Өткен айдың соңына қарай facebook әлеуметтік желідегі парақшамызда: «Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылының көпірі қирап жатқалы ай болды. Шамасы машина талқандап кеткен. Адамның ең көп жүретін жері болғандықтан, әсіресе балалардың жүріп-тұруына қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Жол да тар. Басқа айналып жүретін жер де жоқ. Мынаны түзей салу үшін үкіметтен қаржы бөлінуін қарас тырып немесе біреудің құлап мерт болғанын күтудің керегі жоқ шығар… Округ әкімі автодорға айттым деген. Талғар ауданы әкімдігі, мынаны назарға алып, автодорға тағы бір ескертсеңіздер.Автодор Талгар (әлеуметтік желідегі парақшасы осылай аталады), назарға алсаңыздар!» деген жазба жариялап, қираған көпірдің суретін қоса салғанбыз.
Оған себеп мамыр айының соңына қарай Алматы-Талғар тас жолының бойында орналасқан Талдыбұлақ ауылындағы шағын өзен көпірінің оң жағының қирап қалуы еді. Көрген бетте Белбұлақ ауылдық округінің әкімі Нұрбол Досымбаевқа суретін түсіріп жіберіп шара қолдануын сұрағанбыз. Ізінше Талғар автожол бөліміне ескерткенін жеткізген. Зымыраған уақыттың тоқтауы бар ма, маусымның 24-і бара жатып «Баяғы жартас, сол жартас» қалпында жатқанын көргенде қапаланып қалдық. Дереу әлеуметтік желінің әлеуетіне жүгінгеніміз де сондықтан. Өйткені көпірге жапсарлай салынған жаяу жүргінші жолының шеті опырылып, арнайы белгі ретінде қойылған қара ала темір түбімен қопарылып қалған. Ересектерді айтпағанда, жаяу жүрген бала-шағаның қабақтан өзенге құлап кетуі де бек мүмкін еді.
Өткен аптада күре жолға шығып бара жатып қопарылған темір мен опырылған жолдың тап-тұйнақтай болып тұрғанын көріп, ішіміз жылып қалды. Құдды ештеңе болмағандай. «Теңіз тамшыдан құралады» емес пе, ел үшін орасан еңбек сіңірмесек те осындай ұсақ-түйектің түйдектелген мәселеге айналмауына аудан азаматтарының да үлесі зор болмақ екені белгілі.
Бұл ретте Талғар аудандық жол бөлімінің ЖПБ-21-нің басшысы Марғұлан Дүйсенұлы мәселенің мән-жайын былай деп түсіндірді: «23 мамыр күні таңғы сағат 05-тер шамасында республикалық маңызы бар Алматы-Талғар автожолының 20 шақырымында Honda Odyssey автокөлігінің жүргізушісі белгісіз себептермен көлік басқару тетігіне ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан жол жиегіндегі дөңгелек тоқтатқыш бруст қопарылып және көпір қанатының қоршауы майысқан. Бұл көпір 1969 жылы салынған. Қазіргі уақытта №21 жол пайдалану бөлімшесінің жұмысшылары бүлінген жерді қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізгенін хабарлаймын».
«Сақтансаң сақтаймын» деген, абай болайық, ағайын!
Жанбота Сұлтанмұратқызы