Шарын – Көлсай – Қайыңды саяхаты

Шарын – Көлсай – Қайыңды саяхаты

Журналистер күніне орай Алматы облыстық туризм басқармасының қолдауымен өткен республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің пресс-турын «Respubliсa» партиясының Алматы облыстық филиалы мен «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің (МҰТП) өкілдері ұйымдастырды. 30-ға тарта БАҚ өкілі қатысып, келелі кеңес құрған «Шарын- Көлсай — Қайыңды» саяхаты тамашасы таусылмайтын тұмса табиғат аясында өткенімен ғана емес, қызықты шақтарға толы жаңа таныстықтармен есте қалды. Ұсақ-түйегіне дейін ойластырылып, жоғары деңгейде өткен бұл кездесу әріптестер арасындағы пікір алмасуға ұласып, өзара ой бөлісуге де таптырмайтын мүмкіндіктер туғызды. Саяхат барысында аттарына сыртынан қанық немесе әлеуметтік желі арқылы ғана білетін әріптестерді де өзге қырынан танып, есте қалар ерекше сәттерге куә болдық.

Кәсіби мереке қарсаңында ұйым­дастырылған бұл саяхаттың басты мақсаты – табиғатта серуендеп, көңіл көтеру ғана емес, отандық туризм саласындағы маңыз­ды мәселелерді тілге тиек етіп, облыс өңіріндегі көз тойғысыз көрікті мекеннің кереметтерін дәріптей отырып, ел туризмінің дамуына үлес қосу және БАҚ-дары арқылы насихат жұмыстарын жүргізу. Өйткені аяғынан тұралап жатпаса да, отандық туризмнің төпелеп айтып, төтелеп шешетін, ел болып қолға алатын мәселесі жетерлік. Оның үстіне пандемиядан кейін ерекше қарқынмен дамыған ішкі туризмнің жеткен жетістіктері мен әлі де жетілдіретін тұстары көп. Ал бұл ретте республикалық БАҚ-ның атқаратын ісі орасан зор және өте маңызды екені айтпаса да түсінікті.
Сондай-ақ мән-маңызы ерекше сипатта өрбіген саяхатқа мұрындық болған партия өкілдері журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтап, «Еліміздегі саяси және әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, ақпараттық қолдау білдіріп жүрген» БАҚ өкілдерін алғыс хаттармен марапаттады. Осыған орай ілтипат танытып, құрмет көрсеткен партия өкілдері әрі әріптес Жарас Ниязбек, Ришат ­Асқарбекұлы, Бақтияр Мырзаханұлы және туған өлкесі туралы көптеген маңызды ақпараттармен бөліскен Ербол Азанбек сынды аптал азаматтарға рақметімізді айтқымыз келеді. Ал керемет саяхаттың көрігін қыздырып, екі күн бойы журналистердің табанын жерге тигізбей ат-көліктен бастап, ас-су, жатар орынмен қамтамасыз етіп, мекеме қызметтері мен тұмса табиғаттың тылсымдары туралы ашық ақпарат беріп, бұған дейін біз білмеген қызықты мәліметтермен бөліскен «Көлсай көлдері» МҰТП-нің директоры Елнұр ­Ахметов, орынбасары
Әділхан Батанов, баспасөз хатшысы Алмас Тұяқбай, экологиялық ағарту және туризм Сағыныш ­Әзімовпен қатар, барлық қызметкерлеріне алғыстан басқа айтар жоқ.

Қойнауы құпияға толы Шарын

Алдын ала хабарланғандықтан Алматыдағы Астана қонақ үйінің алдына жиналған әріптестер таң ата бірнеше көлікпен жолға шықтық. «Мың естігеннен, бір көрген артық» деген бар емес пе, мұндай кереметті көзімен көргісі келмейтін жан кем де кем шығар. Қазақ даласының қазы­насын көзбен көріп, суын ішіп, дәмін татып, топырағына табан тіредік.
Бекітілген жоспар бойынша әуелгі бағыт – Шарын шатқалы. Жол алыс­тығы мүлде сезілмеген сапарда ­әлемде теңдесі жоқ жауһар жайлы талай ақпарға қанығып, табиғаттың ғана емес, тарихтың да талай тылсымын бүгіп жатқан Шарын шатқалының ішін қалағанымызша аралап, құпиясына үңілдік. Алыс-жақын шет елдерден, ел ішінен келген саяхатшылардың қарасы да тым көп. Оның үстіне жазғы демалыс уақыты болғандықтан отбасымен қыдырып жүрген шетелдіктер де аз емес. Осы орайда көзбен көрген, құлақпен естіген табиғат тамашасының қыр-сырымен бөлісуді жөн көрдік.
Шарын шатқалы деп жалпы аталғанымен, оның өзі әр түрлі шатқалдар жиынтығынан тұратынын біреу білсе, біреу білмейді. Мәселен, оның ішінде тереңдігі 200-ден 300 метрге дейін жететін Ақтоғай, терең әрі тар Көртоғай, Ұзынбұлақ,Көкпекті секілді шатқалдар бар. Мұндағы көпшілікке кеңінен танымал нысан – «Қорғандар аңғары». Ертеректе ел арасында «Шайтан қала», ­«Қызғылт тастар қамалы», «Мыстан кемпір», «Айдаһар», «Тас қапшық» деп аталып келген Шарын шатқалының бүгінгі келбеті – толығымен табиғат шебердің өз қолымен жасалған ғажайыптар.


Ашық ақпарат көздеріндегі ақпарларға сүйенсек, Шатқал дәл осы қазіргі бейнесін шамамен жарты миллион жыл бұрын иеленген. Ұзынбұлақ алабының шатқалдарын құрайтын – «Қазақ үйлер алқабы», «Сары шатқал» секілді тамаша жауһарлар – тұмса табиғаттың төл туындысы. Сонымен қатар «Аралық», «Темірлік» шатқалдары, биіктігі 150-300 метрге жететін «Қамалдар аңғары», «Жалмауыз кемпір» шатқалы т.б. сияқты қойнауына талай-талай тарихты жасырған көрікті мекеннің көп құпиясы әлі жұмбақ.
Әлемде теңдесі жоқ екі шатқалдың бірі саналатын Шарын Алматы қаласынан 195 шақырымдай қашықтықта шығысқа қарай орналасқан. Шатқалдың барлық нысандары 2004 жылдың 23 cәуірінде құрылған ­«Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына кіреді. Мемлекеттің ерекше қорғауына алынған аумақтағы Шарын өзені бойымен солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 154 шақырымға созылып жатыр. Оған Теріскей және Күнгей Алатау жоталарының солтүстік баурайынан бастау алатын көптеген өзен сулары қосылады да аңғары кең, ағысы күшті, суы мол өзенге айналған. Шарын шатқалының аумағына өзенмен бірге соғдиян шетенiнен (Fraxsinus potamophila) құралған «Шетен тоғайы» енеді. Бұл да әлемдегі екі кереметтің бірінен саналады. Оның бірі Солтүстік Америкада болса, екіншісі Шарын шатқалында ғана сақталған. Сондықтан 1964 жылы «Шетен тоғайы» табиғат ескерткіші деп жарияланып, мемлекет тарапынан қорғауға алынған. Нулы, сулы аумақ болғандықтан шатқалды мекендеген аң-құстардың да түрі сан алуан. Мұнда құстардың 103, бауырымен жорғалау­шылардың 25, сүтқоректердің 62 түрі мекендейді. Шатқалда өсетін өсімдік түрі 1500-ден астам болса, 17 түрі «Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына» енгізілген.


Шатқалды тамашалау үшін саяхатшылар әуелі 214 баспалдақмен төмен түсіп, арнайы салынған визит-орталыққа барады. Мұнда шатқалға қатысты арнайы шаблондар жазылған футболка, бас киімдермен қоса, түрлі естелік бұйымдар да сатылады. Егер уақытыңыз тығыз, асығыстау болсаңыз ­Шарынды адам басына 500 теңге төлеп-ақ арнайы көлікпен аралауға болады. Жалпы кіру ақысы 845 теңге. Оның ішіне аумақтың тазалық жұмыстары мен қызметкерлерді жалақысы, көлік құралдарынан бастап барлық шығындары кіреді. Төлемді алдын ала немесе дер кезінде Каспий банк қосымшасы арқылы төлейтін мүмкіндік бар. Жол бойына арнайы ауыз су крандары орнатылған. Олар ультракүлгін бактерицидтік шаммен және көп салалы ауыз су тазарту жүйесімен жабдықталған.
Бірақ көз тойғысыз құпия шатқал туралы көбірек білу үшін «Шарын» МҰТП-нің Экология ағарту және туризм бөлімінің басшысы Максим Акрамовты ортаға алып жаяу тарттық. 2,5 шақырым жолда жоғарыда айтылған маңызды ақпараттармен бөліскен Максимнің айтуынша, саяхатшылардан түсетін қаражаттың жылдық айналымы өткен жылы шамамен 61 миллион теңгені құраған. Мұндағы визит-орталықтың құрылысын салуға Малайзия архитекторлары қатысқан. Шатқал аумағын 3 көру алаңынан да тамашалауға болады. Бүгінде тау ешкілерінің мекеніне айналған шатқалдың өз қызықтары да жетерлік. Мәселен, біздің ауылдың тау ешкілері көктем келіп көбейетін уақыт болғанда Қырғыз жақтан келетін қара тау текелермен «араласатын» көрінеді. Сондықтан «қыр­ғыз-қазақ» бір туған деп жақын тартатын бауыр елдің адамдары ғана емес, аң-құсы да өзара «құда» болып шықты. Себебі, өзімізде тау текелер жетіспейді, саны аз. Үйірімен жүретін тау ешкілердің «отандық» текелері көбейсе ғана Қырғызстан жақтан келетін қара тау текелерге «тыйым салынатын» көрінеді. Өйткені тағибат заңы бойынша тау текелер өз үйіріндегі ешкілерді ешкіммен бөліспейді. Оларды атуға тыйым салынған. Тіпті аңшы мылтығын арнайы қапсыз алып жүруге де рұқсат жоқ. Ол үшін де көлемді айыппұл қарастырылған.
Бір айта кетерлігі, мұндағы арнайы ақпарат тақташаларының жазуларын ерекше дизайнмен жасалғанына қарамастан, көбінің әріптері жұлынып қалған. Жақындап барып ізін қуып қарамасаңыз оқылмайды. Әрине оның көзін құртқан парк қызметкерлері емес. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен саяхаттаушылардың салғырттығы, олардың келіп алып ойына келгенді істейтін жауапсыздықтарының салдары екенін айтып жатудың өзі артық. Келушілерге керек ақпараттың кімге кедергі болтынынн түсіне алмай таң болатын парк қызметкерлері саяхатшылардың көбінің саяхаттау мәдениетінің төмендігін айтып налиды. Сондықтан келушілер тазалық пен мәдениет сақтаса деген ұсыныс айтады. Өйткені бұл – бүгінмен бітетін саяхат емес, келер ұрпаққа қаз қалпында жетуге тиісті ұлттық мұра.


«Келушілер легі толастамайды. Олардың қатары күн санап өсуде. Қыста да келеді, жазда да үзілмейлі. Әсіресе көктем, күз айларында көбейеді. Болашақта билеттерді электронды жүйеге ауыстырып, күнделікті аумаққа кірушілер санына шектеу қойылуы мүмкін. Ол әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Қонуға арналған арнайы 13 орын жоспарланған. Бүгінде оның екеуі салынып, қолданысқа берілген.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақ болғандықтан мұнда орналасқан сақ қорғандарына жататын бейіттер аумағын зерттеуге болмайды. Басқа аумақтарды еркін аралап тамашалайтын мүмкіндік бар. Кешегі пандемия уақытында ішкі туризмде ерекше серпіліс болды. Сондықтан сол кезде бұрқ етіп басталған ішкі туризмнің дамуы қазіргі уақытта өте қарқынды деуге болады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келетіндер саны күрт артты. Шет елден келетіндер де аз емес, әсіресе Қытайдан келетіндер көп. Қазіргі уақытта келушілер саны артқандықтан мұндағы қызмет көрсететін таксилердің де, қызметкерлер мен қонақ үйлердің де саны көбейген», – деп маңызды ақпараттармен бөліскен М. Аврамовқа рақметімізді айтып, жылы қоштасып кеш бата Көлсайға да жеттік.

Көрікті мекендегі келелі кездесу

Мереке қарсаңында арнайы ұйымдастырылған пресс-тур болғандықтан мұнда жантақты ғана қорек ететін еңбегі ерен қауымды «Көлсай көлдері» МҰТП-нің қызметкерлері күтіп алды. Көлсай аумағын толық аралап шығатын көліктің де мәселесі шешілген. Көрікті мекенді көрем деу­шілерге ешқандай кедергі жоқ. МҰТП-нің директоры Елнұр Ахметов бас болып қазақтың исі аңқып, қалыбы сақталған киіз үйлер тігіліп, қонақ үйі де бар арнайы кешенге жол бастады. «Бұл турды ешкімге ешқандай міндеттеме жүктелмеген. Біздің басты мақсатымыз – жылсайын 28 маусымда келетін журналис­тер күніне байланысты БАҚ өкілдерінің басын қосып, келбеті келіскен Көлсай көлдерін тамашалатып, табиғаттың хас сұлуы Қайыңдыны көрсету. Журналис­терге ерекше құрмет көрсетіп, аста-төк дастарқан жайған Е. Ахметов бауырымыз басқарған ұжымға көп рақмет. Бүгінгі пресс-турымыз жемісті, мерекеміз құтты болсын! Осында жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің еңбегін бағалап, арнайы материал берем, сұқбат алам деген әріптестерге жол ашық, барлық мүмкіндік бар. Өйткені мұнда келетіндер тарапынан атқарылып жатқан игі істерден гөрі, жағымсыз жақтарды іздеп, сын айтып, мін тағатындар көп. Сондықтан ақты ақ, қараны қара деп қарап, жақсылығын да жекізсеңіздер құба-құп. «Сын шын болса» екен деген тілек бар. Сандық технология дамып, ақпарат ағыны күшейген шақта әлеуметтік желіде салынған маңызды ақпараттардан гөрі, жағымсыз жайттар мен оқиғаларға толы жазбалар тез тарап, айтылуға тиісті дүниелердің елге жетуіне кедергі болып жататыны да шындық. Ұлттық парк атқарып жатқан істерге, ол туралы беріліп жатқан ақпараттарға барынша обьективті түрде қарап, шынайы баға берулеріңізді сұраймыз. Бұл ретте парк басшылығы кез келген ақпаратты ашық айтып, сұқбат беруге дайын», – деп ой бөліскен Ришат Асқарбекұлы­ның тырнақ астынан кір іздемей, кәсіби деңгейде жұмыс істеу керек деген пікірін қос қолдап қолдаймыз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді, бізде ғана бар кереметтің артынан ауыр сөз айтып, сын тағып, мін табамын деп артық кетіп, асылық етіп жататындардың қатары да баршылық екені жасырын емес.
«Маусым айында кәсіби мерекелер өте көп. Өткен айдан бері медицина, полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің мерекесі болды. Міне, сіздердің төл мерекелеріңіз келіп жатыр. Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап, отбасыларыңызға амандық, барлықтарыңызға денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Қысы-жазы тынымсыз еңбек ететін мамандық иесісіздер. Сіздердің жұмысты сүйген адам ғана істей алатын, ауырпалығы мол жұмыс екенін білеміз. Сондықтан бір жағы дем алып, бір жағы өз ойларыңызбен бөлісіп, пікірлеріңізді айтып кетіңіздер. Республика бойынша 13 ұлттық парк болса, соның бірі – осы – Көлсай көлдері» МҰТП-і. Аумағы 161 045 гектар. Бір жағы Кеген ауданымен, екінші жағы Талғар ауданымен шектесіп жатыр. Мемлекеттік маңызы бар мекеме ретінде біз сіздермен әрда­йым ашық жұмыс істеуге әзірміз. Сондықтан өзара байланысымызды нығайтып, ел туризмінің нығаюына, дамуына бірге атсалысайық дегім келеді», – деген прак директоры Е. Ахметов «Болар елдің баласы бірін бірі батырым дейді» деген қазақ тәмсілінің тағылымын жалғауға шақырды.


Бұл ретте осы өңірдің тумасы екенін айт­қан 7kun.kz сайтының құрылтайшысы ­Ербол Азанбек: «Мен – осы жерде туып-өсіп, қызмет қылған орманшының баласымын. Сондықтан туған жерімнің табиғатын ғана емес, әр тасы мен тамшы суының қадірін білемін. Бұл – менің туған жерім дегенмен, күллі қазақтың қазынасы. Ортақ байлығымыз. Илегеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан сіздермен ой бөлісіп, пікір алмасып, елім мен жерім туралы ақпарат бөлісуге, осы мекеме мен журналистер арасында алтын көпір болуға дайынмын», – деп перзенттік парызына адал екенін көрсетті. Еуразия арнасының тілшісі аға буын Ұлан Тәліпбай үлкендігін танытып ағалық ақылын айтып: «Мұндай жерлерді тамашалау үшін біздің қауым өздігінен бара қоймайды ғой. Жұмыс­тың ауырлығы өз алдына, өзге де қат-қабат шаруадан қол босай бермейді. Ұйымдастырушылар мен қолдаушыларға рақмет. Телевидение болсын, радио, газет-журнал болсын, барлығының қызметі ортақ. Қазіргі уақытта бұл қатар портал, сайт, болгерлікпен толығып жатыр», – дей келе, кәсіптестерін мерекесімен құтықтап, ең бастысы журналистердің айлығы көбейсін деген әзіл-шыны аралас тілегін білдірді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген бар емес пе, ағаның ақ тілегіне әумин деп, іші жылып қалған «жантаққоректілер» аспаннан ақша жауып жатқандай өзара қауқылдасып мәз боп қалдық.


Танымал журналист әрі «Respubliсa» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Жарас Ниязбек те өз кезегінде әріптестерін мерекемен құттықтап, пресс-турды қуана қолдағандарға алғысын білдірді. «Құрметті аға-бауыр­лар, тілектес, ниеттес әріптес­тер, қазір ақпарат саласы жаңа деңгейге көтерілді. Бұл мереке – жыл бойы тынбай жұмыс істейтін журналис­тердің еңбегі еленіп, бір марқайып қалатын кезі. Журналистика саласының ыстық-суығын бір кісідей көріп, қиындығы мен қызығын білетін болғандықтан, бастан өткергендіктен мереке қарсаңында осы игі шараны қолға алып, сіздерді бір марқайтып қояйық деген ниетпен Көлсайдың төрінде, Қайындының қасында бастарыңызды қосып отырмыз. Мұндай ауқымды істі жалғыз атқару мүмкін емес. Сондықтан қолға алған бастаманы аяғына жеткізіп, нәтижелі болуына атсалысқан барлық әріптестеріме және «Көлсай көлдері» мекемесінің ұжымына, арнайы қолдау көрсеткен Алматы облыстық туризм басқармасына алғыс білдіремін!» – деп әріптестерге партия атынан сый-сияпат та жасап, ертеңгі жоспар бойынша Көлсай төріндегі келелі кездесу парк басшылығының кеңсесінде сүбелі сұқбат құрып, сұлулығымен таңдай қақтырған Қайыңдыда жалғасатынын жеткізді. Көңілді отырыстың арты көлде қайықпен серуендеп, атқа мініп сейіл құруға ұласып, ән-күй мен би кешіне де кезек берілді. Әріптестер арасындағы қызыққа толы қызу әңгіменің де куәсі болдық. Әріптестер арасындағы жарасымды әзіл-қалжыңның жөні бір бөлек.

Ұлттық парк аумағындағы ерекше қорғалған аумақтарды пайдаланғаны үшін төленетін салықтың көлемі адам басына 845 теңгені құрайды. Оның 345-і республикалық бюджеттің салығына төленсе, 500-і «Көлсай көлдері» МҰТП-ның арнайы есепшотына түседі. Ол айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты өзгеріп отырады. Автокөліктер үшін алынатын жеке төлем бар. Жеңіл көліктерге 200 теңге, автобустарға 600 теңге төлейді. Оларға бақылау тоспасында кассалық аппарат арқылы арнайы чек беріледі. 18-ге, толмаған балаларға 50% жеңілдік қарастырылған, 7 жасқа дейінгілер тегін кіреді. Студенттерге 75% жеңілдік бар. Әлеуметтік статусына байланысты мүмкіндігін шектеулі жандарға да жеңілдіктер көрсетіледі. Ал қонақ үй қызметтері жекеменшік болғандықтан олардың бағасы келісімді. Қазіргі автотұрақтың тарлығына байланысты төменгі шаруақожалықтың жерінен жаңа автотұрақ салуға жер бөлінген. Аудандық әкімшілік тарапынан керекті қаражаттың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Биылғы жоспар бойынша жүзеге аспақ. Мекеменің штаттық қызметкерлерінің саны 126. Оның сыртында 30-ға жуық қосымша жұмыскер бар. Маусым кезінде олардың саны 60-қа жуықтайды.

«Көлсай көлдері» МҰТП

Хас сұлу Қайыңдының келбеті

Қойнауы құпия мен қазынаға толы қазақ даласының бір сыры осы Қайыңдыда жатыр. Көркіне көз тойғысыз тұмса табиғат тамашасының келбетіне қараудан жалықпайсың. Айнадай жарқыраған мөп-мөлдір көлде өткен күнді еске салатын қарағайлардың қалыбы сұсты болса да сұлу. «Тұма көзі тұнық болсын» дейтін қазақтың тылсымға толы көлі де анадайдан айнадай жарқырайды. Табиғат тартуына тамсанғандардың қатары мен келбеті келіскен ­Қайыңдыда естелік үшін суретке түсіп, тіпті суықтығына қарамастан суына шомылып жүргендердің көңілі шат. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін тұмса табиғаттың тылсымы мен тамашасына зер салып, құпия қазынаның қойнауына үңіген.  Бұл ретте «Көлсай көлдері» МҰТП директорының орынбасары Әділхан Батанов көлдерге қатысты талай қызықты ақпарлар айтып, кереметтерімен бөлісті. Айтуынша, бұл маңда қазақтың марқасқасы Дінмұхамед Қонаевтың саяжайы болыпты. «Бұл маңның экологиялық ахуалын жақсартып, саяхатшылардың келіп-кетуі, жатын орны, жол мәселесі, тазалық, өрт қауіпсіздігі деген сияқты маңызды шаруаларды атқаруда аудан және осы маңдағы ауыл әкімшіліктерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Сондай-ақ көршілес ауыл азаматтарымен де бірлескен жұмыс жоспары жүзеге асыралады. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында келушілер мен көрші ауылдардың тұрғындарына арнайы үнпарақ та таратылады. Тіпті мектеп оқушыларына да түсіндірме жұмыс­тары тұрақты жүргізіледі. Орманшыларды мініс атпен қамтамасыз ету мақсатында жеке жылқышысы бар. Қазіргі уақытта келіп жатқан туристердің көбі – бір күндік сапармен келетіндер. Сан жағынан шамамен 200-300 ғана. Мұндағы қаптаған киіз үйлердің барлығы ұлттық парк аумағынан бөлек, шаруа қожаалықтарының жерінде орналасқан. Олардың дені туристерге қызмет көрсету мақсатында уақытша жұмыс істеп отырғандар. Алдағы уақытта оларды арнайы дизайнмен орналастру секілді жұмыстар қолға алынбақ. Қазіргі уақытта өрт қауіпсіздігін сақтау өте маңызды екенін білесіздер. Кеше Семейде болған орман өрттіндегі ауыр жағдай қабырғамызды қайыстырып кетті. «Апат айтып келмейді» десек те, мұндай жағдайлардың алдын алып, барынша сақтануымыз керек. «Сақтансаң сақтаймын» деген ғой. Қазір мекемеге қарасты 2 типті өрт сөндіру станциямыз, екі арнайы өрт сөндіретін техника бар», – деп табиғи және адами факторлар салдарынан болатын апаттардың салдары мен олардың алдын алудың маңыздылығына тоқталды.


Әлеуметтік желіде резонанс тудырған журналист Тоқтар Жақаштың жазбасына арқау болған «Kolsay Nomad» қонақ үй кешеніне қатысты да біраз мәліметке қанықтық. Ә. Батанов айтқан ақпар бойынша, қазіргі уақытта мемлекет қарауына алынып, ерекше қорғалған бұл аумақта ешкімге берілетін бір сотық та жер жоқ. Ал көзге түсіп, көп адамның көзқұртына айналған «Kolsay Nomad» қонақ үй кешені МҰТП аумағына жатпайды. Ол жерлерге 1992-93 жылдары мемлекетік акт берілген. Бұл жерлерде бұрын Кеген орман шаруашылығы болған. Кешен аумағы картада бөгде жер пайдаланушы болып тіркелген. Орналасқан жерлері – олардың заңды жекеменшігі. Біз күзет қызметіне жаупты болғанымызбен, жекеменшік мүлікке қол сұғуға хақымыз жоқ. Аталған демалыс кешеніне қатысты 10 гектар аумақ бар. Оны тек турис­тік мақсатта ғана қолданады. Басқа мақсатта қолдануға рұқсат етілмейді.
Ал біздің «Көлсай көлдері» МҰТП 2007 жылы құрылған», – деген маңызды ақпармен бөлісіп, жалпы Көлсай аумағының экологиялық қауіпсіздігі мен тазалығына өздері жауапты екенін жеткізді. Бұл ретте: «Аймақты қатаң бақылау үшін арнайы камералар қойылған. Келушілер тарапынан тазалық пен қауіпсіздік сақталмаған жағдайда әкімшілік жазаға тартылып, қанша шаршы метрді ластағанына байланысты айыппұл да салынады. Албаты жерге от жағуға рұқсат жоқ. Тек шатырмен келіп көл жағасына қонатын саяхатшыларға арнайы белгіленген орындарда ғана от жағып тамақ істеп ішуге рұқсат етіледі. Әр аумақтың өз инспекторы бар. Олар барлығын бақылауға алады.


«Келушілер тарапынан қонақ үйлерде қызмет көрсететін сервис жоқ деген шағым айтылады. Адам өте көп деген сындар айтылады. Бұл дұрыс та. Өйткені саяхатшылар санының жыл санап артуына байланысты орын жетіспеулішік, қайық немесе ат жетіспей қалу деген сынды олқылықтар бар. Олардың орнын толтыру мақсатында қанша жұмыс істеліп жатқанмен, физикалық тұрғыда бәріне үлгеру мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта күндік келушілердік санына арнайы шектеу қою да жоспарда бар. Бұл – біздің ғана емес, барлық ұлттық парктің басындағы жағдай. Мұны қандай да бір тиімді жолмен реттеуге мүдделіміз. Туризмде рекреациялық жүктеме деген бар. Қазіргі саяхатшылардың саны одан әлдеқайда артық. Сондықтан осы жүктемені әлемдік тәжірибеге сүйене отырып қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар қолға алынып жатыр», – деп тағы бір маңызды мәселенің бар екенін алға тартқан директордың орынбасары мұның барлығы «Көлсай көлдері» МҰТП-нің Табиғи кешендерді қорғау және қалпына келтіру бөлімінің кешенді жоспарларды жүзеге асыру мақсатындағы жүйелі жұмыстарының негізінде жүзеге асырылатынан жеткізді.
Реті келгенде Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Сағыныш Әзімовті де сөзге тарттық. Мекеме кеңсесіннің жұмыстарымен таныстырған ол: «Парк аумағына қойылған камералардың жұмысы бір жүйеге орталықтандырылғандықтан, оның барлығы арнайы экран арқылы кеңседен басқарылып, қандай да бір шұғыл жайғдайдардың алдын алуда жүйелі жұмыстар атқарылады. Тіпті қанша адам, қанша көлік қалай өтіп, қайда кетіп жатыр дегеннің барлығы дерлік қатаң бақылауда», – екенін тілге тиек етті.
****
Осымен екі күндік пресс-тур өз мәресіне жетті. Журналистер де ойға алған мақсаттары орындалып, қой мың, жылқы жүз дегендей көңіл күйде Алматысына оралуға асықты. Аяғынан тік тұрып күтіп, қойылған сұрақтарға ашық жауап беріп, маңызды ақпарлармен бүкпесіз бөлісіп, құрметтеп шығарып салған МҰТП қызметкерлеріне риясыз алғысын жаудырған қалың топ келбеті келіскен көрікті мекенмен қимай қоштасып,
Қайыңдыдан қалаға қарай жол тартты.

Жанбота Сұлтанмұратқызы