Қызғалдақтың алғаш пайда болған жері – Қазақстан аумағы. 10 миллион жыл бұрын Тянь-Шанның етегінде пішіні бас киімге ұқсайтын ерекше сұлу гүл пайда болған. Осы аймақтан қызғалдақ бүкіл әлемге таралды. Қазақстанда жабайы қызғалдақтың 35 түрі кездеседі. Оның 18-і Қызыл кітапқа енгізіліп, мемлекет қорғауында. Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша қызғалдақтарды заңсыз жинағаны үшін айыппұл 3000 АЕК-ке (8 751 000 теңге) дейін жетуі мүмкін. Сондай-ақ қызғалдақтарды жұлғаны үшін түзеу жұмыстары немесе қоғамдық жұмыстар, тіпті бостандықты шектеу жазасы қарастырылған.
Алматы мемлекеттік табиғи қорығы – Қызыл кітапқа енген гүлдердің мекені. Ол Алматыдан 25 шақырым жерде, Талғар ауданының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Үш жағынан Іле, Алатау тауларымен қоршалған Талғар мен Есік өзендерінің арасындағы аумақты алып жатыр. Талғар қаласынан бұл бағытқа көлікпен немесе автобуспен жетуге болады. Қорықтың орталық бөлігі Талғар қаласындағы Аққу ықшамауданында орналасқан. Жоғарыда аталған ауылға кірер жолдың бойыннан да осы гүлдерді кездестіруге болады. Жазық даланы жауып жатқан қызғалдақтарға қарап жаныңыз тыныштанып, бір сәтке рахат табады. Ғалымдардың айтуынша, бұл гүлдің адам жанын ғана емес, тәніне де шипалық қасиеті бар көрінеді. Желмен бірге ырғалып, теңіздей толқып тұрған гүлдер кеудемізге шер болып байланған уайым-қайғыны, мұң-наламызды да ұмыттырады екен.
Қызғалдақтың бір кереметі – ол адамға ұқсайды. 60 жыл өмір сүреді. Даладағы таза, табиғи жауқазын тек 13 жылдан соң бүршік жарып, гүлдейді. Сол сәттен бастап 60 жылға дейін жайқалып тұрады. Қызғалдақ туралы қызықты деректер көп. Мысалы, орта ғасырларда Константинопольден қызғалдақ баданаларын алып шыққысы келгендер өлім жазасына кесілген. Австрия елшісі өмірін қатерге тігіп, осы гүлдерді Венаға алып өтеді. Көп ұзамай Голландияда да қызғалдақтар пайда болды. Міне, осыдан кейін «қызғалдақ ауруы» басталды. Бұл гүлдердің бағасы өте қымбат болғаны соншалық, үш түп гүлдің құнына Амстердамның орталығынан үлкен үй сатып алуға болған. Ал көшпенділерде қызғалдақ бейбітшілік, тыныштық пен жаңарудың нышанына айналған.
Бұл қарапайым гүлдер наурыз айының соңынан маусым айының соңына дейін еліміздің даласын сұлулыққа толтырады. Қызғалдақ фестивальдері Қазақстанның әр облыстары мен қалаларында жыл сайын өткізіледі. Бұл шарада жастар жастық пен әдеміліктің символына айналған өсімдітің әдемілігін, тарихын тереңінен талқылап, ондағы сұлулыққа қарап бой түзейді. Шындығында, аталмыш гүлдің қазақ даласынан бүкіл жер жүзіне таралғандығына бүгінде көзіқарақты ғалымдар нақты дәлелдер келтіруде. Осылай әлем мойындап отырған ғажайып өсімдігімізді өзгелерге насихаттап, қазақстанның бренді ретінде мақтаныш етуге біздің толық қақымыз бар. Оны тек мақтаныш етіп қана қоймай, көбейтіп өсіруді, қорғауды қолға алуымыз керек. Оған себеп, жерімізде өсетін қызғалдақтардың 18 түрінің «Қызыл кітапқа» енгендігі. Қызғалдақты қорғау, насихаттау жұмыстары тек сөз жүзінде емес, нақты іс, түрлі шаралар арқылы жүзеге асса құба-құб.
Қазақ жерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде «Теңдік» қорғанынан (Жетісу) біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырлардағы сақ патшалары мен көсемдерінің киімдерінен қызғалдақ тәрізді оюмен әшекейленген жалпақ алтын тіліктер табылды. Орта Азия аймағынан табылған Х-ХІІІ ғасырлық қыш бұйымдарда да қызғалдақ суреттері салынған болып шықты. Орта ғасырларда мемориалдық архитектура мен пластикалық өнер түрінде де өсімдіктектес оюлардың пайдаланылғаны мәлім. Қожа Ахмет Иасауи кесенесіндегі жұқа кірпіштерде, Отырар жазирасындағы ортағасырлық қыштарда гүлдердің әшекейлеу үшін қолданылғаны соның нақты айғағы. Құлпытастарда да қызғалдақ суреттері салынып, ол адам өмірінің өтпелі екендігін бейнеледі. Қазақ қолөнерінде де қызғалдақ бейнесі көп бұйымдарда бедерленген. Олар: ер-тұрман жабдықтары, тері белдік тоғалары, сақина, білезік, қамзол қапсырмалары, ағаштан жасалған жиһаздар. Өсімдік пен гүл пішіндері кестелерде де, сырмақ, текемет, кілем, алашаларда да бар. Шеберлер алтын жіппен ұлттық киімдерге, киіз үй жабдықтарына, қоржын — дорбаларға да қызғалдақтың бейнесін салып әшекейлеп, кестеледі. Табиғатқа ұқыптылықпен қарап, аялай білсек, жанымызға сая, дертімізге шипа болары анық. Бабаларымыздан қалған байтақ дала балаларымызға қаз-қалпында жетсе келер ұрпақ алдында жүзіміз жарық болмақ.
Зорагүл Әбдіқадір