31 мамыр күні Талғар ауданы, Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» мұражайында Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне арналған жиын өтті. Бұл шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков, аудан тұрғындары және саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары жиналды. Қасіретті жылдары құрбан болған аталарының суреттерін көтере келген ұрпақтары олардың ерлігін мақтана айтып, қаралы жылдардың қойнауынан сыр шертті.
Шара басталмас бұрын жас ұрпақ жанында мәңгі сақталсын деген ниетпен Жаңалық зиратына жерленген құрбандардың аттары бірнеше рет аталды. Жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтетін шарада сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев айтулы күннің маңызына тоқталып: «Бұл күн – қазақ үшін аса маңызды күндердің бірі, елі үшін еңіреп өткен, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды еске алатын қасиетті күн. Сол жылдарда елімізде 110 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мәдениет, өнер қызметкерлері болды. Тоталитарлық жүйе мұндай адамдардың туыстары мен отбасын да аямады. «Кішіқазан» төңкерісі салдарынан елімізде 40 миллионнан астам мал басы қырылып, халық жаппай ашаршылыққа ұшырап, бір жарым миллионнан астам адам ажал құшты. Алматы облысының аумағында 250 мың адам ату жазасына кесілген. Олардың басым бөлігі Жаңалық ауылындағы Қандысайда жерленген. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін саяси қуғын-сүргін құрбандары және аштық құрбандарын еске алып, олар жерленген жерлерді мемлекет қарамағына өткізіп, арнайы мұражайлар салуға мүмкіндік алдық. Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхаметұлы, халқымыздың үш бәйтерегі – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин. Ілияс Жансүгіров және Алматы облысынан шыққан Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкінов, Ғапиз Байғабылов сынды Алаш қайраткерлері және мыңдаған жазықсыз жандар ақталды. Қасіретті жылдардың құрбандарын ақтау жұмысы бүгінге дейін жалғасуда. Бұл ретте арнайы комиссия жұмыс істеуде. Олар құрбандарды анықтау үшін архив-құжаттарымен жұмыс істеп, «Қастек қатерлі ісі», «1928 жыл. Империялық полицейді қадағалаудың тарифы», «Алатау өңірі Алаш қайраткерлері», «Мүліктік тәркілеу Балқаш ауданынан» сынды құжаттар жинағын шығарды. 31 мамыр Қазақстанды Отаным деп санаған өзге ұлт өкілдері үшін де қаралы күн болып саналады. Себебі көптеген ұлттар тағдырдың тәлкегіне ұшырап, туған жерінен күшпен көшірілді. Сол жылдары Алматы облысына жүз мыңнан астам адам жаппай қоныстанды. Тарихтағы осындай тауқыметтер бірлігімізді берік, тірлігімізді тату ететін себеп екені сөзсіз. Құрметті қауым, адамзат тарихында мұндай қасірет енді қайталанбасын. Зобалаң жылдардың құрбандарын есте сақтап, тарихтағы орнын беру жалғаса береді. Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» – деді өткен күнді еске ала отырып, болашаққа үміт артты. Қ. Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашадағы № 456 жарлығымен құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссиясы өз жұмысын жалғастыруда. Тарихшылар дерегіне жүгінсек, 1929 жылдан бастап 1953 жылға дейін Кеңес елінде 40 миллион адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Халқымыздың аяулы перзенттері: Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Санжар Асфендияров, Халел, Жаһанша Досмұханбетовтар және басқа да өзімізге мәлім де, беймәлім жандар осы жылдары құрбан болды. Осы жан түршігерлік кесапаттың салдарынан қазақтардың жартысына жуығы аштықтан қырылып, миллионнан астам адам шет елдерге ауып кетті. Жазықсыз құрбан болған бабаларымызды аза тұтуға жиналып тұрған дәл осы қасиетті жерде 4 мыңнан аса озбыр саясат құрбандары мәңгілікке көз жұмған. Олардың барлығы – халқымыздың біртуар, маңдай алды, озық ойлы азаматтары.
03
Ауыр жылдардың астарынан ақиқат іздеген академик, профессор, мемлекеттік комиссияның мүшесі Мәмбет Қойгелдиев зұлматты жылдардағы қазақ халқының ата-жұртында жүріп азып-тозып, тарыдай шашырап, аштықтан ажал құшқанын айта келе: «Соңғы статистикаға негізделсек, Өзбекстан халқының саны 35 миллион болса, олардың басым көпшілігі өзбек ұлты. Қазақстан халқының саны 20 миллион болса, оның 14 миллионы қазақтар деген болжам бар. Ал 1917 жылдың қарсаңында қазақтардың саны алты миллионға жуық болған деген дерек айтылады. Ахмет Байтұрсынұлы 1915 жылы «Альхамдулла, 6 миллион қазақпыз» – деп жазыпты. Осыдан бір ғасыр бұрын өзбектер 3 миллион болатын. Қазір олардың саны бізден екі есе көп. Неге бұлай? Бұл билікке байланысты. Француздың атақты ғалымы Жан-Жак Руссо «Биліктің жақсы немесе жаман болуының көрсеткіші халықтың жан санының кемуі мен артуынан көрінеді» деген екен. Осыдан-ақ кеңес үкіметі қазақ халқы үшін жайлы болды ма, жайсыз болды ма? Өздеріңіз бағамдаңыздар. Ол кезде қазақтардың өздеріне билік берілген жоқ. Халқымызыдың салт-санасынан, әдеп-ғұрпынан, дүниетанымынан мүлде хабары жоқтар билік жүргізді. А. Байтұрсынов Сталинге қазақ халқы өзін-өзі билесін деп қаншама рет хат жазғанымен оған ешқашан мүмкіндік бермеді. Голощекин, Колбин сынды адамдарын жіберіп қазақ жерін өз уысында ұстады. Халқымыздың жансанының тым азайып кетуі кеңестік биліктің кінәсі. Бұл жолда біз сандық жағынан да, сапа жағынан да ұтылдық. Су бетіне шығып, бас көтерген азаматтарды шетінен қырып елімізіді басшысыз қалдырды. Өйткені олар басшысыз елдің айдауға көнерін жақсы білді. Президентіміз Қасым- Жомарт Тоқаевтың қуғын-сүрін құрбандарын ақтау жарлығы бойынша жұмыс басталып кеткен. «Алаш орда ісі» деген он екі томдық кітап жазып жатырмыз. Осы жинақтың шығуын бастан-аяқ қадағалап, басшылық етіп отырмын. Бұйырса, бұл кітап оқырманымен жүздесіп, Алаш арыстарының, барлық қуғын-сүргін құрбандарының ерлігі мен еңбегін паш ететін болады», – деп жақсы жаңалығымен бөлісе кетті.
Жыл сайын қаралы митингке қатысып, құрбан болған атасының рухына тағзым ете келетін Қанат Қабделов атасы Гайсин Шакурдің суретін көрсете келіп: «Атам 1904 Шығыс Қазақстан облысы Көкбекті ауданында дүниеге келген. 1936-1937 жылдары Алматы облысының атқару комитетінде жұмыс жасаған. 1938 жылы 7-мартта құрбан болған. Сүйегі осында жатыр. Біз ол кісіні ешқашан ұмытпаймыз, ерлігімен мақтанамыз», – деп толғана еске алды. Ал Сырым Нұрланұлы Қанапия Дауылбаевтың немересі екенін, атасының 1937 жылы 21-ші қарашада атылғанын айтады. Сондай-ақ Ораз Жандосовпен бірге жүргені үшін айып тағылып, «қытайдың шпионы» деген жала жабылғанын жеткізді. Нарынқол мен Қытай арасындағы шекараны шегендегені үшін жазықты болған атасының елі үшін сіңірген еңбегінің еленіп жатқанына риза екенін де жасырмады.
Өткенге салауат айтып, ұрпаққа аманат арқалатар айтулы күнде келушілер қатарында Қазақстан халықтары ассамблеясының мүшесі, тіл жанашыры, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Асылы Осман да өз пікірін жеткізіп: «Қазақ халқында «Өткенге топрақ шашсаң, келешек саған тас лақтырады» деген тәмсіл бар. Сондықтан өткенімізді еш бұрмалаусыз жастарымызға жеткізе білуіміз керек. Ата-бабаларымыз елі үшін қан төгіп, жан бергенін ұғындыра білу бәрінен маңызды. Өз халқының бойындағы адами асыл қасиетін жете түсінген, сүйген жастар ғана елі үшін еңбек етеді. Шапқан аттың тұяғы мұқалатын, ұшқан құстың қанаты талатын кең байтақ жердің иесі болатын жас ұрпақтың бойындағы рухты осындай арыстарымыздың ізгі істерін көрсету арқылы оята аламыз», – деп халыққа ыстық ықыласын жеткізді.
Зорагүл Әбдіқадір