Мамырдың 17-сі күні Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданының тұрғындарымен кездесіп, облыстың жалпы жағдайы туралы баяндама жасады. Кездесуге ауданымызға қарасты барлық ауылдық округтің әкімдері мен тұрғындары қатысты. Аудан әкімі Таңат Айдарбеков ауданымызда атқарылып жатқан мәселелермен таныстырып, алда қолға алатын жобалардың жоспарымен бөлісті.
Онда халықты баспанамен қамту бағдарламасы бойынша осы жылдың соңында Талғар қаласында 216 пәтерге арналған 3 кредиттік тұрғын-үй кешені қолданысқа берілетінін жеткізді. Талғар ауданына инвестиция тарту туралы да сөз болып, «Oi-Qaragai» курортын дамыту және кеңейту жоспары да талқыланды. Жиналыстың екінші кезеңінде атқамінерлерге мәселелерін жеткізуге асыққан тұрғындар кезекке тұрды. Бесағаш ауылының тұрғыны Айман Айтымқызы «Тас-құм» ЖШС-інің жауапсыз әрекетін сынға алды. Ауыз су сапасына сын айтудың артық екенін айтқан ол екі күннің бірінде сусыз қалатынына наразы. Құбырлар ескіріп кеткендіктен қақаған қыс пен аптап ыстықта сусыз отыратынын ашып айтты. Ай сайын судың ақысын кешіктірмей төлейтін олар тіршілік нәрін «Алматы суға» ауыстырып беруін өтінді. Осы мәселе бойынша аудан әкімі жекеменшік компаниялар үшін жауап бере алмайтынын айтты. Алайда «Алматы суға» қосылу туралы мәселеде тұрғындар өзара келісіп арыз жазса, шешу жолын қарастыратынын жеткізді.
Талғар қаласының тұрғыны Нұртай Насирдинов қалада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ешқандай жағдай жасалмағанын алға тартты. Жол бойында ешқандай тротуардың жоқ екенін айтқан ол қала ішінде мүгедектер арбасымен жүру аса қауіпті екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар жылдар бойы шешімін таппаған кептелістің де қалаға қатынап жұмыс істейтін аудан халқын шаршатқанын жеткізді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азамат үш айда бір рет көзіне екпе ектіру үшін қалаға барарда инватаксидің қызметіне жүгінетінін айтып, қызмет сапасының да нашарлығына налыды. Аудандық ауруханадан таба алмаған емін удай бағамен қаладан алдыртқан ол орталық ауруханада тіркеуде тұратын халықтың мемлекет жағынан берілген тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай жүргенін айтып қалды. Айтылған мәселе бойынша жауаптыларға тапсырма жүктеген М. Сұлтанғазиев мүгедек адамдарды қалаға сабылтпай, ауданымызда бар шаруасын бітіруге мүмкіндік жасау керек дей келе, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін дәрігер алдырып, мәселені уақтылы шешуді тапсырды.
Қайнар ауылы тұрғындары атынан Аманжол Жонкешов облысы әкімінен ауылына мектеп салып беруін сұрады. Кіші Байсеркеге қатынап оқитын балалардың амандығына алаңдаулы. Әкімшілік берген автобустың жақында сынып қалуына байланысты балалардың сабаққа бара алмағанына қапалы. 40ге жуық отбасы тұратын ауылда 2000-ға жуық адам болса да, көрші ауылға қатынап оқитын балалардың жайына ешкімнің бас қатырмағанына ашулы. Ал 15 жылдан бері айта-айта жалыққан ауыз су мәселесінің де әлі күнге дейін еш шешімін таппағанын айтқан ол бұрынғы Су институтының су ұңғымасынан электрлі сорғы арқылы су алып отырғанын айтады. Ауылда 20-ға тарта көше болғанымен, тек Мира көшесінің жасалғанын және электр жарығының да жырғап тұрмағанын жеткізді. Ал өткен жылы біраз көшеге тартылған газ құбыры жұмысының аяқсыз қалып, облыстық ЖКХ қаржы бөлмегендіктен тоқтап тұрғанын да атап өтті.
Талғар трассасының уақтылы жуылмайтыны да сөз болып, екі жағы батпаққа айналатыны басты мәселе деген тұрғындар аудандық аурухананың да жұмысын жіті тексеру керек деді. Алматы-Талғар тас жолындағы кептеліс бойынша жауап берген облыс әкімі тұрғындардың жол жиегіне тым жақын жерден құрылыс салып алғандықтан, жолды кеңейту мәселесінде аса үлкен қаржы жұмсауға тура келетінін, ол үшін жол жиегіндегі тұрғын үйлерді сатып алу керектігін айтты. Бұл ретте жер астынан метро салу қолайлы екенін жеткізіп, алайда ол мәселе туралы нақты шешім қабылданбағанын атап өтті. Ал Талғар күре жолының тазалығына мән бермеген жауапты мекемелердің сапасыз жұмысы үшін нақты шаралар қолдану жөнінде тапсырма берді. Таулы аймақтарды қайтару туралы тапсырма беріліп, қайтарылған таулы аймақтар туризмді дамытуға немесе басқа да мақсатта пайдаланылатыны айтылған жиында үй кезегін күтіп шаршаған тұрғындар да таныс-туыстары арқылы кезегін жылжытып баспаналы болып жатқандарды тергеп-тексеретін жауаптылардың бармақ басты, көз қысты әрекетін сынады. Сондықтан осындай бассыздықты тоқтату үшін қатаң шара қолдануды талап етті. Думан мен Бесағаш ауылының ортасындағы Самал, Апорт, Тюльпан, Лучь сынды бес саяжайдың 8000-нан астам тұрғыны ауыз су мәселесін көтеріп, облыс әкімінен көмек сұрады. Саяжайда халық санының жылдан-жылға артуына байланысты кеңес кезінен келе жатқан жер асты құбыры арқылы алынатын судың жеткіліксіздігі мен халықтың тіршілік нәріне зәру екендігі сөз болды. Сонымен қатар Абылай хан атындағы орталық көшені асфальттап берсе деген өтініштерін де білдірді. Көтерілген мәселеге нақты жауап берген Т. Айдарбеков осы жылы елді мекен дәрежесін алатын саяжай қатарында бұлардың жоқ екенін ескертіп, келесі жылы елді мекен статусы берілетін 50 саяжайдың қатарына кіргізуге тырысатынын айтты. Егер елді мекен сатусы берілсе, аталған мәселелердің біртіндеп шешімі табылады деп сендірді. Бесағаш ауылында салынып жатқан көпқабатты үйлердің қасында тұратын тұрғындар ғимараттың өз үйлеріне тым жақын орналасқанына наразылық білдірді. Өз үйлерінен небары 17 метр ғана қашықтықтағы бес қабатты ғимараттың биіктігі 30 метр екенін айтқан олар егер жер сілкініп, көпқабатты үйлер құласа немесе дауыл тұрып шатырлары жұлынса өздерінің мал-мүлкі мен өміріне аса қауіпті екенін айырықша атап көрсетті. Жер асты суы тым жақын болғанымен, ешқандай су сорғызу жұмысы жүргізілмегендіктен, уақыт өте келе көпқабатты үйлердің салмағынан ығысқан жер асты суы жер үйлердің іргетасын ірітіп, қабырғасын қақыратуы мүмкін деп отыр. Өткен жолы осы аумақты облыс әкімі көзімен көріп, нақты тапсырмалар берсе де, әлі күнге шешімі табылмаған түйткілге айналған. Алайда жергілікті тұрғындар мен мердігер мекеменің де мүддесіне қайшы келмейтін жолын қарастырғанымен еш нәтиже болмаған. Қарабұлақ ауылындағы М. Қашқари көшесінен өтетін кәріз құбырының жарылып, көшелер батпақ болып жатқанын айтқан тұрғындар сол кәріз құбырынан шыққан судың мектептен шамамен 100 метр ғана қашықтықтағы сайға құйып жатқанын жеткізіп, саладарынан жақын маңдағы тұрғын үйлердің де сасыған судың иісіне тұншығып отырғанын атап өтті. Халықтың сөзіне құлақ асып, әр сұрағын жауапсыз қалдырмаған М. Сұлтанғазиев айтылған мәселелер бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. Кездесуден соң 60-тан астам тұрғын әкіммен жеке кездесіп,өз дерні мазалаған сұрақтарға жауап алды.
Зорагүл Әбдіқадір