Үлкен Алматы айналма жолы пайдалануға беріледі

Үлкен Алматы айналма жолы пайдалануға беріледі

Мамырдың 25-күні Үлкен ­Алматы айналма автомобиль жолын пайдалануға бреу жайлы таныс­тырылым өтті. Жиынға Индус­трия және инфрақұрлымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Жамбыл Бақтиярұлы және «ҮАААЖ Инвестициялар және операция­лар» ЖШС-ның пайдалану және күтіп-ұстау жөніндегі басшысы Нұрланбек Өмірбаев, Қазақстан республикасы Индус­трия және инфрақұрлымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің өкілі Берік Хасенов, Талғар ауданының әкімі Таңат ­Айдарбеков және аудан тұрғындары қатысты.

Қолданысқа берілетін жаңа жолды ел игілігіне жарап, көлік қозғалысын жақсартуға септігін тигізеді деп сенген Талғар ауданының әкімі Т. Айдарбеков жол салу барысында қиындыққа ұшыраған тұрғындарға келіп отырған жауапты тұлғаларға сұрақтарын қойып, өз талаптарын айтуды ұсынды. Жолдың техникалық ерекшеліктері мен тарифіне және жол бойында орналасқан ауыл тұрғындарына жасалған жеңілдік туралы баяндама жасаған ­Жамбыл Бақтиярұлы: «2020 жылы басталған жоба бір жарым жыл бұрын аяқталып, маусым айының ортасында қолданысқа беруге дайын. Күтіп ұстауға керекті техникалар сақадай-сай. Мердігер мекеменің қаржысына жасалған жол келісім шартта көрсетілген тарифы бойынша жұмысын бастайды. 1725 теңге төлеген жеңіл көлік бір ай бойы кедергісіз кіріп-кіріп шыға алса, 240 теңгемен тек бір сағат қана аялдай алады. Ал бір сағаттан артық уақыт кідірсе төленетін ақы еселене түседі. Бұл тиімділік жеңіл көліктермен қатар жүк көліктеріне де берілген. Ал бір рет 20000 мың теңге төлеп бір жыл бойы кедергісіз жүруге де мүмкіндік бар. Ұзындығы 66 шақырымға созылған үш жолақты 1-А санатты жол қарама-қарсы бағытта да осылай қарастырылған. Жалпы саны 6 жолақ болатын ақылы автомобиль жолында сағатына 120 шақырыммен жүруге рұқсат етілген. Жолдың кіреберістерінде шлагбаум қоюдың қажеті жоқ. Бұл жоба концепссия механизміне сәйкес жүзеге асырылған. Концепцияның пайдалану мерзімі 15 жыл. ­Концессир «ҮАААЖ Инвестициялар» ЖШС-гі. Оның құрылтайшысы – «Алсим Аларко-­Макиол – СК Экоплант – Корея ­Экспрессвэй» түрік, корей консорциумы. Бұл жолдың мақсаты мен артықшылығы көп. Алматы қаласындағы және қала маңындағы кептелістерді азайтады. Яғни ҮАААЖ негізгі магис­тралды босатып, көлік қозғалысын жақсарту арқылы Алматы қаласындағы көлік ағынын қысқартуға мүмкіндік береді. ҮАААЖ қаланы айналып өту уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін кептелісі аз балама маршурт ұсынады. Ауыр жүк көліктері жүк тасымалдау уақытын үнемдеп жұмыс тиімділігн арттыра алады. Экологиялық артықшылықтарын айтар болсақ, көлік ағынын Алматы қаласынан тысқары жерге көшіру арқылы атмосфераға шығатын зиянды қалдықтардың мөлшерін азайтып, қала мен қала маңындағы ауылдардың атмосфералық жағдайының жақсаруына жол ашады», – деп атап өтті. Cонымен қатар Б. Жамбылұлы жоғары сапаға қол жеткізу үшін асфальт бетон төсеудің заманауй технолгиялары мен тәсілдері қолданғанын алға тартып, сапалы материалдар мен жүк көліктерінің салмағын еш қыйындықсыз көтере алатын асфальт жабандылары төселгенін де жеткізді. Осындай жоғары сапада жасалған жолдың қолайсыз ау райында да көліктердің қауіпсіз қатынауына мүмкіндік беретіні де сөз болды.


Тұрғындар жағынан туындаған сұрақтарға жауап берген мердігер мекеменяің өкілі Нұрланбек Өмірбаевтың айтуынша, қолданысқа беріліп отырған жолдарда сергек бейне камерасы орнатылған. Техникалық ақауға байланысты жол бойында тоқтап қалған көліктер жақын маңдағы көлік тұрағына тегін жекізіледі. Тұрғындар сұрақтар бойынша 2277 нөмірі арқылы сұрақтарға жауап ала алады. Сұрақ-жауап кезеңінде аудандық Қайнар ауылдық округі Айғаным ықшам ауданынан келген Кенже Гулалиева: «Жылына 20 мың теңге төлеу деген тым артық. Онсыз да қарыз қыспағында жүрген халықты ойлаған кім бар? Мен – көпбалалалы анамын. Жолдасым – екінші топтағы мүгедек. Мұндай соманы мен сияқты көпбалалы отбасының қалтасы көтере бермейді. Айғанымда тұрғаныммен, тіркеуім қалада. Сіздердің аталмыш жеңілдіктеріңізге қол жеткізудің өзі қыйын. 240 теңге төлеп кірген көлік бір-сағатта шығып үлгермеген жағдайда ақысы еселене береді екен. Қазақ – қонақ жай, меймандос халық. Қыдырып барған жерінен, тойдан 3-4 сағатсыз қайта қоймайды. Сонда әлгі төлеген 240 теңгені үш-төрт еселеңіз, мұндай жағдайда бір рет кіріп шықсаңыз мың теңге шамасында төлеуіңізге тура келеді. Бұл –халықтың қалтасын қағу болмай немене? Мүгедектерге неге жеңілдік бермейсіздер? Өмірде жоқ адамдарға бермей. Өмірде жоқ деп Ұлы Отан соғысының ардагерлерін меңзеп отырмын. Бұл енді тым күлкілі. Талғарда тек бір ғана Ұлы Отан соғысының ардагері қалды. Ол кісінің жасы жүзде. Сіздердің жеңілдктеріңізге зәру емес. Мұндай айламен кімді алдайсыздар?! Жылдамдыққа шектеу қоймайды деп отырсыздар. Онда бұл жол еріккен жастардың көлік жарыстырып ойнайтын орынға айналмай ма? Оның үстіне бұл жолдың көп бөлігі ауылдың маңында орналасқан. Ауыл арасында мұндай жылдамдықпен жүру жол-көлік оқиғаларын көбейтіп, адам өміріне қауіп төндіреді», – деп налыды.
Панфилов ауылдық округі Қызылту ауылының тұрғыны Тоғжан Чадионва: «ҮАААЖ салынғаннан кейін Қызылту ауылынан 25 үй бөлініп қалдық. Бұл отбасыларда мектеп жасына келген 56 бала бар. Ауылға баратын жол қалдырмағансыздар. Тек туннел қалдырғансыздар. Сол туннел арқылы арық салынды, енді сыртқа шығу үшін арықтың суын кешіп өтуіміз керек. Ауылға салынуға тиісті «Ақсу» жолы қайда кетті? Жедел жәрдем, өрт сөндіріу көлігі келе алмайды. Жарымжан балалар, қарт адамдар шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болған жағдайда не істерімізді білмей абдырап қаламыз. Айта берсек бізде жоқ көп. Су жоқ, газ жоқ, жол жоқ жағдайда бұларды ауылға қалай кіргіземіз?» – деген сұрағын төтесінен қойды. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар бойынша жауап берген мердігер мекеменің жауапты өкілі ақылы жолдан жиналған қаражат жолды күтіп ұстауға жұмсалатынын айтты. Сонымен қатар тарифтің бағасы, жылдамдық, жеңілдікке қатысты сұрақтар бойынша халықтың талабы ескеріліп өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін де атап өтті. Әрі тұрғындар өздері айтып отырған жылына мың теңге алатын Алматы-Қорғас, ­Алматы-Қапшағай тасжолының қаржысы сол жолды күтіп ұстауға жетпегендіктен, мемлекет жағынан қосымша қаржы бөлінетінін де жеткізді. Ал жол бойындағы тұрғындардың мәселесі бойынша жиыннан соң тұрғындардың өздерімен бірге барып көргеннен кейін қажетті шешім қабылдауға уәде берді. Көптен күткен жолдың қолданысқа берілетіні жақсы жаңалық болғанымен, ондағы тиімсіз жағдайларға көңілі күпті болған тұрғындар халықтың шынайы әл-ауқатын түсінетін билік жоқ деп ашынды. Десе де халық игілігі үшін жасалған жол халықтың шамасына шақталып, қажетіне жарайды деген ниеттеміз!

Зорагүл Әбдіқадір