Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Шалқар ауылындағы 15 миллион теңгеге сатылған мектеп балабақшаға айналуы мүмкін деп хабар таратты Almaty.tv арнасы. Бұл – «Алатау жұлдызы» газетінің өткен аптадағы санында жарық көрген «Шалқардың болашағына балта шапқан кім?» деген мақалаға арқау болып, жеке адамның қолына өтіп кеткен мектеп. Телеарна мәліметінше, білім ордасын сатып алған кәсіпкер мектепті балабақшаға айналдыруды көздеп отырған көрінеді. Жуық арада қолданысқа берілетін нысан аудан бойынша кезекте тұрған 100-ге жуық бүлдіршінді қабылдай алады.
Бұл ретте жергілікті жердің тұрғыны Гүлнар Құбашева: «Біз 2020 жылдан бастап аудан әкіміне, прокуратураға және оқу бөліміне арыз жаздық. Ешқандай жауап жоқ. Мектебімізді қайтарсын. Бұл – үкіметтің мекемесі. Оны сатуға ешқандай құқығы жоқ. Келген басшылар сата берсе, сонда не үшін жүрміз?» – деген жанайқайын жеткізді. Шалқар тұрғындарының айтуынша, осы уақытқа дейін 3 ауысыммен білім берген мектепте мыңға жуық бала оқыған. Ал мектеп 2018 жылы сатылып кеткен. Аталған мәселе бойынша түсініктеме берген облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова: «Білім мекемелері ешуақытта жеке тұлғаға және заңды тұлғаға сатылмайды. Тек егер ол білім саласында ары қарай дамып, жұмыс істейтін жағдайда берілуге болады деген заңда көрсетілген», – деген түсінікке томпақ келетін түсініксіздеу жауап берген.
Көтерілген мәселеге қатысты жаңа ақпараттармен бөліскен Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай: «2018 жылы Шерхан Әлібекұлына сатылған. Сомасы сол күйі көрсетілмеген. Одан кейін 15 миллионға Омароваға сатқан. Яғни Ш. Әлібекұлы одан да төмен бағаға алып тұр деген сөз ғой. Ал 2019 жылы 11 желтоқсанда «Іргетас-Құрылыс II» ЖШС-гі 80 миллион теңгеге сатып алған. Тізбекті көріп отырсыз ба? Тіпті олардың аттарын да атап отырмын. Ең қызығы, бұл заң бұзушылықты антикор да, прокуратура да, әкімдік те біліп отыр. Олар да заңсыз қалай сатылған деген сұрақпен аудандық сотқа талап арыз тастаған. Бірақ олардың барлығы кері қайтарылған. Судьяның есімін айтайын, Әмірханова дейді. Қазақ елі жаттап алсын. Ешқандай талап арызды қайтармайды. Осыған қарағанда судья үшін мемлекет мүлкінің – үлкен мектептің 15 миллионға сатылғаны қалыпты нәрсе шығар…» – деген таңданысын да жасырмады.
Ашық ақпарат көздеріндегі ақпарларға көз жүгіртсек, мектеп нысанының қазіргі иесі қалталы кәсіпкер болғандықтан әкімдік тарапынан ауылдан балабақша ашып беру туралы ұсыныс түскенін айтады. 15 миллион теңгеге бағалаған мектеп нысанының күрделі жөндеуден өткеннен кейінгі жалпы құны 80 миллион теңгеге жеткенін айтқан кәсіпкер Фархат
Мәденов: «Мен бұл жерден монша немесе мейрамхана ашқан жоқпын. Халықтың сұрауы бойынша балабақша дайындап жатырмын. Күтіп отырғаныма 5 жыл болды. Қайтаруға қарсы емеспін», – деген.
Осы орайда Шалқар ауылындағы ескі мектептің мәселесі Парламентте көтерілгелі бері жекеменшікке өткен ғимаратқа қатысты соңғы күндері тың деректер пайда болуда. Бүгінгі таңда нысанның негізгі иесі «Іргетас-Құрылыс II» ЖШС болып табылады. Мемлекет иелігіне қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқандықтан, мекеменің қазіргі қожайыны, «Іргетас-Құрылыс-II» ЖШС-нің басшысы Әлібек Сәрсеновтің өзімен тілдестік деп хабарлайды naqty.kz сайты. Бұл туралы түсініктеме берген «Іргетас-Құрылыс II» ЖШС-нің директоры Әлібек Сәрсенов: «Ескі мектепті балабақшаға айналдырып, ауыл халқына жағдай жасау басты мақсатым болған. Дегенмен белгілі бір себептермен осы бағытта жұмыс істеу үшін мемлекет тарапынан тиісті қолдау таба алмадым. Сол үшін оны мемлекет меншігіне қайтарып беруді жөн деп ойлап жүргенмін. Ой үстінде жүргенде Қарасай аудандық әкімдігінің тарапынан аталған ғимаратты қайтарып алу мақсатында жұмыстар атқарылып жатқанынан хабардар болдым. Бұл осыдан үш ай бұрын болған жағдай еді. Сосын бұл істі біржақты ету үшін әкімдікпен келіссөз жүргізуге келістім. Оған ауданның қазіргі әкімі де ықпал еткенін айта кету керек. Бірақ мәселені осылай елдің талқысына түседі деп ойламадым. Жалпы нысанның қазіргі нарықтың бағасы 80 млн-ға жуықтайды. Өйткені оны күрделі жөндеуден өткізіп, жаңғырту үшін біраз қаражат жұмсалды. Десе де мен ел игілігі үшін бұл мекемені дәл осы жағдайда, еш өтемақысыз тегін түрде тапсыру туралы шешім қабылдадым. Қазір уақытта әкімдіктің балансына өткізіп беру бойынша тиісті құжаттар рәсімделуде, – деген пікір білдірген. Компания басшысы мәлімдегендей, қазіргі таңда мекемені мемлекет меншігіне беру жөнінде өтініш жазылып, келісімшарт жасалуда. Жақын арада жалпы ауданы 1585 шаршы метр болатын Шалқар ауылының ескі мектебі еш өтемақысыз әкімдіктің иелігіне өткізіледі.
Осымен мәселесі мінберге жетіп, Парламент қабырғасында талқыға түсіп, қоғамда үлкен резонанс тудырған Шалқар мектебіне қатысты мәселеге нүкте қойылған сыңайлы…
Ә. Сәрсенов сөзін аудан әкімі Жасұлан Естенов те растап отыр. Оның мемлекет меншігіне қайтарылатынын Instagram парақшасында хабарлаған Қарасай ауданының әкімі кезінде мыңға жуық бала білім алып, бар болғаны 15 миллион теңгеге сатылып кеткен мектеп ғимаратына қатысты арыз түскенін мәлімдеп: «Әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан Шалқар ауылындағы М. Ломоносов атындағы мектебінің ескі ғимараты 2018 жылы 15 224 000 теңгеге сатылған. Бұл ғимаратты мемлекеттің құзырына қайтару үшін менің тапсырмама сәйкес 2023 жылдың 09 наурызы күні Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап арыз жолданды. Қосымша Қарасай аудандық прокуратурасы тарапынан Шалқар орта мектебінің ескі ғимараты бойынша қаулылардың күшін жоюға талап арыз берілді. 25 мамыр және 02 маусымда сот отырыстары өткізілді. Айтайын дегенім, құрметті аудан тұрғындары, бұл жұмысты біз үш ай бұрын қолға алғанбыз. Заңға сәйкес, мемлекетке қайтарып, ел игілігіне пайдаланамыз», – деп мәселенің мән-жайын түсіндірген.
Алайда желі арасында әлі талқыланып жатқан бұл мәселеге қатысты пікірлердің де екіге жарылғанын байқауға болады. Мысалы, s123456789sadggc деген қолданушы: «Сонда калай болады? Сатқан адамдар жауапка тартылмай ма?» – деп сұрау салса, mereke8008 деген азамат: «Ооо, жақсы болыпты. Жаңа әкімге рақмет. Көп жұмыстар тез-тез шешіліп жатыр» десе, yesenaliyeva05: «Қайтарып берген қазіргі иесі әйтеуір жақсы шешім қабылдапты. Барлығына рақмет» деген пікір қалдырған. Ал dastan_kaliyev: «Мемлекет мүлкін өз мүлкіндей көріп пайдаланғаны үшін сатып жіберген сол кездегі лауазымды тұлғалардың аты неге айтылмайды? Тиісті шаралар қолданылу керек қой», – деп ашынады.
«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, біраз бұрын сатылымға шығып, қолдан-қолға өтіп кетіп, енді қайтадан мемлекет қарамағына қайтарылғалы отырған мектеп ғимаратына қатысты бірнеше адамның аты аталғандықтан оның нақты кімге тиесілі және қандай мақсатта қолданылатынын құзырлы орындар анықтай жатар. Бір түсініксізі – осы уақытқа дейін бақандай 5 жыл өтсе де балабақшаға айналмақ түгілі, саудагерлердің қолжаулығына айналған ғимараттың аяқастынан мемлекетке қайтарылуы және оның балабақша болатыны. «Сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кері десек те, түсінікке томпақ тұсы көп мәселенің шешімін уақыт көрсетер. Ал біздің мақсат – жазылған жайдың жаңғырығы бар екенін ескеріп, мінберде көтерілген маңызды мәселеге қатысты жаңа мәліметтермен бөлісу. Бұл реттегі тілек те ел игілігі үшін атқарылар адал істер аз болмаса екен дегенге саяды. Кезінде 15 миллионға сатылып, ал жөндеу жұмыстарынан кейін құны 80 миллионға жеткен Шалқар мектебінің ғимаратын мемлекетке тегін қайтарғалы отырған азаматтың мәрттігі де көпке үлгі болса игі.
Бір айта кетерлігі, аталған мектепке қатысты мәліметтер жария бола бастаған тұста кездейсоқтық па, әлде сәйкестік пе кім білсін, «Алматы облысы Қарасай ауданының Қаскелең қаласындағы АХАЖ және мұрағат ғимараттарында ірі өрт болды», – деп хабарлады El.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл ретте болған оқиғаны растаған Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі: «8 маусым күні сағат 14.51-де Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласында Өмірәлиев көшесі бойындағы өрт туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД күштері мен құралдары дереу жіберілді. Шақыру орнына келгеннен кейін өрттің әкімшіліктің (АХАЖ) мұрағат ғимаратына, жеке тұрғын үйдің шатырына және тұрғын үйдің аумағындағы 418 шаршы метр аумақтағы шаруашылық құрылыстарға жеткені анықталды, – деп мәлімдеді.
Жанбота Сұлтанмұратқызы