Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай аудандағы журналистердің басын қосып, ақ тілегін арнап, алғыс хаттарын табыс еткен Талғар ауданы әкімшілігінің мамандары мен аудан әкімі Таңат Есенкелдіұлы ел аманатын арқалаған кәсіптің иелеріне ілтипат білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді. Сондай-ақ «жантаққоректі» қауымның жанайқайына да құлақ түріп, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
«Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтап, еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық, отбасыларыңызға тек шаттық тілеймін! Қаламдарыңыз ұшталып, жазарларыңыз таусылмасын!
Ауданға қатысты қай саланың болмасын артық-кем тұстары жетерлік. Жақсымызды асырып, жаманымызды жасырыңыздар деуден аулақпыз. «Сын шын болсын» дегендей, ақиқатты айтып, ортақ мәселелерді көтеріп, шешімін бірге тауып жатсақ ел өркениетіне қосқан үлестеріңіз деп есептеймін. Сондықтан ақиқаттан айнымайтын, ақ пен қараны тең көретін журналистерге құрметпен қараймын. Өйткені ел игілігіне деген мүддеміз бір болғандықтан, сіздермен әр уақытта бірлесе жұмыс істеуге дайынмын. Айтары бар, мағыналы, мәнді мақалалары жарық көріп, ел мәселесі көтеріліп, халық пен әкімдік арасындағы байланысты нығайтып отырған баспасөз қызметкерлеріне алғыс айтамын!» – деген аудан әкімінің тілегін ардагер журналист Тұрсынбек Жалғасбаев әріптестерге деген ақ ізгі тілекпен жалғады. Осы орайда кәсіби мерекемен құттықтаған облыстық «Алатау арайы» газетінің тілшісі Ұлбосын Исабекова: «Аудандық газет – аудан тыныс-тіршілігінің айнасы. Сіздер айтып отырған мәселе барлық БАҚ құралдарының жекеменшік кәсіп иелерінің қолына өтіп кеткендігінен туындап отыр. Сондықтан барлығы уақыт еншісіндегі дүние деп есептеймін.
0
Ал «Алатау арайы» газетіне енді ғана жыл толып жатыр. Оған осы облыстың тыныс-тіршілігі жазылады. Онда Т. Жалғасбаев, Ф. Ержанованың да материалдары басылып жатыр. Нәтижесінде Талғар ауданының жаңалықтары жарыққа шығады. Осындай игі істердің арқасында ауданның тыныс-тіршілігі облыстық деңгейде көрінуде. Сондықтан аудан бойынша газетке жазылу мәселесін жолға қойсаңыз. Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі ретінде де төркінім тұратын Талғар ауданына бүйрегім бұрып тұрады. Алда ауданды республикаға танытуға атсалысамын», – дей келе, әріптестердің жұмысына табыс тіледі.
Бұл ретте баспасөзге қатысты әріптестер көтерген барлық келелі мәселелерге байланысты ұсыныс-тілектерді қолдай отырып, «Alatau zhuldyzy» газетінде көтеріліп жатқан аудандық мәселелерді әкімшілік тарапы дер кезінде назарға алса деген тілек бар. Осыған байланысты газетке жазылу мәселесі қолға алынса билік пен халықтың арасындағы алтын көпірге айналған баспасөз қызметі өз міндетін толық атқарар еді деген ой келеді. Алайда заман дамып, заң өзгеріп жатқан уақытта көштен қалып, ескі сүрлеуден шықпаймын деуге тағы болмас. Дегенмен ой салатын, ойға алатын ұсыныстар айтылып, келелі кеңес құрған бұл кездесуден көкейге түйгеніміз көп. Өз тарапымыздан айтылған ой-пікірлердің де алдағы уақытта ескерілетініне сенеміз.
Барлығы электронды форматқа өтіп жатқан уақытта газеттің керегі не деген көзқарастың бары рас. Бірақ газеттің –тарихты тасқа қашап жатқанын да ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені өткен тарихты бабаларымыз тасқа қашап кетсе, бүгінгі тарихтың алтын қазынасы да, қамқоршысы да, сақшысы да – ол – газет. Оны ешкім өшіре алмайды.
Алда 90 жылдық торқалы тойы келе жатқан ғасырға жуық ғұмырында Талғар ауданының түйткілді мәселелерін тілге тиек етіп, жақсы жаңалықтарының жаршысы болған ата газетке деген ел құрметі ерен. Сондықтан қазіргі заманның тастаңбасының мәні де, мағынасы да, аудан жұртына деген ықыласы да еш суымақ емес.
Ал өркениет жетістігі болып саналатын интернет жүйесіне байланған электронды газет немесе сайттарға хакерлер тарапынан жасалатын шабуылдардың көп екенін ескерсек, салдарынан қанша дүниені қалай қамтыса да, жалғыз сәтте жоқ болып кету қаупі жоғары екені айтпаса да түсінікті. Ендеше ғасырдан асқан қазақ баспасөзінің өсіп-өркендеуіне атсалысып, ел ертеңі үшін жан аямай еңбек етіп, қаламын қару еткен қауымға деген алғыс та шексіз, тілек те телегей-теңіз!
Жанбота Сұлтанмұратқызы