Асық атауларын білесіз бе?

Асық атауларын білесіз бе?

Баласы мен немересіне алдымен асық жинайтын қазақтың көке­йінде талбесіктен берілетін тәрбие мен оның өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, құлшынысын оятуып, ұқыптылыққа үйрету екені белгілі. Сол себепті асықтарды түр түсіне, пішініне қарай атау беріп, тіпті көздің жауын алатын түстерге де бояп беретіні тағы бар. Мәселен, massaget.kz сайтында мынадай ақпар берілген:

Асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңның санының орта тұсында орналасқан асық жіліктен алынады. Оның түрлері көп. Атап айтқанда: Сақа – асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Бұл асық жеткен еркек қойдан (серкеден) немесе қошқар-текеден алынады. Асықтың түрлері: Кеней – көпшілік ойнау­ға арналған қарапайым асықтар. Шүкейт – жас малдың асығы, қойлық – қойдың, ешкімек – ешкінің, құлжа – құлжаның асығы, ал арқардың асығын қолқар дейді. Көктабан – қорғасын құйылған салмақты сақа асық болса, топай – сиырдың асығы. Жабай деп ірі асықты айтады.
Асықты иіргенде түсетін қалыбына қарай алшы, тәйке, бүге, шіге, омпы, шоңқай деп аталатын үлкендер мен ауыл балалары болмаса, қала балаларының көбінің одан хабары жоқ.
Уикипедия ашық энциклопедиясының мәліметіне жүгінсек, құлжа мен қоңқарды ертеде бай-бағланның балалары ұстайтын. Салмақты, қолға қолайлы асығы бар баланың мерейі үстем болып, қас қатар тізілген асықтарды көздеп тұрып атқанда ауыр салмағымен-ақ жан-жаққа шашып жібереді. Мұндайда ұту мүмкіндігінің жоғары екені айтпаса да түсінікті. Кедей-кепшіктің балалары «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз ақылы асса аға тұт» деп қулана мақалдап та қоятын.
Жеке немесе топталып ойнайтын асық ойынтарының түрлері көп. Олардың арасында ерекше кең таралғаны «Асық ату», «Хан талапай», «Бүк-шік», «Аламан», «Хан», «Өріс» деп тізбектеліп кете береді. Қарап отырсаңыз атауларының өзі-ақ қазақ халқының ұлттық болмысы мен мәдениетінен және балаға беретін тәрбиесінен хабар беріп тұрғандай. Ойын барысындағы ұту мен ұтылу, жеңу мен жеңілу, өзара бәсекелестік пен ымыраға келудің адами қарым-қатынастарды қалыптаструда да маңызы зор. Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі десек қателеспейміз. Сондықтан ырыс пен ынтымаққа бала жастан баулитын асық ойындарын балаларыңызға үйретіп, реті келсе өзіңіз де ойнай жүріңіз. Себебі, асық ойнауды денсаулыққа да орасан зор пайда бар екені дәлелденген. Оның үстіне қазақы қалыпты бойына сіңіріп өскен баланың елге, жерге деген сүйіспеншілігі артып, айналасына құрметпен қарауға да үйренері хақ.

Үміт Тілеке,
ұстаз