Асы жайлауында дүркіреген той өтті

Асы жайлауында дүркіреген той өтті

Еңбекшіқазақ ауданының Асы жайлауында ауылшаруашылығы форумы өтті. Түгін тартса топырағынан майы шыққан, шөбі шүйгін, суы бал жайлаудағы мамыражай малды ауыл қонақтарын құшақ жая қарсы алды. «Той дегенде қу бас домалайды» демекші, дүркіреп өткен жайлау тойына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қуандық Чункунов, сондай-ақ мемлекеттік басқарма басшылары және облысымыздағы кәсіпкерлер, саяхатшылар, БАҚ өкілдері мен малшы қауым қатысты.

Жиылған жұртты Құрбан айт мерекесімен құттықтаған облысы әкімі М. Сұлтанғазиев өңірде ауыл шаруа­шылығын дамыту үшін қолға алған шаралар жайлы баяндап: «Мейірім мен ізгілікті, бірлік пен татулықты дәріптейтін бұл мейрам әр отбасына ырыс-ынтымақ әкелсін. Дәстүрлі шара алғаш рет бизнес форум ретінде өтіп отыр. Бұл қадам облысымызда ауылшаруашылығының мерейін асырып, мәртебесін көтеру мақсатында жасалып отыр. Ауыл – алтын бесігіміз. Ауылшаруашылығы – ел экономикасының маңызды тірегі, ата кәсібіміз. Бүгінгі таңда бұл сала қарқынды дамуда. Атап айтсақ, ірі қара малдың саны 6%-ға өсіп, 268,3 мың басқа артқан. Қой, ешкі 9,6 %- ға өсіп 3399,8 мың басты құраса, құс саны 8,9 млнға жеткен. Асыл тұқымды ірі қара мал басының үлесі 20%-ды немесе 123 мың жылқы саны 32 мыңға жеткен. Ал ойсылқара тұқымы 4,6 мың басқа жеткен. Мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының маңызды саласы, ол халқымызды әртүрлі тағамдармен, жеңіл өнеркәсіпті құнды шикізат өнімдері мен қамтамасыз етеді. Ет, сүт, жұмыртқа және олардан өңделген өнімдер калориялығы жағынан жоғары биологиялық аса құнды азық болып ерекшеленеді. Жүн, түбіт, тері, елтірілер – киім, аяқ киім және көптеген өнеркәсіп тауарларын дайындауға қажетті шикізат көзі. Соңғы жылдары бірқатар көрсеткіштер бойынша еліміздің ауыл шаруашылығы сенімді экономикалық өсімге қол жеткізді. Оған әлемді шарпыған экономикалық дағдарыстың өзі кедергі бола алған жоқ», – деп атап өтті.


Форум аясында ауылшаруашылығы саласындағы ауыз толтырып айтарлық жетістіктер көрсетілді. Себебі мұнда түйенің кептірілген сүтінен бастап, малдың жем-шөбі, минералды, органикалық тыңайтқыштарға дейін бар. 30 ірі ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйым­дастырылды. Олардың арасында елімізге ғана емес, шет елге де танымал кәсіпорындар бар. Мысалы, «Дәулет-Бекет» түйе шаруашылығы ауыз толтырып айтарлық кәсіпорындардың бірі. Қой, ешкі, сиыр және жылқы өсіретін Жетісу аймағында кәсіпкердің түйе бағамын деген бастамасын жұртшылық таңданыспен қабылдапты. Түйенің еті, жүні, сүті нарықта өтімді деп есептелмейді. Бірақ түйенің сүтінде адам ағзасына керекті дәрумендердің көп екенін терең түсінген Сыдық Дәулетов бұл бағытты дамытуға табанды түрде бел буған. 2001 жылы іргетасы қаланған мекеменің шаруашылығы бірден шалқып кете қоймапты. Алғашында шұбатқа деген сұраныс көп болмаса керек. Сол кезде фермер шұбаттың пайдалы қасиеттерін жоғалтпай сақтауға мүмкіндік беретін түйе сүтінің ұнтағын өндіру жайында ойлана бастаған. Бүгінде «Дәулет-Бекеттің» өнімдері әуе жолдары арқылы Мәскеу, Бейжің, Шанхай қалаларына жеткізіледі. Кәсіпкердің айтуынша, оның шаруа­шылығында осы күні 5000-нан аса түйе бар. Кәсіпорын 7200 тонна сүт, 30 тонна ұнтақты дайындауға қауқарлы. Бұл сусынға деген сұраныс оның дәрумендерге бай құрамына (кальций, мыс, темір, магний, мырыш, фосфор және басқа да В1, В2, С және D) байланысты. Ми мен жүйке жүйесін қоректендіретін лактозаға бай.
Шұбат асқазан жарасы, демікпе және туберкулез ауруына пайдалы. Ұйқы безінің, ішектің, бауырдың жұмысын қалыпқа келтіреді, жүйке жүйесін нығайтады, ағзаның жұқпалы ауруларға төзімділігін арттырады. Сонымен бірге витамин тапшылығы, қант диабеті, анемия, сарқылу, псориаз, созылмалы гастрит және колит үшін профилактикалық және емдік құрал ретінде ұсынылады. Шұбат адам ағызасының ауруға қарсылқ қуатын арттыратын қасиеттерге ие. Көрмені тамашалаған облыс әкімі «Ауыл Аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл халқының табысын арттыру мақсатында Алматы облысы бойынша 8,3 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. Осы қаражатты тиімді пайдалану үшін әр өңірдің ерекшелігіне сәйкес ауыл шаруа­шылығы саласын дамыту қажет екенін атап өтті. Ендігі жылы бұл бағдарламаға 14 млрд теңге қаржы бөлінетінін және жайылымдарды басқару, оларды пайдалану жоспары бойынша әр аудан әкімдігі жұмыс атқарып жатқанын да тілге тиек етті. Сондай-ақ аграрлық салада бірнеше жыл еңбек еткен бірқатар маманға «Құрметті азамат» атағы беріліп, «Алғыс хаттар» табыс етілді. Елі үшін еткен еңбегін елеген ел-жұртына алғысын білдірген олар халықтың қамы үшін үздіксіз ізденісте болатынын жеткізді. Форум аясында 3 бірдей ғылыми зерттеу институты жаңалықтарымен бөлісіп, тәжірибе алмас­ты. Сала мамандары ауылшаруашылығына қажетті мал азығы құрама жем, минералдық, органикалық тыңайтқыштар және қолдан ұрықтандыру бағыттары бойынша тың ақпарат берді.


Жайлау төрінде ұлттық ойын түрлерінен де жарыс ұйымдастырылды. Күштілік пен ептілікті, жылдамдықты талап ететін ат үсті ойындарында білекті де, жүректі азаматтар бақ сынады. Теңге ілу, қызқуар, аударыспақ сынды ойындарда ауыл азаматтарына тең келер жан болмады. Тескенсу ауылынан келген Нариман Әсімжан теңге ілуде ат үстіндегі ептілігін көрсетіп, бірінші орынды иеленіп, қомақты сыйақы алды. Ал Асы ауылынан келген Нұрәлі Ерсін мен Сөгеті ауылының мақтанышы ­Жансерік Қашағанов та осы ойын түрінен керемет өнер көрсетті. Қошқар көтеру жарысында Шымкент қаласынан келген Бауыржаннан асқан балуан болмады. Түйе балуандардың тартысы да қызыққа толы болды. Еңбекшіқазақ ауданы ­Қырбалтабай ауылынан келген Ерсн Хамза қарсылас шақ келтірмей, балуандарға арналған бас бәйгені жеңіп алды. Ал Кеген ауданының азаматы Бексұлтан Әнуарұлы мен Қыпбалтабай ауылынан келген Нұрбек Қамзаев жүректілігімен жұртты тәнті етті.
Сәйгүліктерін жаратып, білектерін сыбана келген көкпаршы жігіттер көптің делебесін қоздырды. Ұлттық спорттық ойындардың тағы бір ерекше түрі – бәйге. Тай бәйге, құнан бәйге, аламан бәйге сынды жарыс түрлері де ат дегенде ішкен асын жерге қоятын қауымның назарын аударды. «Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» дегендей, арғымақпен алысып, аттың жалында ойнап бара жатқан шабандозға «шап, шап, жібер аттың басын!» деп өз аты бәйгеден келгендей қуана қолпаштап жатқандар да болды. Тай бәйгеде жарыс жолына шыққан тұяқтылар арасында оза шапқан 5 жүйрікке бәйге берілді.


Қордай ауданынан келген Мұрат Уарбаевтың тайы бірінші келіп, жылқы жетелеп қайтты. Ал құнан бәйгеде бәсекелескен 24 құнанның алдымен келген 5-еуіне жүлделер үлестірілді. Іле ауданынан келген Сұңқар Әмектің жүйрігі жүлделі 1 орынды қанжығалады. Ал Жамбыл облысы Отырар ауданынан кпелген Саят Төлеуханның құнаны 2 орынды иеленіп, бәйгеге тігілген бұқаны жетелеп қайтты. Үшінші орынға телевизор берілсе, 4, 5-ші орын алғандарға қой өңгертті. Бәйгенің төресі аламанда бақ сынаған 24 жүйріктің ішінде Ұзынағаш ауылынан келген Дүйсебек Смағұловтың тұлпары жүзден жүйрік атанып, 2 миллион теңгені еншіледі. Ал жүлделі 2 орынға миллион теңге табысталса, 3 орын иесіне 700 000 теңге бұйырды. 4, 5 болып келген ат иелеріне бұқа, тай жетектетті.
Жайлау тойы жаңа үлгіде сән-салтанатымен мәресіне жетті. Тамаша табиған аясында таза ауамен тыныстап, ұлттық ойындардан ой түйіп жадырап, жасап қалдық. Десе де, ойлы-шұңқыр жолдар қайта айналып келгісі келген жанға ой салары анық. Малды ауылдың төріндегі тойға асыққанымен жете алмай жолда қалғандар да болды. Ауылдың ішіндегі жолдар жасалмай жатқанда жайлау­дың жолдарын жасалады дегенге сенім аз болса да алда өтетін тойлардан бас тартпасымыз анық. Алайда «жайлауға дейін тақтайдай тегіс жол болса мынадай тамылжыған табиғат, шұрайлы жер туристердің жұмағына айналар еді?!» деген ойдың жетегінде кеткенімізді де жасырып қалуға болмас…

Зорагүл Әбдіқадір