Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығында «Мұражай түні» мәдени шарасы өтті. Кешкі сағат 18.00-ден 24.00-ге дейін жалғасқан шараға келушілердің қарасы қалың болды. Әсіресе қала жастары көптеп жиналды. Сонымен бірге мәдениет қызметкерлері, қылқалам шеберлері, студенттер, көне жәдігер жанашырлары мен жергілікті тұрғындар да келді. Облысымызға қарасты мұражайлардан келген құнды жәдігерлермен толыққан көрмелер тарих қойнауынан сыр шертіп, келушілерді есте жоқ ескі заманның таңғажайыптарымен тәнті етті.
Алматы облысының тұрғындары мен қонақтары қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне терең бойлаған шарада халқымызға тән құнды жәдігерлер де көпшілік назарына ұсынылды. Шара басында экспозициялық залдарды тамашалаған азаматтар ықылым заманның ізін көріп, таңданыстарын жасырмады. Мұражай аумағында қазақтың ұлттық ойындары да ойналды. Алтыбақан ойыны мұражай қонақтарының көңіл-күйін көтеріп, қуанышқа бөледі. Әуезді әннің ырғағымен алтыбақан аясында тербелген қыз-жігіттер бір сәтке болса да сергіп-серпіліп қалғандарын жасырмады. Сонымен қатар дәл осындай тосын сыйға толы күндердің көпшілікке берері мол боларын да атап өтті. Жастардың «Алтын адамның құпиясы» атты квест ойыны қонақтарға ой салды. Дүние жүзін дүр сілкіндірген Алтын адамның жұрт білмейтін құпияларын ашуға жетелеген ойын аңыз бен ақиқатты арқау ете отырып көрерменнің көңілінен шықты.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Гүлмира Мухтарова: «Биылғы жылы мұндай шара 9-шы рет өткізіліп отыр. Осы аралықта өз аудиториямызды кеңейте аламыз. Бүгін Алматы облысы мұражайлар бірлестігінің екі бірдей көрмесінің тұсауын кесеміз. Оның бірі – Қырғызстаннан әкелген Бозадыр адамы. Біз осы арқылы Шыңғысханға дейін де қазақ ұлтының монголоид болғанын аңғарамыз. Ал екіншісінде көшпенді халқымыздың ат әбзелдері қойылған. Ат үстінде күн кешкен халықымыздың өр рухы мен батырлығының куәсіндай жәдігердің жүген, тізгін, шылбыр, өмілдірік, құйысқан айыл, тартпа сынды бөліктері толықтай қойылған.
Мұражай түні – халықаралық тәжірибеде бар айтулы шара. Оның негізгі мақсаты – мұражай ісіне қоғамның назарын аудару. Бұл шараны өткізу кезінде әр музей өзінің мүмкіндігін көрсетеді. Яғни өздерінің барлық қызықты жәдігерлерімен жұмыстарын көпшілік назарына ұсынады. Халық мұндай шараларды өткізіп алмауы тиіс. Мұражай – жәдігерлер қоймасы емес, халыққа рух беріп, мәдениетін көрсететін киелі мекен. Тарих шетсіз де, шексіз әлем болса, мұражай – ел келбеті. Сондықтан бүгінгі күннің ертең тарихқа айналарын ұмытпағанымыз жөн. Облыс, аудан аумағында, мекемелерде атқарылып жатқан игі істер арқылы музей қорын толықтыруға атсалысайық!» – деп атап өтті.
Экскурсия ұйымдастыру және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Әсел Нәсіпқалиева мұражай жөнінде толық баяндап: «Мұражай түні – түрлі жастағы, түрлі көзқарастағы адамдарды, өзге ұлт өкілдері мен ұлыстарды тоғыстырып қана қоймай, көңіл көкжиегін кеңейтіп, төл мәдениетіміздің нәрінен сусындауға шақырады. Бұл түннің форматы жыл сайын өзгеріп отырады. Бұл жолы «Мұражай – тарих айнасы» атты жаңа бағдарлама, оның ішінде мұражайдың қор коллекциясы негізінде және басқа мұражайдан әкелген жәдігерлерден құралған көрмелер, қызықты экскурсиялар көңілдеріңізден шығатынына сенімдімін», – деп ой бөлісті.
Шара аясында шығармашылық ойындар да болды. Яғни сақ өнерінің мың бояуы, гипстен жасалған түрлі мүсіншелерді бояуға және петроглифтердің көшірмесін жасауға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ «Бозадыр адамы: антропологиялық реконструкция» көрмесінің, Алматы облысы Музейлер бірлестігі «Көшпенділер өркениеті: қазақ ат әбзелдері» көрмесінің ашылуы болды. «Ұста Дәркембай» қолөнер мұражайы «Атадан қалған мұра», ҚР Мәдениет қайраткері, суретші, мүсінші және этнодизайнер Құрманғазы Қадыровтың жеке туындыларынан тұратын «Көне сарын» атты көрмелері көрермендер назарына ұсынылып, арнайы шеберлік сабақтарын көрсетті. Байдаралы отбасы ерте көшпенділердің «Бес қару» жауынгерлік өнерімен таныстырды.
Шара барысында арнайы тақырыпқа сай деректі фильмдер мен бүлдіршіндерімізге арналған мультфильмдер қойылды. Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер мәдениет үйінің өнерпаздары ұлттық ән-жырларымыздан шашу шашып, күмбірлеген күймен кештің көркін асырды. «Әжелер» ансамблі де халық әндерін шырқаса, әкелі-балалы бүркітшілер Алдаберген және Медет Шәліповтердің көрмесін тамашалағандар бала бүркітшінің батылдығына тәнті болды. Жастайынан қанаттының қабағын бағып, баптай білген баланың алғырлығы мен ептілігіне таңдай қаққандар да аз болмады. Болашақта көк аспанның серісі қыран бүркітті қайырғысы келетінін айтқан Медет ата кәсібінің мұрагері екенін мақтана жеткізді. Ал қыран құсты қырандай жігіт қана қайыра алатынын айтьқан Алдаберген Шәліпов аңыздарда айтылатын адам баласы мен құс арасындағы үнсіз үндестік, терең сүйіспеншілік, айнымас адалдық туралы әңгімеледі.
Алматы облысының балалар мен жасөспірімдер спорттық туризм және экскурсия орталығының білім алушыларының шеберлік сабақтары мен жаттығулары да көпшілік қауымның назарына ұсынылды. «Есік» қорық-мұражайы 1970 жылы Есік қорғандарының бірінен сақ ханзадасы табылған аумақта орналасқан. «Алтын адамның» киіміндегі алтын тоғалар мен әшекейлер Қазақстан Республикасының ұлттық символдарында қолданылып жүр. «Музей түні» 2015 жылдан бастап өткізіліп, оны мыңдаған адам тамашалап келеді.
Халықаралық мұражай күнін тойлау қайдан шықты? Бұл мерекенің тарихы қандай, мереке ретінде аталып өтуіне үлес қосқан тұлғалар мен тарихи оқиғаларға тоқтала кетейік. Ашық ақпарат көздеріндегі деректерге сүйенсек, бұл мейрамды әлемнің 150-ден астам мемлекеті атап өтеді. Қазір Қазақстанда 230-дан астам мұражай бар. Алғашқы мұражай ашу туралы бастаманы 1828 жылы Жәңгір хан көтерген. Сол жылы өз ордасында музейлік көрме залын ашқан. Қазақ жерінде арнайы мекеме ретінде ұйымдастырылған алғашқы музейлер 1831 жылы 1 сәуірде Орынборда, 1883 жылы Семейде, 1898 жылы Верныйда, 1859 жылы Оралда ашылды. Жалпы, революцияға дейін Қазақстанда осындай 4 музей болған. Революциядан кейін 1920 жылы Қостанай мен Көкшетауда музей ашылды. Ұлы Отан соғысына дейін Қазақстанда 24 музей ашылып, онда 70 мыңнан астам жәдігер сақталған. Кеңестік Қазақстандағы музей ісінің дамуына Г.Потанин, Ә.Марғұлан, Ө.Жәнібеков зор үлес қосты. Қазақстанда «Мұражайтану» мамандығы 1981 жылдан бері (ҚазҰУ) оқытылып келеді. «Музейдегі түн» идеясы ең алғаш рет 1970 жылдары ұсынылды. Бірақ, идея қолдау таппай 1997 жылға дейін бұл шара өткізілмеді. Әлем бойынша бұл идеяны алғаш рет 1997 жылы Германия «Lange Nacht der Museen» («Мұражайдағы ең ұзақ түн») деген атпен өткізді. Берлинде өткен шараға ресми Париж қызығушылық білдіріп, 2001 жылы Луврдағы музей түнін өткізді. Кейіннен ТМД елдеріне де бұл дәстүрлі шара ретінде енгізілді. Қазақстандағы алғашқы «музейдегі түн» 2006 жылы Алматы қаласындағы Орталық музейде өтті. Әлемдегі музейлердің қызметі Халықаралық ИКОМ-ға бағынышты. ИКОМ (International Council of Museums, ағылшын. ICOM) 1946 жылы Парижде құрылды. Тіпті осы «Музей түні» жөнінде Голливудта 3 бөлімнен тұратын (2006, 2009, 2014 ж.) кинофильм түсіріліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген еді.
Зорагүл Әбдіқадір