Талғар аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен шығыс шертпе күй мектебінің өкілі, күйші, композитор Әмзәбек Жұмабекұлының «Шығыс шертпе күйлері сыр шертеді» атты шығармашылық кеші өтті.
Кешке ауыл тұрғындары мен аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері, өнер мектебінің домбырашы шәкірттері қатысты. Қытай халық республикасының Іле қазақ автономиялы облысында туған дарынды күйші Әмзабек Жұмабекұлы – атадан балаға жалғасқан шертпе күй өнерінің белді өкілі. Ешқандай өнер мектебін оқымаса да, бала жасынан серік еткен бұл өнер Алланың берген үлкен сыйы дейді кейіпкеріміз. Шығыс шертпе күй мектебінің сонау ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан орындаушылық дәстүрін бұзбай, өз мәнерінде биік деңгейінде халық арасында насихаттаған Әшім Дүңшіұлы, Қожеке Назарұлы, Қайрақбай Шалекенұлы, Бейсенбі Дөненбайұлы сынды атақты композиторлардың шығармаларын майын тамыза орындап, шығу тарихын да баяндап отырады. Өзін Қожеке күй өнерінің мұрагері деп атаған Ә. Жұмабекұлы домбыра десе ішкен асын жерге қоятын қауымға ризашылығын білдірді. Жылдар бойы арқалап келе жатқан бабалар аманатын мақсатты жеріне жеткіздім деген ақсақал өнер сүйер жас буынның әрі қарай жаңғыртып, жалғастыратынына сенімді. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр Мырзаәлінің сөзін қайталаған ол: «Домбыра – қазақтың қасиетті аспабы, құнды байлығы, таптырмас қазынасы. Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні – жанға дауа, дертке шипа. Қайғы-қуанышымыз, мұң-зарымыз, арман-мұратымыз домбыраның қос ішегінде күй болып төгіліп, сыр болып шертілген. 2018 жылдан бастап арнайы мереке күндердің қатарына қосылды. Жыл сайын атап өтетін бұл мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі зор», – деп домбырның қадір-қасиетіне тоқталып, өзінің ұлттық аспабымызға деген шексіз махаббатын мақтанышпен сөз етті.
Кештің шымылдығын Қ. Назарұлының «Кертолғау» күйімен ашқан қария, шығу тарихына тоқталып: «Қожеке ел ісіне ерте араласқан батыр, күйші адам болған. XIX ғасырдың екінші жартысынан Жетісуға тізе батыра бастаған Ресейдің отаршыл саясатына бас имеген ол 1862 жылы төрт жүздей үйді бастап, үдере көшкен беті Текес өзенінің бойына келеді. Қожеке бастаған рулы елдің көшіп келуіне Қытай өкіметі де бей-жай қарамаған. Алғашқыда оған шен-шекпен беріп, өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асыруға қолданбақ болады. Алайда Қожеке сияқты біртуар адал да шыншыл тұлға халқының қамына қиянат іске бармаған. Ақыры күйшіні айтқанына көндіре алмаған Қытай үкіметі оны азаптап өлтіреді.
Міне, Қожеке өзі куә болған, өзін толғандырған өмір құбылыстарының баршасын күй тілінде баяндап отырған. «Кер толғау» күйі де – осындай тарихи шындықты астар еткен тарихи туынды», – деп тарихтың терең қатпарынан сыр шертті. Осылай орындаған әр күйінің тарихын айтып тыңдармандарын ұйытты. Жиылған жұрт тек күй тыңдап қана қоймай, халқымыздың басынан өткен ауыр тарихынан да хабардар болды. Халық күйлерін және халық композиторларының күйлерімен қатар өз күйлерін де орындап, тыңдарман қауымның ықыласына бөленді. Атажұртқа келіп армансыз ғұмыр кешіп жатса да, жүрегінің жартысы қалған туған жерге деген сағынышынан туған «Тоғыз тарау», «Қапшағай», «Қос емен» сынды күйлері де көпке ой салды. Күй шерте отырып, көпшілікпен ашық сұқбат құрған өнер иесі тыңдармандарының да сұрағын жауапсыз қалдырмады. «Өнерге қалай келдіңіз?» деген жас жеткіншектің сұрағына: «Мен ешқандай өнер мектебін оқымадым. Бұл өнер маған қонған десем артық болмас. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, әкем де, атам да асқан күйші болған. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген бар. Менің жүріп келе жатқаным – солар салған сара жол!», – деген қария ұрпақ мұраты ұлттық құндылықты жалғау екенін де атап өтті. Күйші атажұртқа арғы беттегі қандастарымыздың көптеген авторлық және халық күйлерін ала келіп, ел мәдениетінің дамуына өз үлесін қосып келеді. Бұл кеште Қожеке Назарұлының жұрт біле бермейтін қүйлерін нақышына келтіре орындап, орындалу шеберлігі мен мәнерін көрсетті. Он баланы өмірге әкелген әке ұл-қыздарының да өнерден кенде емес екенін айтты. Бұл кеште үлкен қызы Ырысбүбі мен Гүлсынайдың өнерге деген құштарлығына дән риза. Айтулы кешіне күйден шашу шашқан қос қыз әкесінің және өздерінің авторлық күйлерін орындап көрерменнің көз айымына айналды. Ал Ырысбүбінің өмірден озған анасына арнаған «Сағыныш» күйі кеудемізде көміліп жатқан әлде бір сағыныш отын қоздатып жібергендей болды.
Ә. Жұмабекұлы – композитор, күйші ғана емес, көптеген шәкірті өнер жолына баулыған ардақты ұстаз. Атамекенге алғаш ат басын бұрған жылдары ақиық ақын Мұқағалидың туған жері Қарасазда шәкірт тәрбиелеп, республикалық, облыстық байқауларда бәйгеге қосқан. Сол баптаған шәкірттері арасында маңдайы жарқырап, ел-жұртының мерейін асырып жүлдемен оралғандары да жетерлік. Кеш соңында Камал Мақайұлының «Менің домбырам» атты күйін орындаған Тұздыбастау ауылдық мәдениет үйінің жас жеткіншектеріне риза болған композитор бала кезінде сүйіп шертеттін күйін орындап сол қамсыз-қайғысыз шағын еске алғаны үшін шексіз алғысын білдірді. Сондай-ақ осындай ұл-қыздар барда өнердің шамы сөнбейтініні жеткізді.
Зорагүл Әбдіқадір