Адамның басты байлығы – денсаулық болса, оны сеніп тапсыратын дәрігерлердің арқалаған жүгі де жеңіл емес. Адам анатомиясын терең зерттеуге қабілетті, науқастың тағдырына немқұрайлы қарамайтын, жүйкесі мықты жан ғана бұл мамандықтың иесі атана алады. Осы орайда ақ халатты абзал жан, Еңбекшіқазақ ауданы көпбейімді орталық ауруханасына қарасты Бәйдібек би ауылындағы оңалту орталығы және ерте араласу бөлімшесінің меңгерушісі және реабилитолог-дәрігер Айнара Терликбаевамен сұқбаттастық.
– Әңгімемізді өзіңізден бастасақ. Ауыр жүк арқалаған медицина мамандығын таңдауға не себеп болды?
–Мен Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылының тумасымын. Барлық бала сияқты мен де арманшыл, талапты бала болдым. Анам мектеп директоры болғандықтан оның атына сөз келтірмеуге тырысатынмын. Оқу үлгерімімнің жоғары болуы қалаған мамандығыма түсуіме мүмкіндік берді. 1999 жылы арманым орындалып, С. Асфендияров атындығы Қазақ Ұлттық медицина университетіненің педиатр мамандығына қабылдандым. Еліміздің білікті дәрігерлерін дайындайтын жоғары оқу орны мені де талапты жас маман етіп қатарға қосты. Ауылда өскен бала үшін алып шаһарда қалаған мамандығы бойынша білім алу – нағыз мақтан. Алғашқы жұмысым дәріханада кеңесші дәрігер болудан басталды. Дәріхана меңгерушісі де болдым. 2011 жылы Қазақстан ауылында педиатр болып жұмыс істей бастадым. «Көре-көре көсем боласың» дегендей, біліктілігім артқан сайын жауапты міндеттерді арқаладым. Табандылықты, қажырлықты ата-анамнан үйрендім. Өміріме үлгі болған да, жаныма сая болған да сол аяулы жандар.
–«Жақсы сөз жан семіртеді» дейді. Еңбектеріңіз бағаланып жатқан шығар…
–Иә, адамдардың алғысына кенеліп, марқайып қаламыз. Мемлекет тарапынан алған Алғыс хаттар, мақтау қағаздары да аз емес. Жақсы сөзбен құттықтаулар бізге қашанда шабыт беріп, күш-қуат бағыштайды. Айналаңдағы адамдардың жақсы лебізі өзімізге деген сенімімізді арттырып, қарбалас сәттер арасында бір тыныстап, рахаттанып дем алып алғандай сезімге бөлейді. Біз дәрігерлер әрдайым бар ынтамызбен, ықласымызбен жұмыс істейміз. Еңбегіміз еленбей жататын кездері болса да ренжіп жатпаймыз, себебі бұл – біздің жұмысымыз. Ал мен үшін адамдардың алғысынан артық марапат жоқ. Көңілімізге қуаныш ұялататын, сенім бағыштап, жігерімізді жанитын да сол – үлкендердің ақ батасы, науқастардың шексіз алғысы!
–Қазір өзіңіз жұмыс істеп отырған оңалту орталығы туралы айтып өтсеңіз.
–2022 жылы Бәйдібек би ауылындағы көпсалалы аурухананың қарамағында оңалту орталығының ерте араласу бөлімшесі ашылды. Бүгінгі таңда осында бөлім меңгерушісі және реабилитолог-дәрігер болып қызмет атқарамын. Бұл орталық үш айлық нәрестеден бастап, 18 жасқа дейінгі тірек-қимыл жүйесінің бұзылуы мен туабіткен ақауы бар балаларға ем-шара жүргізеді. Шынын айтқанда сол мүмкіндігі шектеулі балалалар ғана емес олардың ата-аналарына да көмек керек болады. Бауыр еті баласының мұндай халін көрген олар іштей өздерін мүжіп жібереді. Сондықтан да ата-аналарына психологиялық көмек көрсетіп жатамыз. Сары уайымға салынған адамның да денсаулығы сыр берері анық. Сол себепті балаларыңыз сауығып кетсін десеңіздер алдымен өздеріңіз сенімді әрі мықты болыңыздар деп жігерлендіріп жатамыз. Алла бар пендесін сынақ үшін жаратқан ғой, десе де мүмкіндігі шектеулі баласы бар ата-аналардың жағдайын басқа адамдар түсіне бермейді.
– Өзіңізбен әріптес болған жастарға білікті маман ретінде айтар ақылыңыз да бар болар…
–Әрине, көптеген жас мамандарды жұмысқа қабылдадық. Олар өз балаларымыз сияқты, өмірдің ыстық-суығын көрмеген, аңғал жастар. Оларға білмегенін үйретпесек, білгенімізден не қайыр? Қазіргі жастар талапты, ізденгіш, білсем деп тұрады. Науқаспен қалай қарым-қатынас жасаудан бастап қалай емдеуге дейін білгенімді айтып отырамын. «Ұстаздан шәкірт озар» деген бар. Уақыт өте келе білікті маман болып шыға келеді.
– Жылдар бойы денсаулық сақтау саласында қызмет етіп келесіз, кәсіби маман ретінде де, қарапайым адам ретінде де көңіліңізге көп нәрсе түйіп жүргеніңіз анық. Сол өмірдің өзі үйреткен сабақтарын көппен бөлісе кетсеңіз.
–«Тәні саудың жаны сау» демекші, тәні сау, жаны таза адам ғана өз елін ің дамуына үлес қоса алады. Бар әлемді жайлаған пандемияның кезінде адамзат өркениетке ұмтылмақ түгілі ажалмен арпалысып кетті. Сондықтан ұлт саулығы қашанда маңызды. Соңғы жылдары жарымжан туылатын балалар немесе белсіз-бедеу қыз-жігіттер көбейіп кетті. Әрине экологиялық ортамыздың нашарлағаны рас. Алайда адамның денсаулығы өз қолында. Жас қыз-жігіттер болашақ ұрпағы алдында жауапты екенін ұмытпауы керек. Энергетикалық сусындар, жылдам дайын болатын тамақтар, ашық-шашық киіну болшақта бала сүйе алмауға немесе кемтар баланың өмірге келуіне себеп болуы мүмкін. Іштен сал болып туылған немесе ақыл-есі жетілмей қалған түрлі диагнозбен ауыратын балаларды қабылдап емдеп жатырмыз. Ата-аналарының жанарындағы мұң мен өкінішті айтып жеткізе алмаймын. Шыр еткен шикі өкпеге зәру болып жүргендер қаншама? Сондықтан өмірлік өкіншке қалмау үшін керекті мен керексізді, пайдасы мен зиянын ажырата білсе жеткілікті.
– Басында айтып қалдыңыз саяхатшы болуды да армандадым деп…
– Бала кезімде ауылда туризм курстары бар болатын. Жетекші ағайымыз бізді ертіп алып тау-тасты аралап, өсімдіктер мен гүл-шөптерді таныстырып, өлкеміздің жағрапиялық жағдайы жайлы ұзақ әңгімелейтін. Тарихи маңызы бар жерлерге арнайы апарып, ғасырлар қойнауынан сыршерте отырып, табаны тиген жерге белгі қалдыруға тырысатын. 8-сынып оқып жүргенде 6 бала екі жаттықтырушының жетегінде Қазақстан ауылынан жаяу шығып жеті күнде Көлсайға жеткенбіз. Топта үш ұл, үш қыз болды. Енді ойласам неткен ерік-жігер, недеген батылдық!? Алғашқы күні шаршай бастағанда үйге қайтқым келді. Алайда ертесінен бастап белді бекем буып, алға ұмтылдым. Сол кезден есімде қалған ғажайып сәт – түнде достарыммен бірге аспанға қарап жұлдыз санаған кезіміз. «Желсіз түнде жарық ай, Сәулесі суда дірілдеп…» деген Абай Атамыздың әнін шырқап жатып қалғып кеткен кездеріміз нағыз бақытты сәттер екен. Тіпті қасқырдың ұлыған дауысын естідім деп бір-бірімізді қорқытып ойнайтынбыз. Ортамызға от жағып қойып, жер ошақта піскен тамақты тамсана жеп, қалжырап ұйықтап кеткен кездеріміз де болды. 7 күн дегенде межелі жерімізге жетіп, қуаныштан төбеміз көкке екі елі жетпей қуанған кездеріміз әлі күнге есімнен кетпейді.
– Білуімше жеті баланы өмірге әкелген алтын құрсақ анасыз. Үлкендері студент атаныпты. Жалпы көпбалалы ана ретінде бала тәрбиесінде не нәрсеге баса назар аударасыз?
–«Әйел адам бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз дәл тауып айтылған. Әйел затының басты міндеті – өмірге бала әкеліп, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл ретте жолдасымның қолдауымен анашымның жәрдемі жүгімді жеңілдетіп, қатарымнан қалмауға мүмкіндік берді. Мен балаларымды өзара бауырмал, бір-бініне қайырымды, иманды да, инабатты етіп тәрбилеуге барымды саламын. Бір-біріне көмектесіп, бір тәтті болса да бөліп жеуді, ренжісіп қалса кешірім сұрауды, үлкендері кішкентайларына жауапты екенін де ескертіп отырамын. «Ағайын тату болса, ас көп» дегендей, береке-бірлік болса, тірлік болатынын ерте жастан ұққаны жөн деп санаймын. Дәстүріміз бен дінімізді білген бала жаман болмасы анық. Халқымыздың ырым-тыйымдарының өзі көп нәрсені ұғындырады. Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі де осында жатыр. Ал ұлдардың бәрі спортпен шұғылданады.
– Ақ халатты абзал жандар ажалға арашашы, нағыз алғыспен марапатқа лайық адамдар деп жатамыз. Ал өзіңіз с кімдерге алғыс айтасыз?
– Осы күнге дейін амандығымды тілеп, шаршасам маңдайымнан сипап, тілекшім, сырласым болған анама алғыс айтамын. Көпбалалы ана болғаныммен, анамның алдында мен де баламын. «Анасы бар адамдар қартаймайды» дегендей, кейде сол қамқоршымның етегіне бас қойып, еркелеп аламын. Біз аналар балаларымыз үшін жанымызды беруге даярмыз. Ендігі қалауым сол балаларым аман-есен ержетсе екен деймін!
Зорагүл Әбдіқадір