Мәселені мінберде көтеріп, атқамінерлердің құлағына алтын сырға екенін жеткізген Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Абзал Құспан: «Жаңа
Қазақстанды жылтырақ сөзбен жаңғыртып, құра алмаймыз. Бұл – анық. Оған нақты іс керек, шұғыл халықшыл шешімді талап етеді. Ең бірінші, инфляция, баға деңгейі, экономикалық өсу қарқыны, ұлттық табыс, жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) және жұмыссыздықтың өзгеруін қамтитын макроэкономиканы жандандыру маңызды. Озық елдердің тәжірибесіне қарасақ, шағын және орта бизнестің дамуында банк саласы серпін беретінін көруге болады. Яғни екінші деңгейлі банктер елдің дамуында шешуші рөл атқарады», – дей келіп, take-profit.org биржалық порталындағы әлем елдеріндегі банктердің пайыздық мөлшері жайлы ақпараттарды алға тартты.
Оның айтуынша: «Дерек көздерінде Қазақстан Ұлттық банкінде жылдық пайыз мөлшері 16,75 % екені көрсетілген. Бұл – 159 елдің ішінде 143 орыннан көрінуге септігі тиді. Әлемнің озық елдерін саралайтын болсақ, Кореяда – 3,5%, Қытайда – 3,65%, Германия, – 3.75%, Англияда – 4,25%, Канада – 4,5%, АҚШ-та 5,25% пайыз деңгейінде белгіленген. Шетелдердегі қаржылық институттар шағын және орта бизнестің дамуына мүдделік танытып, бизнес жобаларды көптеп қаржыландырып жатады».Тіпті банктегі пайыздық өсімнің көрші елдерде де біздегіген әлдеқайда төмен екенін тілге тиек еткен депутат Өзбекстан Ұлттық банкінің пайыздық мөлшері 14%, Қырғызстанда – 13%, Тәжікстанда – 10%, Әзірбайжанда 9%-дық қана мөлшерде екенін атап өтті.
«Сарапшылардың айтуынша, пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы нарықтағы тауарлар мен қызмет бағасының негізсіз өсуіне әкеп соғады. Олай болса, елдегі қымбатшылыққа банктер де жауапты деген сөз», – деп пікір білдірген депутат ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметтері бойынша ВТБ Банк пен «Bereke bank» АҚ жылдық пайыздық мөлшерлемесі 21,5% пайызды құрайды деген ақпаратты айтып, еліміздегі өзге де банктердің өте жоғары пайыздық мөлшері жөніндегі мәліметті бөлісті. Мәселен, «Банк ЦентрКредит» АҚ – 23,6%, «Еуразиялық банк» АҚ – 23,7% пайыз, «Kaspi bank» АҚ – 24,4%, Home credit bank» АҚ 28,5% өсіммен кредит береді. Бұған банктердің сақтандыру және тағы басқа міндеттерін қосыңыз. Сонда тұтынушылар кредитті 4-5 жылға рәсімдеген жағдайда банктке қарызды екі-үш есе қосып қайтарады. Бұл дегеніңіз халықты қанаумен тең ғой. Шын мәнінде, Ұлттық банк жылына 56% пайыздан аспауы керек деген шектеу халықшыл шешім емес. Бұл – халықты тығырыққа тірейтін шешім. Осының салдарынан ипотекалық және автокредиттер 25% пайызға дейін, ал қарапайым адамдар алып жатқан кепілсіз кредит 56%-ға дейін көтеріп, халықты қарызға белшесінен батырып отыр», – деп қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жеткізді.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратына сүйенетін болсақ, 2020 жылы 392 мың адам 90 күннен аса уақытта кредитін төлемесе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 421 мың адамға жетті. 2022 жылы 534 мың адам кредитін уақтылы өтей алмағаны белгілі. Ал «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-ның 2023 жылдың сәуір айында жүргізген статистикаға сай, 7,5 миллион қазақстандықтың қарызы өтелмеген, бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 77% пайызын құрайды. Елдің 1,5 миллион тұрғыны несие бойынша төлемді 90 және одан көп күнге кешіктіріп төлеген. Ал осы жылдың 1-ші сәуіріндегі мәлімет Қазақстандықтардың несиелері 30% пайызға — 7.7 трлн теңгеге өскен. Яғни 822 мың адам қарызданушылар. Бұл ойлантатын мәселе. Қазір қарапайым халыққа ауыр тиіп жатқан екі фактор бар. Оның біріншісі, қымбатшылық, екіншісі, жоғары пайыздық мөлшердегі несие.
Абзал Құспан,
Мәжіліс депутаты
Расында, қымбатшылық қысқан мына уақытта тапқанын қапқанына жеткізе алмай отырған бұқараның халі мүшкіл. Амалсыздан алған кредитті 2-3 есе қылып төлеуден шаршаған ел арасында арқаға түскен ауырпашылықты көтере алмай немесе сот орындаушылардың қыспағына шыдамай сиуцид жасайтындар саны артып, ел ішінде мемлекет кредитті кешірсе деген соқыр үміттің жетегінде жүргендердің көптігі халық күнкөрісінің шын мәнінде қиындап кеткенінің көркеткіші болмақ. Осыған дейін Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев та жыртығын тесікпен жамап отырған халық бір қарызды екінші қарызбен жауып, қазақстандықтардың аз-маз жәрдемақыға тәуелділігі артқанын айтып: «Халықтың мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға тәуелділігі әлі де жоғары деңгейде екені байқалады. Еліміздегі әрбір азаматтың еңбек табысының үштен бір бөлігі осы қолдаумен жамалып отыр. Бұл пандемияға дейінгі кезеңнен едәуір жоғары (2022 жылы – 31%, 2018 жылы – 29%, 2015-2016 жылдары – 23%). Оған қоса, халықтың несие алу деңгейі де өте жоғары. Мысалы 2022 жылы тұтынушылық несие 30%-ға, яғни 13,2 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл бюджетке түсетін салықтық түсімдермен шамалас қаражат, яғни аталған көрсеткіш – халықтың төлем қабілетінің төмендеуінің көрсеткіші, яғни бір қарызды екінші қарызбен жамап жүрген халықпыз», – деп ащы шындықты айрықша атап көрсеткен.
Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевке депутаттық сауал жолдаған Елнұр Бейсенбаев халықтың орташа табысы мен қымбатшылық жайлы ресми статистика шындыққа сай келмейтінін айтып: «Маған «Өтірікті сендіріп айтудың өзі – өнер» деген сөзді Статистика бюросы тура мағынасында түсінетіндей көрінеді. Олардың ресми мәліметін оқысаң, Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған, ал жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейміз.
Дәл қазір қазақстандықтардың ең басты проблемасы – азық-түлік бағасының шарықтауы. Қымбатшылық қарапайым халықты алқымдап тұр. Бірақ Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасын 1000 теңгенің көлемінде дейді. Статистика бюросының мәліметінше, биыл наурызда азық-түлік бағасы шамамен 21%-ға өсіпті. Шындығында, мәселе одан әрі ушығып тұр», – деп халықты қос өкпеден қысқан қарыз бен қымбатшылықтың жайын жеткізген.
Реті келгенде айта кетейік, дәл қазір Талғар ауданындағы күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы да күйіп тұр. Мысалы, картоп 250-300 теңге арасында болса, сәбіз 200-300 тг, қызанақ 450-600 тг, қияр – 300-350 тг, қырыққабат 150-180 тг, ал жұмыртқаның 10 данасы 500-600 болса, 30 данасы 1600-1900 тг көлемінде. Саудагерлер де саудаласуды қойып, алсаң да, алмасаң да осы дегенге көшкен. Себебін сұрастыра бастасаң мәселенің бір ұшы сауда орындарынның жалға алу ақысын көтеріп жіберген қожайындарға тірелсе, бір жағы жаппай белең алып бара жатқан қымбатшылыққа тіреледі. Дегенмен «Шүкір етсең, арттырамын» дегендей ашкөздікке салынбай, халықтың қалтасына да қарасса қандай жақсы болар еді деген үмітке толы бір тілекті өшіре алмай қиналасың…
Жасыратыны жоқ елдегі ститистика мен шындықтың арасы шынымен алшақ екенін былайғы жұрт та біледі. Сондықтан қай салада болмасын сатистика туралы сөз қозғалса миығынан күліп қана қоясалатын болғаны да ақиқат. Өйткені «Өтіріктің арты бір-ақ тұтам» екенін бесіктегі бала да біледі. Ал халықтың халін біліп, мәселесін мінберде көтеріп жүрген азаматтарға елінің алғыстан басқа айтары жоқ.
Жанбота Сұлтанмұратқызы