Шілдеден бастап елімізде бірқатар құжат күшіне еніп, коммуналдық қызметтер тарифі, темекі, сұйылтылған мұнай газы бағасы көтеріледі. Сонымен қатар таяуда қабылданған жаңа Әлеуметтік кодекс толыққанды күшіне енеді. Кодекс аясында кейбір жәрдемақы мөлшері артып, зейнетақы жүйесінде өзгерістер болады.
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақстандықтар төрт күндік жұмыс аптасына ресми түрде ауысады. Еңбек кодексіне көптеген толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы және толық емес жұмыс аптасы қарастырылды. Жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісімі бойынша бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасын кезектестіру құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге рұқсат беріледі. Төрт күндік жұмыс аптасына көшкендерге үстеме жұмыс үшін қосымша ақы төленбейді. Осыған байланысты 78-баптың 2-тармағы үстеме жұмыстардың шекті санын 4, 5 күндік жұмыс аптасына бөледі. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеу кезінде айына он екі сағаттан – төрт күндік, бес күндік және алты күндік жұмыс аптасында және жылына жүз жиырма сағаттан аспауға тиіс. Бес күндік, алты күндік немесе төрт күндік жұмыс аптасында жалпы демалыс күні жексенбі болып қала береді.
Шілде айы зейнеткерлер үшін де жақсы жаңалықпен басталды. Олар еңбек еткен жылдары бойынша БЖЗҚ-да жинақталған қаражатты www.enpf-otbasy.kz интернет-платформасы арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін «Отбасы банкі» мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» немесе екінші деңгейдегі банктерге аудара алады. Біржолғы зейнетақы төлемдерін емделу мақсатында пайдалану үшін жоғарыда көрсетілген интернет-платформа арқылы тек «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің көмегіне жүгінуі тиіс.
«Алматы су» МКҚК мәліметінше, Алматыда шілдеден бастап жаңа тарифтер күшіне енеді. Жаңа тарифтер бойынша, суға – текше метріне 55,2 теңге, кәрізге – 1 м3 үшін 32,74 теңге төленеді. Компания ақпаратынша, су және кәріз қызметтері тарифінің 15 пайызға өсуінен бір пәтердің ай сайынғы коммуналдық төлемдерінің сомасы орташа есеппен
150 теңгеге дейін артады.
Зейнеткер дүниеден озғаннан кейін оның туыстары жерлеу рәсімін өткізу үшін төлем ала алады. Шілде айынан бастап оның мөлшері екі есе жоғарылайды. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыны жерлеу рәсімін жүзеге асыруға байланысты туыстарына немесе өзге адамдарға берілетін төлем мөлшері бүгінде 15,7 айлық есептік көрсеткішті немесе 2023 жылы 54 165 теңгені құраса, Әлеуметтік кодекс заңды күшіне енгеннен кейін ол 35 АЕК, яғни 120 750 теңгеге дейін артады. Заңды тұлғамен жасалған азаматтық-құқықтық шарт бойынша қызмет көрсететіндер зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттеледі Зейнетақы жарналарын әдетте жұмыс берушілер төлейді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының хабарлауынша, 1 шілдеден бастап кейбір санаттағы азаматтар міндетті зейнетақы жарналарын өзі төлеуге міндеттеледі. Енді еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндер де, заңды тұлғамен жасалған азаматтық-құқықтық шарт бойынша қызмет көрсететіндер де зейнетақы жарналарын төлеуге тиіс. Алайда кәсіпкерлік қызметпен айналыспайтын басқа жеке тұлғаларға азаматтық-құқықтық шарт бойынша қызмет көрсететін қазақстандықтар міндетті зейнетақы жарналарын төлемеуге құқығы бар. Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастырып жатыр. Заңдастыру 1 шілдеде аяқталады.
Қазақстанда темекі өнімдерінің ең төменгі құны белгіленді. Осы айдан бастап темекі бағасы 60 теңгеге артады. Ал 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 60 теңгеге жоғарылатуы мүмкін. Қаржы министрінің «Фильтрсіз және фильтрленген темекіге, папиростарға бөлшек саудадағы ең төменгі бағаларын белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес бүгінде бір қорап темекінің құны 650 теңгеден кем болмайтыны белгілі болды. Сондай-ақ мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап ең төменгі бағаны екі есеге арттыратын бұйрыққа өзгертулер енгізіледі. Енгізілетін түзетулерге сәйкес, келесі айдан бастап жыл соңына дейін фильтрсіз және фильтрленген темекінің, сигарилланың және қыздырылған темекі өнімдерінің бөлшек саудадағы ең төменгі бағасы 710 теңгені құрайтын болады. Елімізде тұрсыстық зорлық-зомбылық салдарынан көзжұматындардың аз емес екені белгілі. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылады. Бейресми дерекке сүйенсек, жәбірленушілердің 60 пайызы полицияға арыз жазудан бас тартады екен. Салдарынан қылмыскерлерді жауапқа тарту қиынға соққан. Ата заңға түзетулер енгізілді, яғни «өтініш беру» форматынан «анықтау» форматына көшу заң бұзған адамды арызсыз-ақ жауапқа тартуға мүмкіндік тудырады.
Өзгеріске толы бұл айда Халықты жұмыспен қамту орталықтары жойылады. Оның орнына Еңбек мобильдігі орталықтары құрылады. Бүгінде өңірлерде дәл осындай 207 орталық бар. Осылайша еліміздің облыс орталықтары мен үлкент қалаларында 20 еңбек мобильділігі орталығы жұмыс істейді. Ал жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары мансап орталықтарына айналып, қалалар мен аудандардағы еңбек мобильділігі орталықтарының филиалдары болады.
Тың өзгерістермен басталған шілде айы жағымды жаңалықтарға да толы болды деуге болады. Алайда жылудың, судың, электр қуаты бағасының қымбаттауы қоңыр қалталы тхалыққа ұнай қоймасы анық. Ал ішімдік пен шегімдік құнының артуы нені өзгертерін уақыт көрсете жатар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылғы 19 мамырдағы «Кедейлік шегінің мөлшерін анықтау туралы» бұйрықты бекітті. Соған сай 1 шілдеден бастап кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на тең болмақ. Яғни 2023 жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі – 40 567 теңге. Тиісінше, кедейлік шегі 28 397 теңге болады. Дәл осындай ел игілігі үшін жасалып жатқан өзгерістердің халық өміріне оң өзгерістер әкелеріне сенімдіміз.
Зорагүл Әбдіқадір