«Отбасы күнінде» Бесағаш мәдениет үйінің ұжымы мен «Жанұя» отбасын қолдау орталығы бас болып «Бақытты отбасы» мерекелік шарасын жоғары деңгейде атап өтті. Отбасылық құндылықтар дәріптеліп, аталы сөз айтылып, ақ жарма тілектер төгілген бұл күнде Сүйінбай атындағы облыстық филормония мен аталған ұжым әншілері әуелеткен әсерлі ән де жиналған қауымның көңіл қошын келтірді.
Шара шымылдығын «Жұбайлар жыры» атты тамаша әнмен түрген отбасылық жұп – Бесағаш мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, мәдениет майталманы Ғанипа мен жолдасы мәдениет үздігі Аманқос Садықовтар – 35 жыл өнерде де, өмірде де қол ұстасып бірге келе жатқан берекесі мен бірлігі жарасқан, өзгелерге үлгі болған отбасы. Ән қайырмасын көрермендермен қосыла айтқан кеште ақ жаулықты аналардың қолын алып басын иген әншінің әдебіне тәнті болдық. Бұл ретте Ғ.Садықова: «Бірде радиода сұқбат беріп жатқанда отағасынан: «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген бар ғой, сіздер бір қазанға қалай сыйып жүрсіздер?», – деп сұрағанда жолдасым: «Сыйғанда қалай, тіпті қайта-қайта сыяды», – деп күлдіргені бар еді. Сондықтан өмірдің қиындығы да, қуанышы да өнеріміз бен өмірімізге ұласып жатыр. Міне, осылай жүріп ұлымызды ұяға, қызымызды қияға қондырдық. Өнерде де, өмірде де қолдау көрсетіп, жол бастап келе жатқан жолдасыммен көзқарасымыз ұштасып, қолымызды ұстасып келе жатқан жайымыз бар. Қазір Құдай берген үш немеремізді сүйіп отырмыз. Барлығыңызға осындай бақыт, амандық тілеймін! Отбасындағы ыдыс-аяқ сылдырының да сырын біліп, жақсысын асырып, жаманын жасыратын әйел ғой. Ендеше аналар сабырлық пен салмақтылық символы болуы керек десем артық айтқандық болмас», – деп тәлімге толы аналық ақ тілегін де арнады.
Сахна төрінде «Перзент парызы» әнін шырқаған Сүйінбай атындағы облыстық филормонияның әншілері Медина Әлімбекова мен «Перзент сыры» әнін орындаған Самат Жанғазин, «Әке» әнін әуелеткен Айгүл Жиенбаева, «Ана туралы жыр» мен «Әке туралы жырды» тамылжытқан мәдениет үйінің әншісі Қанағат Меченбай, «Рақмет саған, ана» Жерұйық тобы секілді өнерпаздармен қатар, «Жақсылық жасасаң» композициясын орындаған әртістердің шеберлігіне риза болған халық зор қошемет көрсетті. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» демей ме дана халқымыз! Айтулы кеште отбасы туралы жақсы әндерден бөлек, халық қазынасы болып саналатын мақал-мәтелдің жалғасын жасырған жүргізушілерге жарыса жауап берген жасы бар, жасамысы бар көрермендердің мол тәлім алғаны да анық.
«Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген ұлағатты ұғым бар. Отбасы – кез келген адам өмірінің маңызды бір бөлігі. Оны белгілі бір әлеуметтік институт десек те болады. Тәрбиенің негізі жанұядан бастау алады емес пе! Қазақ айтатын «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген аталы сөздер осының айғағы іспетті. Ұлт болашағында отбасының маңызы зор. Ол – адам баласының өсіп-өнер, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы ғана емес, мемлекеттің де іргетасы. Олай болса әрбір отбасының бақытты болуы – жарқын болашағымыздың кепілі!» – деген «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Құралай Жұмақанқызы мәдениет үйінің ұжымының еңбегіне табыс тілеп, мерекелік Алғыс хаттар тапсырды. Мәдениет үйінің ұжымы да қарап қалмай «Сыйға — сый» жасап, өзара сыйластықтың үлгісін көрсетті.
Көңілді кешті көтеріңкі көңіл-күймен тамашалаған Рауия Салиева апаны да сөзге тарттық. «Қазіргі отбасылардың ұстанымы да, тәрбие берудегі қағидалары да әр түрлі ғой. Дегенмен, осылардың қайсысы болмасын балаларының үлгілі, тәрбиелі болып, барлық армандарының орындалғанын қалайды. Балалар да ата-анасын әрдайым құрмет тұтса құба-құп. Отбасы күніне орай барлық отбасына бақыт, денсаулық, береке тілеймін! Құдайдың берген алты балсын өсіріп, оқытып жеткіздім. Екі немерем бар. Оларға әрдайым аналық ақылымды айтып, жөн сілтеп, жол көрсетіп отырамын. Алды елуден асса да ақылымды жерге тастамайды. Бұл – барлық ата-ананың басты міндеті, парызы. Ұл бала әке тәрбиесін көріп өссе, қыз бала ана тәлімін алса ешқашан жаман болмайды. Ал тәрбие қазақтың салт-дәстүрімен, аталы сөзімен, балалар ісімен ұштасып жатса тіптен керемет болар еді. Бір өкініштісі, қазір осы өркениетке ереміз деп осы қазақ қалпымыздан ажырап бара жатқанымыз жанға батады, балам!» – деп ағынан жарылды. Ал сегіз баланы тәрбиелеп отырған Шолпан Қожанова ақ жаулықты кейуананың айтақаны қолдай отырып: «Балаларды барынша адал болып, ең бастысы адам болып қалыптасуына көп көңіл бөлу керек. Олар ел ертеңі болғандықтан, елге, жерге қызмет етуге тәрбиелеу керек», – деген пікір білдірді. Бесқайнар ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Сания Бектілеуқызы «Отбасы күніне» орай өткізіліп жатқан шара ұйымдастырушыларына алғыс білдіріп, «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Қ. Жұмақанқызына деген ризашылығын жеткізді. «Отбасының тірегі – ер азаматы ғой. Төредей болып төрде отыратын азаматы қорған болса, оның қосшысы – әйел. Ал ана – әрқашан ұстаз, сүйікті жар, қоғам тірегі болып қала бермек. Бала тәрбиесінде екеуінің де алар орны маңызды болғандықтан, балалардың ата-анасы аман, дендері сау болсын!» – деп ізгі тілек білдірді. Кеш мәресінде «Анашым» және «Маған жар керек» әндерін орындаған Бесағаш мәдениет үйінің директоры Айбар Серкебаев «Ауылың сенің іргелі» әнін халықпен бірге шырқап, тамаша кештің көрігін қыздырды. Өнерпазға қуана қол соғып бірге әндекен көрерменнің де ұйымдастырушыларға деген алғысы шексіз.
Жанбота Сұлтанмұратқызы