Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласы В.Терешкова атындағы орта мектебінде осы жылы 2013 оқушы оқу жылын сәтті аяқтаса, оның ішінде 75 түлек алтын ұясымен қоштасты. «Алтын белгі» төсбелгісімен иелеген 11 В сынып оқушысы Диляра Тоқтасын – білім бәйгесінде оза шапқан мектеп мақтанышы. 2018 жылы «Дарынды бала» медалімен марапатталған. Сонымен қатар 2021 жылы «Балалар – біздің болашағымыз» атты энциклопедияға енген Халықаралық «Биг Бен» байқауының 1 орын иегері. Биылғы жылы 11 түлек үздік аттестат алды. Үздік атанған түлектер әр түрлі республикалық, облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған оқушылар.
Мектеппен қоштасу оқушы өміріндегі маңызды кезеңнің бірі. Үлкен өмірге жол ашатын сәт. Ал Ұлттық біріңғай тестілеу мектепте алған біліміміздің көрсеткіші десек артық болмас. Биылғы жылы Ұлттық біріңғай тестілеуге 55 түлек тіркелген. Сонымен қатар түлектер таңдаған жоғарғы оқу орындары АГУ, КАЗНПУ, ЖЕМПУ сынды еліміздегі іргелі білім ордалары. ҰБТ-дан 95-115 аралығында балл жинаған оқушылар өздері білім алған мектептің оқу сапасының ойдағыдай екенін көрсетуде. Түлектерге аттестат тапсыру кезінде мектеп директоры Алия Сұлтанбайқызы: «Алдағы үлкен сынақтан сүрінбей өтіп, білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңа тілектеспін», – деп ақ жарма тілегін арнады.
Осы орайда мектеп тарихына да тоқтала кетсек. 1963 жылы Есік қаласында үлкен су тасқыны болып, көптеген ғимараттар жарамсыз болып қалған. Тасқыннан зардап шеккендерге арнап шұғыл түрде көпқабатты үйлер сала бастады. Осы жылы мектеп салу да қажет болды. Сол жылы қыркүйекте аталған мектеп құрылысы да салынып бітті. Алғаш рет мектеп директоры болып Старыгиын Георгий Федорович тағайындалды. Жаңа мектепке дейін ол жерде бастауыш мектептің ғимараты ғана болған. Мектеп салынған соң ұстаздардың барлығы қайта жұмысқа кірісті. Сол кездері тек бастауыш мектеп ретінде жұмыс істеген оқу орнында 1600 оқушы Анна Самсонова, Прасковья Щинова, Раиса Никонова сынды ұстаздардан тәлім алған.
Жаңа ғимаратқа кіріп, іргесі кеңейген оқу орнына кеңес одағының батыры, Ленин орденінің иегері, алғашқы ғаыршкер әйел В.Терешкованың атын беру туралы ұсыныс түскен. Рұқсат сұрау мақсатында ВалентинаТерешковамен тығыз байланыста болып, өзінің атымен аталып жатқан білім ордасына келу турасында ұсыныстар жасаған. Бірақ белгілі себептермен Валентина Терешкова келе алмай Алғыс хатын жіберіп, ризашылығын білдірген.
Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан білікті ұстаздар бүгінге дейін ел жадында. Атап айтсақ, Шестибратова Раиса Порфирьевна – математика пәнінің мұғалімі. Николаева Нелли Георгиевна – орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Горбунова Галина Павловна – химия пәнінің мұғалімі және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс атқарса, Степенко Алексей Дмитриевич – тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Жарты ғасыр бойы елімізге білікті мамандар тәрбиелеп шығарған оқу орны бүгінгі таңда білім бәйгесінде алдыңғы қатардан орын алып келеді.
Айта кетейік, Еңбекшіқазақ ауданы бойынша 84 мектеп, 1 жекеменшік гимназия бар. Осы жылы аттестат алып, алтын ұясымен қоштасқан түлектер саны – 2161 болса, 85-і «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері. Үздік аттестат алғандар саны 248.
Зорагүл Әбдіқадір