Жаңа орталық ашылды

Жаңа орталық ашылды

2023 жылғы 16 маусымда Алматы облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен Есік қаласында қарттарға арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» мекемесінің ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға облыстық және аудандық әкімдік өкілдері, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова, Алматы қалалық белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының басшылары, Есік қаласындағы архео­логиялық-өлкентану мұражайларының мамандары және БАҚ өкілдері қатысты.

Шара басталмас бұрын келген қонақтар орталықтың қабылдау бөлімдерін аралап, қарттардың тыныс-тіршілігімен танысты. Ақпан айынан бастап жұмысын бастаған мекемеде 178 адам тіркелгенімен, күніне 20-30 шақты адам келеді. Орталыққа алғаш келген азаматтар құжаттарын толық өткізген соң терапевет-дәрігер Жансая Әліпбаеваның тексерісінен өтеді. Егде жастағы азаматтардың қан қысымын тексеріп, қандай да бір ауруы бойынша тіркеуде тұратын, тұрмайтынын, алергиясы бар, жоғын анықтайды. Сонымен қатар денсаулық жағдайына қарай нақты қай қызмет түрін, қандай тәртіппен ала алатыны туралы кеңес береді. Емделу керек болған жағдайда тікелей ауруханаға жолдама арқылы жіберіледі.
Ж. Әліпбаеваның айтуынша, орталыққа келген қарттардың жағдайы біртіндеп жақсара батаған. Йога, ЛФК, өнер-еңбек терапиясы науқасы бар адамдарға оң әсер беріп, күнделікті ішіп жүрген дәрілерін азайтқан. Психологпен кеңестен кейін де көңіл-күйі көтерілген қариялар өздерін сергек сезіне бастаған. Қарттардың өзара шүйіркелесіп, энергия алмасуының өзі олардың күйзелістен арылып, белсенді өмір сүруіне күш береді.


Наурыз айынан бастап жұмысын бастаған орталықта қазақша гимнастика, қытай гимнастикасы, емдік дене шынықтыру, ән салу, би билеу, домбыра, тоғыз құмалақ, шахмат, ағылшын және қазақ тілі сабағы, бассейін, сәндік-қолданбалы өнер және еңбек терапиясы сынды қызмет түрлері көрсетіледі. Көпшіліктің көңілінен шыққан сәндік-қолданбалы өнер және еңбек терапиясы жұмыстарының көрмесінде осындағы әжелердің өз қолымен жасаған бұйымдары қойыл­ды. Қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан құрақ көрпе мен жастық, көрпешелері көздің жауын алады. Шебер аналармыздың ғана қолынан шығатын ұлттық бұйымдарымызды өзге ұлт өкілдері тіккен дегенге көзіммен көрмесем, сенбес едім. Сондай ісмер аналардың бірі Шәмшінұр Жапарова бала кезінен сүйіп істейтін кәсібімен шұғылдану жанына тыныштық сыйлайтынын айтады. Тіпті өзіне керекті киімдерін де өз қолымен тігіп алатын көрінеді. Жалғыз тұратын қарт ана мұндай жұмыспен шұғылдану бөтен ойлардан аулақ болуға, жан дүниені тыныштандыруға септігін тигізетінін жеткізді. Білгендеріңді басқалармен бөлісіп, білмегенді үйренудің өзі тың идеялардың туындауына түрткі болып, өмірге деген құштарлықты арттыруға септігін тигізетінін айтқан Ш. Жапарова ЛФК, ән салу, цигун сынды қызмет түрлерін ала алады. Ол осында келгелі ойы сергіп, өмірге деген құштарлығы арта түскеніне дән риза. Ал мұнда келген өзге ұлт өкілдерінің басым бөлігі қазақ тілін үйренуге деген ынтасы жоғары. Қонақтармен қазақ тілінде тілдескен қарттар орталықты ашып, қарттардың қамын жеген азаматтарға ризашылығын жеткізді. Залда йога, емдік дене шынықтыру, спорттық гимнастикаға қатысып жатқан ата-әжелер мұндай спорт түрлерінің денсаулықтарына тигізген пайдасы туралы әңгімеледі. Сонымен қатар қызмет алушылардың аквааэробикамен айналысып, стадион­да скандинавиялық серуен­деу­ге де мүмкіндігі бар. Жасы ұлғайған сайын жалқаулана түскенін айтқан Үрімхан Алматаева мұнда келгелі белсенділігі арта түскенін айтып: «Жас кезімізде мұндй орталықтар болмады. «Қара қазан, сары баланың қамы» деп жүріп өзімізге қарауға мұршамыз болмады. Бұл орталық ашылуы ауданымыздың қарттары үшін аса қуанышты жаңалық болды. Енді қолымыз қалт ете қалса, осында келіп уақыт өткіземіз. Бассейінде жаттығу сондай көңілді. Абай атамыз «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек…» дегендей, ұйқымыз аз еді, жаттығудан соң ұйқымыз жақсарып, таңертең сергек оянамыз. Жақсы ұйықтаған адамның көңіл-күйі көтеріңкі, күш-қуаты мол болады. Қарттардың қамын жеген билік басындағы азаматтарға алғысымды айтамын», – деп ақ жарма тілегін арнады. Еңбекшіқазақ ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қалдыгүл Оспанәліқызының айтуынша, Бәйдібек, Шелек, Түрген, Ақши ауылдарындағы мәдениет үйлерінің іргесінен осындай орталықтар ашу жоспарлануда.


Айтулы шара орталықтағы өнерлі әжелердің концерттік бағдарламасымен жалғасты. Алдымен еліміздің елтаңбасы мен туын салтанатты түрде ортаға алып шығып, Әнұран ойналды. Халық әндерін тамылжыта орындап, бұрала билеген әжелер көпшіліктің көз айымына айналды. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова өзі туып-өскен өлкенің шыттай жаңа бет-бейнесін көргеніне қуанышты екенін жеткізіп: «Орталықты ашудағы басты мақсаты – зейнеткерлік жастағы адамдардың әлеуетін арттырып, білім беріп, психологиялық сауықтыру. Бос уақытын спорттық жаттығуларға арнаумен қатар өзіне-өзі қызмет көрсетуге ынталандыру, жүріп-тұру мүмкіндігі бар егде жастағы адамдардың белсенді өмір салтын қолдау. Орталықтың қызметі қарттар мәселесін шешіп қана қоймай, салауатты өмір сүру салтын қалыптастырып, қоғамға өз пайдасын тигізері сөзсіз», – деп атап өтті.
Белсенді ұзақ өмір орталығының директоры Жания Сакташаева Есік қаласының мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы, архиологиялық мұражай мекемелерімен келісім-шартқа қол қойды. Осыған дейін Көлсай орман шаруашылығы, Су ресурстары шаруашылығымен келісімге келгеннін айтқан орталық басшысы: «Ауданымызға және облысымызға қарасты бес орталықпен келісімге келдік. Мұндағы мақсатымыз – ата — апаларымызды тегін саяхатқа апару. Бұл мақсатта көлік мәселесі де қарастырылған. Орталығымызға тіркелген зейнеткерлер Алматы облысындағы сауықтыру және демалыс орындарына тегін жолдама ала алады. Күніне 80 адамға дейін қабылдай аламыз. Алдағы жоспар бойынша 200 адамға дейн көтеруге ниеттіміз. Мұнда жалпы 36 маман жұмыс істейді. Қарттарымыз үзіліс аралығында тегін шай, тәтті нандармен жүрек жалғайды», – деп орталықтың негізгі жағдайымен таныс­тырып өтті.
Қазыналы қарттарымыздың әл-­ауқатын, тұрмыс сапасын арттыру мақсатында ашылған орталық өп адамдардың көңілінен шығып, жақсы нәтижелерін көрсете бастаған. Боллашақта да ел игілігіне жарап, мемлекетіміөздің дамуына өз үлесін қоса беретініне сенімдіміз.

Зорагүл Әбдіқадір