Талдыбұлақтықтар таза суға неге зәру?

Талдыбұлақтықтар таза суға неге зәру?

Алатаудың бөктерінде отырса да аптап ыстықта аптадан аса тіршілік нәрінен тарыққан талдыбұлақтықтар таза суға зәру екенін айтып, мәселенің мән-жайын біліп беруді сұрады. Таза су іздеп табанынан таусылып көрші ауылдарға сабылып жүрген тұрғындардың базынасын Белбұлақ ауылдық округінің әкімі Нұрбол Досымбаевқа жеткізіп, ауылдағы су мәселесінің неден туындағанын сұрадық. Күннің күрт ысуынан өзен суының лайлануына байланысты ауылға келіп жатқан ауыз судың қысымы азайып жатқанын айтқан әкім Талғар топтық су құбыры мамандарымен шұғыл байланыстырып, тұрғындардың уақытша туындап отырған мәселеге түсіністікпен қарауын сұрады. Осы орайда алматылық «Алатау» РМК-ға тиесілі «Талғар топтық су құбыры» мекемесінің басшысы Әли Садыровпен сұқбаттастық.

– Әли мырза, мәселеТалдыбұлақ тұрғындарының ауыз судан тарығып отырғанынан шықты ғой. Аптап ыстықта аптадан асты ауыз судан тарыққан ел су іздеп сабылып жүр. Мәселе неден туындады? Алдымен осыған түсініктеме берсеңіз.
– Біздің мекемеге қарасты ауылдар ауыз суды Талғар өзенінен алады. Ол өзі оң, сол және ортаңғы деп аталатын үш тармақтан тұрады. Оның сол және ортаңғы жағалауының басындағы мұздықтар таудағы +6 градус температурада ериді де, ол су өзенге қосылады. Салдарынан өзен суы мөлшерден тыс көбейіп, лайланып, жағаның бәрін шаяды. Күннің күрт ысуына байланысты таудан келіп жатқан судың мөлшері бұрынғыдан 4-5 есеге көбейіп кетті. Тасып жатқан өзен суын тұндырып алатын мүмкіндік жоқ. Бұл жағдай тамыздың аяғына дейін жалғасуы мүмкін. Тек тамыздың соңында күн салқындай бастағанда ғана тұнуы ықтимал. Жылда су лайланғанымен дәл қазіргідей жоса болып ақпайтын. Нәтижесінде ауыз су тұп-тұнық болмаса да сарғыштау болатын. Ал қазір табиғат өзгерістеріне байланысты жағдай қиындау болып тұр… Ауыз судың сапасы мен тазалаығы ауа райына да тікелей байланысты.
Бұрын күн сәуірден бастап жайлап жылып, шілдеге дейін біртіндеп ыситын. Биыл күрт ысығандықтан осындай жағдайға тап болып отырмыз. Талғар өзеніне тау етегіндегі қар суы мен мұздықтар суы қосылып жатыр. Соның кесірінен судың көбейгені өз алдына, лайланып, тасып жатыр. Қазір суды оң жағалаудан алып жатырмыз. Ол жақтың су көздері негізінен бұлақтардан басталады. Таудан құбырмен ауылға жеткенше 11-12 шақырым құбыр арқылы келетін судың мөлшері бұрынғыдан аздау болып жатыр. Бірақ бұдан тамыздың аяғына дейін су болмайды екен деп халық шошымасын. Құбырдың ауасы шығып, іші лай судан тазарса суды бұрынғыдай береміз. Дегенмен тұрғындардың мүмкіндігінше үнемі қолданатын су қоры болғаны дұрыс. Өйткені алда тағы қандай ауа райы болатынын кім білсін?!
– Қазір Бірлік, Талдыбұлақ ауылдарына жаңадан су құбыры тартылып жатыр. Қашан іске қосылады?
– Үкімет тарапынан ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында алты ауылға 3 млрд-тай қаражат бөлінді. Оның жұмысы былтыр қыркүйек айынан басталған. Тендерді ұтып алған компанияның 8 бригадасы жұмыс істеп жатыр. Жоспар бойын­ша жұмыс осы жылы қазан айы­ның аяғында аяқталуы тиіс. Яғни қарашада. Келесі жылы осы жаңа тартылған құбырға тұрғын үйлерді қосу жұмысы жүзеге асырылады. Осы құбыр толық іске қосылғанда ғана ауылдардағы ауыз су мәселесі түгел шешілетін болады. Оған дейін ешкімге ауыз судың сапасы мен қысымы туралы, жазда барлық көшеге толық су беремін деп кепілдік бере алмаймын.
– Себеп қандай?
– Өйткені қазір біз су беріп отырған құбыр әбден ескірген. Қысымды көбейтсең кез келген жерінен жарылады. Әбден шіріп тұрғандықтан оны дәнекерлеу де мүмкін емес. Оның үстіне іші де топыраққа толып қалған. Біз қанша таза су бергенмен осындай себептерден болып қысым азайып, су сапасы төмендейді. Мысалы, жарылған жерлерді дәнекерлегенде суды өшіреміз. Сосын қайта су жібергенде ішіндегі топырақ қозғалып су лайланып, елдің су есептегіш құралдарының құбырын да бітеп тастайды. Мұндай да мәселелер бар. Әкімдік те, біздің мекеме де барлық мәселені біледі. Жұмыс істелмей жатқан жоқ, бірге талай жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ ескі құбыр мен ауа райының қолайсыздығы да таза су берудегі басты кедергі болып отыр.
2012 жылы жасалған жоспар бойынша тек былтыры ғана жоғарыда аталған 3 млрд теңгені алуға қол жеткіздік. Ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында осы қаражыны алу үшін 10 жыл жүрдім. 2022 жылы қыркүйекте ғана қаражатты бере бастады. Қазір шеткі көшелердің құбыры тартылып болды. Енді ортаңғы көшелерге тиесілі құбыр магис­тралдарының жұмысы атқарылса, қарашаға дейін негізгі жұмыс аяқталады. Қыста тоң қатқан уақытта жұмыс тоқтайды. Көктемнен бастап тұрғындардың су құбырын осы негізгі құбырға қосу жұмыстары жүргізіледі. Ол да оңай шаруа емес.


– Бұл ретте тұрғындардың әлеуметтік жағдайы ескеріле ме? Яғни қандай да бір жеке тұлғалардың денсаулығына, отбасылық жағда­йына байланысты жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Бұл жерде үлкен мәселе тудырып отырғаны да осы жайт. Үкімет ақшаны тек негізгі магистралдарды жүргізуге бөлді. Ал тұтынушылар оған өз қаражатымен қосылуы керек. Бірақ біреудің ақшасы бар, біреуде жоқ, біреу зейнеткер, біреу мүгедек деген сияқты. Халықтың өкпе-ренішінің туар кезі де осы тұс.
– Ал тұрғындардың негізгі магис­тралға қосылу ақысы қанша болады?
– Әр көшенің бұрылысына әр үйдің су есептегіш құралдарын орнататын арнайы құдықтар қарас­тырылған. Осы құдыққа жақын үйлердің қосылу ақысы арзандау, алыстаған сайын қымбаттау болады. Оны қазір нақты айта алмаймын. Қазір бір соманы атасам, ол ертең қымбаттап кетсе менің басым бәлеге қалады. Өйткені қымбатшылықтың барлық салаға әсері болып жатыр. Арты­нан «Әли сөйтіп айтып еді, биыл мыналарың не?» деген әңгіме туады. Сондықтан барлық жұмыс аяқталған соң толық есептеліп, қосылған үйлер құдықтан қанша метр қашықтықта орналасқанына байланысты болады.
– Егер жаңа су құбырына тұрғындар толық қосылса, ескі құбырдың суын бірден ажыратып тастайсыздар ма? Әлде ол басқа мақсатта қолданыла ма?
– Халықтың 70-80 пайызы қосылып болған соң әкімдік бар, біз бар қалғандарына құбырға қосылуға алдын ала арнайы хабарлама жіберіп, 1-2 ай уақыт береміз. Сол аралықта қосылып бітуі керек. Содан кейін ғана ескі құбыр арқылы су беруді тоқтатамыз. Мысалы, Қызылқайраттағы су құбырына тұрғындар тұтас қосылу үшін бір жарым жыл уақыт кетті. Бәрі демеймін, бірақ халықтың басым бөлігі өте жайбасар, немқұрайлы қарайды. Болды, бітті, қосылмасаңдар енді суды өшіреміз дегенде барып бір-ақ қозғалады. Әйтпесе үкімет және әкімшілік тарапынан, біздің мекеме тарапынан атқарылмай жатқан іс жоқ.
Ескі құбырға келесі жылы 60 жыл болады. Шұрық тесік болып, шіріп біткен. Ол негізі 30 жылға ғана арналған құбыр. Қазір онымен суды әрең беріп отырмыз.
Талдыбұлақта неше түрлі құбыр жатыр. Жамап-жасқауға да, дәнекерлеуге де келмейді. Тозығы жеткен.
– Енді ала жаздай аптап ыстықта ел сусыз қалмауы үшін не істеуі керек? Қандай кеңес бересіз?
– Қазір су беріп отырған құбыр­дың іші лайға толып, диаметрі тарылып қалғандықтан ауылдың төменгі жағында су болады да, жоғарғы жаққа қысым жетпейді. Оның үстіне тұрғындар ауыз суды бау-бақша суаруға қолданып, өзім ішсем болды дегендей ашып тастайды. Бұл да судың жетіспеушілігіне әкеп соқтырып отыр. Талайына барып ескерту жасап, айыппұл да салдық. Бірақ бұл мәселені шешу өте қиын. Көзіңше жауып қойғанымен, сен кете бере қайта ашып тастайды. Әр үйге аңдушы етіп қоятын адамды қайдан табамыз? Бұл орайда тұрғындар жеке басын ғана ойламай, өзгелердің де су ішітініне мән берсе дейміз. Сосын халықтың 80-90 пайызында ұрлап қосып алған су құбыры бар. Үйіне қара кететін құбырға ғана есептегіш қойып қойған. Ал оған қосылмайтын құбыр арқылы да талай суды заңсыз пайдаланып отыр. Қалтасынан қызыл шығын шықпайтын болған соң суды қалай болса, солай пайдаланып отырғандардың қай жерде қандай құбыры бар екенін құдай білсін. Жаз басталса су жетіспеу­шілік қоса басталады. Ал қыста ешкім ештеңе суармайтындықтан оның қысымы да қалыпты, барлығына жеткілікті болады. Негізгі себеп осында жатыр.


– Сонымен жаңа су құбыры іске қосылса ауылдардағы ауыз су мәселесі толық шешеледі ғой?…
– Енді жаңа құбырға қосылғанда есептегіш құралдар көшедегі құдықта болатындықтан оған ешкім ұрланып қосыла алмайды. Судың қысымы да сол кезде көтеріліп, ел қалыпты жағдайда сумен қамтамасыз етілетін болады. Қырқына шыдадық қой, қалған біріне де шыдауымызға тура келеді.
Тағы бір себеп – ел қазір арық суын пайдаланбайды. Өйткені оның бәрі қоқысқа толып, құммен бітеліп қалған. Бұрын ауыл тұрғындары бірігіп арықтарды тазалап алатын. Өткенде Теберіков көшесінің төменгі жағындағы арыққа сыймай көшеге ағып жатқан суды айқай-шумен әрең тоқтаттық. Арықты тазалау біздің жұмысымыз емес. Соны айтып бізді шақырып отыр ғой тұрғындар. Ал өздерің қырық сылтау айтып, үйін су басып жатса да шықпайды. Егер әр көше тұрғындары өз арықтарын тазалап алса бау-бақшаға да су жетедлі және ауыз судан да тарықпас еді. Тек «Дайын асқа тік қасық» болғысы келетіндер көп.
– «Талғар топтық су құбыры» мекемесіне қай ауылдар қарайды?
– Біздің мекемеге Қызылқайраттан бастап Белбұлаққа дейінгі 8 ауыл қарайды. Талдыбұлақ,
Бірлік, Алмалық, Амангелді,
Байбұлақ, Шымбұлақ ауылдарына су береміз. «Талғар Су» деген мекеме бар, ол бөлек. Біз – республикалық бюджетке қарайтын мемлекеттік мекемеміз.
Аудан бойынша суға жауап беретін 4 мекеме бар. Біреуі осы «Талғар топтық су құбыры» мекемесі, сосын «Талғар Су» Талғар қаласы мен одан төменгі ауылдарға су береді. «Талғар ирригация» деген бар, ол ауыл ішіндегі арықтарға жауап береді. «БАК» деген мекеме бар, ол анау үлкен Алматы арнасына жауап береді.
– Ал жаңа құбыр толық іске қосылғанда ауыз суд тарифтерінде өзгеріс бола ма?
– Әрине, өзгеріс болады. Үкімет тарапынан су таратып отырған мекемеге субсидия берілуі керек. Бұл мәселені де көтерп жүргенімізге 8 жыл болды. Өткен жылдың 7 қыркүйегінде ауданды Астанадағы субсидия беру тізіміне кіргізіп, оған қажетті көптеген құжаттарды да тапсырып қойдық. Бұйрық та шықты. Жаңа құбыр іске қосылғанда 1 куб судың бағасы 120 теңге болса, тұрғындар оның 30 теңгесін төлейді де, қалғанын субсидия есебінен үкімет төлейді. Тариф қаншаға көтерілсе де тұтынушы 30 теңге төлейтін болады. Бұл бағытта да ауыз толтырып айтарлықтай істер атқарылып жатыр. Халық мұның бәрін көзімен көріп отырмаған соң барлығын түсіне бермейді. Бәрі бірден бола қалса деп талап қояды. Ал олар игілігін көретін жұмыстар – жылдар бойғы еңбектің нәтижесі. Сондықтан өзара түсіністік болса дейсің.
– Өзіңіз басқарып отырған мекеме туралы да бір ауыз айта кеткен жөн болар…
– 2014 жылдан бастап мекемеге қарасты оншақты ауылды ауыз сумен қамтамасыз етіп келеміз. Оған дейін ел арықтың суын пайдаланған. Оның үстіне халықтың қалдық суы да қосылатын. Арық басына резурвуар сияқты үлкен шұңқыр қазып қойған. Суды ауылдарға содан таратып отырған екен. Жаңағы резервуардан 5 үй кейін отырған біреу үйінен шғатын арам суды да осыған құбырмен қосып қойыпты. Жоғарғы жаққа қоныстанған бай-бағландардың бәрі үйіндегі жаман су құбырын жер асты арқылы қазып әкеп қосып тастаған. «Талғар ирригация» арнаға су берген кезде қалдық сулар араласып білінбей кетеді. Талғарда кәріз құбыры жоқ болғандықтан көбі осылай істейтін. Ал осыдан кейін қандай сапалы таза су туралы айтуға болатын еді? Осының барлығын сол кездегі аудан әкімі
Р. Нұрмырзақызы, ЖКХ-ның басшысы Еркебұлан, Алатау округінің әкімі Қуатбек, Белбұлақта Жылқайдарқызы деген округ әкімдері мен экологтарды шақырып әкеп жағдайды көрсеткеннен ке­йін барып «Талғар топтық су құбыры» мекемесінен су алуға келіскен. Сонда аудан әкімі осы ауылдардың арық суын ішетінін білмейді екен. Көрген кезде өзі таң қалған.
– Маңызды сұқбатыңыз үшін рақмет. Игі істер ілгері болсын!

Сұқбаттасқан
Жанбота Сұлтанмұратқызы