарапайым ғана күйші емес. Ол – Жетісу күй мектебінің атасы. Оның күйлерін Қазақстан мен Қытай қазақтары бірлесе зерттеп, мұрагерлік етіп келеді. 1984 жылы Қытайда көрнекті ақын, жазушы, журналист Тәліпбай Қабаевтың бастамасымен Қожеке Назарұлы мұрасы туралы «Күй толқыны» атты кітап Шыңжаң жастар-өрендер баспасы басып шығарып, өнер танушылардың қызу алқауына ие болды. 1998 жылы Қазақстанда Сағатбек Медеубекұлы мен Базаралы Мүптекеевтың шығарған «Жетісудың күйлері» атты кітапқа Қожеке күйлері енгізілген. Ұлы күйшінің бірден-бір мұрагері – күйші, композитор Рақыш Қожекеұлы (1878–1951) деп айтуға әбден болады. Ол әкеден жастай қалса да, ес жиып, етек-жеңін түзегеннен кейін ел ішінде тараған әке мұраларын жинады әрі мұрагерлік етті. Көне көз ақсақалдардың айтуына қарағанда, Рақыш Қожекеұлы шығарған «Той қуанышы», «Қоштасу», «Бірлесу», «Шай ішердегі күй» т.б. күйлері әлі күнге дейін ел ішінде орындалып келеді.
Қазақтанушы Ақселеу Сейдімбеков «Қытай жерінде, Шыңжаң өңірінде Қожеке Назарұлы деген әйгілі күйші өткен. Қазақстанның шығыс өңіріндегі күйшілік мектептің өкілі ретінде Қожекенің дарын тегеуріні Құрманғазы, Тәттімбет сияқты ұлы күйшілермен өрелес», – деген әділ де, салмақты көзқарасы терең ой салады. «Жақсының аты өлмейді», күреске толы өмірінде халқының арман-мұратын басты орынға қойып, сол мұрат жолында жанын пидп еткен күйшінің өмір жолы ұрпақтарына өнеге. Артында қалдырған үйлері халқының рухани қазынасын толтырып, өзінің де, өзі бастаған елінің де тартысқа толы тағдырынан сыр шертіп тұр.
Зорагүл Әбдіқадір