Өткен аптаның соңында Талғар қаласындағы Кивилев атындағы спорт залда Елена Тукалевскаяны еске алу мақсатында волейболдан әйелдер арасында турнир өтті. Бұл шараны «ARANGreenhouse» ЖШС ұйымдастырса, «AMANAT» партиясының Талғар аудандық филиалы қолдау көрсеткен. Турнирге кәсіби спортшылардан құрылған «Талғар», алматылық «МВД», «Gold team», «Ұзынбұлақ», «SG», Алматы волейбол академиясы, «Trix» секілді командалар қатысты.
Ұйымдастыру жұмыстарын атқарған «Талғар» командасының қыздарын сұқбатқа шақырдық. Волейболдың қыр-сырын жетік меңгерген Анар Байділдаева 15 жылдан бері ойнап келе жатқанын айтып: «Жеңісті қолдан бермеуге тырсамыз. Осы бастаманы бастаған Ангелина Газизова жас болса да жасыл желектерді қорғаумен айналысатын «ARANGreenhouse» ЖШС-нің басшысы, әрі біздің мықты кеңесшіміз. Мектеп қабырғасынан бері бірге ойнап келеміз. Келген командалардың барлығы іріктелген мықты командалар. Әсіресе МВД командасы өте шебер ойнайды. Бұл турнир Талғарда алғаш өткізіліп отыр. Ал облыста мұндай турнирлер жиі өтеді.
Турнирді қаржыландырған «ARANGreenhouse» ЖШС-не, ұйымдастыру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізген «Талғар» командасына және «АМАНАТ» партиясына, судьялар –
Валерий Шестаков пен Дмитрий Ситниковқа алғысымызды білдіреміз», – деп тартысқа толы ойынның қызықты сәттерімен бөлісті.
«Менің атым – Насима Көбей. Алматыдан келдік. Командалардың арасындағы мықтысы бізбіз. Жеңу үшін келдік», – деген спортшы барлық командаларға сәттілік тілесе, «SG» командасының құрамында ойнаған Динара Бақытқызы: «Алғашқы ойында ұтылып қалдық. Бірақ көңіл-күйіміз өте жақсы. Бұл – ойын. Сондықтан жеңу де, жеңілу де болады. Біз – кәсіби ойыншылармыз. Арнайы шақырумен келдік. Негізі Талдықорған қаласының «Жетісу» командасының ойыншысымын. Жеңісті қолдан бермейміз!» – деп өз командасының жеңісіне сенім білдірді. «Gold team» командасының ойыншысы Меруерт Жұмажанова: «Турнирге Алматыдан келген әуесқой команданың ойыншыларымын. Біздің команданың қыздар алматылық «ЦСК» командасында өнер көрсетіп жүрген ойыншылар болғандықтан, барлығы шебер ойнайды. Бір-бірімізді бұрыннан білеміз. Сондықтан ойын барысында жақсы түсінісеміз және бізге сол бірлігіміз көмектеседі деп сенемін. Волейболды сүйіп ойнайтындықтан оны ешқашан тастамаймыз. Алдағы ойындарда да бірге ойнайтын боламыз», – деп алдағы жоспарларымен бөлісті.
Ал «AMANAT» партиясының Талғар аудандық филиалының төрағасы Серік Кеңесұлы: «Жастар арасында өтіп жатқан волейбол турниріне партия атынан қолдау көрсетіп, ойынға қажетті құралдар мен залды ұсынып отырмыз. Жеңімпаздарға арналған грамоталар да дайын. Барлығы кәсіби командалар. Жарыс болған соң алдын ала анау-мынау деуге болмас, дегенмен «Талғар» командасына жеңіс тілейміз!» – деп ағалық ақ тілегін білдірді. Ойын нәтижесі бойынша «МВД» командасы жеңімпаз атанып, екінші орынды «Талғар» командасы қанжығасына байласа, үшінші орын Алматы волейбол академиясы» командасына бұйырды. Турнир жеңімпаздары дипломдармен, медальдармен, кубок және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Айта кетейік, «Талғар» командасының негізгі жанкүйерлері ретінде Елена Тукалевскаяның анасы – Людмила Матвеева және қыздары – Маргарита мен Вероника қолдау көрсетті. Сондай-ақ Еленаның туыстары мен достары да турнирдің ойдағыдай өтуіне атсалысты.
Жанбота Сұлтанмұратқызы