Азат ауылына 100 жыл

Азат ауылына 100 жыл

Жуырда Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Азат ауылының және Азат орта мектебінің 100 жылдық мерейто­йына орай жасөспірімдер арасында күрестен облыстық турнир өтті. Байрақты бәсекеге облысымызға қарасты Қарасай, Талғар, Жамбыл, Іле аудандарынан 30 команда қатысты.

Осыдан жеті жыл бұрын қолданысқа берілген жаңа мектептің спорт залында шымылдығын түрген турнирге қатысушылар қарасы да көп. Әр ауданның үкілеген жүйріктері денелерін қыздырып, дүбірді көрсе тұяғы қызатын тұлпардай шиыршық атып, белдесер сәтін асыға күтті. Әнұранымыз ойналған соң спортшылар бірінен соң бірі боз кілемде белдесті. Бабы мен бағы келіскен балуандар қарсыласын ойсырата ұтып, келесі кезеңге жолдама алып жатты. Солардың бірі Іле ауданы атынан 52 килограмм ­салмақта бақ сынаған Аңсар ­Ахмедияр Еңбекшіқазақтың сенім артып отырған балуанынынан басым түсіп, жарыс жолын жалғастыруға мүмкіндік алды. Небәрі 12 жастағы спортшының бапкері оның бұл жарыс­та топ жаратынына сенімді. Осыған дейін де талай додада жауырыны жер иіскемеген балуан облыстық байқауларда да ешкімге дес бермепті. «Болам деген баланың бетін қақпай, белін буып» жүрген бапкері өз командасының ауылына үлкен олжамен оралатынын жеткізді.
Шағын ауылдың шаттығын бөлісуге танымал спорт шеберлері де келді. Еркін күрестен спорт шебері Ислам Байрамуков жанарларынан үміт оты ұшқындап тұрған балаларға ыстық лебізін білдіріп: «Мен де дәл сендердей кезімде күреске келгенмін. Спорт десе жанын салатын баланың бірі болғанмын. Қазір сендерді көріп өзімнің балалық шағымды көріп тұрғандаймын. Табанды да, талапты бала ғана жеңіс тұғырына көтеріле алады. Бойларыңда күш, жүректеріңде сенім болсын. Құлаған жерлеріңнен тұрып қайта ұмтылыңдар. Жеңілген сайын жігерлеріңді жани түсіңдер. Жеңілістің ащы дәмін тата алмаған адам жеңістің тәтті дәмін сезе алмайды деген бар. Болашақ сендердің қолдарыңда. Тек жеңістің, атақ-даңқтың соңынан жүрмеңдер. Нағыз жеңімпаз, нағыз батыр адамның бо­йында намыс пен өр рух басым болады. Еңбегі мен ерлігі, адамдығы мен имандылығы ұштасқан адам ғана нағыз батыр!», – деп жас буынға отты сөздерімен ой салды.


Еркін күрестен Азия чемпионы Зульфия Яхьярова жас балуандарға өзінің осы спорт саласына қалай келгені туралы әңгімелеу барысында 13 жасынан бастап белдесуге бетбұрған балуан қыз жеңіс тұғырына жетер жолда көптеген кедергілерді еңсергенін есіне алды. Бала кезінде дәл бүгінгідей жағдай жасалмаса да, алған бетімнен айнымадым деген ол қазіргі балалардың бағы бар екенін атап өтті. «Біздің бала кезімізде мұндай жарыстар жиі бола бермейтін. Ал сендер бақыттысыңдар. Барлық жағдай жасалған десем артық болмас. Енді тек жалқаулыққа салынбағандардың ғана бағы жанады. Жігіттердің арасында емін-еркін өстім. Кейде өзімнің қыз бала екенімді ұмытып кететінмін. Нәзік жандылар қатарынан болсам да анау-мынау жігітке есе жібере қоймайтынмын. Сөйтіп жүріп үлкен жарыстарда бақ сынадым. Ауыр жарақат алған кездерім де болды. Бірақ жасымадым. Өйткені кәсібімді жақсы көрдім. Өз мамандығын сүйген жан ғана нәтижеге жетеді. Бала кезімізде жаттығуға бару үшін үйдегі барлық шаруаны тындырып қойып, сұранып зорға шығатынбыз. Ата-анамыз үйдегі жұмыстар аяқталмай ешқайда баруымызға рұқсат бермейтін. Ал қазіргі балалардың бойынан мұндай жалынды аз байқаймын», – деп балалық шағынан аз-кем сыр шертті.
Азат ауылы жылдан-жылға гүлденіп, көркейіп келе жатыр. Қазақ, түрік, ұйғыр, орыс, әзербайжан, ­шешен сынды әр ұлт өкілдерінен тұратын 4 500-ге жуық тұрғыны бар ауыл – береке-бірлік пен татулықтың тал бесігі. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара тіршілік етіп отырған ауыл халқы ырыздық-несібесі бөлінбеген бір ананың баласындай ­тату-тәтті. Мал және егін ­шаруашылығымен шұғылданатын ауылда ірі шаруа қожалықтары да бар. Атап айтсақ, алма және құлпынай өсіретін қожалық ауыл халқын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Біраз жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан жылыжай да табыстың қайнар көзі деуге болады.


Жастардың ауыл тойын атап өтеміз деген бастамасына қолдау білдірген әкімшілік қызметерлері ауылдағы әрбір жақсы жаңалықтың басында белсенді жастар жүретінін айтады. Ауылда ешқандай спорт залы болмағанын ескерген олар тау баурайынан ауыл балаларына керекті жаттығу залының жұмысын бастап кеткен. Асып-тасып жатқан байлығы болмаса да, қалталарынан қаражат шығарып, аталған шаруаны қолға алған. Игі іске мұрындық болған Руфат Қасымов: «Бұл шаруаны қолға алуға себепкер болғаным рас. Алайда ауылдың азаматтары үлкен қолдау көрсетті. Ауыл бәрімізге ортақ. Біріміз бастаған жақсы істі екіншіміз жалғастырып әкетеміз. Мұнда түрлі спорт жарыстарында көзге түсіп жүрген балалар аз емес. Олардың тұрақты жаттығуы үшін арнайы спот залы болмады. Бұл жағдай қабырғама батып жүретін. Сол себепті де осы шаруаны кешіктіргім келмеді. Жігіттер қолы қалт ете қалса, осында бас қосып, бір кірпіші болса да қалап кетуге тырысады. Ешқайсымыз шіріген бай емеспіз. Бірақ бәрімізді біріктіретін ортақ мүддеміз бар. Ол – ауылымыздың болашағы. Құтты қонысымыздың атын шығаратын, ырыздық-несібесін молайтатындар – жігіттер. Үкіметке қол жайып отыра бермей әрекет етсек, әкімшілік тарапынан да қолдау болары сөзсіз!» – деп азаматтық лебізін білдірді. Ауыл белсендісінің айтқанына біздің де көзіміз жетті. Ұйымшыл жастар мерекелік шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғанына куә болдық. Салт-дәстүрінен айнымаған ауыл жастарының бойынан имандылық пен ізеттілікті, қайырымдылық пен қайсарлықты аңғардық. Алыс-жақындағы ағайынның басын қосып жатқан азаматтардың тірлігіне «бәрекелді!» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Ауылдың және Азат негізгі орта мектебінің 100 жылдық қос қуанышы барысында тарихы терең білім ордасы туралы пікір білдірген мектеп директоры Раушангуль Жапарова: «Мектебіміз 1923 жылы құрылған. 140 оқушыға шақталған мектепте 45 мұғалім 450 балаға орыс және қазақ тілінде сапалы білім беруде. Спорт жарысы өтіп жатқан бұл мектеп жеті жыл бұрын ғана қолданысқа берілген. Мерейтойы аталып жатқан мектебіміздің спорт залы болмағандықтан барлық шараларды осында өткіземіз. Болашақта «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жаңа мектеп салынбақ. Жер бөлініп, қажетті құжаттар рәсімделген. Жаңа мектеп салынса, ауылымыздағы мектеп жетіспеушілік мәселесі толығымен шешіледі деген ойдамыз. Шәкірттеріміздің арасынан атақты түлектер қатарында сот, кардиолог, химик, ел басқарған азаматтар аз емес, біз сондай түлектерімізбен мақтанамыз, ауылымыздың болашағы нұрлы болары сөзсіз!» – деп атап өтті.
Облысымыздың саңлақтары сынға түскен додада командалық есеп бо­йынша Қарасай ауданы бірінші орынға ие болса, екінші орынды Алматы қаласынан келген «Батыр» командасы қанжығалады. Ал жүлделі үшінші орынға Еңбекшіқазақ ауданының балуандары ие болды. Бірлігі берік азаттықтарға той құтты болсын дей отырып, опалы да, ойлы ұлдары бар ауылдың болашағы нұрлы боларына сеніміміз зор.

Зорагүл Әбдіқадір