Мейірбике қызметі екпе егумен өлшенбейді

Мейірбике қызметі екпе егумен  өлшенбейді

– Қымбат Зейнолдақызы, әуелі өзіңізді, ұжымыңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Мереке қарсаңындағы көңіл-күй қандай? Әлде мерекені әспеттеп жатуға жұмыстан қол тимей ме?
– Құттықтап, елеп, ескеріп жатқандарыңызға рақмет! Көңіл-күй де керемет. Мерекелерді жұмыспен бірге қарсы алатын мамандармыз ғой. Реті келгенде ұжым болып тойлап та жатамыз. Қысқасы барлығына үлгереміз деуге болады.
– Кәсіби мереке қарсаңында ұжым тарапынан арнайы іс-шаралар да өткізген боларсыздар. Бұл – еткен еңбек, төккен тер еленетін уақыт. Солай емес пе?
– Әрине, ұжым тарапынан кәсіби мерекеміз қарсаңында айтулы шаралар өтіп, қызметте көзге түсіп, еңбегі еленген қызметкерлер марапатталып жатады. Бұл мемлекеттік, тіпті әлемдік деңгейдегі кәсіби мереке болғандықтан барынша жоғары деңгейде атап өтуге тырысамыз.
– Өзіңізге оралсақ. Қазір қай бөлімде, кім болып қызмет атқарасыз?
– 2005 жылы оқуымды тәмамдап, аудандық ауруханада іс-тәжірибеден өтіп жүргенде «Терапия» бөлімінің аға мейірбикесі Ләззат Шайданқызы деген апайдың қарамағында болдым. «Терапия» бөлімінде қалуды мақсат еткен едім. «Қымбат, сен хирургияға барасың. Сенің орның сол жер», – деп жөн сілтеді. Сөйтіп іс-тәжірибеден өтіп жүрген кезде-ақ «Хирургия» бөліміне мейірбике болып қабылдандым. Содан табан аудармай 2021 жылға дейін Ораз Шығындықұлымен бірге 15 жыл хирургия бөлімінде қызмет еттім. Кейін Мәнсия Құныпияқызы деген аға мейірбике келді. Ол кісі бір жылдан соң бас мейірбике болды да, маған «Нейроинсульт» бөліміне немесе қабылдау бөліміне баруға ұсыныс жасады. Барғым келмеп еді, өсуің керек, бір орында қалуға болмайды деп ақыл-кеңесін беріп, бір жағы қамшылап жіберді де, 2022 жылдан бері «Нейроинсульт» бөліміне аға мейірбике болып келдім.
– Демек жаңа сүрлеуге түстіңіз деуге бола ма?
– Иә, бұл мен үшін жаңа бағыт, жаңа сала еді. Ол кезде біздің бөлімге жаңадан келген меңгеруші Ғалымжан Қамқабайұлына барып айттым. Қарсылық білдірмеді. Ақ тілек тілеп: «Қандай жағдай болса да біреудің айтқанына емес, өз жүрегіңе сен! Әр қызметкерді жаныңа жақын тұт», – деп ағалық ақылын айтып шығарып салды. Жаның қаламаған жұмысты ұзақ істей алмайсың ғой. Көпшілікпен жұмыс істеу үлкен табандылықты, қажырды қажет етеді. Сондықтан бұл жерде шаршауға, қажуға уақыт та, жол да жоқ. Жұмысымның қызығынан қиындығы көп болғанымен, өзіме ұнайды. Қазір «Ең мықты бөлім» деген статусымыз да бар. Бөлім меңгерушісі Асқарбек Лесұлы сияқты білікті де білімді невропотолог маманмен бірге қызмет етіп келемін. Берекелі, айрандай ұйыған ұжымға айналдық.


– Алғаш отаға қатысқан кезде қорқыныш сезімі болды ма? Науқастардың да психологиялық көмекке мұқтаж кезі сол десек артық айтқандық емес. Олардың жайы алаңдатады дегендей…
– Медицинада ауыр-жеңіл деген жұмыс жоқ. Барлық бөлімнің өз қиындығы бар. Бірақ әсіресе отаға келген науқастардың «осыдан жазылам ба, жоқ па?» деген алаңдаушылығы мен уайымы көзінде тұрады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген ғой. Саған үміт көзімен қарап, бір ауыз жылы сөзге мұқтаж болып тұрады. Сондықтан отаға кірер алдында науқастардың жай-күйіне баса назар аударып, қорқынышын жеңуге кеңес беріп, жақсы болатынына сендіріп, барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Әрине әуелі Аллаға сеніп, сосын дәрігердің көмегімен аяққа тұрады ғой. Бұл ретте дәрігерлердің қай-қайсысының болса да еңбегі орасан зор. Ота үстінде дәрігер айқайлап сөйлеп тұрмайды. Қас-қабақпен, қимылмен ұғысамыз. Жылдамдық та қажет. Сондықтан қорқып тұруға уақытта болмайды. Ота сәтті жасалып, науқастың аяққа тұрғанын көрудің өзі біз үшін бір қуаныш.
– Дәрігер – тәннің ғана емес, жанның да емшісі. Осы пікірмен келісесіз бе?
– Әрине, келісемін. Біз тек дәрі-дәрмекпен ғана емес, адаммен, оның ішінде науқас адамдармен жұмыс істейтіндіктен ең әуелі жылы сөздің иесі болуымыз керек. «Жақсы сөз – жанға дауа» деген сөз бар. Сондықтан өзі күйзеліп, жүйкесіне салмақ түсіп отырған адамды әуелі жылы сөзімізбен емдейміз. Сондықтан біз тәннің ғана емес, жанның да емшісі болуға міндеттіміз.
– Жұмыс пен отбасын үйлестіру де үлкен міндет. Жұмыс-жұмыс деп жүріп балалардың да қалай жеткенін байқамай қалған боларсыз…
– Өмір деген қызық қой. Бір қызығы мен оқуымды тұрмысқа шыққан соң оқыдым. Оқуға түскелі жүргенде алып қашты да, қалаған оқуымды оқуға бар мүмкіндікті жасады. Талғар қаласындағы медколледжге 2002 жылы түстім де, 2005 жылы аяқтап, содан бері жұмыста жүрген жайымыз бар. Жұмысым таңның атысы, күннің батысы жалғасып, тіпті түннің бір уақытына дейін қайтпайтын кездеріміз болады. Осының барлығына түсінікпен қараған жолдасыма да алғысым шексіз. Көпбалалы отбасымыз. Аллның берген төрт балпанын тәрбиелеп, қанатын қатайтып қатарға қосып отырмыз. Барлық бақыт та, байлық та осы деп білемін.
– Меніңше, мейірбике қызметі екпе егумен өлшенбейді. Тағы қандай міндеттер жүктелген?
– Рас, көпшілігі солай ойлайды. Шындығында бізге артылатын міндеттің салмағы ауыр. Науқас адамға жылы қабақпен қарап, оған психологиялық тұрғыда демеу беріп, жылы сөзімізбен де емдеуге тырысамыз. Бірақ қызмет болған соң бәріне бірдей ұнау мүмкін емес қой. Қанша тырысып айтқанын істеп, көмектесіп жатсақ та кейде көңілі толмай, ренжіп кететіндер де болып тұрады. Өйткені әркім әр түрлі аурумен, онымен қоса өз талабымен келеді. «Ашулы адам ұрысқақ, ауру адам тырысқақ» дегендей, өздері тырысып әрең тұрғанда оларға жылы қабақ танытпасаң ауруы асқынып кетуі де мүмкін. Сондықтан емделіп, тәуір бола бастағанда «Алдында қатты ауырып тұр едім. Қатты айтсам ренжімеңдер. Қазір жақсы болдым. Қыздар, сендерге рақмет!» деп алғысын жаудырып, ризашылығын білдіріп жатады. Ондайда ренжігендерге көңілімізді түсірмейміз. Ал алғысын айтып жатқандарға әрине қуаныштымыз. Ең бастысы – алдымызға келген науқас жандар жазылып кетсе болғаны. Жаныма жақын, өзім таңдаған жолда қызығы мен шыжығы мол жұмысымды қолдан келгенше атқарып келемін.
– Адам кәсібін сүймесе ол салада ұзақ уақыт қызмет етпейді. Осы уақытта де­йін өзге салаға кетпегеніңізге қарағанда өз кәсібіңізге деген сүйіспеншілік бар. Демек, аладағы жоспар да үлкен деген сөз. Ендігі меже мен мақсат қандай?
– Басты мақсат – қызметімізге адал болып, өзімізден кейінгі буынға бар білгенімізді үйретіп, олардың да білім биігінде өз қызметтерін біліктілікпен атқаруға қол ұшын беру. Сонымен қатар қызмет етіп отырған бөліміміздің абыройын асырып, әріптестермен бірге көптеген белестерді бағындыру да басты мақсатымыз. Сондықтан қызмет барысында бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетіп, қолдан келгенше ақыл-кеңесімізді беріп, тәжірибе мен пікір алмасып жатамыз. Бұл қызметттің бір ерекшелігі «мен ғана, мен білем, мен, мен…» дегенді көтермейді. Ұжым болып атқаруымыз керек. Бұл ретте өз ұжымыма деген алғысым шексіз.
– Сұқбат үшін рақмет. Іс ілгері болсын!

Сұқбаттасқан
Жанбота Сұлтанмұратқызы