Биыл құрбан айт 28-ші маусымда басталып, 30 маусымда аяқталады. Бұл күні мұсылмандар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, көңілі жабырқаған жандарға қуаныш сыйлап, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, қуанышқа бөленеді. Құрбан айттың мақсаты да осы – құрбан шалып, оның етін өзгелермен бөлісу арқылы адамдарға мейірім көрсетіп, жылу сыйлау. Аллаға шүкір, бабаларымыздан мирас болған осы дәстүр, ізгі амал ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ата-бабаларымыз шариғат шарттарын қатаң сақтап, Құрбан айтты ерекше дайындықпен қарсы алған. Сондықтан ұлық мейрамда шариғат бекіткен шеңберден шықпай, адамдарға жақсылық жасап, сауапты істер жасалса, құба-құп болары анық. 19 маусымда Зұлхижжа айы кірді. Мұсылмандар бұл айдың алғашқы он күнінде жақсы амалдар жасап, барынша ғибадатпен өткізгісі келеді. Себебі пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы күндері орындалған игі істердің сауабы еселенетінін айтқан.
Ислам дініндегі басты мерекенің тарихы ерте заманнан бастау алады. Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға сынақ ретінде өзінің сүйікті ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуды бұйырады. Әкесі мен баласы Жаратушының бұйрығына қарсы келмей, әмірді орындамақшы болады. Сынақтан сүрінбей өткен әкесі мен баласының тақуалығына, адалдығына Алла Тағала риза болып, өз құзырынан құрбандық орнына қошқар түсірген. Содан бері Алланың разылығы үшін құрбандық шалу дәстүрі жалғасып келеді. Құрбан шалу арқылы пенде Алланың әміріне бойсұнуды, әр істе сабырлық сақтауды үйренеді. Биыл Арапа күні 27 маусымға тура келіп отыр. Осы он күннің ішінде арнайы қасиет тұтылатын «арапа» күні бар. Арапа күнінің уақыты – зүл-хижжа айының тоғызы, яғни құрбан айттан бір күн бұрын. Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтайды. «Арапа» араб тіліндегі «білу», «түсіну» деген мағынаға ие. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зұлхижжа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласын Исмаилды шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін «жәй түс пе әлде аян ба» деп ойлаған Ол ертесіне (айдың тоғызына) тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді «арафа (арапа)» деп атап кеткен деседі. Арафа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі сауапты. Өйткені Сахих Муслимде риуаят етілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «…Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін…», – деп бұл күнгі оразаның маңыздылғын баса айтуда. Тағы бір хадисінде: «Дұғалардың ең қайырлысы – арап күні жасалған дұға…», – деген. Біздің елде арапа күні ертесі болатын айт күніне шелпек-бауырсақ пісіріп, дастархан әзірлігі жасалып жатады. Сонымен қоса, бір күн ораза ұстағанда дұрыс болады. Жоғарыда айтқанымыздай алғашқы он күнде, әсіресе, арапа күні ораза ұстап, ғибадат ету, құран оқу – сауапты. Сондықтан ықылас сүресін қаншалықты көп оқысаңыз, соншалықты сауабы да көп болмақ. Себебі Құранның әр әрпіне он сауап жазылатыны жайында сахих хадистерде айтылған.
Айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы бар мұсылмандар құрбан шалатыны белгілі. Себебі Алла Тағала қасиетті Құранда бізге: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» деген. Ханафи мәзһабы бойынша құрбан шалу бай, азат, балиғат жасына толған, ақылды, жолаушы жүрмеген мұсылманға – уәжіп. Бұл жерде бай деп Құрбан айт күні өзінің және отбасының негізгі қажеттелігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қара малы немесе 5 түйесі бар) адамға айтылады. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Жалпы Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп. Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал.
Осы жылы құрбан шалу рәсімін атқару мақсатында Қазақстан бойынша 21 штаб құрылды. Штабта барлығы 2 253 қызметкер жұмыс істейді. Олардың арасында техник мамандар, еріктілер, имамдар және ҚМДБ жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қорының өкілдері бар. Қазір қор мамандары еліміз бойынша құрбан шалатын орындарды дайындап, мұқтаж жандардың тізімін жинақтады. 2022 жылы «Раббың үшін құрбан шал» жобасы аясында еліміз бойынша 130 мыңдай отбасыға ет таратылған болатын. Биыл да мыңдаған мұқтаж отбасыға құрбан еті жеткізіледі. Осыған орай әрбір өкілдік жанынан ет қабылдау пункті жұмыс істейді. Себебі Алла Тағала Құран Кәрімде бізге: «Раббыңа намаз оқып, құрбан шал!» – деп бұйырған.
Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданы «Имам Мұхаммед» мешітінің бас имамы Ибрагим Қондыбаев қасиетті құрбан айт мернкесімен аудан халқын құттықтай келе: «Баршаңызды ұлық мейрам – Құрбан айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын! Сіздерге амандық пен саулық, бірлік мен береке тілеймін. Бағзы заманнан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан халқымыз. Құрбан айтты ерекше дайындықпен қарсы алған абзал. Ұлық мейрамда кешірімшіл олып, араздасқан ағайынмен татуласқан жөн. Ұлы Абай атамыз «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» демекші, айналамыздағы барлық адамға жылы лебіз арнап, кең пейілімізді көрсеткеніміз жөн. «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін паш ету деген сөз. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды. Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Көмекке мұқтаж жанға қол ұшын беріп, айналасына шуағын түсіріп, шапағатын тигізеді. Мұсылман қауымын мейірімділік пен бірлікке үндейтін мерекеде барынша жақсылық жасауға тырысқанымыз жөн.
Алла Тағала еліміз бен жерімізді, барша адамзат баласын түрлі сынақтардан аман етіп, жақсылығы мен берекесін нәсіп еткей. Шалған құрбандықтарыңыз, берген садақаларыңыз, айт күндері амалға асырған Аллаға ұнамды әрбір игі істеріңіз қабыл болғай. Айттан айтқа аман-есен жете берейік. Әмин!» – деп барлық мұсылман қауымды мерекесімен құттықтады.
Айта кетейік, осы жылы Құрбан айт мерекесіне байланысты qurban2023.kz сайты іске қосылды. Құрбан айт күндері сайт еліміздің барлық өңірі бойынша қызмет көрсетеді. Сайт жұмысына республика бойынша жауапты адамдар бекітілді. Техникалық мамандар тапсырыс-өтініш қабылдаса, қасапшылар тобы құрбан шалады. Операторлар құрбан шалу сәтінен видео мен фотоесеп дайындаса, мамандардың енді бір тобы штабтың жұмысын сайтқа шығарады. Сондай-ақ еріктілер мұқтаж отбасыларға тізім бойынша құрбандық етін таратады. Сөз соңында жағымды жаңалықпен бөлісе кеткеніміз дұрыс болар. Қазақстан мұсылмандары діни бас қармасының Шариғат және пәтуа бөлімі мамандарының атсалысуымен «Мүфтият» баспасынан «Құрбандық пәтуалары» деген жаңа кітап жарық көрді. Осы кітаптан құрбан шалуға қатысты барлық сұрақтардың жауабын алуға болады.
Зорагүл Әбдіқадір